Әнші әрі композитор Нұрлан Еспанов әлі күнге дейін атақ алмағанын айтты, – деп жазды Aikyn.kz.
Өнер иесі осы күнге дейін балаларға арнап бірқатар ән жазғанын атап өтті. Сонымен қатар еңбегі еленбегенін де жасырмады.
«Маған 53-ке келдіңіз ғой деп айтады. Атаққа кешіккен адаммын деймін. Қазір балалар 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін менің әніммен оқып жатыр. «Әліппе», «Кішкентай қайық», сосын «Қос қарлығаш» әнін білмейтін қазақ аз. Оның бәрін айта берсем, көп. «Қошқар мен теке» мультфильміндегі барлық әнді мен жазғанмын. Мен «Еңбек сіңірген» атағын алған жоқпын. Оны алу үшін не істеу керек деп ойланамын. Балалар сен өлуің керек ол үшін дейді. Өлмей жүре тұрайыншы деп айтамын. Қоржында 200-ден астам ән бар. Менен 30 жас кішілер атақ алып жатыр қазір», - деп ренішін жеткізді әнші.
Оқырмандар әншіге қолдау білдіріп, пікір жазып жатыр.
«Нұрекең атаққа лайықты адам ғой», «Әр сөздің жаны бар. Өзі үшін емес қоғам үшін, ұрпақ үшін еңбектеніп, тер төгіп жүрген Нұрлан Еспановтай азаматтарымызға еңбек сіңірген әртісін беру керек», «Өзі де, жауабы да супер ғой», «Нұреке ақкөңіл жансыз, аман болыңыз, еңбегіңіздің жемісін көріңіз», деп жазды желі қолданушылары.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
