2023 жыл – еліміз үшін атаулы даталарға толы жыл. Оның ішінде Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдығы, Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығы, ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы және тағы басқа айрықша айтулы күндер бар. Елеусіз қалуға болмайтын күнтізбенің маңызды даталарына қысқаша шолу жасап көрсек. Қожа Ахмет Ясауи – 930 жыл
Қожа Ахмет Ясауи Шымкент қаласына жақын жердегі ортағасырлық Сайрам қаласында 1093 жылы дүниеге келген. Ұстазы – Арыстан баб. Қожа Ахмет Ясауи – қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер. Күллі түркі әлемінде оның «Диуани хикмет» атты шығармасы кең тарады.
Сұлтан Бейбарыс – 800 жыл
2023 жылы Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Бейбарыс – ислам әлемін күресшілердің шабуылынан және моңғол шапқыншылығынан құтқарған тұлға. Ол қарапайым құлдан, мемлекет билеушісіне дейін көтерілген. Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны. 1260 жылы Кұтыз сұлтан қайтыс болған соң Бейбарыс таққа отырады. 1277 жылы әйгілі сұлтанды уәзірі улап өлтірген. Бейбарыс Шам (Дамаск) шаһарына жерленген.
Жошы ханның таққа отырғанына – 800 жыл
Биыл Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның Ұлытауда таққа отырғанына 800 жыл толады. Ұлы моңғол империясының негізін қалаушы Шыңғыс қаған өз ұлдарына империясын бөліп бергенде бәйбішесі Бөртеден туған тұңғыш ұлы Жошыға Дешті Қыпшақ тиген. Ұлытауда Жошы ұлысы құрылады. Алтын Орданың негізі осы өлкеден басталады.
Жошының ұлдары Бату хан негізін қалап, Берке хан іргесін бекіткен Алтын Орда Мөңке Темірдің билігі тұсында 1269 жылы Талас өзенінің бойында шақырылған Шыңғыс ұрпақтарының құрылтайында бір-бірімен татулықты сақтай отырып, өз ұлыстарында тәуелсіз саясат жүргізуге өзара мәміле жасасып, өз алдына дербес империя екенін толық мойындатуға қол жеткізді. Сондықтан Талас құрылтайы Алтын Орданың (Жошы ұлысы, Ұлық ұлысы) ресми түрде бөлек мемлекет болып қалыптасуына негіз болды.
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы қазақ жеріне жерленген.
Хақназар ханның таққа отырғанына – 485 жыл
Хақназар хан – Қасым ханның кіші ұлының бірі. Қадырғали Жалайырдың мәліметі бойынша, оның анасының есімі – Ханық сұлтан – ханым. Хақназардың қазақ билігіне келгенге дейін ноғайлар мен башқұрттардың ханы болған.
«Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков» ескертулерінде Хақназар ханның билік құрған жылдары деп 1538-1580 жылдар көрсетілген.
ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Берекет Кәрібаевтың пайымдауынша, Хақназар хан 40 жылдан астам билікте болып, Қазақ хандығының тарихындағы қайта өрлеу кезеңіне жол ашып береді.
Орбұлақ шайқасының 380 жылдығы
Орбұлақ шайқасы болған мекеннің тарихын зерттеумен айналысып жүрген тарихшы Азат Бақытұлының мәліметінше, шайқас 1643 жылдың жазында қазақ хандығы мен жоңғар хандығының арасында болған. Жоңғар хандығының негізін қалаған Батыр қоңтайшы елу мың әскерімен қазақ шекарасына басып кірген. Бұны дер кезінде естіген Жәңгір хан бар-жоғы 600 жасағымен екі таудың ортасында жоңғардың қалың қолына үш күндей төтеп береді. Айқастың үшінші күні Жалаңтөс батыр 20 мың қолмен көмекке келеді. Сөйтіп, жоңғарлар бұл соғыста жеңіліс табады. Бұл оқиға қазіргі Алматы облысы Алтынемел асуында болған. Қанды шайқас орнында қазылған ордың іздері әлі де сайрап жатыр.
Айта кетерлігі, Министрлер кабинеті Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы туралы 1993 жылы арнайы қаулы қабылдады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы – 165 жыл
Шәкәрім Құдайбердіұлы Абай облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында Шыңғыстау бөктерінде 1858 жылы 11 шілдеде дүниеге келген. Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абай Құнанбайұлының қолында тәрбиеленген. Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына осы жағдайдың зор әсер еткен. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білген ол жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағытты ұстанған. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанған.
Мағжан Жұмабаев – 130 жыл
Биыл маусым айының соңына қарай қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толады. Ол 1893 жылы 25 маусымда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының М.Жұмабаев ауданында дүниеге келген.
Мағжан қазақ лирикасының сыршылдығын тереңдетті, адамның нәзік сезімдеріне тіл бітіре білді. Адам жанының, психология әлемінің құпия сырларын, иірімдерін шеберлікпен кестелеп өрнектей білді. Ақын шығармашылығының үлкен бір арнасы – педагогика саласы.
Мағжан Кеңес үкіметінен көп қуғын көрді, 1938 жылы қамауға алынып, ату жазасына кесілді. 1960 жылы ақталса да М.Жұмабаев шығармашылығын тереңірек зерттеу еліміздің егемендік алуынан бергі кезеңде ғана нақтылы жолға қойылды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров – 130 жыл
Сұлтанмахмұт Торайғыров – XIX ғасырдың аяғы XX ғасыр басында қысқа да, қиын тағдыр кешкен парасатты, демократ, реалист-ақын. Ол 1893 жылы 29 қазан айында Солтүстік Қазақстан облысының Қызылту ауданында дүниеге келген. Өзінің аз ғана ғұмырында лирикалық өлең, публицистикалық очерктер мен мақалалар, 5-6 поэма, екі роман жазып үлгерген, қиындықтың дәмін татқан, шебер ақын ретінде таныс.
«Қазақ» газетінің 110 жылдығы
Қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне бес жылдан ұзақ жападан-жалғыз қызмет еткен «Қазақ» газетіне 2 ақпанда (қазіргі күнтізбеде 15 ақпан) тура 110 жыл толады.
«Алғаш жарық көрген күнінен бастап «Қазақ» газеті қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне бес жылдан ұзақ жападан-жалғыз қызмет етті. Әйтсе де, «Қазақ» газетінің құрылтайшылары ағартушылықпен қатар, «Қарқаралы петициясында» жазылған саяси мақсаттар мен мүдделерді де, оның ішінде стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырғысы келді», – деп жазады белгілі алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлы.
Бес жыл 265 нөмірі шыққан «Қазақ» газеті 1918 жылы большевиктердің қысымымен жабылды.
Теңгенің 30 жылдығы
1993 жылдың 12 қарашасында Президент «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойып, 15 қарашада ұлттық валютамыз – теңге айналымға шығарылды.
Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.
1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот – Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета Өскемендегі Монета сарайында шығарылады. 1997 жылдан бері 15 қараша Төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.
Көне түркі руна жазуларының оқылғанына - 130 жыл1893 жылдың 25 қарашасында екі ғасыр бойы ғалымдарға сырын ашпай жұмбақ болып келген келген Түркі рунасының құпиясы ашылды. Дәл осы күні белгілі дат ғалымы Вильгельм Томсен Дания корольдігі Ғылым академиясының мәжілісінде Орхон және Енисей өзендері бойынан табылған көне ескерткіштердегі құпия жазуды оқудың кілтін тапқанын хабарлады.Негізгі ескерткіштердің табылған жері бойынша жазу «орхон-енесей» жазуы деп атала бастады, ал басқа белгілері бойынша ол көне түркілердің руна жазуы деп аталып кеткен. Солтүстік Моңғолиядағы Орхон, Толы және Селеңгі өзендерінің бойында осындай ірі ескерткіштер көп шоғырланған. Олардың бәрі екінші Түрік қағанаты және Ұйғыр қағанаты дәуірінде орнатылған. Ең әйгілісі – Бірге қаған мен оның інісі, қолбасшы Күлтегіннің құрметіне 732-735 жылдары тұрғызылған ескерткіштер және екінші Түрік қағанатының алғашқы қағандарының кеңесшісі Төныкөктің құрметіне орнатылған ескерткіш.