Тақсаң – алтын, балқытсаң – қалайы
Тақсаң – алтын, балқытсаң – қалайы
1,812
оқылды
Еліміздің зергерлік нарығындағы көлеңкелі экономиканың көлемі 300 млрд теңгеге дейін жетіп отыр. Оған контрабанда мен шетелдік бұйымдарды қолдан жасайтын астыртын цехтардың көбеюі себеп. Бұл біріншіден, отандық зергерлік өнердің дамуына жолбайлау болса, екіншіден, қолдан жасалып, Түркияның, Дубайдың «алтыны» деп сатылатын бұйымдардың құрамының таза болмауынан нарықтағы тауарларға сенімсіздік туып отыр. Осылай деп дабыл қаққан Зергерлер қауымдастығының бар үміті – Үкіметте.   Контрафакт – 90 пайыз Зергерлер қауымдастығының дабыл қа­ғатындай да жөні бар. Өйткені еліміздегі зер­герлік бұйымдардың 90 пайызы контра­бандалық жолмен әкелінеді екен. Бұл – дүкен сөресінде тұрған 10 әшекейдің 9-ы ар­зан контрафакт деген сөз. Тіпті, сыр­тында сәйкес сынама белгісі тұрса да, се­ну­ге болмайды. Өйткені олардың барлығы сыр­ты алтын жалатылған күмістен бастап қор­ғасын, мыс, мырыш, алюминий, тіпті қа­лайы да болуы мүмкін. Жағдайдың мұн­шама ушығуына ең бірінші кезекте қада­ға­лаудың жоқтығы себеп болып отыр. Зер­герлер қауымдастығының жанайқайын Үкіметке Сенаторлар жеткізген болатын.
«Қазақстан – алтын өндіру бойынша әлемнің ТОП-20 елінің қатарында. Бірақ отан­дық зергерлік өндіріске алтынды не­гізінен ломбардтар мен көлеңкелі на­рық­тағы алыпсатарлар ғана жеткізіп келеді. Рес­ми статистикаға сүйенсек, 2021 жылы елі­міздің зергерлік бұйымдар нарығы 76 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде 4 млн доллардың тауарын, яғни 5 пайызын ға­на біздің зергерлер өндірген. Бұл өте мардымсыз. Мәселен, елімізде бұл нарық­та 2 480 қатысушы тіркелген болса, оның тек 197-сі зергер, 1 956-ы ломбард қыз­ме­ті­мен айналысатындар. Салық есебіне қа­ра­сақ, 2021 жылы бюджетке осы бизнес су­бъектілерінен 5,9 млрд теңге түскен. Әйт­се де, Қазақстанда зергерлік бұйымдар на­рығының ауқымын бағалаудағы басты проб­лема – сенімді кедендік статисти­ка­ның жоқ екені. 2021 жылы Түркиядан ке­л­ген зергерлік бұйымдардың айналымын «ай­на бейнесінде талдау» 7,5 миллион дол­ларлық айырмашылықты көрсетеді. Бұл көлеңкелі импорттың үлкен ауқымын рас­тай түседі», – дейді Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев.
Осы орайда бір топ сенатор отандық зер­герлік өнеркәсіпті дамыту үшін бес не­гізгі бағытты ұсынып отыр. Олар – кө­лең­келі импортқа қарсы күресті күшейту және контрабанданы шектеу, ынталандыру ша­раларын енгізу арқылы саланың бәсе­ке­ге қабілеттілігін арттыру, ломбардтардың пайдалануда болған зергерлік бұйымдарды тек қана ішкі нарыққа өткізуін міндеттеу, тауарларды таңбалау жолымен отандық өн­дірушілердің көлеңкелі айналымын заң­дастыру және отандық зергерлердің құ­зыретін күшейту. Бұл мәселелерді шешу са­лық салу базасын едәуір ұлғайтып, жаңа жұ­мыс орындарын құруға серпін береді.   Қылмыстық жауапкершілік қарастыру қажет Расында да, көлеңкелі нарықтың 300 млрд теңгеге дейін жетіп отырғаны аз сома емес. Бұл контрабанда болса да, ұсталған­дар қатары аз. Тіпті, мұндай мәліметті жоқ деуге болады. Өйткені біздің заңнама бойын­ша шекарада ұсталса ғана конт­ра­банда бабы қолданылады екен. Ал елге сіңіп кеткеннен кейін ұсталғандарды дә­лелдеу қиын. Мәселен, биылғы ең үлкен со­ма сәуір айында Астана әуежайында қол­ға түскен «Ыстанбұл – Астана» бағы­тын­дағы жолаушыдан алынды. Жалпы сал­мағы 28 келі болатын зергерлік бұйым­дарды декларациядан өткізбеген Қаз­ақ­стан азаматының жүгінің құны 565 млн теңгеге бағаланған. Оны ҰҚК Шекара қыз­меті анықтап, Қаржылық мониторинг агент­тігіне тапсырған болатын. Кейіннен жа­рия болғандай, Нұржан Сұрапов есімді аза­матқа сот шешімімен шартты түрде 1,5 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жа­за тағайындалып, жалпы саны 7 мыңнан ас­там зергерлік бұйым мемлекет кірісіне тәр­кіленген.
«ЕАЭО-ның барлық елінде, мәселен Бе­ларусь, Ресей, Қырғыз Республикасы жә­не Арменияда зергерлік бұйымдар мен асыл металдардың заңсыз айналымы үшін қыл­мыстық жауапкершілік қарас­тырыл­ған. Тек бізде әкімшілік жауапкершілікке тар­­ты­лады, онда да болса, ең жоғарғы айып­­пұл 1 млн теңге және мүлкі тәр­кілен­бейді. Кө­леңкелі нарықтың белең алып кетуі­нің бір себебі – осы. 2016 жылдың қаң­тарында қа­былданған «Қымбат метал­дар мен тас­тар туралы» заңда зергерлік бұйым­дармен айна­лысатын тұлғалар ар­найы есепке тұруы қажеттігі айтылған. Бір­ақ осындай 10 мың компанияның тек 280-і ғана тір­келген. Сондықтан да заңна­маны күшейту қа­­жет. Мәселен, құжат бойын­ша нан пі­сіру­мен айналысатын кей­бір кәсіпкер зер­герлік бұйымдарын сатып жүр­генін кө­ріп отыр­мыз. Бұдан адал кәсіп­керлер зар­дап ше­геді», – дейді Қазақстан зергер­лер ли­гасының төрағасы Қайсар Жұма­ға­лиев.
Төрағаның айтуынша, қазір елімізде зер­герлік бұйымдар жасайтын астыртын цех көп екен. Мәселен, Алматыдағы бір дү­­­­кеннен «Италияда жасалған» деген біле­зік көріп тұрсаңыз, оның Шымкенттегі бір зауытта жасалғанына шүбәңіз болмасын. Ондай таңба Ресейде немесе Түркияда жа­­­салған деп те тұруы мұмкін. Тіпті, сол ел­дегі зергердің таңбасы да болуы ық­ти­мал. Мұның барлығын біздің елде де ай­ныт­пай жасай алады. Мәселе оның сапа­сын­да. Айталық, 585 пробалы алтынның тек 58,5 үлесі алтын, қалғаны қорғасын, мы­шьяк, мыс болуы ғажап емес. Сондай-ақ 999 пробасындағы алтынның құрамын да барлық сынақтан өткізіп алған жөн. Сапасынан бөлек, мұндағы тағы бір мә­селе – бюджеттің кірістен қағылып отыр­ғаны. Егер осы саладағы кемшіліктер жойы­­лар болса, ел қазынасына 40 млрд тең­ге салық түседі екен.
«Бұл бизнесте әділ бәсекелестік жоқ. Сол біз сияқты адал кәсіпкерлерге үлкен қиын­­дық тудырып отыр. Өйткені барлық са­­­­лығын төлеп, алымын беріп, тер­роризм­мен күрес, заңсыз ақшамен күрес сияқты мо­ниторингтерден өтіп, саудаға шық­қа­ны­мызда, арзан әрі сапасыз тауарлардың нө­піріне жолығамыз. Адамдар бірінші ке­зекте арзанға жүгіреді. Кейін онысы қым­батқа алған құр темір болып шығады. Сон­дықтан да азаматтардан алтын бұйым­дарды міндетті түрде тексеріп алуын сұ­рай­мыз. Ондай қызмет біздің шебер­ха­наларда 500 теңге ғана тұрады. Ал үй жағ­дайында тексергілеріңіз келсе, оны иод­қа батырып көруге болады. Егер қою ізі қалса, онда шын алтын болғаны. Одан бө­лек, Қазақстанда жасалған зергерлік бұйым­дарда міндетті түрде барыстың басы таң­баланып, «KZ» деген аббревиатура тұра­ды», – дейді Kazyna Gold зергерлік үйі­нің директоры Екатерина Манашова.
  Үміт – Үкіметте Ендеше тығырықтан шығар жол қай­сы? Заң бойынша әрбір зергер өз өніміне аты-жөнін бедерлеп, бірыңғай сынамалық таңба басуы тиіс. Қолында сарапшының ұй­ғарымы мен мемлекеттік қадағалау акті болуы міндетті. Әйтсе де, бұл талаптардың өзі жеткіліксіз болып тұр. Сондықтан на­рықтың қатысушылары Қазақстанда зер­гер­лік бұйымдарға цифрлық маркировка ен­гізуді ұсынады. Ондай жағдайда сатып алу­шы оның барлық мәліметін, мысалы жа­саушы шеберді, алтынның сынамасын, қым­бат тастың сипатын, бұйымның шығу те­гін біле алады. Ал егер маркировка жоқ болса, онда сауда нүктесін тексеруге сол бой­да өкілетті органдарға хабарласа алады.
«Цифрлық маркировка жобасы бүгінде пи­лоттық режимде жүзеге асуда. 2022 жыл­­дың 1 наурызынан басталған ол 2023 жыл­дың 31 қазанына дейін жалғаспақ. Оған 8 компания қатысуда. Индустрия жә­не инфрақұрылымдық даму министр­лігінің бірыңғай оператормен бірігіп жү­зеге асырып жатқан жобасы мар­ки­ров­ка­лау механизмін сынақтан өткізу және на­рықтың барлық қатысушысы арасын­дағы өзара іс-қимылды реттеу мақсатын көздейді. Қазір маркировкалау ақпараттық жүйесінің функциялық мүмкіндіктері сыналып, процестерді интеграциялау жұ­мыс­тары жүруде. Осы ретте тізбектің осал тұс­тары анықталып, бизнеске түсетін сал­мағы есептелмек. Егер жүзеге асар болса, отан­дық зергерлік бизнесін қорғаудың бел­ді шарасы болмақ. Импортпен тең та­лап­тар қойылып, контрафактілік бұйым­­дар­дың жолын кесуге мүмкіндік ту­мақ», – дейді ИИДМ Түсті металлургия жә­не сирек металдар басқармасының же­текшісі Ғалымжан Төребек.
Қалай болғанда да, елімізде зергерлік бұйымдар нарығында жағдай ушығып тұр. 300 млрд теңгелік нарықты түгелге дерлік контрабанда мен контрафактінің жаулап ал­ғаны – бұл салада ұзақ уақыттан бері қа­дағалаудың жоғын білдіреді. Сондықтан да бір цифрлық маркировкалаумен мұндағы жағдайда шешеміз деп айту қиын. Оның үстіне, пилоттық жоба қабылданбай қалуы да ғажап емес. Сол себепті одан бө­лек те шаралар қарастырылуда. Мәселен, биыл­дан бастап отандық зергерлік бұйым­дарды өндірушілер қосымша құн салы­ғы­нан босатылды. 2016 жылдан бастап оларға жы­лына 300 келі алтын сатып алуға квота бел­гіленген болатын. 1 қаңтардан бастап зер­герлерге алтын сататын аффинаж зауыт­тар да ҚҚС-дан босатылмақ.