Қаңтар қасіреті: оқиға қалай өрбіді?
Қаңтар қасіреті: оқиға қалай өрбіді?
829
оқылды
Қаңтар оқиғалары қазақ еліне сын болды, халық кер заманға ке­зіге жаздады. Бірақ елінің бірлігі, билігінің батылдығы арқасында бауыры бүтін шығып, елдікті есе­леуге, мызғымас мемлекеттілігін бекемдеуге жаңа мүмкіндік алды. «Қасіретті қаңтар» атымен тарихта қалған қайғылы оқиғалардан тура 1 жыл өткенде, биыл алғашқы жал­пы отырысын Мәжіліс сол оқиға­лар­дың мән-жайын, егжей-тег­же­йін анықтауға арнады. Ол үшін жиынға құзырлы органдардың бас­шылары және «Қаралы қаңтар» мәселелерін зерттеген қоғамдық ұйымдардың жетекшілері шақы­рылды. Іс-шараға орай Мәжіліс ғимаратында көрме ұйымдастырылып, онда бүлік­ші­лерден тартып алынған және тергеу бары­сында табылған қару-жарақтар, құралдар, сондай-ақ соққыға жығылған полицей­лердің бүлінген киімдері, қалқандары, оқ өткізбейтін кеудешелері қойылды. «Қанды қаңтар» оқиғаларына арналып түсірілген бейнеролик көрерменінің көзіне жас үйірілтердей мұңлы, кейде өзекті өртердей ащы көріністерге толы болды. Осыдан-ақ қазақ елінің қандай азап пен тозақтан, алапат тауқымет пен қиянаттан аман қалғаны аңғарылады. Опасыздық өршіген шақ Ел бүлінсе, былыққа батады. Отырыста радикалды топтар, тіпті күштік құрылым­дардың кейбір өкілдері 2022 жылғы 1 қаң­тарда басталған бейбіт шерулерді ізінше қанға бөктіргені ашық айтылды. Жалпы, бұл оқиға қастандықпен, сатқындықпен, опасыздықпен қосақабат өрбіген көрінеді. Фейк ақпараттар қоғамдағы жекелеген қарау ниеттілер тарапынан да, сондай-ақ құзырлы органдардағы арамза ойын жүзеге асырмақ болғандар тарапынан да толассыз таратылған. Мысалы, ел басшылығына «Алматыда наразылық білдірушілер құқық қорғау органы өкілінің басын кесіп алды» деген ақпарат берген. Ол дерек расталмады. «Қасіретті қаңтардан» кейін, 2022 жылғы 16 қаңтардағы халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болғанын, жоғары лауазым иелері мемле­кетке сатқындық жасағанын, опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшылары да бар екенін ашық мәлімдеді. Президенттің дерегінше, олар күштік құ­рылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді. Тіпті, арнайы үкіметтік және басқа байланыс арналарын өз бақылауына алды. Сөйтіп, «олар елді ыдырату үшін ойына келген барлық тәсілді қолданған». – Соңғы жылдары Қазақстанды түбе­гейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұна­мады. Олар жылдар бойғы заңсыз әре­кеттерін жалғастыра беруді көздеді. Жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды. Ішкі және сыртқы жауларымыз ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Президентті биліктен кетіргісі келді. Лаң­кестер мемлекеттік органдарға, стратегия­лық нысандар мен бизнеске тиесілі ғима­раттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты, – деген еді ел Президенті. Сондықтан депутаттарды, ақпарат құ­ралдарын мазалаған басты сұрақ: «Мем­лекетті басып алуды ұйымдастырушылар кімдер?» болды. Бүгінде жаппай тәртіп­сіздікті ұйымдастырушылар ретінде 18 адам анықталыпты. Олардың 13-іне қатысты іс сотта қаралуда. Бірақ олардың көбі халыққа белгісіз, танымал емес, қатардағы тұлғалар. Бас прокурор Берік Асылов «қаңтар оқиғасының басты ұйымдастырушыла­ры­ның бірі» ретінде Кәрім Мәсімовты атады: «Мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындық болды, сол мақсатта мемлекетке қарсы қас­тандық жасалды. Бүгін айтқанымдай, негізгі ұйымдастырушылар ретінде Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің бұрынғы басшы­лығы – К.Мәсімов пен оның орынбасар­ла­рына қатысты қылмыстық іс қозғалды», – деп жауап берді Бас прокурор. «Сонда Кәрім Мәсімов – бас ұйым­дастырушы ма?», – деп нақтылады жиыннан соң тілшілер. «Солай деуге болады», – деп растады Б.Асылов. Ол Кәрім Мәсімовтің ісі «аса құпия» режимде тергелгенін жеткізді. Материалдарды жариялауға шектеу қо­йылған, өйткені оларда мемлекеттік құ­пиялар бар. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар. Оларды жариялау ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін екен. «Мәсімовтің тағы бір орынбасары Дәу­лет Ерғожин билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер және лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша айыпталуда. Сондай-ақ ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов пен ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына өкiлеттiктерді асыра пайдалану айыбы тағылды. Басқа ақпаратты аша алмаймын. Қастандықтың нақты егжей-тегжейін айту­ға құқығым жоқ», – деді Б.Асылов. Журналистер Бас прокурордан қаңтар оқиғаларына ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің қан­шалықты қатысы барын сұрады. С.Әбіштен әзірге тек куәгер ретінде жауап алыныпты. «Мемлекетке опасыздық жасауға және билікті басып алуға қатысты қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеді. Қаңтарға қатысты тергеулер жалғасып жа­тыр. Фигуранттардың жауапкершілігі туралы мәселе қылмыстық іс аяқталғаннан кейін белгілі болады. С.Әбіштен тек куәгер ретінде жауап алынды», – деді ол. Отырыста К.Мәсімовтің тапсырма­сымен ҰҚК департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткені жарияланды. – Аумақтық күштік органдар басшы­ларының билікті асыра пайдалануы туралы фактілерге жеке тоқталғым келеді. Жаппай тәртіпсіздіктер шегіне жеткен шақта Ал­маты қаласы, Алматы мен Қызылорда об­лыстарының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамы түп көте­ріліп, өз ғимараттарын тастап кеткен. Тергеу анықтағандай, 5 қаңтарда жеке құрамға ғимараттан кетуге дайындалу керегі жөнінде ҰҚК төрағасының орынбасары Садықұ­ловтан нұсқау түскен. Сондай-ақ басшы­лық­тың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департа­менттері ұжымы өз ғимараттарын тастап шыққан. Турасын айтқанда, осы басшылар әлсіздік танытты. Бұл өз кезегінде жеке құрамның рухын түсірді. Соның кесірінен тәртіпсіздіктің жолын кесу бойынша ша­ралар уақытылы қабылданбаған, – деді Бас прокурор. Оның тұжырымдауынша, салдарынан Алматы мен Талдықорған қалалары 2 күн бойы қарулы содырлардың билігінде болды: қару-жарақтың үлкен арсеналын – 3 мыңға жуық автомат, пистолет, снайперлік вин­тов­ка және он мыңдай оқ-дәріні тонап кетті. «Осы басшылардың кесірінен ең қауіпті атыс қарулары бүлікшілердің қолына түсті. Әлі күнге дейін 2 мыңға жуық қарудың қайда екені белгісіз. Арнайы прокурорлар билікті асыра пайдаланудың осы фактілері бойынша тергеуді аяқтады. Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің 3 аумақтық департамен­тінің экс-басшылары, Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басты­ғы, басқа адамдарға қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды. Қазір сот талқылауы өтіп жатыр. Олардың кінәсінің дәрежесі мен жаза түрін соттар анықтайды», – деді Б. Асылов. Бұл ретте Жамбыл облысы Полиция департаментінің экс-бастығына қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды: ол өзін-өзі атып өлтірген. Ал Алматы облыстық Поли­ция департаментінің бұрынғы бастығы, комендант Серік Күдебаевтың мекеме ғи­маратын тастап кеткен видеосы депутаттарға паш етілді. 2023 жылғы 5 қаңтарда Талды­қорғанда Күдебаевтың үстінен сот ісі бас­тал­ғаны хабарланды. Генерал-майор Күде­баевқа Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі (билікті, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану) бойынша айып тағылды. Шетелдіктер шет қалмаған Қаңтар оқиғалары кезінде БАҚ-та ауруханаға түскен кейбір жаралының қазақ, орыс тілінен басқа бір тілде өзара сөйлескені туралы ақпарат тарады. Сол себепті «Қаралы қаңтарға» шетелдік, сыртқы күштердің қаншалықты қатысы бар деген сауал да қоғамның көкейінде жүр. Бас прокурор шетелдердің азаматтары да қатысқанын мәлімдеді. «Арнайы прокурорлар жалпы саны 720 қылмыстық істі тергеді. Бұл істер бойынша тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынды. Бұдан өзге, күдіктілердің арасында дес­трук­тивті діни ағымдардың 8 жақтаушысы бар. 126 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қа­рақшылық жасағандары үшін бұрын сот­талған болып шықты», – деген Берік Асылов жаппай тәртіпсіздікке қатысу­шылардың көбі 35 жасқа дейінгі жастар екенін растады. «Сонымен қатар Қазақстанның қала­ларындағы жаппай тәртіпсіздіктерге және басқа қылмыстарға қатысты деген күдікке іліккендер арасында шетелдіктер де анық­талды. Олардың арасында Өзбекстан, Ре­сей, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан азаматтары бар», – деді Бас прокурор. Дегенмен артынша Қырғыз сыртқы істер министрлігі бұл сөзді теріске шығарды: «Министрлік қырғыз азаматтарының қаңтар оқиғаларына қатысы барын түбегейлі жоққа шығарады. Жаппай тәртіпсіздік фактісі бойынша қылмыстық істерді тергеу кезінде қырғыз елінің екі азаматы шартты мерзімде жаза өтеу түрінде жауапқа тартыл­ды. Бұл азаматтар өздеріне тәуелді емес мән-жай бойынша кездейсоқ жеке эпизодқа тартылды. Республикамыздың басқа аза­мат­тарының жауапкершілігі мен кінәсі дә­лелденбеді. Бірде-бір азаматымыз Қазақ­стандағы митингілерге, жаппай тәртіпсіздік пен тонауға қатысқан жоқ. Қырғыз Рес­пуб­ликасының сыртқы істер министрлігі және шетелдердегі мекемелері 2022 жылғы қаңтар оқиғасында Қазақстандағы қырғыз азамат­тарының құқықтары мен мүдделерін қор­ғауды қамтамасыз ету бойынша жан-жақты жұмыс жүргізді, оның ішінде 600-ден астам қырғызстандық жедел түрде эвакуация­ланды», – делінген ресми мәлімдемеде. қаңтар Өз кезегінде, қазақстандық полиция қаңтар оқиғаларына қатысты 4 623 қыл­мыстық істі тергеді. Олардың көбі – адам өлтіру, ұрлық, қару-жарақтың заңсыз айна­лымы, бұзақылық, бөтен мүлікті қасақана бүлдіру қылмыстары. 20 мыңнан астам аза­маттан жауап алынған. Ұрланған мүлік­тің көбі кері тәркіленді. Қылмыстық істер бойынша 983 адам ұсталып, оның 502-сі арнайы прокурорларға табысталған. Негізі, құзырлы органдар «Қаралы қаңтарда» қаза тапқандардың үлкен бөлігі бейбіт тұрғын емес дегенге келтіріп отыр: оларды қорғалатын нысандарға шабуылдау барысында атып тастаған. Бас прокурордың пікірінше, жаппай тәртіпсіздік барысында қаза тапқандарға ерекше назар аударылды: мысалы, қаңтар оқиғаларында, объектілерді қорғау және лаңкестікке қарсы операция барысында жалпы саны 238 азамат қаза тап­ты. Оның 19-ы күш құрылымдарының қыз­меткері. Қалғанының 41-і бұрын сотталғандар. Бас прокуратура тергеу барысында барлық ақпаратты қайта тексеріп, қаңтар оқиғаларында мерт болғандарға қатысты статистиканы жариялады: 67 адам шабуыл­даушы деп танылды, яғни жаппай тәртіп­сіздіктерге қатысқан деген күдік тағылды. 142 адам ТЖ және терроризмге қарсы опе­рация кезінде ерекше режимді бұзғандықтан, талапқа бағынбағандықтан атылған. 4 адам басқа құқық бұзушылықтар барысында қаза тапқан. Ішкі істер министрі Марат Ахметжа­новтың дерегінше, тұтастай алғанда, қаңтар оқиғаларында 3 037 полиция мен Ұлттық ұланның жауынгерлері жарақат алды, мертікті. Біразы әлі күнге қатарға қосыла алмаған, сауықтырудан өтуін жалғастырды. – 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап, ай­мақтарда төтенше жағдай режимдері мен коменданттық сағаттар енгізілді. 6 қаңтарда сағат 00.00-ден бастап терроризмге қарсы операция режимі жарияланды. Бұл қысқа мерзімде елдегі құқықтық тәртіпті қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, күштік құрылымдардың 19 қызметкері қаза тапты. 3 037 полиция мен Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері жарақат алды. 28-іне оқ тиіп, 177-сінің сүйегі сынған. 111-і пышақталған. Көптеген қызметкер әлі де ем алуда», – деді министр. Қорғаныс министрі неге ұсталды? Қамауда отырған және айыпталған биік лауазымды тұлғалар арасында бір адам да­раланады. Себебі ол опасыздық жасамаған, мемлекетке қарсы қастандықты ұйымдас­ты­рушылар қатарында да жоқ. Сонда бұ­рын­ғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов неге ұсталды? Қазір әскери сотта М.Бек­тановтың ісі бойынша тыңдау жүріп жатыр. «Тергеуге сәйкес, ол төтенше жағдай кезеңінде заңсыз бұйрық берген және стра­тегиялық нысандарды әскерилердің күзе­тінсіз қалдырған. Бұрынғы Қорғаныс ми­нистрі елімізде конституциялық тәртіп ор­нату жөнінде шаралар қабылдамаған», – деп мәлім етті Б.Асылов. Әрине, бұлардың бәрі әзірге күдік қана. Оның қаншалықты шын, әлде жалған екенін тағы да сот анықтайды. – Тәртіпсіздікке қатысқандар, әсіресе Алматыда саны жағынан басым болды. Олар қоршауларды бұзды, полиция мен Ұлттық ұлан күштерін басып, халыққа зорлық-зомбылық жасады. Соның салдарынан қыл­мыскерлер қолынан адамдар қаза болды, қалалар тоналды және өртелді. Ал Бектанов ұрыс жағдайында билікті асыра пайдалану бойынша айыпталды. Сот оның іс-әрекеттеріне түпкілікті баға береді және қажет деп тапса, оның жазасын анықтай­ды, – деді Бас прокурор. Бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 2022 жылғы 21 ақпанда ұсталды және содан бері уақытша ұстау изоляторында отыр. Әу баста, 2022 жылғы 19 ақпанда Бас прокуратура оның үстінен Қылмыстық кодекстің 452-бабы, яғни әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған еді. Енді айыптау бабы өзгертілді. Қару қолдану қаншалықты заңды болды? Депутаттарды халыққа қару қолдану қаншалықты дұрыс болды деген сауал маза­лады. Осыған байланысты Бас прокуратура полиция қызметкерлерінің қимылына құ­қықтық баға берді. Қорытындысында тәртіп сақшыларының қару қолдануы заңды деп танылған. «5 қаңтарға қараған түні бірқатар өңір­д­е митингілер өріс алды. Наразылар авто­жолдар мен теміржолдарды жапты, вок­залдар мен әуежайларды бұғаттады, мемле­кеттік органдар ғимараттарын қоршады. Елді мекендердің инфрақұрылымы мен күнделікті тіршілігіне кедергі келтірілді. Яғни, қарапайым қазақстандықтардың қо­ғамдық құқықтары бұзылды. Бір мезгілде Тараз, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Орал қа­лаларында мемлекеттік биліктің символы ретінде әкімдіктердің ғимараттарына ша­буыл жасалды. Барлық жерде қызметкер­лерге қарсы күш қолданылды, нәтижесінде көбі ауыр жарақат алды. Ғимараттар, қыз­меттік автокөліктер, бейнебақылау каме­ра­лары зақымданды. Қысқасы, мұны енді «бей­біт митинг» деп айтуға мүлдем келмей­ді», – деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов. Ол ертесіне, 5 қаңтарда бейбіт шерулер орнын жаппай тәртіпсіздік басқанын жеткізді. Бейберекетсіздік Қызылорда, Өс­кемен, Семей, Қостанай, Талдықорған қа­лаларында ушыға бастады. Қызылордада Ұлттық ұланның жауынгері М.Қайсаровты, Талдықорғанда тағы бір әскери қызметші А.Амановты бүлікшілер өздері басып алған арнайы көлікпен қасақана қағып өлтірген. Осы күні Қызылордада қару-жарақты иемдену мақсатында полиция ғимаратына қарулы шабуыл жасалған. қанды қаңтар «Сондықтан халықтың, полиция қыз­мет­керлерінің өмірі мен денсаулығына қатердің алдын алу мақсатында қылмыс­керлерге қарсы қару қолданылды. Қару қолдану «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға сәйкес жүзеге асырылды. Ол үшін барлық негіз болды. Бұл – азаматтарды қылмыстық озбырлықтан қорғау. Бұл – қару иеленуге тырысушылардың жолын кесу. Бұл – қызметкерлерге, қызметтік және әскери кезекшіліктерге, күзетілетін нысандарға шабуылды тойтару. Егер полиция қызмет­керлері заңда көзделген кешенді іс-шара­ларды орындамағанда трагедия ауқымдырақ болар еді. Прокуратура құқықтық баға берді. Оларды қолдану заңды деп танылды», – деді ІІМ басшысы Марат Ахметжанов. Ал Бас прокурор Берік Асылов шабуыл­даушыларға оқ ату Президент бұйрығынан бұрын басталғанын хабарлады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев лаңкестерді ескертусіз атуға 7 қаңтарда бұйрық берген еді. – Шабуылдаушыларға оқ ату Прези­денттің әйгілі мәлімдемесінен бұрын бас­талды! Заң нормаларында оның тәртібі рет­телген. Күштік құрылым қызметкерлері атыс қаруын бірінші рет Алматыдағы Пре­зидент резиденциясын қорғау кезінде – 5 қаңтар күні сағат 16:00 шамасында қолдан­ғанына ерекше назар аударғым келеді. Одан соң полиция мен әкімдіктер ғимараттарына және басқа объектілерге шабуыл жасал­ғанда, яғни тәртіпсіздіктер күш көрсету са­тысына ауысқан кезде құқық қорғау ор­ган­дарының қызметкерлері қару қолданған, – деді Берік Асылов. Артынша антитеррорлық операция кезінде, қалаларды қарулы содырлардан «тазалау» кезінде қару кең қолданылды. «Демек, шабуылдаушыларға қарсы оқ ату Президенттің белгілі мәлімдемесінен едәуір бұрын болған. Әлдебіреулер бұған қатысты барлық дискуссия мен қоғамдық пікірді әдейі басқа бағытқа бұрып жүр. Іс жүзінде қылмыскерлерге оқ ату үшін күштік құрылымдарға Президенттің арнайы бұй­рығы қажет емес. Бұл мәселелер құқық қор­ғау қызметі туралы, Ұлттық гвардия ту­ралы, терроризмге қарсы іс-қимыл тура­лы заңдарда тікелей нормалармен реттелген. Олар адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда шабуылды тойтару үшін атыс қаруын қолдануға мүмкіндік береді. Сондай қауіпті жағдай 5 қаңтарда болды және 8 қаңтарға дейін, яғни жағдай тұрақталғанға дейін жалғасты», – деді Бас прокурор. Мемлекет күйреуден аман қалды «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы Абзал Құспан 2022 жылдың 22 қаңтардан бері жұмыс істеп келе жатқан комиссияның, адвокаттар мен құқық қорғаушылардың жұмысының алдын ала қорытындысын шығарды. Комиссия қаңтар оқиғаларына қатысушыларды шартты түрде 3 топқа бөліп қарастырған. – Бірінші топ – ұйымдастырушылар. Екіншісі – арандатушылар. Үшіншісі – арандап қалғандар. Яғни, әу баста бейбіт митинг деп шығып, ұйымдастырушылар мен арандатушылардың айтағына еріп, әртүрлі сипаттағы құқықбұзушылық жаса­ғандар. Негізгі адамдар санын осы үшінші топ құрады және біздің комиссия осы топ­пен мақсатты түрде жұмыс істеді, – деді ол. Мәжілісте сөз сөйлеген жауапты тұлға­лардың пайымдауынша, қаңтардағы тәр­тіпсіздіктер мен одан кейінгі төңкеріс жасау әрекеті мұқият жоспарланған. Қаңтар оқиғаларына дайындық бүкіл 2021 жыл бойы жасырын түрде жүргізілген көрінеді. Бұл жұмысты жүргізу ұйымдасқан қылмыс­тық топтарға жүктелген, күш құрылым­дарының жекелеген өкілдері басшылық еткен, арнайы қаржы бөлініп, оған адамдар тобы жиналған, қару-жарақ, рация және көлік сатып алынған деген мәлімет бар. Оның қаншалықты шын екені соттағы талқылау барысында айқындалуы тиіс. Бір анығы, 2022 жыл басындағы дүрбе­лең Қазақстанның тәуелсіздігіне, мем­лекеттілігіне нұқсан келтіруі, тіпті ыдырауға соқтыруы мүмкін еді. Бір апта ішінде ғана елімізде 1 466 ғимаратқа шабуыл жасалды, көбі қиратылып, өртелді. Оның ішінде 1 395 – бизнес нысаны, 71 – мемлекеттік мекеме, 44 – Ішкі істер бөлімі бар. Бизнес субъек­тілеріне келтірілген залал 100 млрд теңгеге жуықтаған. Премьердің бірінші орынбасары Роман Склярдың мәліметінше, қаңтарда нұқсан келген ғимараттарға 31 млрд теңге бөлінді. Кәсіпкерлердің көбі мемлекетке көмегі ретінде одан өтемақы талап етпеді, бүлінген нысандарын өз қар­жыларына жөндеді. Қасіретті қаңтар оқиғалары салдары­нан жалпы алғанда, еліміз бойынша 5 149 адам жараланып, 238 адам мерт болды. Олардың 19-ы – күштік құрылымдардың қызметкерлері.