Тартысқа түскен Татарстан
Тартысқа түскен Татарстан
10,083
оқылды
Ресейлік және шетелдік ақ­парат құралдарының жазуынша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Татарстан азаматтығынан және «президентінен» айырылды. Соң­ғысының орнын «Раис» бас­ты. Былтырғы 22 желтоқсандағы жылжабар отырысында Татар­стан Парламенті ел Консти­ту­циясына түзетулерді қабылдады. Татардың Ата заңына өзгерістер Жаңа жыл мерекесінде күшіне енді. Жаңарған негізгі құжатта енді Татарстан азаматтығы және егемендігі деген ұғымдар жо­йыл­ған. Бұған қоса, елдің бей­біт­сүйгіштігін ұлықтаған соғыстан бас тарту, сондай-ақ пропа­ган­даға жол бермеу баптары да алып тасталды. Биліктен айыру – бастан айыру Бауырлас татар елінің Конститу­ция­сында биылға дейін маңызды 15-бап болды. Онда: «Татарстан мемлекеттер мен халықтар арасындағы дауларды шешу шарасы ретінде күш қолдануға һәм со­ғысқа теріс қарайды. Татарстанда соғысты насихаттауға тыйым салынады» деп жазылған. Татардың тәуелсіз журналистері, тіпті, мемлекеттік ақпарат құралдары осы конституциялық құндылықты ұстануға барын салды: РФ ақпарат құралдары Украи­наға шапқыншылықты жан сала қуаттап, соғыс өртіне май құйып жатқанда, татарстандық БАҚ Ресей-Украина қарулы жанжалын барынша ұстамды жариялады. «Татар-информ» ақпарат агенттігінің өзі қарсы жаққа, Украинаның ресми өкіл­де­ріне мінбер ұсынды. Бірақ Мәскеуге бодан болып отырып, одан тәуелсіз саясат жүр­гізу қиын. 15-бап түп-тамырымен жұлып алынғандықтан, татар журналистеріне «сугышны пропагандалауға» тура келетінге ұқсайды. Дегенмен басты конституциялық өз­геріс татар басшысына қатысты болды. Ресей федерация ретінде 83 субъектіден, соның ішінде 21 республикадан (Қырымды қоспағанда) тұратыны белгілі. В.Путин би­лік басына келгенге дейін әр респуб­ли­каның төл президенті, үкіметі, парламенті болды. «Мемлекетте бір ғана Президент бо­луға тиіс» деген ұранмен Кремль рес­публикаларды өз конституцияларын өзгертіп, президент институтын жоюға мәж­бүр етті. Олар бүгінде жай ғана «рес­публика басшысы» деп аталады. Бұған күні кешеге дейін Татарстан қарсыласып бақ­ты: ол көшбасшысы Президент аталатын Ресейдегі соңғы республика болатын. 2015 жылғы 9 қарашада Мәскеудегі татар медиаклубы Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен дәстүрлі кездесу ұйымдастырды. Сонда журналистер одан: «Мәскеу сіздерге Президент институтын жоюды талап етіп, қысым жасап жатқаны рас па?» деп сұрады. Минниханов сенім­мен жауап берді: республиканы өзі бас­қарып тұрған тұста, татардың Президенті лауазымына орталықтың тиісуіне жол бермейтінін нықтады. Осы мәлімдемесі арқылы Татарстан тұрғындарын рухтан­дырып тастады. Себебі, сол кезде «Білім туралы» заңына даулы өзгерістер талқы­ланып, татар тілінің тағдыры қыл үстінде тұрған. Өкінішке қарай, аталған заң 2017 жылдың соңында қабылданып, татар тілі мәртебесінен айырылды: Татарстандағы мектептерде татар тілін үйрету және оқыту міндетті пәннен факультативті пәнге ай­налды. Бірақ 2015 жылы Татарстан Прези­денті атауының сақталатыны туралы мәлімдеме республиканың ұлттық ұстын­дары мызғымастай тұратынына үміт сыйлаған. Алайда 2021 жылғы қыркүйекте Мем­думаға «Об общих принципах организации публичной власти в субъектах РФ» атты федералдық заң жобасы енгізілді. Құжат өңір басшыларын жай ғана басшы деп атауға міндеттеді. Ол кезде барлық респуб­лика басшысы солай аталғандықтан, заң бір ғана Татарстанға бағытталғаны құпия емес еді: сол арқылы Мәскеу Татарстанды 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін респуб­ликаның Президенті лауазымын жоюға мәжбүрледі. Әйткенмен, татарлар бір қулыққа басты: Президентті жай ғана басшы деп атаудан бас тартты, оның орнына Раис ұғымын енгізді. Жаңаша «Раис Республики Татарстан» деп аталады. Бұл ретте Мин­ниханов өкілеттік мерзімі таусылғанға, яғни 2025 жылға дейін Президент атану құқығына ие: жаңа талап оған таралмайды. Алайда былтырдан ресми құжаттарда ол негізінен, Татарстан басшысы деп қана жа­зылып жүр. Жалпы, Раис сөзі татарларға да, түр­кітілдес өзге елдерге де жат емес. Мысалы, Татарстанда Раис есімді азаматтар көп. Энциклопедияларға жүгінсек, арабтың «бас» деген сөзінен туындаған бұл сөз «бас­шы», «төраға» деген мағынаны біл­діреді. Әу баста ауылбасыларының титулы болған. Бүгінде аудармашылар оны көбіне араб, парсы, суахили тілдерінен «пре­зидент» деп аударады. Ал түрік тілі Осман империясы кезінде қабылдады, бүгінде reis сөзін түріктер «капитан» сөзінің синонимі ретінде қолданады. Бір қызығы, татар басшысы «Елбасы» атанып кетуі де мүмкін еді. Ресейлік саясаттанушы Руслан Айсиннің айтуынша, конституциялық өзгерістерді онкүндік талқылау барысында республика көш­басшысының жаңа атауының бірнеше нұсқасы қарастырылды.
«Арасында «Илбаши», тіпті «канцлер» болды. Елбасы Қазақ хандығында болған титул, бірақ ол 2000 жылдардан Н.На­зарбаевтың атына бекітілген еді. Ресейде өз Елбасысының пайда болуына Мәскеу қарсы шығуы мүмкін. Сондықтан Илба­шын қабылдай алмады. Ал «раис» сөзінің іргелі мағынасы жоқ, халық бұл эпитет алдында бас имейді, бөркін шешпейді. Ол бір жағынан Мәскеуді кіжіндірмейді, екінші жағынан, татар халқына да жақын», – деді Р.Айсин.
Татарлар Елбасы мәртебесінен Мәс­кеуді өшіктіріп, өршелендірмеу үшін бас тартты. Әрі татардың Саба ауданы басшы­сының, яғни Миннихановтың туған іні­сінің есімі де Раис. Халық ахуалы қиындады Жыл қорытындыларына арналған бас­пасөз конференциясында Татарстанның Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мұхаметшин Конституцияға өзгерістерді қабылдау үшін келісім рәсімдеріне жүгі­нуіне тура келгенін, «бірақ оның егжей-тегжейін аша алмайтынын» мойындады. Оның айтуынша, Татарстан басшысын Раис деп қайта атауға Мәскеудің келісімі алынған.
«Біз республиканың жоғарғы лауа­зымды тұлғасының лауазымының атын өзгерту арқылы федералдық заңды қол­дадық. Бұл шешімімізді дана деп есептей­міз. Өйткені басқа шешім қабылдасақ, онда дұшпандардың шашбауын көтерген болып шығатын едік. Қастық пейілдегі Батыс мемлекеттерінің Ресейді ыдырату талаптары табысқа жетпеді. Ал Татарстан халқы, қолымда бар ақпаратқа сүйенсем, Президенттің атауын өзгертуді түсініс­тікпен қабылдады», – деді Мемлекеттік Кеңес төрағасы.
Оның мәліметінше, Татарстан Конс­титуциясына қатыста басқа да мәселелер қалып тұр: «Оларды депутаттар қаңтардағы сессиямызда қарауға кіріседі. Егер барлық келісу рәсімдерінен өтіп үлгермесе, ақ­пандағы отырыстарға қалады». Мұхамет­шин орталықтан қойылған басты міндет 2022 жыл аяқталғанша, орындалғанын нықтады.
«Біз өзімізден не талап етілсе, соның бәрін жасадық. Республиканың жоғарғы лауазымды тұлғасының атауын феде­ралдық заң талаптарына сәйкес келтірдік. Конституциямызда ол енді «Президент» деп аталмайды. Бұл басты міндет болды. Біз федералдық орталықпен де қаса­рыс­падық, бұл қадамға қарсылармен де тіре­сіп жатпадық. Ортадан шыққан сияқ­ты­мыз», – деп түйді Фарид Мұхаметшин. БАҚ өкілдерімен кездесіп, 2022 жыл­дың қорытындыларын шығарған Татар­станның соңғы Президенті Рустам Мин­ниханов өз елінің Ресей құрамында қа­латынын меңзеді: «Біз ресейлік мемле­кет­тің патриоты болуға тиіспіз. Және бұл жай ұран болып қалмауы қажет, сөзімізбен де, ісімізбен де Ресей мемлекеттілігіне берік­тігімізді дәлелдейміз. Ортақ Отанымыздың игілігі үшін еңбек ететін боламыз. Та­тарстан Ресей федерациясының салмақты субъектісі болды және солай болып қала береді», – деп қадап айтты Рустам Мин­ниханов.
Сонымен бірге, Tatar-inform хабарла­уынша, билік федералдық орталықтың татарлардың өмірін қиындатқанына кө­ңілтолмастық білдіріп отыр. Өйткені 2022 жылы Мәскеудің және федералдық заңнаманың талабы бойынша Татарстан парламенті республиканың Конститу­циялық сотын жойды.
«Салдарынан, Татарстан тұрғындары­ның өмірі қатты қиындады, олар конс­титуциялық нормаларға қатысты туында­ған мәселелері бойынша енді татардың Конституциялық сотына жүгіне алмайды. Бұл үшін оларға Санкт-Петербургте ор­наласқан Ресей Конституциялық сотына сабылуға тура келеді. Татарстанның Конс­титуциялық соты кері байланыс тетігі қыз­метін атқарып еді, оның көмегімен қан­дай да бір заңды халық талабына сайлап, реттеп алуға болатын. Жылдар бо­йы жолға қойылған кері байланыс тетігі қазір жоқ», – деген Парламент спикері Ф.Мұ­хаметшин 2023 жылы оның орнына жаңа орган құрылуы мүмкін екенін жет­кізді, бірақ «жаңасы сот өкілеттіктері жоқ, жай ғана консультативтік орган болады», тиісінше оның шешімдерін орындау міндетті болмайды.
Жалпы, экономика саласында да Ре­сейдің барлық субъектісі – бір төбе, Татарстан – бір төбе болып тұр. Мысалы, 2022 жылы бүкіл Ресейдің экономикасы рецессияға ұшырады, жалпы ішкі өнімі құлдырады. Ал Татарстан өсімге қол жеткізді.
«2022 жыл бойы Ресейге теңдесі жоқ экономикалық қысым көрсетілді. Барлық қиындықтарға қарамастан, Татарстанда жалпы өңірлік өнім мен өнеркәсіптік өндіріс өсімі тіпті 2021 жылғыдан да асып түскелі тұр. Бізге енді жаңа экспорттық бағыттарды, жаңа жеткізушілерді іздеуге тура келеді. Ең бастысы, біз тек өзімізге ғана сене, сүйене аламыз. Татар экономикасы жұмыс істеу үшін нақты, жүйелі жұмыс жүргі­зілуі тиіс. Бізде өнім өндірісі бойынша да, жалпы өңірлік өнім бойынша да керісінше, өсім тіркеліп отыр. Егер санкциялар болмағанда, өсім одан да көп болатын еді», – деді Татарстан Президенті Рустам Минниханов.
Жыл қорытындысын шығарған татар көшбасшысы 2022 жылдың бас оқиғасы ретінде Путин сияқты Украинаға қарсы соғысты емес, Татарстанның Еділ бұл­ғарларының (Волжская Булгария) Ис­ламды қабылдауының 1100 жылдығын кең ауқымда тойлауын атады. Демек, тарихы мың жылдан асатын мемлекеттілігінің бары туралы ұлттық жады өшпесе, татар елі де ұлт ретінде өшпейді, көштен қалмайды деген үміт бар.