Еңбек ардагерлерінің еңбегі елеулі
Еңбек ардагерлерінің еңбегі елеулі
963
оқылды
Осыдан үш жыл бұрын, ел өнеркәсібінің ірі салаларының бірі мұнай-газ өнеркәсібінің даму жолындағы ұрпақтар са­бақтастығы үзілмеуі мақсатын­да бірқатар ел ағалары бірігіп, өзара ұйымдасып, «Мұнай-газ кешені ардагерлері» республи­калық қоғамдық бірлестігінің жұмысын жолға қойды. Бұл бір­­лестік жұмысы мұнай-газ ке­шені ардагерлерінің қызме­тін ұйымдастыру және көмек көрсету, сондай-ақ өнеркәсіп­тегі жас мамандардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамытуға, инновацияларды ен­гізуге, аға ұрпақтың телегей-теңіз тәжірибесін жас маман­дар­ға үйрету мен мұнайды иге­ру­дегі қазақстандық сүр­леу­дің тарихын сақтауға бағыттал­ған еді. Бүгінде сол әдепкі мақсат толық­тай жүзеге асырылуда. Оған қоса әуелгі миссиямыздың аясы да ке­ңейіп, қазіргі кезде ұйымға мүше ар­дагерлер арасында оларды еңбек және шығармашылық қызметке тарту, салауатты өмір салтын ұстану насихатталуда. Экскурсиялар, сауық­тыру және мәдени іс-шаралар, спорттық шаралар мен турнирлер ұйымдастыру арқылы олардың ден­саулығын нығайту жұмыстары атқарылуда. Ең бастысы, аға буын мен кейінгі буынның сыйластық тіні, тәжірибе алмасуы бекіді. Қоғамымызда жастарға жұмыс табылмай жатқан кезде жасы келген мамандар неге орын бермейді деген пікір қалыптасқан. Біздіңше, бұл өте өрескел қате пікір. Әлеуметтің дұрыс бағытта дамуына, әсіресе, тәжірибе өте қажет салаларда «ересек» маман­дардың орны өлшеусіз. Өйткені олар жүріп өткен жол мен сыни көзқарас, ең бастысы, тәжірибе жүзіндегі білім қоры құндырақ. Егер екі буын ара­сында байланыс тығыз болса, сол саланың жүйеге қойылуы, табысты­лығы да арта түсетінінің дәлелін біз өз үлгімізде көрсете алдық деген ойдамыз. Жалпы қарт кісілерге, зейнет­керлерге байланысты елімізде жүр­гізіліп жатқан реформалар әлеу­меттік сала мен зейнетақы жүйесін­дегі құқықтарын қамтып отыр. Әлеу­меттік құқықтық саланы реттеу мақ­сатында заңнамалық база құ­рылды, міндетті зейнетақы қорлары бірыңғай жинақтаушы қорға бірікті. Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жүйесі де тәжірибеге енгізіліп жатыр, базалық зейнетақы өсірілуде. Алайда әлеуметтік белсенді аза­маттарымыздың әлеуетін пайда­лануға арналған шаралар өте аз, оның үстіне ардагерлер мен зейнет­кер­лермен жұмысты артық жүк көретіні тағы бар. Осы орайда қа­зақтың «қарты бар елдің қазынасы бар» деген нақыл сөзі еске түседі. Біздің пайы­мымызда кез келген сала ардагерлері­нің маңдай тері мен ұзақ жылдар бойы жасаған қызмет өтілі кейінгі жастардың іс-әрекетіне ба­ғыт беріп қана қоймай, өмірлік тәжірибесі арқылы мемлекетке де тигізетін пайдасы орасан зор. Оған «Мұнай-газ кешені ардагерлері» республика­лық қоғамдық бірлес­тігінің атқарып жатқан жұмысы дәлел бола алады. Қоғамдық бірлестіктің негізгі міндеті – сала ардагерлеріне қолдау көрсету, мұнай және газ кешенінің жас буынын дайындауға көмектесу, жас қызметкерлерге тәжірибе беру мақсатында кездесулер ұйым­дас­тыру, саланың инновациялық ғы­лыми зерттеулерді дамытуға және ілгерілетуге көмектесу. Мұндағы әр міндеттен бірлестік мүшелерінің мемлекетіміздің болашағына бей-жай қарамай, зейнет жасында болса да оның тұрақты әрі табысты да­муына қолғабыс тигізуге ұмтылаты­нын байқаймыз. Оған ресурс та жеткілікті. Ол ардагерлердің жылдар бойғы жинаған абыройлы қызметі­нің нәтижесі мен дағды-машықтары. Саланың қыр-сырына жастардың тісі батпаған кезде, көп жағдайда ардагерлердің тәжірибесінің үлкен көмегі тиіп жатады. Осылайша, бірлестік жас буын мен тәжірибесі мол ардагерлердің арасында сауатты диалог жүргізіп, байланыс орната алып отыр. Бүгінде кез келген қоғамда ме­дицинаның және әлеуметтік жағ­дайлардың жақсаруы себепті жас ұзақтығы артқаны мәлім. Бұл көп­теген елдердің әлеуметтік саясатына үлкен күш болары анық. Өйткені қа­зіргі таңда көптеген елдің эконо­ми­калық бағыты мен ресурсы көп жағдайға жастарға ыңғай беретіні шындық. Дегенмен тәжірибесінің молдығымен ересек азаматтардың да жастармен бірге қоғамға тигізетін пайдасын ескерсек, болашақта ере­сектер әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін мұндай қоғамдық бірлестік­тің маңызы жоғары екенін сеземіз. Оның үстіне, мемлекетке өзін маман ретінде пайдалы екенін білетін, ал мемлекет тарапынан қамқорлық сезінетін ардагерлер озық экономи­каның негізін құрай алады. Олардың қатарында шығысазиялық мемлекет Жапония да бар. Жапонияның еңбек нарығындағы қарттар мен мү­гедектерге қатысты мемлекеттік сая­саты елдегі туу деңгейінің төмен­деуі секілді халықтың қартаюы демографиялық жағдайдың өз­геруіне байланысты. Жапон үкі­меті жұмыс күшінің жетіспеушілігі проб­лемасын егде жастағы адамдар­дың жұмыспен қамтылуын арттыру арқылы шешуге тырысуда, әрине бұл ерікті түрде. Әлемдік рейтингте қарт­тар мен мүгедектердің жағдайын жасау бойынша сегізінші орында тұрған мемлекеттің дәл осы саясаты еңбек нарығындағы теңдікті ғана емес, әлеуметтік тұрғыда елдің ты­ныс-тіршілігін, көңіл-күйін реттес­тіріп отыруға үлкен септігін тигізіп отыр. Алайда бізді Жапониямен са­лыс­тыруға мүлдем келмейді. Өйт­кені экономикалық индикаторлар әр түрлі болғандықтан, көшіріп ала алмаймыз. Дегенмен бұл саяси модельдің түпкі идеясы еліміздегі жасы үлкен азаматтардың еңбекке қабілеттілігі, өмірге құштарлығы, қаржылық тұрғыдағы әлеуеттілігі ескерілмей, көп жағдайда санаттан тез шығарылып қалу проблемасын шешуге көмектесетін секілді. Әдетте руханият саласындағы азаматтардың еңбегі көпшілік аузында ескеріліп жатса, өндірістік, медициналық, қаржы және басқа да өнеркәсіптік салаларындағы еңбек ардагерлерінің ауызбіршілігінің жоқтығы немесе ұйымдастырылудың төмендігі – олардың әлеуетін жоқ деп тануға бірден-бір негіз береді. Осы тұрғыда қоғамдық бірлестік тарапынан ардагер мұнайшылардың қоғамға қажет екенін сезіндіруге бағытталған жұмыстар легі аз емес. Еліміздің марқасқа азаматтарының орны ерекше екенін білдіріп, үлкен­дерге ілтипат жасалуын орынды түрде насихаттау арқылы қоғамда әнші-бишілерді ғана емес, қара­пайым еңбек адамының жоғары дәрежеде құрметтелуін көздедік. Бұл орайда, мақтанышпен айтар ұйым­дас­тырылған шаралардың бірі ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 29 жел­тоқсандағы №936 шешімін орындау мақсатында Бірлестік, Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамымен бірлесе отырып, NCOC, КПО және ТШО сияқты компаниялар кіретін «Мұнай-газ машиналарын жасауды дамытудың халықаралық орталығы» қауымдастығын құру жөніндегі жұмыстарды аяқтады. Бұл шара ірі жобалардағы қазақстандық қамтуды айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді. «ҚМГ» ҰК АҚ инновациялық дамуына өз үлесін қосуға ниет біл­діре отырып, жанынан Сарапшылар кеңесін құру туралы бастамамызды да ұлттық компания басшылығы қолдады. Оған Қазақстандық мұнай және газ кен орындарында үлкен тә­жірибесі бар ардагер мұнайшы­ла­ры­мыз енгізілді. Бұл саладағы алғашқы ауқымды іс «Өзен» кен орнындағы қалыптасқан жағдайға талдау жасауға арналды. Осы мақ­сатта, Бірлестіктің бас директоры А.Тегісбаевтың жетекшілігімен, Х.Кусаев, А.Бер­дімұратов, А.Аққұлов және т.б. өз саласының үздік ма­мандары кен орнында болып қайтты. Іс сапар қортындысымен «Өзен» кен орны басшы маманда­рының қатысуымен, екі жақты тиім­ді, келелі кеңес өт­кізілді, ардагер мұнайшылардың ұсыныстары қабылданды. Бүгінде бірлестікке мүше бол­ғысы келетін ардагерлер қатары артуда. Олардың ішінде 20 ғылым докторы мен кандидаты, 30-дан астам ірі мұнай компанияларында басшылық қызмет атқарған, басқа да мұнайгаз саласын дамытуға үлкен үлес қосқан азаматтар бар екенін мақтан тұтамыз. Бұл бізге қоғам қызметіндегі негізгі міндеттердің бірі, ардагерлердің кәсіби және өмір­лік тәжірибесін жастарға беру мақсатындағы жұмыстарымызды бел­сенді атқаруға септігін тигізіп отыр. Осылайша біз, ғылыми әрі тә­жірибелік әлеуетімізді ескере отырып, тиісті министрліктер мен бөлімдерге, олардың ғылыми-тех­никалық комиссияларына, қоғам­дық кеңес мүшелері қатарына ар­дагерлерімізді тарту туралы ұсыныс жолдаудамыз. Еліміздегі мұнай-газ бағытында білім беретін жоғары оқу орын­дарының Қамқоршылық кеңестері мен Директорлар кеңестерінің жұ­мысына атсалысуға «МГКА» РҚБ қызметкерлері мен мүшелерінің қатысуына байланысты жұмыстар жүргізілуде. Бұл жас маман даярлауда ардагерлер көрсеткісі келетін қам­қорлықтың бір бөлігі ғана. Мұның арғы жағында бірлестік мүшелерінің атқарып жатқан қыруар еңбегі тұр. Ардагерлер мен жастар ара­сында көпір болып, сабақтастық жібін үзбеуге ұмтылу сауапты іс. Оған қоса, ардагерлеріміздің бос уақытын пайдалы өткізуге септесу, сол арқылы қоғамдық өмірге бел­сенді араластыру үлкен күшті қажет етеді. Мұнай-газ кешені ардагерлер институтын қалыптастырып, мем­лекетіміздің дамуына үлес қосу мақ­сатында бірлестік өз міндеттерін одан әрі жоғары дәрежеде атқара бер­мек. Бұл белсенділігіміз еліміз­дегі басқа сала ардагерлеріне де жақсы үлгі болады деген ойдамыз.

Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, «Мұнайгаз кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысының құрметті азаматы