Ғалым Қожабек – менің ауылдасым. Ақмола облысы Егіндікөл ауданы Жалманқұлақ ауылында бір мектепте оқыдық. Жалманқұлақ көлінің суын іштік, сол көлдің балығын жеп өстік, сол көлдің ауыл жақ бетіндегі Тақырсуатқа ала жаздай армансыз шомылдық. Бала кезімізде ауылдың шаңын аспанға шығарып, қара терге малшынып доп қуатынбыз. Қыста буымыз бұрқырап жүріп, хоккей ойнаушы едік. Ал басқа кезде сонау жер түбіндегі Алатаудың баурайын ала доп дүбіріне бөлеген «Қайраттың» ойындарын сілекейміз шұбырып, әңгіме қылатынбыз. Біз үшін жер әлемде Тимур Сегізбаевтан асқан футболшы жоқтай көрінетін. Атақты қақпашы Құралбек Ордабаевтың пенальти қаққандағы әбжілдігін есіміз кете балаң қиялмен жарыса суреттейміз. Ғалым сол кездің өзінде футболды тәуір ойнаушы еді. Маған қарағанда сұңғақтау, қолы ұзын. Доп десе, көзі жайнап тұратын.
Ал біздер жарыс дегенді сырттай ғана естіп, сырттай ғана қызықтап жүргенімізде ол бокстан Целиноград облысының чемпионы атанып, Жамбыл қаласына Қазақстан чемпионатына барады деген хабар ду ете қалды. Күндердің күнінде Ғалым Жамбылға жүретін болды. Сөйтсек, оның жолдамаға жетуі оңайға соқпапты. Облыс құрамасының бапкерлері Қазақстан біріншілігіне айдаладағы ауылдың баласын апарғысы келмей, Ғалымды әуелі Қорғалжын ауданының чемпионымен айқастырыпты. Біздің ұл ол баланы ұрып жығады. Бапкерлер сонда да қоймай, Целиноград қаласының мықты деген боксшысын бұған қайрап салады ғой. Ғалым оны да бет қаратпай түріп шығады. Қожабековтің облыс құрамасына енгенін ауыл жыр қылып айтты. Ол кезде біздің Жалманқұлақ ауылында Мақсұт Омарұлы бапкердің баптауымен бір топ бала бокстың қызығына түсе бастаған еді. Ғалым солардың бәрінен асып түсті.
1981 жылы Түркістан әскери округында солдат болып жүріп, осы округтың чемпионатына қатысты. Ғалымның боксқа деген құмарлығы тегін емес екен, кейін туған ағасы Кәрімнің ұлы Бақытжан Қожабеков жастар арасындағы Азия біріншілігінде екі рет топ жарып, әлемнің жастар біріншілігінде үшінші орынға табан тіреді. Сөйтіп, бұрын жұрт аса біле қоймайтын Жалманқұлақтың аты Арқа төсінде дәуірлей бастады. Ғалым ағасына еліктеп былғары қолғап киген Бақытжан уақыт өте Қазақстан ұлттық құрамасына алынып, республиканың ұлттық чемпионатының 4 мәрте күміс, 1 рет қола жүлдегері атанды. 2009 жылғы Қазақстан чемпионатының финалында әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиевпен қалай айқасқанын көзім көрді. Ғалым ағалары салған жіңішке соқпақты Бақытжан күре жолға айналдырды. Бақытжан Кәрімұлы Жалманқұлақтан шыққан бірінші халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бұл жеңісте ағасы Ғалымның еңбегі зор.
Ғалым Ауғанстандағы соғыстың от-жалынын көзбен көрген азамат. 1983 жылы Ғалым Қосымжанұлы «Ауғанстан тағдырыма таңылды» деген өлең жазды. Майдангер жырынан үзіндіні бірлесе оқып көрейік:
Ұмытылмас сол бір күндер
жалындаған,
Жастық оты жан үшін
жарқылдаған.
Есімде әлі ажалмен арпалысып,
Ұзақ түндер көз ілмей ұйқы
ұрлаған.
Жас жүрегім жат жерде жүдеп
кетті,
Ғұмырыңды сырласым тағдыр
шешті.
Ажал қуған екі бірдей
дұшпан оғы –
Жазығы не?! Жолдасымды
іліп кетті...
Жиырма жастағы бозбаланың ішкі дүниесі астан-кестен болған сәтінен естелік. Мыңдаған отбасы қайғы жұтқан жылдардың бір кеудені жарып шыққан зары мен мұңы. Қазақ мұндайда: «Жат жерде жаның қиналса, Ел қадірін білерсің» немесе «Ер жақсысы елін сағынар, Ат жақсысы жерін сағынар» дейді. Ғалым ауған жерінен есейіп, шыңдалып қайтты. Ел қадірін терең сезінетін өрелі сезімге иек артты. Ордасы отқа оранғанның қандай ғаріп күй кешетінін жасы жиырмаға толмай түйсінді. Қысқасы, өмір мен өлімнің арасы қас-қағым екенін түсінді.
«Әке тілегі» деген өлеңінде өзінің жан сезімін былай жеткізіпті: «Өмірді көрдім... Ауғанға бардым, Жеңдім де және жеңілдім. Бақытым бар ғой... Ауасын жұттым елімнің. Ортасын көрдім өлімнің... Қай жақта қалай қаларын білмей көрімнің. Аман-сау келдім, Өзгеге немді айтайын, Арманы еді оралмай қалған көбінің...».
Елге оралған соң жастай өмірден өткен жерлесі «Жауынгер-интернационалист Қазбек Әбдірахмановтың атында соғыс мүгедектері мен қаза болған жауынгерлердің отбасын қолдау қорын құрды. Бірлестік жиырма жылдан бері футболдан Қазыбек Әбдірахмановтың жүлдесі үшін жарыс ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар балаларды отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатымен «Отан қорғау – парызым» деген тақырыпта үздік шығармаларға бәйге жариялайды. Бұл байқау бүкіл республиканы қамтумен қатар, он бес жылдан бері өтетінін айтуымыз керек. Ғалым бастаған ауған ардагерлері мұнымен де шектелмей, жоғары сынып оқушылары арасында әскери-патриоттық жұмыстардың жүйелі өтуіне атсалысып жүр. Міне, өкіметтің аузына қарай бермей ел азаматтарының осындай игі істерге мұрындық болып жүргені қандай ғанибет!
1990 жылы дарынды жігіт облыстық «Арқа ажары» газетінің табалдырығын аттады. Ол кезде облыстық газеттің бас редакторы Октябрь Әлібеков ағамыз. Биязы мінезді, қоңырқай өңді, келбетті кісі болатын. Табиғаты қазақи еді. Сол қасиетімен редакцияға өлеңін жолдаған Ғалымның бойындағы шығармашылық қабілетті тани қояды. Танып қана қоймай, жауапты қызметкерлеріне «мына жігітті тездетіп шақыртыңдар» деп тапсырма береді. Жазудың қызығына елітіп, баспасөзді сүзіп оқитын Ғалым хабар тиген бойда шауып жетеді.
Сөйтіп, Ақмоладан алыста, оңтүстік-батыс беткейде жатқан бұйығы ауылдың тағы бір ұланы білекті сыбанып тастап баспасөз майданына кірді. Ақиқатын айту керек, кезінде Совет одағының коммунистік партиясы мен олардың «бұлбұлдары» мақтауын асырған большевиктік қоғам қазақ руханиятына қырғидай тиген еді. Бір замандарда алаш жұртының небір аяулы ұлдарын өмірге әкелген Сарыарқа даласынан кейінгі жылдары оңтүстік пен батыстың ақын-жазушыларымен иықтас қаламгерлер тым сирек шығатын болды. Әйтпесе, бұл өңір Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, Сырбай Мәуленов, Сафуан Шаймерденов, тағы басқа ұлт мақтаныштарының кіндік қаны тамған қасиетті өлке еді. Кәмпеске зұлматы, отыз екінің алапат аштығы, қанды қасап репрессия, екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру деген зымиян бүркемемен қазақ даласын отарлау, жер-су аттарын түгелге жуық орысшалау, солтүстіктегі қазақ мектептерін құрту... бұдан басқа да отаршыл, зұлым әрекеттер қазақ руханиятының тамырына әдейі, қасақана балта шабу болатын. Біз бұрын Краснознамен ауданына қарадық. Сол ауданда Жалманқұлақта ғана аралас орта мектеп болды. Қалған орта мектептер түгел орысша. Көршілес Қоңыртүбек пен қырық шақырымдағы Көркем ауылдарының сегізінші сыныпты бітірген балалары әрі қарай оқу үшін біздің ауылға келетін. Міне, он совхозы бар ауданның бір ғана орта мектебінен Ғалым Қожабек, Төлеген Жәкітайұлы және мен ұлттық журналистика майданына атсалыстық. Егер Ақмоланың барлық ауылында қазақ мектептері болғанда бұл өңірден қаншама ақын-жазушы өсіп шығар еді. Ендеше, менің Ғалым, Төлеген інілерім өртеңге өнген қарағайдай азаматтар! Кеуделерінде ұлттық рухы жалындаған, қазақи құнары бар жігіттер. Мұндай азаматтар болмаса, ел тарихы, ұлт мәдениеті қалай көктемек, қалай өркен жаймақ?!
Бес жылдай «Арқа ажарында» қызмет жасаған Ғалым Қожабек 1995 жылы Астана қаласы әкімдігінің «Астана ақшамы» газетіне ауысты. Жиырма жеті жылдан бері осы басылымның белді қызметкері. Жиырма жылдай елорданың бас газетінің бас редакторының орынбасары. Ғалым сонау азаттық таңы арайлап атқаннан бергі кезеңде Арқа спортының ғана емес, қазақ спортының талай саңлақтарын газет бетінде, кітап бауырында насихаттап, оқырмандарын сүбелі дүниелермен сусындатып келеді. Шахматтан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Дәрмен Сәдуақасов, Сарыарқаның бір кездегі айтулы футболшысы Сәлім Тәшенов, Олимпиада жеңімпазы, атақты ауыр атлетші Анатолий Храпатый, бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов, Азия ойындарының жеңімпазы Нұржан Кәрімжанов, бүкіл дүниежүзілік бокс сериясы бойынша әлем чемпионы Қанат Әбутәліп, қол күресінің шебері, дүниежүзінің чемпионы Марат Асайынов, кәсіпқой бокстың бахадүрі Нұрсұлтан Мейірім... Ғалымның кейіпкерлері осындай кілең жер дүниені дүркіреткен дүр жігіттер.
Қожабектің немересі алыстан ат терлетіп келген әлемдік спорттың саңлақтарын да құр жібермейді. Бес құрлықтың жанкүйерлері мойындаған футбол сүлейі Мишел Платини, әлемге әйгілі велошабандоз Алберто Кантадор, тағы басқа дарабоздар Ғалымның қаламы арқылы қазақ баспасөзінің бетінен орын тепті.
Иә, баяғы спортқұмар елгезек бала бұл күндері қалың оқырман мойындаған қаламгерге айналды. Мыңдаған мақаласын айтпағанда, «Астана саңлақтары», «Сайыпқыран», «Астана ақшамы», «Қанды көйлек қарулас», «Ұят болады, ұлым!» кітаптарының авторы. Еңбектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрді. Менің ауылдасым қарымды журналист қана емес, сауатты аудармашы. Бұл да білген адамға зор нығмет.
Ғалым алпыстың асуына журналистикаға деген таза пейілімен, еңбекқор тірлігімен иек артып отыр. Публицистика – жауынгер жанр. Ғалым осы жауынгер жанрдың адал да баһадүр жауынгері. Ғалым Қожабектің баспасөз майданындағы бейнеті мен зейнеті «Құрмет» орденімен, «Халық алғысы» медалімен, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен бағаланғанын да айту керек. Ауғандағы күндерінің белгісіндей «Ерлігі үшін» медалін кейде кеудесіне тағып шығады.
Иә, Ғалым замандас, өзіңді құлдыраңдаған құлын кезіңнен білуші едім. Бүгінгі жүрекжарды сөзімді 60-қа толған мерейтойыңа арнадым. Екі дүниеде бақытты бол, Жалманқұлақтың жайнағы! Алла Тағала қалған ғұмырыңды да баянды қылсын!
Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫ,
журналист