Жұмыс істейтін «кедейлер»
Жұмыс істейтін «кедейлер»
© коллаж: Елдар Қаба
739
оқылды
Былтыр Президент бизнес өкілдерімен кездесуінде халықтың жартысына жуығы кедейліктің кебіне жақын жүргенін айтқаны есімізде. Яғни, кедейліктің басым болып бара жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Оның үстіне, жұмыс істейтін «кедейлердің» мәселесі тағы бар. Өйткені жұмыспен қамтылған қазақстандықтардың табысы олардың әлеуметтік мәртебесіне сәйкес өмір сүруге жеткіліксіз. Мәселен, биыл ең төменгі күн­көрiс деңгейі 40 мыңнан астам тең­ге, ал жалақының ең төменгі мөл­шерi – 70 мың теңге болып бе­кі­тілді. Алайда бұл сандар қар­жы­лық қиындықта жүрген жандардың азаюына әсер ете қоймайтындай. Ал біз сөз етіп отырған «жұмыс іс­тей­тін кедейлердің» табысы әдетте бұл мөлшерден жоғары болып ке­леді. Бірақ бәрібір кедейшілікті жою­ға мүмкіндік бермейді. Ең әуелі, «жұмыс істейтін ке­дей­лер» тобының қалыптасуына ық­пал еткен бірнеше факторға тоқ­­­­талған дұрыс. Ең әуелі 2010 жыл­дан бастап жалпы ішкі өнімнің ай­тарлықтай өсуі халықтың әл-ауқатының артуына әсер етпегенін атап өткен жөн. Бірақ жалпы ішкі өнім 2010-2021 жылдар аралығында 3,8 есе көтеріліпті. Сөйте тұра, қыз­мет­керлерге төленетін сыйақы (ең­бекақы төлеу) үлесінің көлемі азай­ды. Мәселен, ЖІӨ-дегі жұмыс кү­шінің үлесі (кіріс әдісімен есеп­телген) 2010 жылмен салыстырғанда 2022 жылы біршама төмендеген. Айта­лық бұл көрсеткіш 2010 жылғы 1 тоқ­санда 34,3% болса, 2022 жыл­ғы ұқсас кезеңде 27% -ды құрады. Екіншіден, 2010 жылдан 2021 жыл­­ға дейінгі нақты ақшалай та­быс­­тың өспеуі халықтың әлеу­мет­тік-экономикалық диф­ферен­ция­лануының күшеюіне әсер етті. Ха­лықтың жан басына шаққандағы ор­таша номиналды ақшалай та­бы­сының 3,6 есеге артуы және жан ба­сына шаққандағы ЖІӨ өмір сүру дең­гейі мен сапасының нақты жақ­саруына әкелмеді. Осыған бай­ла­нысты экономикалық теңсіздіктің өсуі­мен бірге ақшалай кірістердегі то­қырау процестері мезгіл-мез­гілі­мен жұмыспен қамтылған ха­лық­тың наразылығын, яғни, еңбек қақ­ты­ғыс­тарын тудырады. Үшінші мәселе, «Стратегия» ӘСЗО жүргізген «Қазақстандағы жұ­мыс істейтін кедейлік» зерт­теуі­нің деректері бойынша жұмыс іс­те­йтін кедейлердің үлесі 27,7 пайыз­дан 34,3 пайызға дейін жет­кен. Жұмыс істейтін кедейлердің бол­жамды саны жалдамалы жұмыс­шы­лар санының 1,86-дан 2,3 мил­лион­ға жуығына дейін құрады. Был­тырғы деректе 6,7 миллион адам­ның жалдамалы жұмысшы еке­ні көрсетілген. Бұл ретте зерт­теу­ге сәйкес, жұмыс істейтін кедей­лер­дің негізгі бөлігінің табысы айы­на 204 мың теңгеден аспайды, ал респонденттердің ең көп бөлігі айы­на 85-тен 143 мың теңгеге дейін та­быс табады. Тиісінше, шамамен 2 млн жұмыс істейтін кедейлер өз ең­бек­тері үшін жеткіліксіз жалақы алуда. Орталықтың бағалауы бойын­ша респонденттердің төмен табысы оларға ешқандай жинақ жасауға жә­не басқа мақсаттарға, білім алуғ­а, денсаулығын күтуге мүмкін­дік бермейді. Зерттеулер көрсет­кен­дей, орташа есеппен рес­пон­дент­тер үй шаруашылығының та­бы­сының жартысына жуығын азық-түлікке жұмсайды. Эконо­ми­калық жетіспеушіліктің көрсеткіші жо­ғары. Сонымен, жұмыс істейтін ке­дейлердің 40 пайызы үшін мау­сымдық киім сатып алу қиынға со­ға­ды, себебі қаражат тек тамаққа же­теді. Үй шаруашылықтарының ақ­шалай шығындары олардың ма­териалдық қауіпсіздігіне тікелей бай­ланысты. Энгель заңына сәй­кес, тұтынушылық мінез-құлық заң­дылығы бар, оған сай кірістердің тө­мен үлесі кезінде тамақтану шы­ғын­дары басымдыққа ие, содан кейін демалыс, жинақ шығындары, білім беру және одан басқа да кіріс­тер өскен сайын төмен сапалы өнім­дерді тұтынуды азайту кезінде жо­ғары сапалы тауарлар мен қыз­мет­терді үнемдеу, тұтыну үлесі ар­та­ды. Сонымен қатар, азаматтардың көп­шілігінің өмір сүру деңгейінің төмендігі басқа да жағымсыз жайт­тарға апармақ. Атап айтқанда, са­тып алу қабілетінің төмендеуімен бай­ланысты аясы тар тұтыну нары­ғы қалыптасады. Бұл жағдайда биз­­­­несте және әртүрлі нысандағы өн­дірістік бірлестіктерде өнімді сату­да проблемалар болмақ. Өнімді өткізудің шектеулі нарығын ескере оты­рып, өндіріс сыртқы нарық­тар­ға назар аударуға мәжбүр. Табыстың тө­мен деңгейі кірістер бойынша тө­лемдердің төмендеуіне, сондай-ақ өндірілетін тауарлар мен қыз­мет­тердің сапасының нашарлауына алып келеді. Білім сапасы мен ха­лық­тың денсаулығы да амалсыздан нашарлай бастайды. Халықтың өсіп келе жатқан ке­­дей­шілігі Үкіметті жаңа әлеумет­тік жеңілдіктер белгілеуге, әлеумет­тік маңызы бар тауарлар мен ком­му­налдық салалардың тарифтеріне бақылауды енгізуге мәжбүр етпек. Егер ел тиісті жалақы алса, мұндай жеңілдіктерге қажеттілік болмасы хақ, себебі орташа жалақы тұрғын үйдің, тамақтанудың және барлық әлеу­меттік тауарлардың құнын қам­тып тұрар еді.

Ғали ДІНМҰХАММЕД, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының департамент директоры