Бүкіл әлем көз тігетін беделді жаһандық сайыс – Токиодағы жазғы Олимпиадаға бес-ақ ай қалды. Алайда қазақстандық спортшылардың басым көпшілігі оған қатысатын-қатыспайтынын білмейді. Мәжілісте «Үкімет сағаты» аясында есеп берген Мәдениет және спорт министрі жоспарланған 100 лицензияның тек 29-ы қоржынға түскенін баяндады. Жазғы ойындар Жапония астанасында биыл 24 шілде және 9 тамыз аралығында ұйымдастырылады деп күтілуде.
«Қазіргі кезде Қазақстан 15 спорт түрі бойынша Олимпиадаға 29 лицензия жеңіп алды. Біздің спортшыларға зор табыс, үлкен жеңістер және Олимпия ойындарының әлемдік аренасында Қазақстан намысын лайықты қорғауын тілейміз. Мемлекет тарапынан ұлттық құраманың спортшыларын сапалы даярлау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалады», – деп сендірді министр.Депутаттар саладағы ахуалға қатысты сын жаудырды. Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның айтуынша, 2014 жылы бекітілген сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес, елімізде әрбір 1 000 адам үшін ең құрығанда 80 шаршы метр спорт алаңы болуы тиіс. Алайда әзірге 1 мың адамға шаққанда 47 шаршы метрден ғана келеді. Яғни, мемлекет өзі бекіткен нормативтен екі есеге төмен. Бұған қоса, ол Мемлекет басшысы кем дегенде 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенін (ДСК) салу туралы тапсырма бергенін еске түсірді. «Өткен жылы Президент Жолдауын орындау аясында Үкімет 13 денешынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызды. Биылғы және келесі жылы 87 кешен бой көтеруге тиіс», – деді вице-спикер. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2019 жылы жоспарланған 13 кешен құрылысы жергілікті бюджет және демеушілер қаражаты арқылы толық аяқталып, пайдалануға берілгенін мәлім етті. – 2020 жылы тізбеге сәйкес 32 ДСК құрылысын салу жоспарлануда, оның ішінде 10 ДСК құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. 2021 жылдың соңына дейін 100 кешеннің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді А.Райымқұлова. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, Қазақстанда мектептердің үштен бірінде тіпті қарапайым спорт залы да жоқ. Мысалы, ауыл-аймақ түгіл, Нұр-Сұлтан қаласының өзінде спорт залы болмағандықтан, денешынықтыру пәнін дәлізде өткізетін білім ордалары бар. «Елімізде денешынықтыру және спорт саласы қалдықты қағидат бойынша ғана қаржыландырылады және қаражаты ЖІӨ-нің 1,4% құрайды. Қаражат жоспарлауда жергілікті әкімдіктер спорттың бір түрін жақсы жарылқаса, басқасын шөміштен қағады. Мәселен, бюджеттің үштен бір бөлігі, ал кей жерде тіпті тең жартысы жалғыз футболға жұмсалады. Сондықтан заң жүзінде спорттың басымдықты түрлеріне қарай қаржыландырудың шектеу-лимитін қарастырған орынды», – деп ұсынды комитет басшысы. Оның мәліметінше, мемлекетімізде 600 мың шаршы метр спорт алаңы жетіспейді. Яғни, саладағы құрылыс осынша ауқымда жүруге тиіс.
– Қазақстанда халықтың тек үштен бірі ғана спортпен айналысады. Ал Еуропа елдерінде, Канада, Австралия, Жапонияда бұл көрсеткіш 60% жетеді. Алматы, Қостанай облыстарында балалар, жасөспірімдер клубтары жабылып қалған. Алматы қаласында да оның бірде-бірі жоқ. Өкінішке қарай, біз саламатты өмір салтын басымдықты бағыттар қатарына шығара алмадық, – деді Гүлшара Наушақызы.Жалпы алғанда, бүгінде елде 30 мыңнан астам спорт нысаны бар. Оның басым көпшілігін стадиондар мен спорт кешендері емес, жаттығу құрылғысымен және доп тебу алаңымен жабдықталған ұсақ аулалар, қаптаған мектеп спортзалдары құрайды. «Мектептердің 37%-ында спорт жабдықтары тапшы. 1970 мектептің спортзалы жоқ. Ауылдағы спорт және денешынықтыру-сауықтыру кешендері ауылдықтардың небәрі 30%-ын ғана қамтиды», – деп мойындады министр. Депутаттар министрлік әзірлеп жатқан бұқаралық спортты дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасында және жаңа кешенді жоспарында салада қордаланған мәселелердің шешімін көрсетуді жүктеді. Елдос СЕНБАЙ