Енді азаптау ісі бойынша сотталғандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату жеңілдігі берілмейді.
Мұндай өзгерістер «Ашық» НҚА порталында жарияланған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында қарастырылған. Ұсынылып отырған өзгерістердің қатарында шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайтын санаттар тізімі толықтырылып отыр. Қазіргі қолданыстағы заңда мұндай талаптар жоқ.
«Қылмыстық кодекстің 73-бабына (Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру немесе тағайындалған жаза мерзімін қысқарту) сәйкес бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы бас бостандығын шектеумен ауыстырылған, бұрын өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеуден шартты түрде босатылғандар, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеу кезеңінде жаңа ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағандар мен азаптау үшін сотталғандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасының күші жүрмейді», – делінген құжатта.