Атырау ауызсусыз қалуы мүмкін
Атырау ауызсусыз қалуы мүмкін
© коллаж: Қуаныш Сапарбаев
1,039
оқылды
Алдағы жылдары Атырау қала­сында және Мақат ауданында ауызсу тапшылығы 40%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл алдын ала бай­балам салу емес. Қазіргі қалыптас­қан ахуалға бай­ланысты ғалым­дардың, мамандардың қағып отыр­ған дабылы. Бүгінде Атырау облысы халқының 70%-ы ауызсуды Жайық өзенінен алып отыр. Бұл – облыс орталығы және жалпы саны 468 мың адам тұратын үш ауданның халқын ауызсумен Жайық қамтып отыр деген сөз. Жергілікті тұрғындардың тағы 24%-ы, яғни үш бірдей аудан Астрахань–Маң­ғышлақ магистральдық су құбыры­нан ауызсу алып отыр. Бұның өзі – ша­ма­мен 162 мың тұрғын. Облыс халқының 6%-ы, яғни 38 мың адам, жерасты көз­дерінен су алады.
«Алайда Атырау қаласы мен Мақат ауданында халықты ауызсумен қамта­масыз ететін су тазарту құрылғылары өткен ғасырдың 30-60-шы жылдары салынғанын ескеру қажет. Олар қазір апатты жағдайда. Қазірдің өзінде ауызсу тапшылығы сезілуде. Алдағы бес жылда оның тапшылығы 40%-ға дейін артуы мүмкін», – дейді мамандар.
Қалыптасқан ахуалға байланысты Атырау облысы әкімдігі екі су тазарту станциясын іске қосуды жоспарлап отыр. Бірақ бұл ауызсу тапшылығы мә­селесін шешуге жеткіліксіз. «Сондықтан облыс басшылығы Астрахань–Маң­ғышлақ су құбырының қуатын қосымша арттыру туралы ықтимал нұсқаларды пысықтауда. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алдына Көкжиде жерасты тұщы су кен орнын игеру бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу мә­селесі қойылып отыр», – деп түсінік берді Атырау облысы әкімінің баспасөз-қызметі біздің сұрауымызға. Әріге бармай, бір ғана Атырау қала­сының мәселесін алатын болсақ, «Мұ­найлы астана», «Батыстың қақпасы» де­ген тіркестер әшейін әдемі сөздердей бо­лып көрінеді. Олай дейтініміз, қала­дағы кәріз жүйелерінің 40 шақырымы апаттық жағдайда тұр. Қазіргі уақытта қалада 295 шақырым кәріз жүйесі, 85 кәріз сору стансасы бар. Сол кәріз жүйелерінің 40 шақырымы апат­тық жағдайда. 1950 жылдары салын­ған кәріз жүйелерінің тозығы жеткен. Күрделі жөндеуді қажет етеді.
«Апаттағы жағдайда тұрған кәріз жүйелерінің 40 шақырымын жөндеу үшін жоба жасадық. Жылдың басында мемлекеттік сараптамадан өткіземіз. Осыдан соң, жөндеу жұмыстарына бір­тіндеп кірісеміз», – деді Атырау қала­сының әкімі Мейірім Қалауи.
Белгілі болғанындай, жобаның құны 9 миллиард теңгеден асады. Шыны керек, ауызсу тапшылығын атыраулық­тар қазірден бастап сезініп жатыр. Атырау қаласы маңындағы «Балауса», «Ер­кінқала», «Ақсай», «Ақжар» ауылда­рының тұрғындары тапшылық әсіресе, жаз мезгілдерінде қатты сезілетінін айтады. «Атыраудың жазы өте ыстық. Күніне бірнеше рет суға түсіп, аялдауға тура келеді. Өзім жеке үйде тұрамын. Жуыну үшін үйдегілер кәдімгідей кезек­ке тұрамыз. Жуынатын бөлмеден де, ас бөлмеден де сыздықтап су ағып бол­майды. Бау-бақша туралы айтудың өзі ұят. Ауладағы шағын бақшаны суару үшін суды жинап қоямыз. Тамшылатып суару әдісін пайдаланғанның өзінде, су жетпей жатады. Жағдай бұлай бола берсе, болашағымызды елестетудің өзі қорқынышты», – дейді Балауса шағын ауданының тұрғыны Талжібек Қажы­ғали­қызы. Гидрогеолог Едіге Сабуровтың айтуынша, ауызсу тапшылығы мәсе­лесінің проблемалары тым әріде жатыр.
«Облыс орталығы үшін ауызсу көзі бір ғана Жайық өзені. Өзен ашық су көзі болғандықтан, мұндай көздер әртүрлі сипаттағы кері әсерлерге ұшырайды. Оның бірнеше факторы бар. Оның үс­тіне, Атырау – өндірістік аймақ. Өзеннің үнемі техногендік әсерге ұшырап отыра­тынын ескеруіміз керек. Бір жылдары «Атырау су арнасы» кәсіпорнының құ­рамында хлор мөлшері жоғары судың төгілу жағдайы болды. Оның үстіне, өзен таяз болады. Сондықтан қала мен об­лысқа балама су көздері қажет. Егер Жайық өзеніндегі су ішуге жарамсыз болып қалса, қала халқы бір сәтте сусыз қалуы мүмкін», – дейді гидрогеолог Едіге Сабуров.
Ғалымдар Атырау ауызсу тапшылығы мәселесін өз деңгейінде шеше алмайты­нын айтады. Мамандар таза ауызсу тап­шылығы проблемасын республикалық деңгейде қарастыруды ұсынуда. Ал, Атырау үшін ең болмаса, Ақтөбе облы­сымен бірлескен жұмыстар қажет. Мәселен, Ақтөбе облысында орна­ласқан Көкжиде жерасты тұщы су кен орнын игеретін болсақ, біраз мәселе шешіледі. Гидрогеолог ғалым Азамат Душекеновтің айтуынша, Көкжиде – құмның астында жасырынып жатқан таза су кен орны. «1983 жылы Мәскеудегі КСРО қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияда Ақтөбе гидрогеологиялық далалық экспедициясы Көкжиде қор­ларын қорғады. Жұмыстардың авторы бас гидрогеолог Виктор Васильевич Недюжин болды. Гидрогеологияда не­гізгі факторлардың бірі – жерүсті сула­рының есебінен жерасты суларының қоректенуі. Мысалы, Ақтөбе облы­сындағы Жем өзені арқылы қанша су келгені және күн сайын қандай толық­тыру жүріп жатқаны ескеріледі. Екінші фактор – жерасты суларын жауын-шашын есебінен (қар мен жаңбыр) қоректендіру. 1983 жылы Жем өзеніндегі барлық осы факторларды зерттеуге экспедиция үлгермеді, өйткені толық зерттеу үшін кем дегенде екі жыл керек еді. Бірақ барлауға бір жыл ғана уақыт берілді. Содан кейін бір жыл ішінде олар тек барлау жүргізіп, қорды қорғай алды. Қазір Көкжидеден Кеңқияқ кен орны үшін белгілі бір мөлшерде су алынады.
КСРО ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Көкжидеде мұнай ком­паниялары – қазақстандық, қытайлық, оңтүстіккореялық компаниялар пайда бола бастады. Кейбір компаниялар мұ­найды тек Көкжиде айналасында ғана емес, сонымен қатар таза су кен орнында да өндіріп жатыр. Бұл қауіпті тенденция», – дейді гидрогеолог ғалым Азамат Душекенов. Яғни алпауыт компаниялардың таза су кен орындарынан мұнай өндіре бас­тауы – ауызсудың стратегиялық қоры­ның сақталуына кері әсерін тигізіп отыр. «Бүгіннен бастап Көкжидеде табиғатты қорғау аймағын құру қажет. Әйтпесе, әрі кетсе 20-30 жылдан кейін біз осы бірегей кен орны Көкжидеден айырыламыз», – дейді ғалымдар.
Шын мәнінде, таза ауызсу тапшы­лығы бір ғана Атыраудың, тіпті, Қазақ­станның ғана мәселесі емес. Ғалым­дардың зерттеулері бүгінгі таңда әлем халқының үштен екісі жылына кемінде 1 ай су тапшылығы жағдайында өмір сүріп жатқанын көрсетіп отыр. Бұл де­геніңіз – 4 миллиард адам. Сондықтан қалай болған күннің өзінде таза ауызсу тапшылығы мәселесін шешуге мемле­кеттік деңгейде кешенді шаралар қабыл­данып және жүзеге асырылуы керек-ақ. Әйтпесе, «Су – тіршілік көзі» деген сөз жәй бір әдемі тіркес емес, өмірлік маңы­зы зор мәселе екендігін қалыптасқан картина көрсетіп отыр.

Атырау облысы