Соңғы жылдары жұрт бұрынғыдай қолма-қол ақша ұстап жүруді ұмытқандай көрінетіні рас. Ел онлайн аударым арқылы төлем жасауға әбден әдеттенді. Осылай ойлағанымызбен, Қазақстанда қолма-қол ақша ұстайтын азаматтар әлі де көп екен. Мұны таяуда Ұлттық банк мәлімдеді. Сонымен, заман ілгері басқан кезеңде қолма-қол ақшаға сұраныс неге азаймай отыр?Сауалнама сыр аңғартты
Қазақстандықтардың басым бөлігі әлі күнге дейін қолма-қол ақшамен есеп айырысады. Қазір әлем бойынша онлайн төлемдер қарқын алса да, қағаз ақшамен есеп айырысу негізгі төлем түрі болып қалуда. Ұлттық банктің «Қолма-қол ақшаны пайдаланудың ортамерзімді перспективалары» тақырыбында жүргізген әлеуметтік зерттеуінің нәтижесі осындай. Бас банк Қазақстандағы экономика субъектілерінің төлем қалауы туралы зерттеуді алғаш рет жүргізген. Бұл зерттеудің негізгі мақсат – қолма-қол ақша айналымының даму тенденцияларын, қолма-қол ақшаға сұранысты қалыптастыратын факторларды анықтау, сондай-ақ экономика субъектілерінің қолма-қол ақша мен олардың номиналды құрылымын пайдалануын зерттеу болған.
Жалпы, сауалнамаға 9 628 респондент қатысқан, оның ішінде: 6 095 – жеке тұлға, 3 533 – кәсіпкерлік субъекті. Зерттеу Қазақстанның 17 облысын және республикалық маңызы бар 3 қаланы қамтыпты. Зерттеу нәтижесінде мынандай тұжырымдар келтірілген: сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы – күнделікті есеп айырысуда әлі де қолма-қол ақша пайдаланады; 30-40 пайызы – бизнес субъектілерінің айналымындағы қолма-қол ақшаның орташа үлесі; 35 пайызы – пікіртерімге қатысқандардың шығысы қолма-қол ақшаға тиесілі. Зерттеу нәтижесін назарға ала отырып, Ұлттық банктің бұдан арғы іс-шаралары ҚАА инфрақұрылымын нығайтуға және өзекті мәселелерді шешуге бағытталмақ. Атап айтқанда, ел өңірлерін банкноталардың шағын номиналдарымен және монеталармен толықтыру; банкноталардың жай-күйін, әсіресе адам мен кассалық жабдыққа жарамды шағын номиналдарды сақтау; банкноталардың түпнұсқалығын оңай және тез анықтауға мүмкіндік беретін банкноталардың негізгі қорғаныш элементтері туралы және Ұлттық банктің коллекциялық/инвестициялық монеталарын сатып алу мүмкіндігі туралы халықтың кең ауқымын хабардар ету қолға алынбақ.
Енді біз бас банктің құзырына тиесілі іс-шараларды тізбектеп жатпаймыз. Мұндағы бір мәселе – неге халықтың көп бөлігі онлайн аударымдар дамыған кезеңде қолма-қол ақшаны қажет етіп жүр?
Қоғамдағы процестер қарқыны
Бұған дейін елімізде қолма-қол ақшамен жасалатын сауданың қарқыны бәсеңдеп, онлайн төлемдердің қарқын алғаны жайлы жиі хабарланатын. Мәселен, LS дерегінше, 2019 жылы Қазақстанда онлайн төлемдер 14 есе өскен. Осылайша, 5 жылдың (2014-2015) ішінде қолма-қол ақшасыз-ақ 1,1 трлн теңгеге сауда жасалған көрінеді. Ал Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2019 жылдың тамызында бұл көрсеткіш 1,2 трлн теңгені құраған. Салыстыру үшін айтсақ, 2014 жылдың тамызында бұл көрсеткіш 83 млрд теңге болыпты. Карточкаларды қолдану арқылы жасалған транзакциялар көлемі де артып, 2014 жылғы 670,2 млрд теңгеден 2019 жылы 2,7 трлн теңгеге дейін өскен. Бұдан кейін қаржы сарапшыларының көбі елімізде онлайн төлемдер үздіксіз қарқын алып, қолма-қол ақшамен жасалатын сауданың деңгейі біз ойламағаннан бетер төмендейтінін болжаған. Банктердің көбі мобильді қосымшаларын жетілдіріп, онлайн аударымдарды тіптен жылдамдатты. Дегенмен соңғы сауалнама қолма-қол ақшаның «дәурені» әлі өте қоймағанын айғақтап тұр. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, елдің қолма-қол ақшаға жүгінуіне итермелейтін бірнеше фактор бар.
– Біріншіден, қазір қолма-қол ақша базар саудасында қатты сұранысқа ие. Екіншіден, қоғамда «рақмет айту», конвертке ақша салып беру секілді процестер әлі де толастамады. Үшіншіден, елдің барлық жерінде интернет жоқ. Жолға шыққанда немесе ауылға барған кезде қолма-қол ақша ұстап жүруге мәжбүр боламыз. Осындай факторларды ескеріп, қолма-қол ақшаның әлі актуалды екенін көреміз. Психологияның нұсқауларын алға тартатындар да бар. «Қолға ұстап жүргеннің өз ерекшелігі, ақшаның өз иесі болады» дейтіндер де кездеседі. Менің көзқарасымда осыған сеніп, қолына ақша ұстайтындар көп емес. Ал әлемде қолма-қол ақшаның көп пайдаланылуына біздегідей онлайн аударымдардың қатты дамымауы себеп, – дейді маман.
Айтпақшы, былтыр Ұлттық банк цифрлы теңгені енгізетінін хабарлаған болатын. Әуелде жұртшылық бұл хабарға елеңдей қоймағанымен, ұтымды тұстары көп-ақ. Дәл біз қозғап отырған қолма-қол ақша мәселесінде цифрлы теңгенің рөлі ерекше. Өйткені қалтадағы бағалы қағазды осы цифрлы теңге ұмыттыруы мүмкін.
– Биылдан бастап Ұлттық банк цифрлы теңгені шығарып жатыр. Яғни, қолма-қол ақша мен банк картасындағы қаржыдан бөлек, электронды әмиян пайда болады. Әр теңгенің токен нөмірі болмақ. «Біреу ұрлап немесе жұмсап қойса цифрлы іздері тез әшкереленеді, қауіпсіздігі жоғары» деп айтылуда. Тағы бір артықшылығы – интернет бар-жоғы маңызды емес, электронды әмияннан ақша аударып, төлем жасауға толық мүмкіндік болады. Егер осы жоспар жүзеге асса, қолма-қол ақшаның айналымы азаятын сияқты, – деді Мақсат Халық.
Қорыта айтқанда, онлайн төлемдер қаншалықты дамығанымен, елде ішінара қолма-қол ақша маңызын жоймайтынын анық аңғардық. Мұны жақсы не жаман үрдіске балаудың қажеті жоқ. АҚШ-тың өзінде халық түгелдей онлайн төлемге көшпеген. Ал таяуда енгізіледі деп күтілген цифрлы теңгенің әкелетін жаңалығы көп болатындай. Не десек те, азаматтардың арасында қағаз ақшаны қолға ұстауды «сән» немесе эстетикалық ерекшелік санайтындар жетерлік тәрізді.