Еліміздегі мемлекеттік мәртебесі бар жоғары оқу орындарының академиялық еркіндік алып, акционерлік қоғамға айналғанына біраз болды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме тудырды. Мемлекеттік жоғары оқу орындары кейінірек жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Айталық, қазір еліміздегі университеттердің 72 пайызы – жекеменшік. Жалпы, жекеменшік білім ордаларының көбеюі білім сапасына қалай әсер етеді? Академиялық еркіндік бейберекетсіздікке ұласпай ма?Сапа меншікке байланысты емес
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда биылғы оқу жылында жұмыс істеп тұрған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мекемесінің саны – 116. Оның ішінде 105 ұйым магистранттарды, 73 ұйым докторанттарды және 18 ұйым-резидентура тыңдаушыларын даярлайды. Жоғары білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын ұйымдардың 72,4 пайызы – жекеменшікте, 25,9 пайызы – мемлекеттік, 1,7 пайызы – шетелдік меншікте. Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың айтуынша, нарықтық экономикада жоғары оқу орындарының жекеменшік болуы – қалыпты жағдай. Дамыған елдерде, Еуропа мен Америкада да бұл үрдіс бар.
– Жекеменшік оқу орнында оқу-оқымау – талапкердің өз таңдауына байланысты. Ешкім күштеп оқы деп жатқан жоқ. Қолынан келетіндер оқу орындарын ашып, заң бойынша жұмыс атқаруда. Ал сапасыз, талапқа сай емес университеттерді министрлік жапты. Көп елде жекеменшік университеттердің білім деңгейі жоғары. Мысалы, әлемдік деңгейде көш бастап тұрған Harvard University, Oxford университеттері жекеменшік. Сондықтан мемлекеттік университеттердің де, жекеменшік университеттердің де арасында мықтылары да, сапасыздары да бар. Сапа меншікке байланысты емес. Оны басқаратын ректоратқа, ғылыми кеңеске байланысты, – дейді Рахман Алшанов.
Мемлекеттік бюджет шектеулі болған жағдайда жоғары білімді жекеменшік ресурстар тарапынан қаржыландыру бұл салаға аса қажетті инвестициялардың құйылуын, сондай-ақ ЖОО арасында нарықтық бәсекелестіктің пайда болуына мүмкіндік береді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ағылш. OECD) мамандарының ұсынысы бойынша мемлекет тарапынан білім саласына бөлінетін қаржы мөлшері ЖІӨ-нің 5-6 пайызын құрауы қажет. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2019 жылы – 3,4 пайыз, ал 2020 жылы 4,4 пайызға жеткен. Соңғы жылдары білім саласына бөлінетін мемлекеттік қаржыландырудың айтарлықтай өсіп жатқанына қарамастан, дамыған елдермен салыстырғанда қаржыландыру жеткіліксіз. Бұл ретте білім саласына, соның ішінде жоғары білім саласына жекеменшік инвестицияның құйылуы саланың дамуына оң үрдісін берері анық.
– Қазір Қазақстан университеттерінің рейтингіне назар аударсақ, жоғары орындарда жекеменшік ЖОО (КИМЭП, КБТУ, AlmaU, КазГЮУ т.б) орналасқан. Бұл жеке және мемлекеттік университеттер білім сапасында айырмашылықтар бар екенін көрсетеді. Әрине, мемлекеттік университеттер қатарында да мықты ірі зерттеу университеттері бар. Бірақ жекеменшік университеттердің қазіргі заманға сай университет кампустары, инновациялық білім бағдарламалары, оқытудың озық технологиялары, зертханалары және түлектерге деген жұмыс берушілер тарапынан жоғары сұраныстың болуы жекеменшік университеттердің беделін арттыра түседі. Айтылғандардың барлығы қаржыға келіп тірелетіні анық, – дейді Aлматы менеджмент университетінің академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арын.
Оның пікірінше, жекеменшік университеттерде студенттің көбі өз қаражаты есебінен оқиды. Егер мемлекеттік грант есебінен оқитын әрбір студентке мемлекет жылына орташа есеппен 750 мың -1 миллион 100 мың теңге төлейді деп ескерсек, ал жекеменшік университтерде оқу ақысы мемлекеттік грант мөлшерінен 2 есе артық. Осылайша, жекеменшік университеттердің өз дамуына көбірек инвестиция жұмсауға, озық технологияларды сатып алуға, білікті оқытушыларды тартуға, студенттерге артығырақ жағдай жасауға мүмкіндіктері бар. Бұған қоса, жекеменшік университеттер корпоративті басқару жүйесін пайдалануы арқылы мықты менеджменті арқасында инвестицияларды тиімді жұмсап, қызметін тиімді атқаратыны анық.
Иә, жекеменшік жоғары оқу орындарының арасында сапаға жұмыс істеп, үздік нәтижелерге жетіп жатқаны да, министрліктің үдесінен шыға алмай лицензияларынан айырылғандары да бар. Соңғы он жылда білімнен пайда іздеген кәсіпкерлер ғимаратты жалға алып, диплом таратумен айналысып кеткен еді. Осыған орай, 2020 жылдан бері 16 жоғары оқу орны жабылды. Биыл тағы да 15 университеттің жұмысы тексеріледі. Осылайша, сапасыз білім берген жоғары оқу орындарына қатаң реттеу принциптері қолданылады. Дегенмен білім сарапшысы Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, жоғары оқу орындарын жеке немесе мемлекеттік деп бөлуге болмайды. Мемлекеттік университеттердің ішінде де, жекеменшік университеттерде де сапасыздары мен мықтылары бар.
– Негізгі сапаны университеттердің менеджменті шешеді. Сондықтан меншіктің қалай болғанынан қорқудың қажеті жоқ. Менеджменттің және мемлекеттік бақылаудың қандай болғанына қарау керек. Мемлекеттік талап дұрыс, жүйелі қойылса, шешімдер уақытылы қабылданса, университтеттер не сапасын арттырады, не жабылады,– дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Реформа – ректорға тұсау
Кезінде мемлекеттік мәртебесі бар жоғары оқу орындары академиялық еркіндік алып, акционерлік қоғамға айналғанына біраз адам қарсы болды. Дегенмен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары сатылмайтыны жөнінде мәлімдеді.
– Енді университетті директорлар кеңесі басқарады. Оларға қоятын талапты күшейтуіміз қажет. Себебі директорлар кеңесінің мүшелері есеп беріп жүре береді. Ал іс жүзінде оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстар сол баяғыдай қала береді. Осыған байланысты кеңес мүшелерін арнайы оқытып, емтихан алуымыз керек. Ректорлар қолымызда билік қалмады, проректорларды да сайлай алмаймыз деп шағымданады. Бірақ университеттегі қаржы – мемлекеттің ақшасы. Оны білікті директорлар кеңесі ғана игеруі керек. Бұл реформа ойына келгенін істейтін бұрынғы ректорларды азайтты, – дейді Рахман Алшанов.
Ал Әсел Арынның айтуынша, академиялық еркіндіктің артуы еліміздегі ЖОО-ға әлемдік деңгейде бәсекеге түсуге мүмкіндік береді. Көптеген жекеменшік ЖОО-ның сапалы білім беруі осы академиялық еркіндіктің арқасында мүмкін болып отыр. Академиялық еркіндік ЖОО-ға айрықша инновациялық бағдарламаларын әзірлеуге, халықаралық ынтымақтастықтарын дамытуға, оқытуда озық технологияларды пайдалануға мүмкіндік береді.
– Мемлекеттік ЖОО-ның АҚ-ға айналуы – жағымды үрдіс. Осылайша, ЖОО-да корпоративтік басқару механизмдері енгізіліп, ЖОО-да Қамқоршылар кеңесі (Директорлар кеңесі) құрылуда. Бұл мемлекеттік университеттерде тиімді менеджмент құралдарын енгізуге мүмкіндік береді. Мысалы, AlmaU-да Қамқоршылар кеңесі ең жоғары шешім қабылдайтын тәуелсіз орган болып отыр. Аталған орган университеттің даму стратегиясынан бастап жылдық бюджетін бекітуге дейінгі өзекті сұрақтарды қарастырады. Бұл университетке нарықтағы беделді сарапшылардың университет өміріндегі маңызды сұрақтарына қатысты ашық, тәуелсіз, тиімді, озық шешімдер қабылдауға септігін тигізеді,– дейді Әсел Арын.
Академиялық еркіндік ЖОО-ға оқу сапасын арттыруға және оқу бағдарламаларын халықаралық стандарттарға, жұмыс берушілердің, кәсіби қауымдастықтардың сұранысына сәйкес әзірлеуге септігін тигізеді. Дегенмен грантты мемлекет бөлгенімен, оқу ақысын университеттер бекітеді. Яғни, оқу орнының базасын жаңарту, жатақхана салу, оқу ақысы туралы бюджеттің бәрін директорлар кеңесі шешеді. Соған байланысты қазір университеттер арасында теңсіздік байқалуда. Кейбір университеттер магистранттарды шетелдік тәжірибеге жібере алмай отырса, кейбірі жатақхана мәселесіне бейжай қарайды.
– Жатақхана салу – ол бөлек мәселе. Ол қомақты қаржыландыруды талап етеді. ЖОО-ның өз есебінен жатақхана салуға мүмкіндігі аз. Бұл ретте мемлекеттің қолдауы қажет. Қазір қаржы орталығы арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде қаржыландыру механизмі бар. Бірақ бұл бағдарлама инвесторлардың қызығушылығын тудырмайтындықтан, жұмыс істемей жатыр, – дейді Ә.Арын.
Ал Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, академиялық еркіндіктен кейінгі сапаның қалай болуы университеттегі кадрлардың сапасына байланысты. Сондықтан еркіндік дұрыс. Бірақ мемлекет уақытылы қадағалап отыруы керек. Академиялық еркіндік бейберекетсіздікке әкелмеуі тиіс. Университеттердегі бюджеттердің дұрыс игерілмеуі мемлекеттік талаптың дұрыс қойылмауына байланысты. Екіншіден, жоғары оқу орындары арасында бәсекелестік жоқ.
– Шыны керек, университеттерді мемлекет асырап отыр. Олар жылына 70 мың грант бөлінген кезде бәсекелестікті ойламайды. Қазір студенттердің шәкіртақысын екі есе көтереміз деп жатыр. Алайда педагогикалық құрамның жалақысы ше? Қазір докторанттан аз алатын педагогикалық оқу орындарының мамандары бар. Студенттің шәкіртақысын көтергенмен, ол жатақханада жатып оқи алмаса, мәселе шешілмейді. Шәкіртақысының барлығын пәтер жалдауға жұмсайды. Одан да шәкіртақы көтеретін қаражатқа университеттің материалдық базасын, жатақхана мәселесін шешу керек. Студент 100 мың теңге стипендия алсын, бірақ үйренетін лаборатория болмаса, білім сапасы артпайды. Сондықтан бірінші кезекте шешілуі керек шаруа мен оныншы кезекте шешілуі қажет шаруаны шатыстырмауымыз керек, – дейді білім сарапшысы.
Иә, таяқтың екі ұшы бар. Академиялық еркіндік алып, акционерлік қоғамға айналған жоғары оқу орындары мен жекеменшік университеттердің жүйелі жұмыс істеуі үшін ең бірінші мемлекеттік бақылауды күшейту керек. Сонымен қатар студенттің қажеттілігі мен оқу ордасының базасы да білім сапасына тікелей әсер етеді.