«Балаларының барын ұмытып, жағдайын ойламаған ата-ананы көрген сайын «Мына ересектерге не болған?» деген ойға қаламын. Өткен жылды Балалар жылы деп атады. Мүмкін жылдың көрсеткіші жақсы болар... Бірақ одан зардап шеккен балалардың саны азайғаны байқалмады. Керісінше, олардың бізге келуі толастар емес», – деп жазды Facebook парақшасында «Право» қоғамдық қордың жетекшісі Ольга Рыль.
Оның айтуынша, жақында ғана ерлі-зайыпты кездесіп, баланың кімнің қолында қалатынын шешуі керек еді. Алайда олар жанында баланың барын ұмытып, оны әрлі-берлі жұлқып, әрқайсысы өзіне тартқан. Сөйтіп, ерегес ұрыс-керіске ұласқан. Одан қалса, ерлі-зайыптының дауына екі жақтың ағайын-туысы қосылып, бұл іске араласқан. Әу баста, екеуіне де баланың көзінше ұстамды болып, ұрыс-керіссіз келісімге келу керегі ескертілген. Оған құлақ аспағандықтан, қордың қызметкерлері полиция шақыртып, дауды әрең басқан. Енді бұл мәселе мәселе сот арқылы шешілмек.
– Осының бәрін көріп, даудың себепкеріне айналғанын түсінген балаға екі есе ауыр ғой. Бұл кешке болған жағдай еді. Келесі күні таңертең бір әйел «олардың маған керегі жоқ» деп төрт баланы тастап кетті. Оның біреуі – мүмкіндігі шектеулі жан. Ал кенжесі бар-жоғы – 2 жаста. Әкелері болса, ішіп кеткен. Мұндай жағдай бірінші рет емес. Кеше ғана мүгедек келіншек 3 жасар баласымен түсті. Айтуынша, баласы таяқ жеуден көз ашпайды. Бұған дәлел де бар. Бірақ жағдайдың сорақысы бұл емес.
14 жастағы жасөспірім шешесінің өліміне куәгер болған. Оның көзінше шешесін ішімдікті бірге ішіп жүрген досы өлтірген. Ол кезде күйеуі ауруханада емделіп жатқан. Жалпы, ішімдікке салынған отбасы ретінде полицияның есебінде тұрған екен. Мұны жасөспіріммен сөйлескен орталықтың психологі айтты, – дейді Ольга Рыль.