Қарағандыда көпқабатты тұрғын үйде жарылыстан үш адам қаза тапты. Олардың екеуі ер адам, біреуі әйел екені белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, кезекшілік бөліміне 10 қаңтар күні сағат 21:29-да Республика даңғылы, 18/2 мекенжайында өрт болып жатқаны туралы хабар түскен.
16 қабатты, 127-пәтерлі тұрғын үйдің 8-қабатында жарылыс болып, өрт шыққан. Оқиға орнын тексеру барысында үш адамның денесі табылған (болжам бойынша екі ер адам мен әйел). ТЖД күштерінің көмегімен 11 адам құтқарылды (оның ішінде 2 бала).
Оқиға орнына ТЖД 88 қызметкері және бөлімшелердің 23 техникасы жұмылдырылды.
Тұрғындарды жылыту үшін ТЖД 3 вахталық көлігі тартылды.
Сағат 22:55-де өрт оқшауланды. Облыс әкімдігі эвакуацияланған адамдарды қонақүйлерге жеткізіп жатыр.
Жарылыс болған 16 қабатты үй толығымен электр қуатынан ажыратылды.
«Эвакуация толығымен жүргізілді. Барлық 126 пәтердің тұрғындары эвакуацияланады. Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы, сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Көпқабатты үй толығымен электр қуатынан ажыратылды. Бірақ үйде жылу бар. Сараптама жұмысын аяқтағаннан кейін, біз адамдардың үйлеріне оралуы мәселесін ойластырамыз. Пәтерлерге оралғысы келетіндер қайтып оралады. Қазіргі уақытта 7 пәтердің тұрғындары университеттің жатақханасына орналастырылды. Адамдардың бір бөлігі жылыту пунктінде – автобустар мен кезекші вахта көлігіне орналасты. Сондай-ақ, автобустарда ыстық тамақ ұйымдастырылды», – деді Қарағанды қаласы әкімінің міндетін атқарушы Мейрам Кожухов.
https://youtu.be/ttJIiLNf5-c
Мейрам Кожуховтың айтуынша, жарылыс болған пәтерден төменгі пәтерлер өрттен емес, судан бүлінген. Сараптама аяқталғаннан кейін билік бұл пәтерлерді қалпына келтіру мәселесін шешеді.
Видео: Айсұлтан Жақыповтың Facebook-тағы парақшасынан алынды.