«Өйткені Салық кодексінің арнайы 582-бабында ауланатын аң түрінің өзіндік бағасы көрсетіледі. Кез келген жануар дүниесін пайдаланғаны үшін төлем ставкасы бекітіледі. Яғни, қасқыр атып алатын адам алдымен бюджетке ақша төлейді. Сондықтан Салық кодексі өзгертіліп, төлем жарнасы есептеліп, ол тізбеге қосылуы тиіс. Сонымен қатар түз тағысына келтірілген залал үшін қандай да бір айыппұл немесе басқа санкция қолданылады. Бұл – келтірілген зиянның орнын толтыру мөлшерін бекіту ережесі. Яғни, браконьер заңсыз қасқыр ауласа, келтірілген шығынды өтеуге міндетті. Осы қаулы әзірге дайын емес. Жануарлар әлемі – мемлекеттің ресурсы. Аңшылық түрінің бағасы белгіленгендіктен, осы шығын да мемлекетке өтелуі тиіс», – дейді Бақытбек Задаұлы.Маманның пікірінше, комитет жыл бойы аталмыш құжаттарды әзірлеп, оны заңнамалық актілерге енгізіп, бекіткен соң ғана қасқырды аулау басталады. Сонымен қатар барлық облыста міндетті түрде лимит белгіленеді. Қасқырдың санына қарай оны аулау нормасы анықталып, соның негізінде қанша жыртқыш ауланатыны белгіленеді. Бұл шаруа бір жыл ішінде бітпейді деп санайды аңшылар қауымдастығының бас маманы. Түз тағысы қазір екі тізбеде қатар тұр Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары Сергей Скляренконың айтуынша, қазір қасқыр екі тізбеде қатар тұр. Біреуі – ауланатын аң санаты болса, екіншісі – соңғы жылдарда қолданыстағы саны реттеуге жататын жануарлар түрінің тізімі. Ол қасқырды жануарлардың құнды түрлерінің тізбесіне енгізудің пайдалы тұстары бар екенін алға тартады.
«Қасқырдың санын реттеуде негізгі жұмыс облыстарда істеледі. Ал қасқыр аңшылық шаруашылықтары назарынан тыс қалып қояды. Өйткені кез келген адам қасқыр санын реттеуге қатысты рұқсатты ала алады. Олар, тіпті аңшы болмауы да мүмкін. Рұқсаты қалтасында болған адамның аңшылық жүргізілетін аумақта қарумен жүруіне шектеу жоқ. Соның сылтауымен кейбіреулер ұдайы қару алып жүретін болған. Оның қандай аң атып жүргеніне бақылау жүргізіле бермейді. Қызылорда, Түркістан облыстарында осындай мәселе бар. Квота белгіленіп, таратылса да, осы өңірлерде қасқыр санын азайтуды ешкім жүргізбеген», – дейді Сергей Скляренко.ҚБСҚ атқарушы директорының орынбасарының айтуынша, қасқыр өте құнды ресурс, оны аулауға қызығушылық өте жоғары. Яғни, аңшылық шаруашылықтары одан көп табыс түсіргісі келеді.
«Бұл шешім – қасқыр ату мәселесін белгілі бір деңгейде тәртіпке келтіреді. Өйткені аңшылық шаруашылығында нақты заңды әсер ететін тетік пайда болды. Қасқыр ауланатын аң санатына өткен сәттен бастап жыртқыш ол аумағында тіршілік ететін аңшылық шаруашылығының басқаруына өтеді. Сырттан бөгде біреулер келіп бақылаусыз атып ала алмайды. Аңшылық шаруашылығы өз аумағындағы қасқыр санын анықтауда және есепке алуда белсенді болады. Соның есебі негізінде облыстарда қасқыр аулауға лимит белгіленіп, аңшылық шаруашылықтар арасында квота бөлініп беріледі. Бұрын ондай болмаған. Біз қасқыр санына қатысты барынша нақты мәліметтер алынады деген үміттеміз», – дейді Сергей Скляренко.Ол көтерген түйткілді мәселенің бірі – қасқырдың ауыл шаруашылығына келтіретін залалын нақты есептеу жоқ. Өйткені қасқыр санын шектеу де осы тұстан басталады. Алайда жыртқыштың малға шапқаны жөнінде толық статистика жоқ. Қоғамда тек жекелеген оқиғалар көп айтылады. Алайда табиғат қорғаушылары малға шапқандар тағыланып кеткен ит екенін дәлелдеген. Нақтырақ мәлімет аңның осы түрін дәлдікпен басқаруға мүмкіндік береді. Өйткені қасқырдың табиғатта шектен тыс көбейіп кетуі қауіпті. Азық таба алмаған жыртқыш алдымен жеңіл қорек – үй жануарларына ауыз салады, тіпті адамға шабуы мүмкін. Сондықтан мемлекет оның санын реттеп отыруға мүдделі. Азайып кетуінің де, көбейіп кетуінің де салдары бар. Орта тұсты дәл ұстау үшін қасқыр популяциясы барынша нақты есептелуі тиіс. Сөз соңында, түз тағысын санын көбейтіп, мақсатсыз атуды шектеу үшін қолға алынған шара тиімсіз болып шыққанын білдік. Санын шектеу үшін атуға берілген рұқсатты таза ниетті емес «аңшылар» басқа мақсатта пайдаланып кеткен. Яғни, ауланатын санатқа өткізу – жыртқыш санын көбейтуге қатысы жоқ. Керісінше, қасқыр тіршілік ететін аңшылық шаруашылық субъектілері оның нақты санын есептеуге қызықтыру, санын реттеуге атсалыстыру үшін қолға алынған.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ