Әлеуметтік такси аясындағы дау
Әлеуметтік такси аясындағы дау
830
оқылды
Шымкентте жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінен бастап-ақ әлеуметтік салада бір түсініксіз жайт қалыптасты. Ерекше күтімді қажет ететін балалар және ересектерге арналған әлеуметтік такси қызметі тоқтаған. Мұндай тосын хабарды естіген ата-аналар өз шағымын айтып, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жиналды. Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-ана­лары бұл жағдайдан хабарсыз екенін, балаларын дәрігерге апара алмай отырғанын айтып, билік өкілдерінің жауап беруін сұрады. Гүлбақыт Мәденова есімді ана баласын тиісті жерге жеткізе алмай қалғанын, кейбір ата-аналардың мүгедектігі бар 2-3 баласы бар екенін айтты. Ал жауапты мамандар осы топтағы балалардың ата-аналары тарапынан жүргізушілер арасында кездесетін кейбір қолайсыздықтар туралы, көліктердің істен шығып қала беретіні, кейбір қоңыраулардың кешігетіні бойынша мәселелер туындаған соң әлеуметтік таксидің орнын жәр­демақы есебінде қолма-қол қаражатты есеп­шотына аудару тиімді деп тауып, шешім қабыл­данғанын айтады.
Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының Мүгедектігі бар азаматтар және ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Майра Кәрібаева әлеу­меттік желілерде тарап жатқан «Инватакси» қызметінің тоқтауы туралы ақпараттар шындық­қа жанаспайтынын айтады. «2023 жылға дейін қа­ла­мызда мүгедектігі бар адамдар мен балалар­ды тасымалдау үшін «Инватакси» және «Әлеу­мет­тік такси» қызметтері жұмыс істеп келді. Мұн­дай қызмет түрі ең алдымен, жеке көмек­шінің әлеуметтік қызметтерін көрсетуге меди­цина­лық көрсетілімдер, бөлмеде жүріп-тұруға және серуендеуге арналған кресло-арбамен қамтамасыз ететін медициналық көрсетілімдер бар, мүгедектігі бар адамдар мен балаларға көрсетіледі. Өткен жылы бұл қызмет үшін 585 адамнан өтінім қабылданып, тасымалдау қыз­метін атқару үшін 28 автокөлік қарастырылған болатын», – дейді Майра Қасымқызы. Ал әлеуметтік такси қызметі жергілікті ат­қарушы органның шешіміне сәйкес «Инватакси» қызметін алуға медициналық көрсетілімі жоқ, бірақ тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдарға ұсынылып келген. Биылдан бастап бұл қызмет түрін монетизациялау сес­сияда мәслихат депутаттары тарапынан қол­дау тапқан. Демек, биылдан бастап әлеуметтік таксидің орнына тірек-қимыл аппараты бұзыл­ған мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға жүріп-тұруы үшін 5 АЕК мөл­шерінде әлеуметтік көмек төленетін болады. Ал аталған мәслихат шешімі қазір әділет орган­дарында тіркеуге жолданыпты. «Қазір шешімнің тіркеліп, ресми жариялануы күтілуде», – дейді бөлім бас­шысы.
Яғни, «Инватакси» тасымалдау қызметі жұмысын жалғастыра береді. Ал әлеуметтік такси қызметі – 5 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек төлеміне алмастырылып отыр. Бұл қыз­метке жүгінушілер тиісті құжаттарды жауапты мекемеге өткізеді. Шымкентте өткен жылы әлеуметтік такси қызметін 700-ге жуық адам пайдаланған. Олар үшін 58 көлік құралы тасымалға қойылып, тегін қызмет көрсеткен. Бұл жұмыстарға бюджеттен 130 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Шымкент қаласы