Хакім Абай және қазіргі заман
Хакім Абай және қазіргі заман
864
оқылды
Хакім Абай туралы осы жылдың 9 қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген мақала жазғаны жұртшылыққа мәлім және басылым беттерінде қызу талқылануда.    width= Ғарифолла ЕСІМ, академик, жазушы Мемлекет басшысы былай де­­ді: «Мен бұл мақалада Абай сөзі­нің бүгінгі заманымыз үшін көкей­кестілігі, ақын шығар­ма­ла­рынан халқымыз қандай тағы­лым алуға тиіс екені жөнінде жұрт­шы­лықпен ой бөліскім келе­ді». Ол қандай көкейкесті мәселелер?! Бірінші мәселе. «Жаңғыру өт­кен­нен қол үзіп, тек жаңа құн­ды­­лықтарға жол ашу деген емес». Бұл – сабақтастық мәселесі. Өткен мен жаңаның арасы ешқашан үзіл­­меуі керек. Өткенсіз жаңа за­ман­ның құндылықтарын анықтай ал­маймыз. Жаңа заман өткеннің жал­ғасы, бірақ біздің қоғамдық, әлеу­меттік, саяси және рухани өмі­рімізде өткен мен жаңаның ара­сында үзіліс болды. Сондықтан бүгінде жаңғыру мәселесін күн тәр­тібіне қоюдамыз. Осы істе ха­кім Абай мұрасын айналып өту мүмкін емес. Кешегі күні ақын, ойшыл не айтты, оның бү­­­­­гін­гі ХХІ ғасырдағы салмағы қан­­­­дай? Замандар ауысқанымен, өз­­­­гермейтін құндылық бар, ол – адам, оның қабілеті мен қа­сие­­­ті. Мәселе адамның қабі­ле­­тіне және қасиетіне өріс бе­ріп, олар­ға жол ашу. Ол үшін өне­ге­лі сөз­дерді Абайдың өзінен таба­мыз. Ол «Ғылым таппай мақ­­тан­ба» дейді. Керемет ой. Ғы­лы­­­мы бар ел мықты. Ол елдің бо­­­ла­шаққа деген нық сенімі бо­ла­­ды. Ғылымсыз бос мақтану өнер ме?! Тәуелсіздік жылдары қа­зақ ғылымы өркендей алмады, оның себептерін көбіміз білеміз, бі­рақ сол білген себептерді ашық айтып, мәселе етіп қоя алмадық. Жас­қаншақтық, жағымпаздық қы­лықтарымыздың арқасында ғы­лымдағы жетістіктерімізден мүл­дем ажырап қалу қаупі ор­ны­ғуда. Білім мен ғылымы әл­сі­ре­ген қоғамның қуаты да әлсіз. Сон­дықтан рухани жаңғыру – аса қажетті іс. Тәуелсіздік – рух ер­­кіндігі. Сол еркіндікке өткен жыл­дары ерік бере алмағанымыз бү­гін­де анықталуда. Абай пай­да ойлама, ар ойла десе де, біз пайда ойлап кеттік. Мемлекет бас­­шысы ендігі жерде тек пайда емес, арды ойлауға шақыруда. Пре­зи­дент мақаласында бұл тұжырым «Бұр­ынғыдан қазір зор маңызға ие болып отыр». Келісу керек және бұл Абай сабағы деген тұжырымға келгеніміз жөн. Екінші мәселе. Президент қа­зір «Қазақстанда саяси жаңғыру үр­дісі жүріп жатыр» деген. Саяси үр­діс ешқашан тоқталмайды. Се­бе­бі Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйы­­­мының мүшесі, халықаралық көптеген ұйымдарға тікелей қа­­­­тыс­­ты. Сондықтан әлемдегі сая­си үрдіс бізді айналып өтпейді. Әри­не, бұл мәселеде популизмге са­­лыну да қауіпті. Еліміздегі бай мен кедейдің, бі­лімді мен білімсіздің, қала мен ауылдың арасы қандай деген ауыр сауалдар барын жасыра алмаймыз. Бұл әлемде бар құбылыстар, алай­да әрбір мемлекет өзінің қау­қа­­ры­на байланысты олардың ше­ші­мін іздеуде. Бай мен кедейдің арасы тым ал­шақтап кетті. Бұл жақсылықтың ны­шаны емес. Жуық арада бұл жағ­дай реттелмесе қауіпті. Кедей­лен­ген елде, тарихтан белгілі, не­ше түрлі мінез-құлықты топтар саңы­рауқұлақтай өсіп шыға келеді. Дер кезінде ондай көріністі саяси және қоғамдық тұрғыда реттеп ала алмасақ, олардың зардабы аса ауыр болмақ. Президент қала мен ауылдың ара­сы туралы да мәселе көтерген. Бұл сонау социализм заманынан ше­шімін таппай келе жатқан жағ­­д­ай. Қазіргі урбанизациялық үрдіс біркелкі емес. Мегаполис деп аталған қалалардың өзінше өмір сүру тәртібі де шешілмеген мә­се­ле. Ауылдық тұрмыс қала­лық жағ­дайға жақындау мәселе­сін ше­шуде Үкімет шабан қимыл­дау­да. Соның нәтижесінде ауыл халқының білім­ді­гі және білімсіздігі деген жағдай аңғарылуда. Үшінші мәселе. Президент хакім Абайдың «ақыл қайрат, жү­­ректі бірдей ұста, сонда толық бо­ла­сың елден бөлек» деген ой-тұ­жы­рымын талқылауға ұсынған. Мұны «қазақ халқының өмірлік фи­лософиясы» деп атаған. Рас. Қай­рат, ақыл кімде жоқ?! Ақыл – Жаратушының нұры. Ақылсыз өркениет, ғылым, дін жоқ. «Бірақ ақыл мен қай­рат­ты қатар ұстағанмен, олар жү­рекке бағынуы керек» дейді Президент. Жүрек деген мейірімділік. Мейірімсіз қай­­рат, мейірімсіз ақыл қайда бас­тамақ?! Әсіресе, нарық кезінде, ар ой­ламай пайда ойлап кеткенде, қайрат пен ақылды жүрек арқылы өл­ше­сек, құба-құп. Жүрек деген субстанция, оның көріну түрі – өнер, әдебиет. Қазіргі тілге салсақ, инновациялық өнер, инновациялық әдебиет. Ол деген не?! Заманына сай өнердің болуы, өнер­дің өмірдегі шешуші күшке ай­налуы. Бұл Президентіміз айт­қан «қазақ халқының өмірлік пәл­­сапасы». Абай өнер адамы бол­­ған. Ол ең алдымен ақын, оның ақын­ды­ғында ойшылдық дәстүр бар. Ол дәстүр сонау Фирдоуси за­ма­­нынан бас­талған өнердің жал­ғасы. Төртінші мәселе. Президент «Абай әлемдік деңгейдегі кемең­гер» дейді. Тамаша тұжырым. Шы­нын­да, Абай сондай тұлға. Бірақ біз Абайды әлемге әлі таныта алмай келеміз. Оның табиғи себептері де бар. Алдымен айтарымыз, Абай сияқ­ты ұлт ақынын өзге тілге ау­дару қиынның қиыны. Орыс хал­қы Александр Пушкинді Еу­ро­па тілдеріне аударумен әлі де шұғылданып, нәтижелі істер­ге жете алмауда. Бұл түсінікті жағ­дай. Алайда қиыншылықтарға қа­рамастан Абайды әлем халық­тары­ның тілдеріне аудару үрдісін жалғастыра беруіміз қажет. Себебі Президентіміз айтқандай, ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемі­сін сыйлаған ғұлама. Абайдың қара сөздерін өзге тілдерге аудару­ға, оның поэзиясына қарағанда мүм­­кін болатын шаруа. Бесінші мәселе. «Қазақ елі бар­да Абай есімі асқақтай береді» дей­ді Президент. Әрине, қазақ бар­да халқымыздың рухани құн­­дылықтары елімізбен бірге жа­сай беруі табиғи жағдай. Абай – қазақ халқының рухани әле­мі­­­нің темірқазығы. Абайды туған хал­қына кеңестік заманда қауыш­тыр­­ған жазушы Мұхтар Әуезовтің кемеңгерлігі. Абай арманы – қазақ халқының болашағы. Алтыншы мәселе. Хакім Абай­­­дың мерейтойы ауқымында Се­­мей қаласына ерекше көңіл бө­лі­нуде. Семей Президенттің Жар­­­лығымен тарихи орталыққа ай­­налды. Семей өңірінде өтіп жа­­татын мерейтойлар үрдісі еш­қа­шан тоқталмақ емес. Биыл – Абайдың 175 жылдығы. 2020 жы­лы – Мұхтар Әуезовтің 125 жыл­ды­ғы. 2023 жылы – данышпан Шә­кә­рімнің 165 жылдығы. Сөй­тіп, мерейтойлар бұл аймақта 5 жыл сайын қайталана береді. Олай болса, Семей өңірі – киелі өл­ке. Соған сай Үкімет тиісті шаралар жүргізуі керек. Соның бірі Семей қаласынан Жидебайға дейін төрт жолақты жол салып, оны «Абай даңғылы» деп атап, оны абаттандырса, туризмге де жа­салған қажетті шара болар еді. Бұ­лай деуге негіз бар. Осы 180 ша­қы­рым жол бойында үш ғұлама дү­ниеге келген. Олар: Абай, Шә­кә­рім, Мұхтар Әуезов. Той той­ланып кетеді, тойдан не қала­ды дегенде, осын­дай заманауи жол болса, ол ха­лықтың игілігіне қызмет етері анық. Жетінші мәселе. Президент «Абай сыны – ауыр сын» деді ма­қа­ласында. Ойшылдың көзі тірісінде айтылған сыны бүгінде тү­зелді ме?! Ел бірлігі, ынтымағы қа­лай? Кедейлер мен байлардың ара­қатынасы қандай? Хакім айт­қан бес дұшпанымыз, бес асыл іс қалай іске асуда? Жоқ, әлде өтірік пен өсекті жүндей сабалаудамыз ба? Өзімізді-өзіміз алдауды әдетке ай­налдырып алдық па? Орынсыз жер­де көрінуге тырысып, бос мақ­­тан қуып кеттік пе? Кісілік, адам­шылық деген қандай өрісте? Ұрпақтардың арасындағы сабақ­тас­тық қандай? Тіліміз бен дініміз­дің жағдайы қандай? Тағысын тағы­лар. Өкінішке қарай, сұрақ көп, жауап аз. Сегізінші мәселе. Президент «Біз Абайдың көмегін түсіне алдық па, зерделей алдық па?» дейді. Ауыр сауал. Еліміз ілгері кеткен отыз елдің қатарына енуіміз қажет де­ген ұран көтерілгені қашан. Біз­ге нақтылық керек. Отыз ел­дің қа­тары дегенде нені мақсат етіп отыр­мыз? Білім, ғылым, техно­ло­гия саласы ма, жоқ, әлде рухани сана ма? Менің ойымша, ілгері кет­кен отыз елден біз негізінен техно­ло­­гиялық жағынан артта қалдық. Ол – бір. Екіншіден, тәртіп, құқық жа­ғынан жетілдірмедік. Үшіншіден, елді саяси басқару жа­ғынан кенжелеудеміз. Төртіншіден, мемлекеттік не­ме­се қоғамдық институттардың бол­мауы... Рухани жағынан бізден ілгері кеткен отыз елден кенже қал­­дық деп айта алмаймын. Біз ал­тын сандықтың үстінде отыр­ған ха­лықпыз. Оған дәлел, биыл той­лан­ғалы отырған ғұлама әл-Фара­би­дің 1150 жылдығы. Ол оныншы ға­сырда өмір сүрген ғұлама. Сол за­манда біз өмір сүрген өңірде әлем­дік деңгейде ойлау мәдениеті болған. Оны биік шыңға көтерген Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн Сина, одан кейін Қожа Ахмет Ясауи және Жүсіп Баласағұн, тағысын та­ғы­лар. Сөз болып отырған хакім Абай мерейтойы – рухани қазы­­на­мыз­дың асылдығының куә­сі, демек, жоғымызды жоқ, бары­­мызды бар деп саралап сөйле­ге­ні­м­із абзал. Тоғызыншы мәселе. «Абай мұ­расы біздің ұлт бо­лып бірлесуі­міз­ге, ел болып дамуы­мыз­ға жол ашатын қастерлі құндылық» дейді Мемлекет басшысы. Тамаша тұ­жы­­рым. Лайым солай болғай. «Бірің­ді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Абай мұрасы – елді­гі­міздің кепілі. Осы істің басында Пре­зиденттің тұрғаны бізге үміт ша­мын жақтырды. Ұзағынан бол­сын! Оныншы мәселе. 2020 жылы жаңа кезең басталды. Әрбір аза­мат­­қа жүк түсетін жыл. Ендігі жер­де сапасыз қызмет, сапасыз бі­лім, сапасыз ғылым дегендер қар суындай еріп, жойылуы қажет. Жа­­пондықтарда кәсіпкерлерге ла­йықталған Кайдзен деген фи­ло­­софия бар. Бұл философия ма­ғы­насы адамдардың қызмет ететін орындары тап-таза және ұқыпты жабдықталған, жинақталған болуы қажет. Алайда одан да маңыздысы қызметкердің санасы таза болуы керек. Бізде санамызды ауық-ауық «тарап» отырғанымыз аса қажет. Ұлттық код жиі айтылатын сөз. Ол не? Меніңше, ұлттық код – ұлттық тіл. Бар болмысымыз тілде. Тіл – код арқылы алтын сандық дәстүрімізді ашамыз. Ішіндегі қазыналарымызды пайдаланамыз. Бір халықты екінші халықтан ажыратып тұратын қасиет – дәс­түр. Дәстүр – ұлт субстанциясы. Сон­­дықтан дәстүріміздің ұлттық коды мемлекеттік тіліміз баршама қазақстандықтарға ортақ қарым-қатынас құралы болу табиғи жағдай. Бұл – ел бірлігінің кепілі. Тек осын­дай жағдайда ұлт болып бірлесу баға жетпес құндылық болмақ.