Жаңаөзендегі тойда жастар «Жар-жардың» орнына Бақара сүресін қосып қойғаны әлеуметтік желіде тараған болатын. Дінтанушы Мұхитдин Паттеев бұл әрекетті өрескел қате екенін айтты. Azattyq Ruhy тілшісі тойда Құран сүрелерінің оқылуына қатысты ҚМДБ басшысы Наурызбай қажы Тағанұлының атына ресми сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ресми сауалға жауап берген ҚМДБ төрағасының орынбасары, Наиб имам Сансызбай Шоқановтың айтуынша, шариғатта Құран сүрелері мен аяттары қуанышта да, қайғыда да оқыла береді. Бастысы оқылатын орны таза әрі Құран оқылғанда оған құлақ асып тыңдау тиіс.
«Тойды қуаныштың нышаны ретінде көтеріңкі көңіл күймен өткізу керек. Оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тойды дабыл соғып, шариғатқа қайшы емес өлеңдерді айтуға рұқсат бергені қуаттайды. Тойдағы бөтен болған жас әйел кісілер мен ер адамдардың бөлек отыруы шариғат бойынша құп көріледі. Тойды өткізу барысында жергілікті қалыптасқан үрдістермен жүргізген жөн. Егер тойды Құран Кәріммен бастауды қаласа, онда оны тыныш отырып тыңдауды қадағалауы тиіс. Сол үшін Құранды барлығы құлақ асып тыңдайтын уақытка қою керек. Тойға қатысты арнайы пәтуа шықпады», – дейді ол.
Имамның айтуынша, дәстүрді діннен бөлек қарастырудың қажеті жоқ.
«Өйткені қазақ халқының салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды. Біздің барлық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз шариғатқа сай десек қателеспейміз», – дейді ол.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.