Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жою бюджеттен қосымша қаржыны талап етпейді
Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жою бюджеттен қосымша қаржыны талап етпейді
Фото: parlam.kz
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заң жобасы қаралды. Депутаттардың айтуынша, Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жоюда елдің пікірі ескерілді.  width= Ерлан Саиров, Мәжіліс депутаты: – Өткен жылы бүкілхалықтық референдум нәтижесінде елімізде жаңа Конституция қабылданды. Жаңа Конституцияны жақтап Қазақстан халқының 77% дауыс берді. Конституциялық реформа елімізде биліктер тармағы институттарын нығайтып, қоғамда демократияны қалыптастырудағы тәуелсіз 30-жылдың ішіндегі ірі қадам, прогрессивті бағыт-бағдар. Конституцияға енгізілген өзгертулерге сәйкес Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Қазақстанның демократия мен плюрализмге бет алып, терең саяси трансформация жасау кезеңінде, жеке топтардың  билікті меншіктеуге жетелейтін қандай да бір тетіктерге жол бермеу маңызды. Сондықтан Қазақстан Республикасы Мәжілісінің бір топ депутаттары халықтың басым көпшілігінің сұранысын ескере отырып, аталған заң жобасын ұсынды. Өз кезегінде «Жаңа Қазақстан» депутаттың тобы аталған мәселеге қатысты Конституциялық Сотқа жүгінді. Конституциялық Сот «Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті-Елбасы статусы» жөніндегі заңының еліміздің жаңа Ата Заңына сәйкес келмейтіндігі жөнінде шешім шығарды. Қазақстанның қоғамдық  процесінде  саяси институттарға  монополия құру әрекеттері, өмір көрсеткендей, елде саяси құндылықтарды девальвациялап, мемлекет дамуына кері әсер тигізуге қабілетті. Сондықтан,  мұндай  олқылықтарға болашақта қоғамдық-саяси иммунитет қалыптастыру өте маңызды. Жоғарыда айтылғанды басшылыққа алып, саяси-құқықтық негіз жоқ екенін ескере отырып, «Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті - Елбасы статусы» жөніндегі Конституциялық заңның күшін жою жөніндегі Конституциялық заң жобасы ұсынылады. Бұл қадам елімізде Ата Заңымыздың нормаларын қатаң сақтауға, саяси институттарды  бөтен протекциялық күштерден сақтандыруға бағытталған саяси-құқықтық  Акт. Конституциялық Заңның қабылдануы теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарға әкелмейді, бюджеттен қосымша қаржыны талап етпейді.   [caption id="attachment_235899" align="alignnone" width="1800"] width= Фото: parlam.kz[/caption] Арман Қожахметов, Мәжіліс депутаты: – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» заң жобасы жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленді. Атап айтқанда, Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Осыған орай, құқықтық негіздің жоқ екендігін ескере отырып, бұл заң жобасымен Конституциялық заңның күшін жою көзделеді. Сонымер қатар, биыл 5 қаңтарда Парламент Мәжілісінің 34 депутаты – «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері өз құқығын жүзеге асырып, Конституциялық Сотқа өтініш жолдады. Өз өтінішінде Мәжіліс депутаттары Конституцияның 62-бабы 4-тармағына ресми түсініктеме беруді сұрады. Осыған орай, депутаттардың өтінішіне Конституциялық Соттың 2023 жылғы 10 қаңтардағы №2 нормативтік қаулысында берген ресми түсіндіруге сәйкес: «2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда білдірілген, Конституциядан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта Конституцияда «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады» делінген. Айта кетейік, Конституциялық заң жобасын қарастыру барысында депутаттар тарапынан ұсыныстар келіп түскен жоқ.