Шабындық жер тапшы
Шабындық жер тапшы
451
оқылды
Қазақ үшін ежелден жер дауынан үлкен дау жоқ. «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы мен қоғамдық қабылдауына жүгінген солтүстікқазақстандықтардың барлығы өздерінің жерге қатысты мәселелері шешімін таппай келе жатқанын айтып, жанайқайын жеткізді. Мағжан Жұмабаев ауданындағы Полудино ауылының тұрғындары жаппай шабындық жерге зәру. Бұл туралы ауылдықтар атынан сөз алған Анатолий Бишель айтты. «Бұған дейін ата-бабаларымыз шөп шауып келген жерлерден айырылдық. Бұған ауылда жуырда ашылған сүт-тауарлы фермасына мал әкелінгені себеп болды. Енді жаңа кәсіпорынның иесі барлық жердің шөбін өзі ғана шауып алады. Үш жыл бойы шағымданып бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ», – деді ол. Солтүстік Қазақстан облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бақытжан Бекіш бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар екенін түсіндірді. Соның бірі әрі ең оңтайлысы  – аудандық әкімдік пен кәсіпкердің арасында меморандум жасасып, тұрғындарға шөп шабуға рұқсат беру. Өңірде үш жылдан бері шешімін таппай келе жатқан тағы бір жер дауы – «Имран Агро» ЖШС-нің мәселесі. 2019 жылы аукционнан 500 миллион теңгеге 15 мың гектар жер сатып алған Өмірсерік Ақышев өз мүлкіне өзі иелік ете алмай дал. Бүгінде ақша да жоқ, жер де жоқ күй кешіп отырған ол соттасудан әбден қажыған. «AMANAT» партиясы оның мәселесін заң аясында шешуге тырысып бақпақ. Қызылжар ауданының Архангельское ауылынан келген Жанат Сәбитовтің қой шаруашылығын дамыту туралы ойы бар. Бірақ шабындық жері жоқ. «Ауылдық округ әкімі «конкурсқа қатысуға мүмкіндік бар» деп шығарып салады» дейді ауыл тұрғыны. Бірақ конкурсқа қатысу үшін оның жеке кәсіпкерлігі болуы шарт. Алайда әлі несиеге де, жерге де қолы жетпей жүрген адам ондай тәуекелге бармақ емес.  Оның мәселесін тиісті мекемелер бақылауға алатын болды.