«Құқықтық көмек» Исатай ауданынан басталды
«Құқықтық көмек» Исатай ауданынан басталды
289
оқылды
«AMANAT» партиясы құ­қықтық сауаттылықты арт­тыру, халыққа заңнамалық көмек беру мақсатында Аты­рау об­лысында «Құқықтық көмек» жобасын іске қосты. Кеше аталған жоба аясында белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан осы өңірдің Исатай ауданында тұрғындармен жүз­десті. Заңгер 16 азаматты қабылдап, ауыл тұрғындарының сұрақта­ры­на жауап берді. Олардың ара­сын­да Исатай ауданы тұрғын үй ком­муналды-шаруашылық бөлі­мінің басшысы Рита Сигуатова болды. Ол сот орындаушысының шығар­ған шешіміне келіспей­тінін жет­кізді. Өз кезегінде заң­гер мәселені зерттеп-зерделей келе шығарыл­ған шешімнің заң­­сыз және құзы­ретін асыра пай­­далану белгілері бар екенін анықтады. Осылайша, ол об­лыстық Әділет департа­ментімен бірлесе мәселенің оң­тайлы ше­шілуіне ықпал етті. Қабылдауға келген тағы бір тұрғын – Мария Пазылова. I топтағы мүгедек баласын бағып отырған ана бір кездері мемле­кеттен пәтер алыпты. Уақыт өте келе баспананы өз атына аудару кезінде жергілікті атқарушы орган тарапынан қателік кеткені анық­талды. Бұл мәселені Атырау об­лыстық адвокаттар алқасының ад­вокаты, заңгер Айгүл Кен­жа­лиева өз бақылауына алып, өтініш иесінің мүддесін қорғауға уәде берді. Сондай-ақ, бірқатар ауыл аза­маты заңгердің кейбір заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізуге атсалысуын сұрап келді. Мә­селен, Ерболат Насимуллин ау­дандық қоғамдық кеңес төра­ғасы Семей ядролық полигонында әскери борышын өтеген азамат­тарға мемлекеттік жәрдемақы та­­ғайындауды, оларды Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері­мен теңестіруді сұрап отыр. Со­нымен қатар, ол аталған азамат­тарға арнайы әлеуметтік статус қарастырылса деген ойын ортаға салды. Оның айтуынша, полигон жұмыс істеп тұрған жылдары Се­мейде қызмет еткен, әскери боры­шын өтеген азаматтардың бүгінде денсаулығы сыр бере бастады. Кей­бірі созылмалы ауруға шал­дықты. Ал Құрманғали Мұхтаров есімді ауыл азаматы болса, құры­лыс және абаттандыру бағытында қызмет көрсететін кейбір мерді­гердің жауапсыздығы мәселесін көтерді. Ол дәл мұндай әрекетке жол берген кәсіпкерлерге қолда­ны­латын шараларды қатаң­дату қажет екенін алға тартты. Айта кетейік, алдағы уақытта заңгерлер Индер, Мақат, Жылы­ой аудандары мен Атырау қала­сында болып, азаматтарды қа­былдауды ары қарай жалғасты­рады. Қабыл­дауға партияның рес­­публикалық қоғамдық қабыл­дау бөлмесінің 8-800-080-44-41 телефоны арқылы жазылуға болады.