Жаңа медиаға жол ашылады
Жаңа медиаға жол ашылады
406
оқылды
Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігің Алқа мәжілісі өтті. Жиынға Премьер-Министрдің орын­басары Алтай Көлгінов, отан­дық масс-медиа өкіл­дері қатысып, ақпарат сала­сына қатысты ойларын ор­таға салды. Былтыр айшықты оқиға­лар­ға толы әрі сынағы көп сын­дарлы жыл болды. Осылай деген Ақ­парат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ал­дағы атқарылуы тиіс реформалар пакеті іргелі істердің жүзеге асуына жол ашқанын жеткізді. Оның айтуынша, министрлік Мемлекет басшысының сай­лауал­­ды бағдарламасындағы негізгі стратегиялық бағыттар мен тапсырмаларды орындау бойынша жүйелі жұмыстар жүр­гізіп келеді. Мәселен, былтыр министрліктің ұйымдастыруы­мен 20 іс-шара өтті. Оның 8-і әлемдік белді сарапшылардың, белгілі ғалымдар мен саясаткер­лердің, халықаралық ұйым өкіл­дерінің қатысуымен ұйымдас­тырыл­ған. Сондай-ақ диплома­тия­лық миссиялар мен халық­аралық ұйымдардың басшы­ларымен 60-тан астам екіжақты кездесу өткізіліпті.
– Еліміздің саяси өміріндегі маңызды іс-шаралардың бірі 50 елден 100-ден астам делегация қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Конгресс кезінде Рим Па­пасы Францисктің елімізге мем­лекеттік сапары да маңызды оқиға болды. Қазір Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі­нің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы әзірлену­де. Мемлекет басшысының тап­сырмасы – ашық азаматтық қо­ғам құруды талап еді. Мәселен, «Қо­ғамдық бақылау» және «Онлайн петициялар» туралы заң жобалары Парламент Мәжі­лісінде 1-ші оқылымда ма­құл­данды. Алдағы уақытта «Қо­ғам­дық бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізіледі, – деді ведомс­тво басшысы.
Бұдан бөлек, министр был­тыр қоғамдық кеңестердің құ­рамы 90%-ға жаңартылғанына тоқталды. «Азаматтық бастама­ларды қолдау орталығының» жұмысы қайта қаралып, алдағы уақытта оның бағыт-бағдары кешенді ғылыми-зерттеулерге байланысты жаңартылмақ. Мем­лекет басшысының қатысуымен ұлт ұясы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайға жауаптылық алған министрліктің бастамасымен Quryltai мобильді қосымшасы іске қосылып, «Ұлттық құрыл­тай» телебағдарламасы көрсетіле бастады. Сондай-ақ министрлік жетекшілік ететін салалардың жұмысын ғылыми тұжырым мен зерттеу қорытындыларына негіз­деу үшін отбасы, жастар және қоғамдық кеңестер туралы 3 ұлт­тық баяндама әзірленіпті. Былтыр Үкімет тапсырмасы аясында еліміздің 14 өңірінде халықпен кездесіп, жұртшылық­ты мазалап жүрген мәселелер талқыға салынғанын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында халықаралық во­лон­­терлікті дамыту және волон­терлерді жұмылдырудың халық­аралық жылын жариялау бас­тамасын көтергенін айтқан ми­нистр: «Соған орай былтыр Ор­талық Азия волонтерлер фору­мы ұйымдастырылды, оның қоры­тындысы бойынша Орта­лық Азия волонтерлер хабын құру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар таяуда «Мем­лекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды. Заңға сәйкес, жастар санаты 35 жасқа дейін ұл­ғай­тылды. Бұл өзгерістердің ен­гізілуі 6 млн-ға дейінгі жастың заң игілігін көруіне мүмкіндік берді. Одан басқа, 2023-2027 жыл­дарға арналған Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдама­сының жо­басы әзірленіп, ашық талқылауға ұсынылса, Ақпарат саласын да­мытудың 2023-2027 жылдарға ар­налған тұжырым­дамасы әзір­ленуде.
Балаларға қатысты кибер­буллингті реттеуде заңнамалық түзетулер енгізілді. Сондай-ақ дәс­түрлі БАҚ-тың бағыты кон­цептуалды тұрғыда өзгеріп, «Жаңа медиа» түсінігі қалып­тас­ты. Сондықтан заман ағымына қарай медиа заңнамасы қайта қаралып жатыр. Министрдің ай­туынша, халықаралық тәжіри­белер ескеріле отырып жасалған «Масс-медиа туралы» заң жұрт­шылық талқылауына шы­ға­рылды. «Ақпарат­қа қол жеткізу мәселелері жөнін­дегі заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер, азамат­тардың ақ­парат­қа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мем­лекеттік органдардың жауапкер­шілігін күшейтеді» деген Дархан Қыдырәлі Ақпараттық доктрина да талқылаудан өткеніне тоқ­талды.
Елдегі саяси өзгерістерге бас­таған жалпыхалықтық референ­дум мен Президент сайлауы тұсында түрлі дебат ұйымдасты­рылып, нон-стоп жағдайында ақпарат таратылды. Алғаш рет 16 сағаттық 2 онлайн марафон өтті. Сонымен қатар өзге мемле­кет­терден экс-президенттер, медиа саласының белгілі мамандары, Пулицер сыйлығының иегерлері бастаған Орталық Азия медиа­форумын тұрақты платформаға айналдыру жоспары бар. Сол сияқты БҰҰ-мен және оның бірқатар ұйымымен қарым-қатынас артты.
Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату жұмыстары жүйелі жалғасып жатқанын жет­кізген ведомство басшысы «отан­­дық баспа да басты назарда» деп отыр.