Фриланс: жаңа формат, пайдалы кәсіп
Фриланс: жаңа формат, пайдалы кәсіп
539
оқылды
«Әр отбасының кемінде 1 мү­шесі ресми жұмыспен қамтылуы тиіс!». Осы бей­сенбіде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трі осындай елең еткізерлік ұран тастады. Бірақ бұл адамдардың бәрі кеңседегі кабинетпен немесе кә­сіп­орындағы станокпен қамты­лады деген сөз емес. Бұлардың қа­тарында фрилансер, инфлюен­сер және басқалары да бар, тек рес­ми тіркеліп, алым-салық төлеп, зейнетақы жарнасын уақытылы аударып тұрса болғаны. Еңбек заң­намасында жұмыстың жаңа фор­маттары көрініс тауып, анықта­ма­сын алып, заңдастырылды. Цифр­лан­дыру өрістеген сайын сол ар­қылы нәпақасын айырып, қашық­тан жұмыс істей алатын мамандар саны да көбеймек. Жұмыс та, жұмысшы да табылады Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Тамара Дүйсенованың ай­туын­ша, тек 2023 жылы Қазақстанда ша­мамен 1 миллион адам жұмысқа орна­ла­сады. Бұл туралы ол ведомствоның кеңей­тілген алқа отырысында жария етті. Жиында министрліктің әлеуметтік-еңбек сала­сындағы шараларының тиімділігін арт­тыруға бағытталған 2023-2027 жыл­дар­ға арналған Даму жоспарының тұсауы кесілді. Құжаттың бір стратегиялық ба­ғы­ты – азаматтарды жұмыспен қамтуға жәр­­­демдесу.
«Ұлттық еңбек нарығының сын-қа­тер­лері де, халықтың нақты табысына әсер ететін факторлар да көп. Олардың не­­­гізгілері – қазіргі халықаралық геосаяси жағ­дай, еңбек нарығына жастардың үлкен ле­гінің қосылуы, күтілетін жұмыстан бо­са­тулар және жаңа жұмыс орындарының аз құрылуы жатады. Сондықтан ми­нистр­лік жұмысының осы бағытының басты мақ­саты – қазақстандық әр отбасының ке­мінде бір мүшесін ресми жұмыспен қам­тамасыз ету және оның әлеуметтік қам­сыздандыру жүйесіне қатысуы бола­ды. Негізгі нәтиже – осы жыл ішінде жас­тарды, жұмыспен қамтылмаған аза­мат­тарды және мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, жалпы саны шамамен 1 млн адам­ды жұмысқа орналастыру болып ай­қындалды», – деді министр.
Миллион адамды қайдан табады? Оны із­деудің алгоритмі келесідей: Т.Дүйсено­ваның мәліметінше, біріншіден, Отбасы­ның цифрлық картасындағы деректер негізінде бірнеше негізгі нысаналы кон­тин­гент қалыптастырылады. Бұл ретте ең­бекке қабілетті, бірақ жұмыс істемейтін екі және одан да көп мүшесі бар отба­сы­ларға, оқуға да, еңбекке де құлқы жоқ жас­­­­тарға, денсаулығы жұмыс істеуге жа­рамды мүгедек адамдарға баса назар ау­дарыл­мақ. Екіншіден, оларға жұмыспен қам­туға жәрдемдесудің мемлекеттік шара­ларын ұсынатын SMS-хабарламалар жі­беріледі. Үшіншіден, егер кім соған үн қатып, келісімін жауап хабарламамен жі­берсе, сол азаматтардың ішінен әрбір өңір­­де жұмысқа орналастырылуы тиіс адам­дардың тізілім-реестрі қалып­тас­ты­рылады. Төртіншіден, жергілікті әкім­дік­тер 15 қаңтарға дейін осы контингенттегі адам­дармен жұмыс істеуге бағдарланған Өңірлік жұмыспен қамту карталарын бе­кітеді. Бесіншіден, миллион жұмыс орны құрылуы шарт. Осынша орынды министр қайдан та­ба­ды?
– Тұтастай алғанда, 2023 жылы рес­пуб­лика бойынша салалық тұжырым­да­ма­лар мен ұлттық жобалар аясында 75 мың­ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бұған қоса, суб­си­дия­лай­тын 150 мыңнан астам жұмыс орны құрыл­мақ: жұмыс берушілер төлейтін жалақының бір бөлігін мемлекет өтеу үшін бюджеттен биыл 131 млрд теңге ба­ғыт­талады. Тағы 780 мың адамды жеке бас­тамалар аясында және жұмыс беру­ші­лердің бос жұмыс орындарына орна­лас­тыру жоспарлануда. Құрылатын жұмыс орын­дарының шамамен 20 пайызы жас­тар мен мүгедектігі бар адамдарға ар­на­ла­ды. Мұның сыртында зейнет жасына жа­қындағандар үшін «Күміс жас» жобасы жал­­ғасады: оның аясында жыл сайын ке­мін­­­де 15 мың адам жұмыспен қамтылады, – деді министр.
Бұдан өзге, жастардың өз бизнесін тір­кеуіне көңіл бөлінеді. Бұл үшін 6 мың жас­қа 5 жылға 2,5 пайыздық мөлшер­ле­ме­мен 5 млн теңгеге дейінгі жеңілдікті мик­рокредиттер беріледі. Ерекше қа­жет­тіліктері бар жастарға және халықтың әлеу­меттік осал топтарынан шыққан аза­­­мат­тарға әрқайсысы 1,2 млн теңгелік 9 мың грант таратылады. Тамара Дүйсенова сондай-ақ былтыр Элек­трондық еңбек биржасында бірқатар ірі компаниямен бірлесіп жұмысқа қа­был­даудың пилоттық жобасы іске асы­рыл­ғанын атап өтті. Бұл жұмыс осы жылы да жалғасады: 15 ақпанға дейін 20 ірі отан­дық компаниямен арада тиісті ме­моран­дум бекітпек. Сонымен қатар 2022 жылы аталған биржа арқылы 11 мыңнан ас­там адам басқа өңірлерде өз бетінше жұ­мыс тауып, көшіпті. Еңбек саласынан тағы бір жаңалық: Т.Дүй­сенова Жұмыспен қамту орта­лық­тарын (ЖҚО) трансформациялауды бас­тағанын айтты. Олардың орнына жаңа құры­лым құрмақ: өңірлер деңгейінде бэк-офис функциясын Еңбек ұтқырлығы орталықтары орындайтын болады. Ал аудандар мен қалалар деңгейінде Жұмыс­пен қамту орталықтары негізінде Ман­сап­тық орталықтар пайда болады. Осы ор­талықтар көрсететін қызметтер үшін та­риф белгіленеді. ЖҚО-дан айыр­ма­шылығы, Мансаптық орталықтардың қыз­меткерлерінің еңбекақысы олардың жұ­­мысқа орналастыра алған жұмыс­сыз­дарының санына тікелей байланысты болады. Трансформацияны пилоттық сынақтан өткізу биыл 3 өңірде – Астанада, Қарағанды және Түркістан облыстарында басталады. Фриланстың арғы жағы, бергі жағы Мемлекет мектептерде ағылшын тілін кеңі­нен енгізе бастағанда, оған қарсы адам­дар көп болды. Билік «әр қазақ бала­сы білім бастауынан алдымен ана тілінде сусындауы тиіс» деген тіл жанашырлары­ның тілегіне құлақ асып, бастауыш сы­нып­тардан жаратылыстану, математика пәндерін ағылшын тілінде оқыту идея­сы­нан бас тартты. Дегенмен, HR Transformation Platform көшбасшысы, персоналды басқару саласының сарапшысы Альвина Байжұмованың айтуынша, ағылшын тілі азаматтар алдынан бүкіл жаһандық еңбек нарығына есік ашады. Мысалы, фрилансер дегенде көбіне, қа­шықтан жұмыс істей беретін жоғары білікті ІТ мамандар ғана көзге елестейді. Не­месе дүниежүзін шарлап, планета­мыз­дың кез келген түкпірінен фолловерл­ері­мен қарым-қатынас жасай беретін блогер­лер ойға оралады. Шынында, өзге де ма­­­мандар, соның ішінде журналистер, оқы­тушы-профессорлар, мектеп мұға­лім­дері, бухгалтерлер, заңгерлер, инже­нер­лер, тіпті біліктілігі төмен мамандар қа­шық­тан, онлайн форматта табыс таба ала­ды. Тіпті бірден бірнеше жұмыс беру­ші­ге қызметін ұсынуға мүмкіндігі бар. Басты талап – ағылшын және басқа шет тіл­дерінде таза, жүйрік сөйлеу, со­нымен бір­ге тәуліктің кез келген шағында жұмыс іс­теуге дайын болу. Қазақ­стан­дықтарға үйін­­де отырып, АҚШ-тағы ірі компа­ния­ның офис-менеджері, хатшысы болып жұ­мыс істеуге мүмкіндік бар екен. Се­бебі елімізде интернет лимитсіз, ал ха­лы­қ­­­ара­лық телефон байланыстары ана­ғұр­лым арзан. 68 фриланс-кәсіп бойынша кітаптың ав­торы, коучер, сала сарапшысы Юлия Коротунның түсіндіруінше, бұрын фри­лан­сер деген ұғым өзін-өзі жұмыспен қам­тушы, әр жұмыстың басын бір шалып, тиіп-қашып еңбек ететін, тұрақты орын таба алмаған адамдарды білдіретін. Әри­не, ТМД аумағында әлі күнге негізінен, солай болып қалуда. Қазақстанда фри­лан­серлердің орташа жалақысы ресми мә­лімет бойынша 124 мың теңге ғана. Бір­ақ фрилансерлер, инфлюенсерлер, бло­герлер және басқасы шын табысын мем­лекеттен жасырады. Жеке кәсіпкер ре­тінде тіркелсе де, табысын төмен етіп көр­сетіп, содан ғана салық төлейді. Әйткенмен, қазіргі заманда фрилан-сер – уақытша ақша табу кәсібінің ны­шаны емес, өз ісінің білгірі саналатын ма­ман адамның өзіне лайықты жұмыс ор­нын жауапты таңдауы, оның өзіндік өмір салты ретінде қабылданады. Бұл тұр­ғыдан алғанда, фриланс – майталман ма­манға нақты бір ұйымға тұрақты жұ­мыс­­қа тұрмай, штатына кірмей, бір мез­гіл­де әртүрлі жұмыс берушімен келісім­шарт жасап, табыс табуға мүмкіндік бе­ре­тін жұмыс форматы. Фрилансер – өз ер­кі өзінде болатын жұмысшы, ол тек өзі­не қолайлы, пайдалы санайтын тапсы­рыс­ты алады, жұмыс берушіге салығын сал­май, төл жұмыс орнын, керек-жарағын өзі сайлайды. Фрилансер өзі орындаған жұ­мыстың сапасы үшін өзі жауап береді. Се­бебі, егер тапсырысты сапасыз орын­даса, болашақта тапсырыссыз қалады.
«Фрилансты неден бастаған жөн? Бірін­ші кезекте, қандай салада, кәсіпте мық­ты, майталман екеніңізді анықтаңыз. Мы­салы, Қазақстанда мемлекеттік меке­меде есепші болып қызмет атқарған адам дәмді торт, бәліш жасай біледі екен. Ара-тұра қонақтарға, ұжымына дәм татырып, қуан­тып тұрған. Содан жыл сайынғы де­малысына шыққанда, қол боста торт пі­сіріп, бірнеше дәмханаға ұсынып көр­ген. Азын-аулақ тапсырыс алып, айналыса бас­тайды. Бүгінде ол кісі рестораторлар ара­сында белгілі адам, өз компаниясы бар, Астанадағы бірнеше танымал дәм­хана мен мейрамхананы тәттімен қамтып отыр», – деді Ю.Коротун.
Қызмет саласын анықтаған соң, оны ег­жей-тегжейлі зерделеген жөн: бұған ин­тернет, сол салада бұрыннан жұмыс іс­­тейтін мамандарымен сөйлесу көмек­теседі. Қажет болса, қысқа кәсіби курстан өту­ге болады. Ондай курстар түрлі мем­ле­кеттік бағдарламалар аясында тегін де ұсы­нылады. Үшіншіден, қаржылық тірек, жи­нақ болғаны жөн. Қалтада тиын қал­мағанда немесе қарыз батпағына бат­қан­да, фрилансерге айналу түңілуден басқа еш­теңе әкелмеуі мүмкін. Сарапшының кеңе­сінше, студент жалдамалы жұмысшы бо­лып жүргенде, бірнеше тартымды, сал­мақты, мәнді тапсырысты орындағаны жөн. Дамыған елдерде фрилансерлер қы­зық­ты, халықты елеңдетер, қоғамдық маңыз­ды жобаларды тегін, волонтер ре­тін­де ақысыз орындай береді. Бұл өз атын шығару үшін қажет. Сондықтан фрилансер үшін жауапты қадам сауатты түйіндеме (CV) түзу болмақ: онда оның қандай маңызды, пайдалы, тиім­ді, қомақты жобаларды орындағаны, ай­туға тұрарлық нендей бастама, идея, бет­бұрыстарға бастамашы болып, қанша­лық­ты табысты жүзеге асырғаны туралы қыс­қаша, бірақ тұшымды түрде баянда­ғаны абзал. Бұған қоса, сарапшы еш ұялмай, өз қыз­меті туралы жағымды пікір жинауға кеңес береді: егер салаға сыйлы бір адам мақ­тауын келістіріп, ұсыным хат жазып бер­се, тіпті қатып кетеді. Жалпы, әртүрлі тап­сырыс үшін әралуан түйіндеме нұс­қа­сын дайындаған орынды: жұмыс орын­дары тізбеленетін классикалық түрден бастап, лендинг түрінде қатталған зама­науи, оңтайлы онлайн түйіндемеге дейін. Оларды мемлекеттік Электрондық еңбек биржасында, HH және басқа отандық және шетелдік жұмыс іздеуге арналған ірі пор­талдарда орналастыру қажет. Маманның байламынша, цифрлық коммуникация дәуірінде фриланс фор­матында жұмыс табуға шектеу жоқ. Мы­са­лы, сәулет нысандарын концептуал­ды жә­ны эскиздік жобалаумен айналысатын қа­зақстандық мамандар бүкіл посткеңес­тік кеңістіктегі елдерге тапсырыспен қа­шық­тан жұмыс істей алады. Ал егер ма­ман­ның дамыған елдерде алған жоғары бі­лімі болса, онда ол ауқаттан ықылық атқан батыста да майшелпек жобаларға ат­салыса алады. Сарапшылар фриланстың оң және те­ріс жақтары барын ескертеді. Ыңғайлы­сына: жұмыс кестесін өз бетінше құру мүм­кіндігі; қашықтан жұмыс істеу; лока­ция­ны, қай жерде тұруды таңдау мүмкін­дігі (шетелдік жағажайда жатып та жұмыс­ты жалғастыруға болады); тапсырыстар мен олардың көлемін қалауына қарай таң­дау; негізгі жұмыс орнымен немесе оқу­мен қоса атқару жатады. Фриланстың қолайсыз жақтарына: тәу­лік бойы қарбаласқа түсіп, дедлайн-ме­желердің үнемі төбеден төніп тұруы; нақ­ты жұмыс кестесінің болмауы салда­ры­нан болашақты жоспарлай алмау; әр тапсырыстың қаржылық және заңгерлік тәуекелдерін есептеп отыру қажеттілігі; штат­тағы қызметкерлер пайдаланатын әлеу­меттік пакеттен, түрлі қолдаулардан қа­ғылу; тапсырыс берушілерді өз бетінше із­деуге мәжбүр болуы; ұдайы онлайн ком­муникация кіреді. фриланс Дегенмен, фриланс аптасына толық жұ­мыс режимімен қамтылмаған жұмыс­кер­лерге, студенттерге, зейнеткерлерге, үй­бикелеріне, декреттегі аналарға, мүм­кін­дігі шектеулі жандарға да жарауы мүм­кін. Осының арқасында фриланс Қазақ­станда қарқынды дамуда. Жоғары даму қарқынын жоғалтпаса, республикамыз бұл салада ТМД-да көшбасшы атануы мүм­кін. Жан басына шаққанда, қазірден ал­ға озды. Мысалы, Ресейдің Федералды са­лық қызметінің дерегінше, 146 миллион хал­қы бар солтүстік көршімізде фрилан­сер­лер саны 3,5 млн адамды құрады. Оның басым көпшілігі 1,35 миллионы Мәс­кеуде және оның айналасында тұрып жатыр. Ал 19,7 миллион тұрғыны ғана бар Қа­зақстанда ресми түрде фрилансер ре­тінде жұмыс істейтін отандастарымыздың саны 1 миллион 49 мыңнан асқан. Барлық фрилансердің 41 пайызы Алматы, Астана және Шымкентте орналасқан фирмаларға жұмыс істеген. Блогер бәсекеге қабілетті ме? Фрилансерлердің үлкен бөлігін бло­гер­лер, вайнерлер құрайды. Бірақ басым көпшілігі өз блогын заңға сәйкес, ақпарат құралы ретінде тіркелмеген. Кірістерін жасырады. Негізі, инфлюенсер саналу үшін 1 мың­нан көп жазылушысы болса да жетіп жа­тыр. Бірақ табыс табу үшін фолло­вер­лерінің саны 50, дұрысы, 100 мыңнан асуы ке­рек. ТrendHERO дерегінше, Қазақстан­да 2022 жылы 560 мыңнан астам блогер бол­ған. Егер екі жыл бұрын, 2020 жылы бұл сан 449,9 мыңды құрағанын ескерсек, са­ны қарқынды өсіп келеді. Сапасы қа­лай? 1 мыңнан 10 мыңға дейін жазылу­шы­лары бар наноблогерлердің саны былтыр 483 мыңнан асты. 10 мыңнан 50 мыңға дейін жазылушыға ие ұсақ блогтар саны 63 мың­дай. Аудиториясы 50 мыңнан 500 мың­ға дейін жететін блогтар саны 10 453 бол­ды. 500 мыңнан 1 миллионға дейін жа­зылу­шыға хабар тарататын макроблогтар саны – 334. Қазақстанда фолловерлерінің саны 1 миллионнан асатын блогерлер бар: мұндай мегаблогтар саны өткен жылы 230 болды. Алайда олардың арасында жазылу­шыларының саны қолдан, жасанды өсір­ген­дері де жетерлік. Қазақстандықтар цифрлық гигиенаға селсоқ қарайды, сал­дарынан, бір жазылса, ұзаққа қалады. Бло­гердің ұстанымы, қылығы ұнамаса, оған жазылудан бас тартатындар санаулы. Республикада блогер әйелдердің саны ер­лерге қарағанда екі еседен астам көп. Әйел­дер 145 мыңдай блогты, ал ерлер 75,7 мың блогты жүргізеді. Барлық блогтың 120 мыңдайы – таза қазақ тілінде, 362 мың­­дайы – тек қана орыс тілінде жүр­гізі­леді. Қалғаны – аралас. Инфлюенсерлердің басым көп­ші­лігі­нің аккаунты – жеке парақшаға жатады. Екін­ші орында – блогтар. Бұл ретте от­ба­сы, спорт, денсаулық, сән, сұлулық, ойын-сауық, автокөлік тақырыптары кең сұр­анысқа ие. Шетелде супертанымал са­налатын жануарлар, соның ішінде сүй­кімді мысықтар, қазақта қазынаға баға­ла­натын иттер тақырыбына қазақстан­дық­тар бей-жай қарайды: барлық блогтың не­бары 0,23%-ы соған арналған. Трэвел-бло­гинг (0,91%), фотосуреттер (0,57%) блог­тары да бізге қызық емес көрінеді. Qamalladin media блогерлер агентті­гінің негізін қалаушы Абылайхан Қамала­дин­нің дерегінше, қазақстандық салмақ­ты блогерлер айына орта есеппен 1-ден 3 миллион теңгеге дейін табады. Жоғарғы меже бірнеше миллионға барады (сыни мате­риалды жою үшін 50 миллион теңге та­лап етіп ұсталған қазақстандық блогер­дің мысалы бар). Бұл ретте оның пікірін­ше, блогерлердің 40 пайызы ғана рес­ми тіркеліп салық төлейді. Еңбек министрлігінің «Еңбек ресурс­тарын дамыту орталығы» (ЕРДО) АҚ-ы фри­ланс нарығы қазақстандықтар мен ком­паниялар арасында барған сайын таны­мал бола түседі деп болжап отыр.
«Көптеген ұйым штаттық қызмет­кер­лері орындай алмайтын тапсырмаларды фрилансерлерге тапсырады. Фрилан­сер­лер сияқты орындаушылармен қысқа­мер­зімді келісімдер болашақта сұранысқа ие нақты, тар дағдылары бар жұмысшыларды іріктеудің және жалдаудың ұзақ үдерісінен бас тартуға мүмкіндік береді. Нақты жо­баларға фрилансерлерді тарту арқа­сында бизнес персонал мен инфрақұрылымға, үй-жайларды, компьютерлерді, жабдық­тарды және басқасын жалдау шығындарын қысқартады, оларға нәтиже бойынша ғана төлемақы береді. Мысалы, егер бір ау­қымды құжатты, есепті шет тіліне ау­дару қажет болса, компанияға аудармашы-қыз­меткерді жалдау орынсыз. Ал аударма бю­росына жүгіну бюрократиялық шы­ғын­дарды талап етеді: ол үшін нақты тех­никалық тапсырманы дайындауы, шарт­қа, актілерге қол қою керек, басқа қо­сым­ша жұмыстары алдан шығады. Сондықтан мұн­дай тапсырманы фрилансерге беру оңтайлы шешімге айналады», – деді орталық мамандары.
ЕРДО дерегінше, фрилансерлер ара­сын­да копирайтерлер, контент жасау­шы­лар, редакторлар, аудармашылар, дизай­нер­лер, IT мамандары, маркетологтар, SMM мамандары бар. Ал Freelancer.com дере­гіне сүйенсек, әлемде компаниялар­дың көпшілігі контент жасау, жазу, вир­туалды анимация, ақпараттық тех­но­ло­гиялар және бағдарламалау, маркетинг және цифрлық сауда, графикалық дизайн, му­льтимедиялық редакторлар маман­да­рын көбірек іздейді. Фриланс үшін қызықты платфор­ма­ларға Upwork, Fiverr, Toptal, Simply Ніred, PeoplePerHour, Aquent, Crowded, The Creative Group, 99Designs, Nexхt, TaskRabbit кіреді. Сонымен қатар сала үшін әлеу­мет­тік желілердің рөлі өсіп келеді. Фри­лансерлер арасында Facebook, LinkedIn, Instagram және YouTube танымалдылығы арту үстінде. Орталық сарапшылары күнделікті жұ­мыс орнына баруға ерінетін адам фри­лансқа көшіп, демалыстан ләззат ала ала­ды деген қате пікір қалыптасқанына на­зар аудартты. Шынында, фрилансердің өмірі тынбайтын талпыныстан, үздіксіз ізденістен тұрады.
«Жұмыс уақытының шектелмеуі және жұ­мыс кестесінің тұрақсыздығы жағ­дайын­да үнемі өзін-өзі ұйымдастыру та­ла­бы кәсіби шаршау, қажу қаупін арт­тырады. Өйткені тапсырмалар жұмыстан тыс уақытта, белгіленген мерзім аяқталуға тая­ғанда, соңғы сәтте түсуі мүмкін. Әрі оны тез орындау талап етіледі. Бұл жағдай ұдайы қайталана берсе, бұл фрилансерді әбден жалықтырып, денсаулығына зиян кел­тіруі мүмкін. Мұндай жұмыспен қамту өз рейтингін көтеру, көбірек тұтынушы­лар­ды тарту үшін бастапқы жұмыс көле­мінен артық орындауға мәжбүр етеді. Бұған қоса, үнемі трендті білу, трендте болу талап етіледі», – деп түсініктеме бер­ді Еңбек ресурстарын дамыту орталығы.
Қорыта айтқанда, фриланс саласы қанша қызықты, игілігі мол көрінгенімен, оның артатын жауапкершілігі де зор. Яғни, кержалқаулар, іске қырсыздар мұн­да да еш табысқа жете алмайды. Таяуда депу­тат ағаларымыздың бірі қазіргі жас­тар­дың ТикТок блогер болуды ғана қалай­тынына, ауылда жермен жұмыс істейтін адам қалмайтынына алаңдаушылық біл­дірген еді. Бірақ блогер болу да белгілі бір қабілет, қарымды талап етсе керек. Қалай болғанда, Еңбек министрлігі фри­ланс саласын еріккеннің ермегі сана­май, еңбек санатына қосып отыр. Тек до­нат жиятын, жарнамадан табыс табатын мың­даған блогер, көлеңкелі табыс таба­тын мыңдаған инфлюенсер ресми тірке­ліп, алымдарын, салықтары мен жарна­ларын тұрақты аударып тұрғаны маңызды. Абай атамыз «Есектің артын жусаң да мал тап» деп жазды. Мұнысы адал табыс әке­ле­тін жұмыстан арланба дегені болса керек. Ал егер қазақстандық фрилансерлер Қазақстанда отырып, дүниенің төрт бұры­шынан еңбекақы алып отырса, бұл қа­зақ­тың заманауи жаһандық еңбек нарығының өріне өрлегені.