Талдықорғанда оқушы қызды ұрып-соққан жасөспірімдерге қатысты жаңа видео пайда болды

Талдықорғанда оқушы қызды ұрып-соққан жасөспірімдерге қатысты жаңа видео пайда болды

Әлеуметтік желіде оқушы қызды жасөспірімдердің ұрып-соғып жатқан видеосы таралған болатын. Артынша оқиғаға қатысы бар қыз “ешкімнен қорықпаймын, маған бәрібір” деп мәлімдеме жасады. Қала тұрғындарының сөзінше, полиция да бұл қыздардың әрекетіне көз жұма қарайтын көрінеді.

Үш қыздың бір қызды жауыздықпен ұрып-соққан видеосы тарады. Оқиға Талдықорған қаласында болғаны анықталған. Полиция оқиғаға қатысқандардың барлығын анықтады. Полицияның хабарлауынша, видео 9 қаңтарда Талдықорғанда "Самал" шағынауданындағы пәтерлердің бірінде түсірілген. Алайда артынша журналист Самал Қабышева оқиғаға қатысы бар қыздардың видеосын жариялады. Видеода боқтық сөз айтқан қыз ешкімнен, еш нәрседен қорықпайтынын жеткізген. Видеоның соңында қыздардың полицейлермен қыдырып, формаларын киіп, бірге ішімдік ішіп жүргенін байқауға болады.
“Бұл баяғыда жабылып кеткен. Менің басымды ауыртып, маған жаза бермеңдер. Ол өтірік тарап кеткен нәрсе. Полиция жауап берді ғой, соны көріңдер. Ол қыз баяғыда арызын қайтарып алған. Өзінің кінәсі үшін қайтарып алды. Басымды ауыртып маған жазбаңдар. Маған бәрібір не жазсаңдар да”, – дейді видеода қыз.
Журналист Самал Қабышева министрліктен мәселені түсіндіруді сұрады.
“Полиция бізді қорғай ма, қорлай ма? Бұл не сұмдық! Бұған дейін үш қыздың жалғызды жабылып ұрған жауыздығын жарияладым. Енді мына бетпақтардың жауабын қараңыздар. Видео архивтерінде тек полицейлермен жүретіндері көрініп тұр. Сонда полицейлер тәртіпке шақырудың орнына мына шөткі бастармен әмпей-жәмпей болып жүр ме?” – деп жазды журналист.
Сонымен қатар әлеуметтік желіде қала тұрғындарының да жазбалары тарап кетті. Олардың сөзінше, бұл қыздардың үстінен бірнеше рет арыз жазылған. Алайда полицейлер де олардың қылмысын жасырып, кір жуытпайтын көрінеді.
“Олардың шынымен есі дұрыс емес. Әр жігітпен бір пәтерге барып, ішіп, шегіп жүреді. Талдықорғанның полиция қызметкерлері де еш нәрсе істей алмайды оларға. Солардың ашынасы сияқты жүреді. Мен де олардың үстінен бұрын арыз жазғанмын. Полиция барып, олар үйінде жоқ деп өтірік айтады. Мен көріңіз мүмкін болконда шығар десем де, жоқ деп қоймайды. Полицияның өзі олардың қылмысын жасырып отыр ғой”, – деп жазды қала тұрғындарының бірі.
Оқиғаға қатысты Жетісу облыстық Полиция басқармасы түсініктеме берді. Олардың сөзінше, видео жариялаған қыз бен төбелескен қыздардың ешқандай қатысы жоқ.
“Ақпарат ескеріліп, тексеру жүргізілді. Кәмелетке толмаған қыз Алматы қаласында тұратыны, ол оқу орындарының бірінде оқитыны анықталды. Бойжеткен бейнежазбадағы полиция қызметкерлерімен жүрген видеоны әртүрлі ресурстардан жүктеп алған. Артынша видеоны монтаждап, жүктеген. Оқушы қыздар жанжалға тікелей қатыспаған, тек видеоны өз парақшасында жариялаған. Сондай-ақ әлеуметтік желіде әдепсіз сөздермен бейнехабарлама жариялаған қыз бала Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы “ұсақ бұзақылық” бойынша жауапкершілікке тартылатынын хабарлаймыз. Оның ата-анасы ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес “Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау” бойынша жазаланады”,  – деп мәлімдеді Жетісу облысы ПД баспасөз қызметі.