Талдықорғанға «Тайсон» келе ме?
Талдықорғанға «Тайсон» келе ме?
282
оқылды
Негізгі қызметін төрт бағытта жүргізетін, соның ішінде сиыр етін өңдеуге басымдық беретін америкалық трансұлттық Tyson Foods компаниясы Жетісу жеріне көз тігіп отыр. Еліміздегі аграрлы аймақ, оның ішінде төрт түлігімен мақтана алатын өңір ретінде аталатын облысымызда ет өңдеу бағыты бойынша тағы бір ірі жоба жүзеге асуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда, Алматы облысында жылына 500 мың бас ірі қара етін өңдейтін, 20 мыңға жуық жанды жұмыспен қамтитын, жалпы құны 300 млн АҚШ долларын құрайтын ет комбинатын салу жөніндегі алғашқы жүздесу сәтті өтті деуге болады. Облыс әкімі Амандық Баталов пен өңірдегі ет өндірісіне жауапты тұлғалар америкалық трансұлттық Tyson Foods компаниясы мен олар­дың Қазақстандағы серіктесі өндірістік-инвестициялық Kusto Group компаниясының өкілдері­мен кездесіп, жобаның жай-жап­са­рымен ақылдасты. Кездесуге Ауылшаруашылық вице-министрі Гүлмира Исаева, өңір­дегі 11 ірі шаруа қожалық­тың басшылары қатысты. Жетісу жерінің әлеуметтік-эко­номикалық дамуының негізгі бағыттары, инвестициялық мүм­­кін­діктері, трансұлттық ком­па­ния­лармен бірге қолға алынған жо­балар жайлы айтылғандарды мұ­­қият тыңдаған іскер қонақ­тар­­дың өңірде инвесторларға бар­лық қажетті қолдаулар жаса­ла­тынына көздері жете түсті. «Ал­ма­ты облысының өңірлік даму орта­лығы» ЖШС дайындаған бей­не­­таныстырылымнан мәлімет алды. Tyson Foods Inc кәсіпорнының аға вице-президенті, бас директор Шэйн Миллер қонақжайлық пен жо­баны жүзеге асыруға қажетті то­лық мәліметтер үшін алғысын біл­дір­ді. Оның айтуынша, Tyson Foods компаниясының қаржы айналымы өткен жылы 42 млрд АҚШ долларына жет­кен. Компа­ния 4 бағытқа ма­ман­­данған, со­ның ең ірісі – сиыр етін өңдеу. Ком­­панияда 140 мыңға жуық қыз­мет­кер істесе, оның 38 мы­ңы ет бағы­тында жұмыс істей­ді. АҚШ-та ком­панияның 6 ет ком­би­наты бар, оларда жылына 7,5 млн бас ірі қараның еті өңделіп, әлемнің 80 еліне шығарылады. Алматы облысында салы­на­тын зауыт толық қуатына көш­кен­­де жылына 500 мың бас ірі қа­ра­­ның етін өңдей алады. Екі ауы­сыммен жұмыс істейтін кә­сіп­орында 4 мыңға дейін жаңа жұ­мыс орны құрылады. Сонда за­уыт жұмысын қамтамасыз ете­тін қосалқы құрылымдарды қоса алғанда 20 мыңға жуық адам ең­бек­пен қамтылады. Шэйн Мил­лер компанияның ірі шаруа­шы­лықтармен қатар, шағын шаруа қожалықтарымен де бірігіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Kusto Group компаниясы Ди­рек­торлар кеңесінің төрағасы Ер­­кін Тәтішев те жобаның жай-жап­­сарын егжей-тегжейлі түсін­ді­­руге тырысты. Өркенді өңірдің мал шаруашылығының әлеуеті осы маңызды инвестициялық жобаны сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік бе­ре­тініне жан-жақты тоқталды. – Елімізде трансұлттық ком­па­ниялардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан 19 жобаның 9-ы – біздің облыста. Ет өңдеу са­ла­сын дамыту – басты бағыттың бірі. Сондықтан осы жобаның іс жү­­зінде орындалуы біз үшін аса ма­­ңызды. Біз өз тарапымыздан бар­­лық қажетті қолдау көрсетеміз. Қажетті мамандықтарға кадрларды бюджет есебінен оқытуға жәрдем жасай аламыз. Менің әріптестерім сіздерге комбинатты салуға бола­тын орындарды көрсетеді. Әри­не, Талдықорғанда сондай ірі өн­­­­діріс ашылса керемет болар еді, – деген облыс басшысы орын­ба­­­сар­лары мен тиісті лауазымды тұл­­­­ғаларға жобаны жүзеге асыру жұ­­­­­мыстарымен айналысуды тап­сыр­­ды. Америкалық компанияның өкіл­­дері жергілікті кадрларды АҚШ-та жұмыс істеп тұрған өнді­ріс­­терінің базасында оқытуға әзір еке­нін білдірді.   Болат АБАҒАН, Алматы облысы