Әйелдердің зейнет жасын әр баласы үшін екі жылға төмендету қажет – Мәжіліс депутаты
Әйелдердің зейнет жасын әр баласы үшін екі жылға төмендету қажет – Мәжіліс депутаты
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Facebook  парақшасында әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты жазба жариялады. Депутат жазбасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне арналғанын жеткізді. "Әйелдер үшін зейнеткерлік жасты төмендету жөніндегі ұсынысым үлкен резонанс туғызды. Оның мәні қарапайым – әйелдердің зейнеткерлік жасын әрбір туған баласы үшін екі жылға төмендету. Бұл жөнінде әртүрлі сараптамалық пікірлер бар, бірақ негізінен, мен оң пікірлер аламын. Адамдардың басым көпшілігі мені қолдайды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова басты проблема қанша жинақтардың жиналғанында деп мәлімдеген еді: «Егер жинақтаушы қорда қаражаты және жұмыс өтілі болмаса, онда зейнетақысы да өте аз болады». Қазақстанда мынадай үш деңгейлі зейнетақы жүйесі қолданылады: 1) бюджеттен төленетін базалық зейнетақы; 2) бюджеттен төленетін ынтымақты зейнетақы; 3) БЖЗҚ-дан төленетін жинақтаушы зейнетақы. Әрбір қазақстандыққа базалық зейнетақыға кепілдік беріледі. 2023 жылға арналған базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 24 341 теңгені құрайды. Бұған қосымша 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар зейнеткерлер ынтымақты зейнетақыны алады. Ынтымақты зейнетақының ең төмен мөлшері – 53 076 теңге. Нәтижесінде, 2023 жылы зейнетақының ең төмен мөлшері (ынтымақты + базалық) 77 417 теңгені құрайды. Жинақтаушы зейнетақыға келетін болсақ, бұл реформа сәтсіз болып шықты. БЖЗҚ салымшыларының 61%-ында 1 млн теңгеге дейінгі жинақтары бар. Қазақстандықтардың басым көбінде БЖЗҚ-да жеткілікті жинақтары жоқ әрі болмайды да, өйткені олардың жалақысы мен кірісі төмен. Бұған қоса, олардың онсыз да аз жинақтары БЖЗҚ-да құнсызданады. Соңғы 12 айда БЖЗҚ кірістілігі ағымдағы инфляция 20% болған кезде 5,91%-ды құрады. Енді БЖЗҚ сайтында орналастырылған зейнетақы калькуляторы бойынша шағын есеп-қисап жүргізіп көрейік. Мәселен, ең төмен жалақы 70 000 теңге болса, 63 жастағы әйелдің зейнетақысы небәрі 77 мың теңгені құрайды. Оның ішінде жинақтаушы зейнетақы – небәрі 28 мың теңге, яғни 35%. Ал егер ол 57 жасында зейнетке шықса, онда оның зейнетақысы 67 мың теңгеге дейін азаяды, яғни 5 жылдағы еңбек айырмасы небәрі 10 мың теңгені ғана құрайды. Әрине, бұл шартты есеп-қисап. Бірақ одан зейнетақы мөлшерінде, әсіресе кірісі төмен әйелдер үшін едәуір айырмашылық (57 мен 63 жас арасында) болмайтынын көруге болады. Бұл ретте, негізінен, 50 жастан 60 жасқа дейінгі әйелдердің тұрақты жұмысы жоқ екенін және ешқандай зейнетақы жарналарын жасамайтынын түсіну маңызды. Бүгінде олардың саны Еңбек министрлігінің деректері бойынша, 325 мың әйелді құрайды. Олардың жинақтары жоқ әрі болатыны да екіталай. Олар тек қана мемлекетке – бюджеттен төленетін базалық және ынтымақты зейнетақыға үміт артады. Қазақстандық әйелдерге, әсіресе аналарға зейнетке ерте шығу құқығын беру қажет. Әрі олардың әрқайсысы мұндай құқықты пайдаланатынын немесе пайдаланбайтынын өздері шешеді. Көптеген әйел үшін зейнетке ерте шығу өз денсаулығы мен өмірінің жылдарын сақтап қалудың бірден-бір мүмкіндігі болып табылады", – деп жазды ол.