Комитет мүшелері ұсыныс-талаптарын жеткізді
Комитет мүшелері ұсыныс-талаптарын жеткізді
1,312
оқылды
Өткен жұма күні «AMANAT» пар­тия­сының жанындағы Агроөнер­кәсіптік кешен комитетінің кезекті отырысы өтті. Орталық аппаратта өт­кен жиын ауыл шаруашылығы сала­сын дамытуға қатысты ұсыныс-та­лап­тарды жинауға арналды. Со­ның ішінде агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібіне қатысты күрделі мәселелер сөз болды. Шақырылған қонақтардан бөлек отырысқа аймақтардағы және бірқатар өзге де комитет мүшелері онлайн қатысып отырды. Комитет төрағасы, Мәжіліс депу­таты Қайнар Абасов сала проблемасын кө­теріп, Үкімет, әкім­діктер және квазимем­лекеттік компания­лар сынды тиісті орган­дардың алдына мәселе етіп қою мақсатын көздейтінін жеткізді.
«Өздеріңіз білетіндей, оңтүстік өңір­лердегі шаруалар көктемгі егіс жұмыс­тарына дайындалуға кірісіп кетті. Өзге өңірлер де көп кешікпей бастамақ. Осы ретте уақытылы және сапалы дайындық жасау мақсатында, соның ішінде тұқым­дар, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер сынды тағы да басқа қажетті материалдарды сатып алуға қаржы ресурстарымен қамта­ма­сыз ету үшін жағдай жасау қажет. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркісібі – үздіксіз жүретін процесс. Сондықтан да мұндағы туындайтын мәселелерді уақы­тылы талқылап, Үкімет деңгейінде көтеру қажет», – деді ол.
Партияластар қозғаған өзекті мәсе­лелерден еліміздің аграрлық саласы, әсіресе шаруалар қауымы күрделі кезеңді бастан кешіріп отырғанын байқауға болады. Өйткені мұндағы қай салада да ұйымдастырушылық та, қаржылық та, заңнамалық та кереғар қиыншылықтар көп. Мәселен, БҚО-дағы комитет мүшесі, Теректі аудандық мәслихат депутаты, «Теректі» ШҚ басшысы Сержан Идиатов: «Майлы дақылдар экспортына квота қойылып, лицензиялау енгізілгелі отыр. Бұл түбегейлі дұрыс емес. Батыс Қазақстан үшін егіншіліктің осы түрі коммерциялық басым бағыт саналады. Көптеген қожалық­тар осылайша кәсіп етіп, жұмыс орын­дарын беріп отыр. Біз тиісті органдарға батыстық аграрилер атынан ұжымдық хат жазып жібердік. Осы мәселені Үкімет алдына талап етіп қойсаңыздар» десе, Қа­рағанды облысындағы комитет мүшесі, Абай ауданындағы «Шанс» ШҚ басшысы Игорь Жабяк: «Мал шаруашылығын да, егін шаруашылығын да субсидиялау ере­жесі әлі бекітілген жоқ. Көктемгі егістік жұмыстары мен мал төлдеу уақыты таяп қалды. Соны тездету керек. Ал жалпы субсидиялау ережесін қайта-қайта өзгерте бергенді қою керек» деп талабын жеткізді. Ал Қостанай облысындағы комитет мүшесі, облыстық мәслихат депутаты, «Алексан­дровское» ЖШС директоры Андрей Двуреченский кепілдік база мәселесін сөз етті.
«Жыл сайын «Тобыл» ӘКК-нің ке­пілдік базаға қойылатын талаптары кү­шейіп келеді. Бірақ, тапқаны жұмсаға­нынан аспайтын шаруаларда жаңадан бір нәрсе тұрғызуға мүмкіндігі жоқ. Көктемгі егіс науқаны таяп келеді. Бірақ, шаруаларда кепілге қоятын лайық мүлік аз. Мәселен, 150 миллион несие алу үшін 360 миллион­дық кепілзат талап етіледі. Ондайды табу қиын. Оның үстіне, қазір бәрі қымбаттап жатыр. Шаруалардың шығыны артып келеді. Сондықтан да биыл қаржыландыру көлемі жетпей қалу қаупі зор. Бір сенге­німіз «Азық-түлік корпорациясы» болса, ол да проблемаға тап болғандықтан қар­жыландыруды қысқартуға мәжбүр. Қазір шешім қабылданбаса, өңірдің ауыл ша­руашылығында қаржы тапшылығы туын­дауы мүмкін», – дейді ол. Осы секілді проб­лемалы мәселелер қай өңірден де ай­тылып жатты. Мәселен, Маңғыстау облысынан сөз сөйлеген комитет мүшесі Оңайбек Әбділов климаттық жағдайына байланысты ауызсуға зәру өңірде құдық қазуға берілетін субсидияның алынып тасталғалы жатқандығын ашына жеткізді. Бұл онсызда былтыр жұттан әрең шыққан өңірлік агросекторды одан сайын тұра­латып тастауы мүмкін. Сондай-ақ Оңайбек Нұрасылұлы маңғыстаулық шаруаларды күн панельдерімен қамту жұмыстарын қайта жандандыру қажеттігін жеткізді. Бұл елсіз түзде мал ұстаған малшылардың тұрмыстық тауқыметін жеңілдете түспек.
Жиында сонымен бірге Gosagro.kz және Qoldau.kz субсидиялау жүйелерін инте­грациялау жайы сөз болды. Егер бұл мәселе тезірек шешілмесе, биыл фер­мерлер субси­диядан қағылуы мүмкін. Ал ауыл шаруа­шылық техникаларын ҚҚС-дан босату мәселесінде Салық кодексінде қайшылық­тар көп. Өйткені бұл жұмыстар қаржылай лизинг арқылы жүргізілетін­діктен, қаржы­лық ұйымдар субъектісіне өндіріс үшін қарастырылған мұндай жеңіл­діктер жүр­мейді. Ауыл шаруашылық өнімдерін экс­порттағанда теміржол ар­қылы тасымалдауда да проблемалар көп. Әсіресе, бидай мен диір­мен өнімдерін та­сымалдаушы компа­нияларға «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы маршру­тизация бойынша шектеу қойып отыр. Олардың талабы – экспортқа шығатын вагондар саны 10-нан кем болмауы тиіс. Қант зауыттарының да жанар-жағармайдан таршылық көріп отырғаны, әлеуметтік маңызды тауарлар қатарына жататын бұл өніммен ішкі нарықты барынша қамту туралы Мемлекет басшысының тапсыр­масын орындауға кедергі боп отыр. Мұн­дағы бір себеп, Орынбордағы ГӨЗ-дің біздің газды өңдеу көлемін азайтып жібер­гендігінде жатыр. Осы және басқа да мәселелер комитет отырысында сөз болып, тиісті құзіретті органдар алдына мәселе етіп жолдануы үшін ортақ алаңда сарапталды. Бұл тұста проблемалардың барлығы қазіргі эко­номикалық ахуалдан туындап отырғанын аңғару қиын емес. Инфляция мен қым­батшылық қысқан шақта мемлекет рет­теушілік тетігін қатайта түскендіктен де, ең бірінші кезекте шаруалар зардап шегіп отыр. Мұны жиынды қортындылаған Комитет төрағасы да атап өтті.
«Сөз болып отырған қай мәселе де бірінен-бірі маңызы кем емес проблемалар. Сондықтан олардың қай-қайсысы да назардан тыс қалмайтын болады. Талқы­ланған мәселелер бойынша тиісті хаттама дайындалып, оларды шешу үшін Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдарға жі­берілетін болады. Менің ойымша, осында көтерілген мәселелерді тұжырымдай түсу үшін келесі отырысқа нақты жауапты сала өкілдерін шақыру қажет», – деді Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов.