Солтүстік Қазақстан облысында қарапайым тұрғындар шабындық жерге зәру. Олар өз қорасындағы малын бағатын және шөп шабатын жер жоқтығын айтып шағымдануда. Жердің басым бөлігі жергілікті шаруа қожалықтары мен ірі серіктестіктерге берілген. Олардың арасында өз алқабына ауылдықтардың аяғын аттап басқызбайтындары бар. Қазақ үшін ежелден жер дауынан үлкен дау жоқ. «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы мен қоғамдық қабылдауына жүгінген солтүстікқазақстандықтардың барлығы өздерінің жерге қатысты мәселелері шешімін таппай келе жатқанын айтып, жанайқайын жеткізді. Мағжан Жұмабаев ауданындағы Полудино ауылының тұрғындары жаппай шабындық жерге зәру. Бұл туралы ауылдықтар атынан сөз алған Анатолий Бишель айтты.
«Бұған дейін ата-бабаларымыз шөп шауып келген жерден айырылдық. Бұған ауылда жуырда ашылған сүт-тауарлы фермасына мал әкелінгені себеп болды. Енді жаңа кәсіпорынның иесі барлық жердің шөбін маусым айынан бастап өзі ғана шауып алады. Үш жыл бойы шағымданып бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Мәселе шешілетін түрі көрінбейді. Баяғы жартас, сол жартас. Әкіміміздің қолынан түк келмейді. Оны өзі де айтып отыр», – деді ол.Ауылдықтардың айтуынша, «Полудино» тауарлы-сүт фермасын ашқан Мирахмед Гасанов ауыл маңындағы жерді иемденіп алған, шөбін де өзі ғана шауып алады. Өйткені сүтті бағыттағы сиырларын асырау керек. Ал ауылдықтардың малы күл болмақ түгіл, бүл болса да, онда ешкімнің шаруасы жоқ сияқты.
Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жанат Тоқсанбаев түсіндіргеніндей, бұған дейін ауылдықтар жеке кәсіпкердің иелігіндегі алқаптың шөбін шауып келген. Ал қазір оның өзінің малы бар, сондықтан шөбін де өзі шабады. «Тұрғындарға былтыр тамыз айында 30 гектар жер ұсынғанбыз. Олар бас тартты», – деді Жанат Бекішұлы.Солтүстік Қазақстан облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бақытжан Бекіштің айтуынша, бұған ол жердің күтім көрмегені себеп болуы мүмкін. Қарапайым тұрғындар мен зейнеткерлердің талай жылдан бері күтусіз жатқан жерді күтіп-баптау үшін не техникасы, не қаржысы жоқ. Ол бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар екенін түсіндірді. Соның бірі әрі ең оңтайлысы – аудандық әкімдік пен кәсіпкердің арасында меморандум жасасып, тұрғындарға шөп шабуға рұқсат беру. Келесісі – мемлекет мұқтажы үшін жерді тартып алу. Бірақ бұл қиынырақ. Облыстық «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Болат Данияров шынымен де кәсіпкерге тұрғындардың құқығын шектеуге болмайтынына келісетінін айтып, бұл мәселені заң жүзінде шешуге ат салысатынын жеткізді. АЯҚТАН ШАЛУ КІМГЕ КЕРЕК? Қызылжар ауданының Архангельское ауылынан келген Жанат Сәбитовтің қой шаруашылығын дамыту туралы ойы бар. Алайда шабындық жері жоқ.
«Қой өсірсем, оған жемазық, шөп дайындау керек. Бірақ жердің бәрі конкурс бойынша бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан шаруа қожалықтарына, серіктестіктерге беріледі. Бізге бөлінбейді. Ауылдық округ әкімі «конкурсқа қатысуға мүмкіндік бар» деп шығарып салады», – дейді ауыл тұрғыны.Бұл ауылдың маңайындағы 11 жер телімі ақпан айының басында конкурсқа шығарылмақ. Бірақ конкурсқа қатысу үшін оның жеке кәсіпкерлігі болуы шарт. Алайда әлі несиеге де, жерге де қолы жетпей жүрген адам ондай тәуекелге бармақ емес. Несиені де партияның «Ауыл аманаты» жобасы бойынша алмақ ниетте. Оның мәселесін тиісті мекемелер бақылауға алатын болды. Өңірде үш жылдан бері шешімін таппай келе жатқан тағы бір жер дауы – «Имран Агро» ЖШС-ның мәселесі. (AIQYN, №150 (4202), 7 қазан 2022 жыл, «Сергелдеңге салған жер дауы»). 2019 жылы аукционнан 500 миллион теңгеге 15 мың гектар жер сатып алған Өмірсерік Ақышев өз мүлкіне өзі иелік ете алмай дал. Бүгінде ақша да жоқ, жер де жоқ күй кешіп отырған ол соттасудан әбден қажыған. «Имран Агро» басшысының қолында жер актісі де, салық төлемдерін төлегені туралы түбіртегі де, жерді сату-сатып алу келісімшарты да бар. Алайда сол құжатты «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ тіркемей отыр. Жеке кәсіпкер мен оның заңгерінің ойынша, бұл кедергінің бәрі қолдан жасалған. Тауы шағылған шаруа «Жер аманаты» комиссиясынан көмек сұрады. «AMANAT» партиясы оның мәселесін заң аясында шешуге тырысып бақпақ. AIQYN-ға АЛҒЫС Қызылжар ауданына қарасты Бугровое ауылының тұрғыны, 2-ші топтағы мүгедек Маржан Жукова «Шағала Агро» ЖШС тарапынан жер үлестері үшін төлемін ала алмай жүргеніне шағымданды. Оның мәселесі сол жерде шешімін тауып, бүгінде оған тиесілі төлем қолына тиді. Айта кету керек, бұған дейін AIQYN газетінде көтерілген тағы бір жер дауы жуырда оң шешімін тапты. Бұл мәселе де «Жер аманаты» комиссиясында қаралған болатын. Айыртау ауданындағы бес ауылдың жерін саудаға салып, халықты қан қақсатқан алаяқтар тиісті жазасын алды. Ауылдықтардың келісімінсіз олардың жерін кепілдікке қойып, 600 миллион теңге несие алған кәсіпкер қарызын өтей алмағандықтан, кепілдегі мүлік аукционға шығарылған болатын. Жерінен айырылған халық үш жыл бойы соттасып жүріп, жуырда жеңіске жетті. Сот үкіміне сәйкес «Жарқын СК» серіктестігінің басшысы мен оның сыбайласы 6 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айырылды. Ал ауылдықтарға тиесілі 42 000 гектар жер кепілдіктен шығарылды. Сол үшін бастамашыл топ AIQYN газетіне алғыс білдірді. Солтүстік Қазақстан облысында дәл осындай күй кешіп отырған ауылдар әлі де көп. Олардың да сергелдеңі аяқталып, асықтары алшысынан түсер күн туар ма екен?
Солтүстік Қазақстан облысы