Биыл бірқатар бәсекеге куә боламыз. 2023 жылғы спорт маусымын шорт-тректен әлем кубогы, қысқы универсиада ойыны мен теннис турнирі ашып берді. Жанкүйерлер қоржынға жүлде молынан түсетініне дәмелі. Өйткені жазда үш бірдей әлем чемпионаты күтіп тұр. Алты жыл күткен алтын
Қазір АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында XXX қысқы Дүниежүзілік универсиада бәсекесі өтіп жатыр. Бұл додаға Халықаралық студенттік спорт федерациясына (FISU) мүше 43 елдің спортшысы спорттың 12 түрінен 86 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Ал байрақты бәсекеде ел намысын 78 спортшы қорғайды. Оның ішінде биатлоннан – тоғыз, мәнерлеп сырғанау мен конькимен жүгіруден – алты, шаңғымен жарысудан – он төрт, шорт-тректен – он екі, сноуборд, тау шаңғысы спорты, тұғырдан секіру мен қоссайыстан – екі, шайбалы хоккейден 23 студент бақ сынайды.
Жоғарыда биыл өтетін бірқатар бәсекені атап өттік. Мәселен, 12-22 қаңтар аралығында өтіп жатқан Қысқы Универсиада ойындары сәтті басталды. Жарыстың үшінші күні Вадим Куралес 15 шақырымға жекелей сында алтын медаль еншіледі. Ол төрт оқ ату аймағында бір рет қателікке бой алдырып, аталған қашықтықты 44 минут, 37 секундта бағындырды. Осылайша, алты жыл күткен алтынға қол жеткізді. Сондай-ақ тағы бір отандасымыз Александр Мухин жарысты алтыншы орынмен аяқтады. Александр оқ ату кезеңінде бес рет қателесті.
Оған қоса, шайбалы хоккейшілер жарап тұр. Олар осыған дейінгі үш ойында шашасына шаң жуытпады. Оңтүстік Корея құрамасын 5:1 есебімен жеңсе, Венгрияны 9:1 есебімен тас-талқан етті. Бұл аз десеңіз, Ұлыбритания құрамасын 15:1 есебімен жеңіп, Словакиямен өтетін матчты тағатсыздана күтіп жүр. Ұлттық құраманың алдында екі ойын қалды. Егер осы темпті сақтай білсе, жігіттер плей-офф кезеңіне өтеді.
Қыспенкөктем
Жарыс легін ары қарай жалғасақ, 16-27 қаңтар аралығында 22 жасқа дейінгі боксшылар Тайландта өтетін Азия біріншілігіне қатысады. Сондықтан жанкүйерлердің жастардан күтері көп. Тенниссүйерлер үшін де жыл жай басталмайды. «Үлкен дулыға» санатындағы «Аустралия оупен» додасы 8-29 қаңтарда өтеді. Оған ел атынан Елена Рыбакина, Александр Бублик, Юлия Путинцева бастаған теннисшілер қатысады.
Теннисшілер мұнымен тоқтамай, ақпан айында да әупірімдеп көреді. Себебі олар әлем чемпионатының финалын берілетін жолдама үшін сынға түседі. Айта кетерлігі, 4-5 ақпан күндері Чилиде теннистен ерлер құрамасы жергілікті спортшыларымен жолығады. Ал биатлоншылар Германияда өтетін әлем чемпионатына аттанады.
Елімізде көктем келді деген сөз футбол маусымы басталатынын білдіретіндей. Өйткені ел ішіндегі біріншіліктен бөлек, ұлттық құраманы Еуро – 2024 іріктеу кезеңі күтіп тұр. Футболшылар наурыз айында Словения мен Данияға қарсы кездесу өткізеді. Одан бөлек, 2-5 наурызда Нидерландта конькимен жүгіру спортынан әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Мәнерлеп сырғанаушылар болса, Жапонияның Сайтама қаласындағы додада бақ сынайды. Аталған жарыс 20-26 наурыз күндері өтеді.
Ал сәуірде теннистен әйелдер құрамасының алдында жауапты кездесу бар. Олар 14-15 сәуірде Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде Польша құрамасымен кездеседі. Төрт жекелей және бір жұп кездесуден тұратын алғашқы кезең елімізде өтеді. Жеңіске жеткен құрама финалға жолдама алатыны тағы бар.
Үш бірдей әлем чемпионаты менмұндалап тұрған соң мамыр айын жанкүйер асыға күтіп жүр. Мәселен, 1-14 мамырда Өзбекстанда бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты басталады. Дзюдошылар Дохада 7-14 мамыр күндері әлем біріншілігінің медалін сарапқа салады. Шайбалы хоккейден Тампере мен Ригада өтетін дода 12-28 мамырға бекітілген. Ал «Астана» велокомандасын «Джиро д’Италия» көпкүндігі күтсе, теннисшілер «Ролан Гарросқа» аттанады. Мамыр айын футболдан Еуропа лигасының финалы түйіндейді.
Жазбенкүз
Жаздың тымық кешін 10 маусым күні өтетін Чемпиондар лигасы финалы әспеттей түспек. Оған қоса ел құрамасы Еуро – 2024 турнирі аясында Сан-Марино мен Солтүстік Ирландия құрамасымен матч өткізеді. Прагадағы Конференция лигасы финалы мен Ұлттар лигасы ширек финалын да естен шығармаған абзал.
Ізін жалғай шілдеде Еурододаның іріктеу матчтары басталады. Тарқатып айтсақ, Конференция лигасы мен Чемпиондар лигасына іріктеу ойындары ұйымдастырылады. Одан бөлек, «Астана» велокомандасы «Тур де Франс» көпкүндігіне қатысады. 3-16 шілде күндері теннистен әйгілі «Уимблдон» турнирінің жалауы желбірейді. Сондай-ақ шілде айының соңында су спорты түрлері мен садақ атудан әлем чемпионаты жоспарда тұр.
Ал 19-27 тамызда Будапеште жеңіл атлетикадан әлем біріншілігі басталады. Одан басқа 23-27 тамызда Испания төрінде көркем гимнастикадан чемпионат өтеді. Көптен күткен баскетболдан әлем кубогы 25 тамыз бен 10 қыркүйекте Индонезия, Жапония мен Филлипинде өтеді. 28 тамыз – 10 қыркүйекте теннисшілер «Үлкен дулыға» санатындағы US Open турниріне қатысады.
Қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында Азия ойындарының жалауы желбірейді. Бұл жолы дода 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығына жоспарланған. Айта кетерлігі, жауапты бәсекеде алдағы Олимпиаданың көлеңкесі түседі. Сондықтан жанкүйерлер жарысты жібермей тамашалағаны абзал. Сонымен қатар велоспорттан 21 кезеңнен тұратын «Испания Вуэльтасы» басталады. Оған қоса, қыркүйекте Белградта күрес түрлері мен ескек есуден, Эр-Риядта ауыр атлетикадан әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Ең бастысы, аталған айда ұлттық құрама Еуро – 2024 іріктеу кезеңі аясында жауапты екі кездесу өткізеді. 7 қыркүйектегі Финляндияға, 10 қыркүйектегі Солтүстік Ирландияға қарсы матч елімізде өтетінін есте ұстаған жөн.
Көп өтпей Адиев бастаған жігіттер 15 қазанда Даниямен, 18 қазанда Финляндиямен жолығады.
Ал қараша айында Билли Джин Кинг және Дэвис кубогының финалы өтеді. Егер ерлер және әйелдер құрамасы іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсетсе, финалға шығуы мүмкін. Мысалы, Шотландияда әйелдер арасындағы финал ойыны 8-13 қарашада, 22-26 қарашада ерлер арасындағы ақтық сын өтеді. Сонымен қатар ұлттық құрама 17 қарашада Сан-Марино құрамасымен кездессе, 21 қарашада сырт алаңда Сло-вениямен жолығады. Осылайша, Еуро – 2024 турниріне іріктеу аяқталады. Қазақстан құрамасы көрсеткен нәтижені турнирлік кесте арқылы бақылай аламыз.
Желтоқсан айына келсек, кей спорт түрі үшін маусым аяқталса, кейбірі үшін жаңа кезең басталады. Мысалы, конькимен жүгіру, биатлон, шорт-трек пен шаңғышылар Әлем кубогы кезеңін бастап кетеді. Десе де, 2023 жылы жанкүйерлерді жоғарыда аталған бәсекелер күтеді. Спортшыларымыздың қандай нәтиже көрсететіні белгісіз. Бірақ тақым қысар жыл болары анық.