Ақмола облысы Атбасар ауданының Сочинское селосында қос пәтерлі жер үйден өрт шығып, ерлі-зайыпты бір отбасы мен екі жастағы сәби ажал құшты. Өрт сөндірушілер мәйіттерді өртенген үйдің ішінен тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
№1 пәтерде болған өрт 80 шаршы метр аумақты шарпып, одан кейін екінші пәтердің 10 шаршы метр аумағы өртенген. Өрт 04.59-да ауыздықталып, 05.35-те толықтау сөндірілген. Қазір өрттің себептерін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамасы тағайындалған.
– Оқиға орнына дереу азаматтық-қорғаныс органы қызметкерлері мен «Шортанбай-2019» ЖШС-да ерікті-өрт сөндіру құрылымы мен жергілікті тұрғындары аттанып, тұрғын үйден шыққан өрт сөндірілді. Өкінішке қарай, 32 жастағы отағасы мен 31 жастағы жұбайы және 2 жастағы кішкентай сәбидің мүрдесі табылды, – дейді Атбасар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ерболат Әшкенов.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындарын өрт сөндіру қауіпсіздігін қатаң сақтауды өтінеді.