Шу шыққан Зайсанға Зайнулдин келді
Шу шыққан Зайсанға Зайнулдин келді
371
оқылды
«Алдағы дүйсенбі күні Зайсанға тағы да келемін» деген облыс әкімі Даниал Ахметов кеше Зайсан ауданына жұмыс сапа­рымен барды. аудан активіне жаңа басшы, бұған дейін де Зайсан ауданын 2010-2013 жылдары басқарған Серік Зай­нул­динді аудандық мәслихат депутаттарымен келісе оты­рып, өз өкімімен аудан әкімі қызметіне тағайындады. Серік Зинабекұлы бұған дейін Қытаймен шекарада жатқан тағы бір іргелі аудан Үржарды соңғы жеті жыл бойы басқарып келген болатын. – Серік Зинабекұлының бас­шы­­лық қызметте тәжірибесі мол. Ауданның экономикасын, әлеу­­­меттік жағдайын, халқын жақ­сы біледі. Сондықтан артыл­ған се­нім­ді толық ақтайды деп се­не­­мін. Сіздерден Серік Зина­бек­­ұлы­ның кандидатурасын қолдауыңызды сұраймын, – деді облыс әкімі. Облыс әкімі ұсынған кан­­ди­да­тураны аудандық мәсли­хат­тың депутаттары да бірауыздан қолдап, дұрыс шешім қабылданғанын ата­ды. Депутаттар ауданның жаңа әкімінен аудандағы соңғы төрт-бес жыл көлемінде қордаланған ауыл­шаруашылық саласын көр­кейту, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кадр­лық саясат, идеология, халық­пен кері байланыс, шекаралық ау­дан­ды дамыту секілді мәселе­лер­ді бі­рінші кезекте шешуді сұрады. – Ауданның бұрынғы бас­шысы Серік Ақтановқа да рақмет айтамыз. Алдағы қызметте оған та­быс тілейміз. Ал Серік Зина­бекұ­лына аудан жақ­­сы таныс, эко­номиканы жете біледі, кімнің кім екенін біле­ді, кадрларды дұрыс таңдай ала­ды. Оның үстіне бұрынғы үш ау­дан қо­сылған Үржар ауданын бас­қа­­рып келіп отыр. Сондықтан алда Қазақстанның шығыстағы қақ­­­пасы – Зайсан ауданының гүл­­­деніп, көркеюіне тер төгеді, об­­лыс әкімінің сенімін ақтайды деп се­не­міз, бастамаларына қолдау біл­­діреміз, – деді жиында об­лыс­тық мәс­лихаттың депутаты, өңір­дің Құр­­метті азаматы Болатбек Нұра­­сыл. Ауданның жаңа әкімі Серік Зай­нулдин өз сөзінде ең алды­мен коронавирусқа қатысты Зай­санда орын алған келеңсіз жағ­дайға байланысты барша зай­сан­дықтардың аты­нан облыс әкі­мі­нен кешірім сұра­ды. Ал таяудағы ауданда шығып, бү­кіл республикаға әйгіленген ко­ро­навирус шуына байланысты әкім­дік креслосынан айырылған бұ­рынғы әкім Серік Ақтановтың енді қандай қызметке барары әзір­ге белгісіз. Актив жиынынан соң об­лыс әкімі Даниал Ахметов аудан­дық әкімдіктің ғимаратында зай­­сан­дықтардың ұсынысымен құрыл­ған келісім комиссиясының жи­­на­­лысын өткізіп, комиссия мү­­ше­­лерімен, тиісті басқарма бас­­шы­­ларымен бірге шекаралық аудан­ның алдағы даму бағдар­ла­масын талқылады. Бес жыл кө­ле­мінде облыстың шекаралық бес ауданына 207 млрд теңге бө­лі­­нетінін айтып, алдағы 10 күн ша­­­масында ауданда тағы да бола­тынын жеткізді. Келесі ретте аймақ басшысы ау­дандық орталық ауруханаға ба­рып, денсаулық мекемесінің хи­рургия, перзентхана және реа­ни­мация бөлімдерінің жұмы­сы­мен танысты. Осындағы пер­­зентхананы биыл үшінші дең­­гей­ден екінші деңгейге кө­теру ту­ралы тапсырма берді. Ауру­­хана­да­ғы науқастармен, жер­гілікті ха­лықпен тілдесіп, хал-жағ­дай­ла­­рын, қажетті дәрі-дәрмектің қан­шалықты жеткілікті екенін сұра­ды. Сондай-ақ биыл шетелде білік­тілік деңгейін арттырған жас дәрі­герлермен де кездесіп, оларға саланы дамытуға қатысты нақты сауал­дар қойды.   Дәурен АЛЛАБЕРГЕН