ҚР Экология, геология және табиғи ресрустар министрі Мағзұм Мырзағалиев заңсыз үйілген қалдықтар саны артып отырғанын айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жай-күйі және стихиялық үйінділер санының өсуі де өзекті экологиялық проблема болып отыр. Ғарыш мониторингі 2018 жылы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің саны 8 600 болғанын көрсетсе, 2019 жылы олардың саны 9 200-ге жеткен», - деді Мәжілісте жаңа Экологиялық кодекс жобасын таныстырған министр.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қалдықтарды жинаумен, тасымалдаумен, қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындар туралы толық мәлімет жоқ. Қалдықтармен жұмыс істеу кезінде (рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлер, алдын ала залалсыздандырусыз қауіпті қалдықтарды заңсыз көму) ереже бұзу фактілері кездесуде.
Мысалы, өткен жылдары Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында тиісті түрде өңделмеген құрамында мұнай бар және медициналық қалдықтар табылды.