Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар әскери полиция туралы заңды және оған ілеспе түзетулерді, сондай-ақ Әкімшілік кодекске жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды екінші оқылымда қабылдады.
Мәжіліс депутаттары әскери полиция органдары туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады.
Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Юлия Кучинская заң жобаларымен жұмыс істеу барысында Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан және Ұлттық қауіпсіздік комитеті, әскери полиция органдарының міндеттерін, құзыреттері мен өкілеттіктерін, сондай-ақ өзара іс-қимыл тәртібін нақтылайтын түзетулер енгізілгенін айтты.
«Енгізілген түзетулерге сәйкес, әскери полиция органдарына әскери қызметшілерді құқықтық тәрбиелеуге тікелей қатысу міндеті жүктелген. Ілеспе заң жобасымен әскери полиция органдарының әскери қызметшілер арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы бойынша азаматтармен және ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру құзыреті толықтырылды», – деп түсіндірді Ю.Кучинская.
Сондай-ақ әскери полицияға кинологиялық қызметті жүзеге асыру құқығы берілді. Әскери бөлімнің әскери қызметшілерінің қаруды, арнайы құралдарды және дене күшін қолдануын реттейтін баптар айтарлықтай жетілдірілді.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң да екінші оқылымда қабылданды. Бұл жөнінде баяндама жасаған мәжілісмен Аманғали Бердалин заң бойынша министрліктің лауазымды тұлғаларына жер учаскесі бойынша әкімшілік істерді қарап, жазалау құқығы берілгенін атап өтті.
«Әкімдіктердің лауазымды тұлғалары жалпыға ортақ жайылымдар мен шабындықтарды, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдік жер пайдаланушыларға заңсыз бергені, пайдалануға берілмеген жер учаскелері және жоспарланған сауда-саттықтар бойынша ақпараттардың ашықтығын қамтамасыз етпегені, сондай-ақ жер заңнамасының жекелеген ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады», – деді А.Бердалин.
Сондай-ақ жалпы отырыс барысында Мәжіліс үш ратификациялық заңды қабылдап, Сенатқа жолдады. Оның алғашқысы – Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев атап өткендей, келісімге 2021 жылғы 28 қазанда Қазақстан астанасында қол қойылған, ол құқықтық көмек көрсету шарттары мен тәртібін және одан бас тарту негіздерін анықтайды.
Сондай-ақ жалпы отырыста Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әрі өтеу үшін беру туралы шарт және Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Үкіметі арасындағы Шекара өкілдері қызметінің бағыттары туралы хаттама (1:200 000 карта) ратификацияланды.
Бұдан бөлек Мәжіліс комитеттері үш жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олар – «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар және оған ілеспе түзетулер, сондай-ақ Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы.