Терең қатпарлы тарихқа жүгінсек, қай заманда болсын елдің бағын әділетті әрі білікті билеуші ашқан. Басшысының ойлағаны елдің мұңы, көптің жайы, болашақтың қамы болса, ол ел өркендеп, тасы өрге домалайды. Қазіргі заманда да ісі сөзімен қабысатын, ұстанымы ұлттық мүддемен табысатын көшбасшысы бар елдер алға озып жатыр. «Бұл тұрғыда Қазақстанның қаншалықты жолы болды?» деген көкейкесті сауал туады. Оның өзекті жауабын білу үшін Президент пәрмен берген істердің қаншалықты жүзеге асып жатқанын тұрақты түрде сараптап тұруды жөн көрдік. Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан алдымен барша қазақтың алтын бесігі, дәурен-дәуір, өмір, тұрмыс-тіршілігінің қайнар көзі ауылдан бастасақ. Мемлекет басшысының ұлтымыздың берекелі бастауы – ауылды дамытуға баса мән беріп отырғанын мына бір деректен аңғаруға болады: ол 2022 жылғы 26 қарашада өзінің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығын ауылға арнады. Ұлықтау салтанатынан кейін, дәл сол күні «Қазақстанның ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
– Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың бес жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауы тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз, – деді Қ.Тоқаев.Президент ауылды гүлденту мәселелеріне президенттік алғашқы мерзімінен бері ерекше назар аударып келеді. Мәселен, 2019 жылғы 20 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Президенттің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында» «Ауқатты және заманауи ауыл» деген тұтас тарау көзделген. Онда ауыл шаруашылығының барлық саласын қолдау, ауыл медицинасы мен білім беру жүйесін дамыту және басқа да ауылдықтар өмірін жан-жақты қамтитын ауқымды шаралар қарастырылған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылды кешенді дамыту жоспарланған. Бұл уәделер қазір қалай орындалуда? Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, 2023 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар. Онда 7,8 миллионға жуық адам (халқымыздың шамамен 40 пайызы) тұрады. Министр перспективті ауылдарды дамыту жұмысы 2019 жылдан бері «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жоспарлы түрде әрі басым тәртіппен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Ауылға арналған осы басты бағдарламаның мақсаты – ауыл инфрақұрылымын, яғни жолдарды, коммуникацияларды, байланысты, интернетті, әлеуметтік-мәдени және спорт объектілерін жаңғырту есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің жоғарғы көрсеткіштері межесіне жеткізу. «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру үшін ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90%-ы тұратын 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алыныпты.
– Оларға 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 миллиард теңге бөлінді. Өткен төрт жылға жуық уақытта осы бағытта 3,7 мың жоба іске асырылды. Соның ішінде 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектісі, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысаны және 2,2 мың көлік инфрақұрылымы жаңадан салынды және жөнделді. Ауылда шамамен 30 мың жұмыс орны құрылды. 2022 жылы 577 ауылдық елді мекенде 1 мыңнан астам жобаны іске асыруға 128 миллиард теңге бөлінді. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыс әкімдіктері бөлінген қаражаттың 94%-ын игерген, – деді Әлібек Қуантыров.Жаңа 2023 жылы министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 736 ауылда 143 миллиард теңге тұратын 1,5 мың жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 119 жобаны, әлеуметтік инфрақұрылымның 275 жобасын, оның ішінде 91 білім беру, 45 денсаулық сақтау, 139 мәдениет және спорт саласындағы жобаларды іске асыруға және ауыл ішіндегі жолдарды жақсартуға бағытталған 1,1 мың жобаны орындауға мүмкіндік береді.
«Соңғы жылдары мемлекет ауыл-аймақты дамытуда өте көп іс тындырып жатқанына куә болудамыз. Соның бір шарапаты бізге де тиер деп дәмелі болып жүргенбіз. «Ауыл – Ел бесігі» жобасына біздің ауылымыз қосылғанын білгенде тұрғындардың бәрі қатты қуанды. Әзірге бір көшені жөндеу жоспарланыпты. Біздің жаны сірі ауылымыздың жаңғыру әлеуеті зор. Әзірге 450-ден асатын тұрғынымыз бар. Республикалық трассаның бойында орналасқанбыз. Жанымыздан Маралды көліне апаратын жол өтеді. Көлге демалыс маусымында 20 мыңнан астам турист келеді. Олар тамағын, керек-жарағын біздің ауылға кіріп, сатып алады. Көліктер ерсілі-қарсылы шабылғанда, қатты шаң көтеріледі. Сондықтан бізге үлкен трассадан ауыл ішіне асфальтты жол салып беруін сұрап жүрміз», – дейді ауыл белсендісі Ризабек Жүнісов.Ауыл әкімдігі ұзындығы 500 метрді құрайтын жолдың жобасы дайын екенін хабарлады. Бұл жол аталған ауылды өркениет стандартына жеткізетін, әл-ауқатының артуына, халқы санының ары қарай көбеюіне ықпал ететін бір инфрақұрылымға айналар еді. Экономика министрлігінің түсіндіруінше, республикалық бюджеттен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы Павлодар облысының Шарбақты ауданының инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға 585,8 миллион теңге бөлінді. Оның 25,8 миллион теңгесі Маралды ауылындағы көшені жөндеуге жұмсалған. «Павлодар әкімдігінен аталған жолдың құрылысына қатысты бюджеттік өтінім түссе, министрлік Маралды ауылының сол жобасын қаржыландыру мәселесін қарастырады» деді ведомство. Негізі, мемлекет ауылды дамытуға аста-төк қаржы бөлуде. Оны игеру үшін өтінімдері дайын, сай болғаны жөн. Яғни, бұл ауыл, аудан, облыс әкімдерінің әбжілдігіне, пысықтығына, біліктілігіне байланысты болмақ. Ал кержалқау, ынжық, жұмысқа ынтасы жоқ ауыл, аудан әкімдерін тұрғындар Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әкімдердің сайлауында орнынан кетіре алады. Премьер Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2027 жылға қарай Қазақстандағы әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне жеткізу жоспарланған.
«Оған сәйкес ауылдарда сапалы жолдар, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау объектілері, мектептер міндетті түрде болады. Ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Басты мақсатымыз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар. Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы. Ал Ұлытау, Батыс Қазақстан облыстары қаржыны игеруде артта қалып тұр. Осы өңірлердің әкімдері бұған ерекше назар аударуы қажет. Іске асыру мерзімдері бойынша артта қалуға жол бермеу керек», – деді Ә.Смайылов.Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының мәліметінше, «Ауыл – Ел бесігі» аясында құрылыс-монтаждау жұмыстарының конкурстық рәсімдерін Қарағанды облысының құрылыс басқармасы 2022 жылғы 14 маусым және 14 тамыз айлары аралығында өткізіп, келісімшарттар Ұлытау облысына тек 15 қазанда берілді. Жыл қорытындысында 358 млн теңге немесе қаражаттың 56%-ы игерілді. Қаражаттың игерілмеуі ауа-райының жағдайына және Қарағанды облысынан шарттар бойынша міндеттемелердің кеш берілуіне байланысты болды. Тұтастай алғанда, Үкімет басшысының сендіруінше, 2027 жылға қарай ауылдарда судың сапасы мен жолдардың жағдайы жақсарады, инженерлік желілер жөнделіп, әлеуметтік, мәдениет және спорт объектілері салынады. Қорада мал ұстайтын барлық ауылдықтың тең жартысы кооперативтік кәсіпкерлікке тартылып, ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орны пайда болуы тиіс. Яғни, мемлекеттің ауылға қамқорлығы жалғасады. Оны қадам-қадаммен жүзеге асырылатын бес жыл бойғы нақты жоспары әзір. Әділетті Қазақстан «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деген Бейімбет Майлиннің ұранын өз ұстанымына айналдырғандай. Ауыл ажарланса – қазақтың да маңдайы жарқырағаны, дамудың қарқын алғаны.