Ауылды дамыту: Неге көңіл бөлеміз?
Ауылды дамыту: Неге көңіл бөлеміз?
© inbusiness.kz.
1,029
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа прези­денттік мер­зіміндегі бірінші Жарлығы Қазақстан Республи­ка­сы­ның ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы болды. Ел Үкіметі 2023 жыл­дың 31 наурызына дейін аталмыш тұжырымдаманы қа­былдауы керек. Осы құжатта қандай мәселелер қамтылуы тиіс деген сауал бойынша біз бірқатар азаматтың пікіріне құлақ түрген едік. Әли Бектаев Әли БЕКТАЕВ, сенатор: – Менің ойымша, алдымен ауыл тұрғындарының өмір сүру стандарттарын жасау керек. Болашақ тұжы­рым­даманың орындалуы осы стандарттардың орын­далуына қарай бағалануы тиіс. Осы стандарттарға сәйкес ауылдық елді мекендердің әлеуметтік төл­құ­жаттары жасалуы қажет. Осы төлқұ­жаттарды негізге ала отырып, ауылдық елді мекендерді дамыту үшін қажетті жұмыс және қаржы көлемі анық­талғаны жөн. Тұжырымдама бес жылға есептеліп, бекітілген қаржы көлемі және оның қаржыландырылуы қысқармауы тиіс. Мемлекетімізде ауылға, ауыл шаруашылығына қатысты қабылданған барлық бағдарламалар бір арнаға тоғыстырылуы қажет. Елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын реттестірумен бірге, ауыл тұрғындарын жұ­мыспен қамту, табыс көзін қалыптастыру қатар жүруі керек. Осы екі бағытты бір-бірінен бөлуге болмайды. Жангелді Шымшықов Жангелді ШЫМШЫҚОВ, экономист: – Жергілікті қауымдастықтың топтық меншігі, яғни муниципалды меншік фор­­масын енгізу қажет. Мы­­салы, ауылды алсақ, сол ауылдың айналасындағы жайы­­лым сол ауыл тұрғындарының меншігі болуы тиіс. Қазір шабындық, жайы­лым жетіспейді. Мұндай жағ­­дайда қосалқы шаруашылықпен қалай айна­лысасыз? Сондай-ақ, күнделікті жейтін азық-түліктің дайын күйіндегісінің 40 па­йызын шет елдерден сатып аламыз. Ет, шұжық, көкөніс дегендей. Бұл масқара ғой... Сондықтан ауыл шаруашылығын эконо­ми­каның орталық саласы қылу керек. Басқа бүкіл өндіріс салаларының бәрі ауыл шаруа­шылығына қызмет ететін сала деп есептеу керек. Дүниежүзіне саудаға тек қана біздің ең болмаса екі-үш сатыда өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруды, соны экспорттауға басымдық бергеніміз жөн. Ауылды осылай ғана көтереміз. Сонымен қатар қажет болса көп жерде ауыл шаруашылығын вахталық әдіске көшірсек ұтылмаймыз. Мейлі қалада тұра берсін, өркениеттің қызығын көре берсін, бірақ апталап вахтаға шығып тұрса, мал бақса да болады. Дос Көшім Дос Көшім, қоғам қайраткері: – Ең бірінші – жұмыспен қамту мәселесі. Бұл ауыл­дағы өндірістерді – май болса, сүт болса соны тауарға ай­налдыру. Қазір көптеген ауылшаруашылық өнім­дерін шетелден алып отырмыз. Қазақстан осы өнімдер­мен өзін-өзі қамтамасыз етуі қажет. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары ауылдарда ор­на­ласуы, солар өнім беруі керек. Бұл кішігірім өндіріс болса да жеткілікті. Сонда ғана ауылдағы ең басты – әлеу­меттік-экономикалық мәселесі шешіледі. Ең басты мәселе сонда. Екінші мәселе – бұл ауыл жастары. Оларды ауылда қалдыру мәселесі, ойландырады. Мәдени шаралардың ұйымдастырылуы, спортпен айналысу, бос уақытты өткізу жайын реттеген жөн. Қысқасы қаладағы жағдайлардың көпшілігін мүмкіндігінше ауылдар да қолжетімді етуіміз керек. Бір кездері ауыл театрлары да болған. Спорт кешендері қажет. Ауылда спорт мәселесі өте күрделі. Жастар бос уақыттарында немен айналысатынын білмейді. Алтай Әбішев Алтай ӘБІШЕВ, Қарағанды облысының фермері: – Ауыл шаруашылығына жастарды жұмысқа тарту және жұмыспен қамту, жұмысқа орналасуына жағдай жасау мәселелерінің шешілгенін қалаймын. Жұмыс­пен қамтуға Үкіметтен субсидия беріп жас мамандарды қы­зықтыру керек. Екінші мәселе – ауыл шаруа­шы­лығына жер, несие беру, субсидия беру. Субсидия беру уақыты кейде ұзаққа созылып кетеді. Үшінші мәселе – шаруа қожалықтарына заң органдарының тексеруін шектеу, жұмысына кедергі келтірмеуі. Мораторийді кәсіпкер экономикалық жағдайын түзеп алған соң ғана алу керек. Төртінші – ауыл шаруашылығында білікті маман жетіспеушілігі. Шаруа қожалықтарына ветеринар, малшы, тракторшы табу қиын. Бесінші – үлкен ауылда немесе ауылдарға жақын бірнеше шағын бөлімшелерге ортақ бір қасапхана, ет, жүн-тері қабылдайтын арнайы орын керек. Сонда фермер қашықтағы қалаға өнімін тасымалдап әуре болмайды, не ауылға келетін делдалдарға ақысын жегізбейді.

Сауалнаманы жүргізген Жәнібек АМАНГЕЛДІ