Базарды бақылау берекеге бастайды
Базарды бақылау берекеге бастайды
707
оқылды
Бұған дейін елдегі ірі базардың шынайы қожайыны кім болғанын жұртшылық жақсы білетін. Дәурені жүріп тұрғанда, дүниені жалпағынан басқандар базарды мемлекет тарапынан бақылауда ұстауға жол бермеді. Құзырлы органдарға базарды тексеруге тыйым салынды. Содан олар ойына келгенін істеген. Миллиардтаған табысын жасырған, салықты толық төлемеген, сапасыз өнім сатып, тұтынушыны алдаған, таразыдан жеп, халықты қанаған. Үкімет тапсырмаларына тіпті пысқырмайды. Салдарынан отыз жылда барлық өңірде ашық аспан астындағы лас базардан арылу мұңға айналды. Енді салалық министрлік жаңа талаптар мен қағидаларды ұсынып отыр. Одан не өзгермек? «Көлеңкеде» тұрып күреп табыс табады Қызығы дәл қазір республикада қанша базар жұмыс істейтіні белгісіз. Себебі кейбірі тіркелмей-ақ сауда көрігін қыздырып жатқанға ұқсайды. Қаржы министрлігінің мәліметінше, елімізде 654 базар иесі бар. Оның 281-і – заңды тұлға, яғни ірі фирма мен компания, қалған 373-і – жеке кәсіпкер. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 738 сауда базары бар. Қаңтар оқиғасынан соң, 4 нау­рыздан бастап Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен «Алтын Орда» сияқты барлық ірі базарда тәртіп орнату жұмысы басталды. Ар­найы комиссия құрылды. 10-нан астам мемлекеттік қадағалаушы, ба­қылаушы органның өкілде­рі­нен құралған топ жаппай тек­серуге кірісті. Нәтижесінде, тексеріске 122 базар іліккен. Олардан 3 505 заң бұзушылық әшкереленді. Мұның сыртында мем­ле­кеттік кірістер органдары ка­мералдық бақылау қорытын­дысында 35 базар қожайын­дарының 140,9 миллиард теңге кірісін мемлекеттен жасырға­нын анықтады. Алайда салық органдары 20 базар бойынша 97,8 млрд теңгенің бұзушы­­лықтарын растай алмаған. Бір базар­дың иесі 167 млн теңге сомасын­дағы бұзушылықты бел­гіленген мер­зімде түземеді, сон­дықтан оның шығыс операциялары уақыт­ша тоқтатылды. Тағы бір базар жабылды. Салық органы бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың орын­далмайтынын, сондай-ақ көптеген бұзушылықты растай алмағанын мо­йындады. Бұған «базарлардың салық төлеуден жалтару схемасын қолдануы» себеп болыпты. Яғни, олар заңдағы олқы­лық­тарды өз орайына пайдаланады: кез кел­ген сот соның жағына шығуы мүмкін. Мысалы, елде бизнес неғұрлым ірі болса, салығының мөлшері де ұлғаяды. Содан алпауыттар өз бизнесін бөлшектей бастайды: бір ғана базарға үш және одан көп шағын бизнес нысаны иелік етеді. Әрине, олардың бәрі бір тұлғаға бағынуы ықтимал. Бірақ заң бойынша шағын бизнестің салық жүктемесі де шағын болады. Тағы бір схема: базар өз алаңын тікелей өзі жалға бермейді, оны шағын, өзімен сыбайлас фирмаларға су тегінге субарендаға табыстайды. Ары қарай осы фир­масымақтар базардың сауда алаңдарын саудагерлерге, жеке кәсіпкерлерге жалға береді. Олардан әр метр, сөре, дүңгіршек үшін қанша ақы алатынын жасырады, тү­біртек, чек бермейді. Салдарынан, қағаз жүзінде алып базар өз қожайынына тиын-тебен табыс әкелетін болып шығады. Ал базарды жалға беретін ұсақ фирмаларды мораторийге бола, салық органдары тексере алмайды, әрі олар арнайы салық режимдерін қолданып, салығын мейлінше шегере алады. Нақтыласақ, елдегі 118 базардың қожайыны жалпы саны 57 мың сауда орнына ие екен. Әйтсе де, соның 13,9 мыңын ғана тікелей шарт бекітіп, өздері арендаға ұсынады. Бұдан келісімшарт аясында жалпы сомасы 10 млрд теңге табыс табатынын көрсеткен. Шынында қанша табыс табатынынан құзырлы органдар да бей­хабар. Тексеруші топтың мамандары субарендаторлар­дың тізбегі бойынша індетіп, олардың тек келісімшарт негізінде 26,6 мың сауда орнын 823,6 миллиард теңгеге жалға беретінін анықтады. Бірақ қолдан келер қайран жоқ, бұрынғы билік бүкіл заңнаманы солардың пайдасына ыңғайлап берген. Базар қожайындары салығын еселеп азайтудың қулық схемаларын заң аясында жүзеге асырады, демек, қылмыстың өзі сотта қылмыс деп таныла алмайды. Салдарынан, Ұлттық статистикалық бюро дере­гінше, бүгінде базарлардағы бөлшек сауда айналымы Қазақстанның бүкіл бөлшек сауда нарығының бар-жоғы 8,4 пайызын құрайды. Ашық базарлар жабық корпорацияға айналған Ашық аспан астындағы базарлар әлі күнге ұйым­дасқан қылмыстық топтар жайлаған жабық корпора­цияларға айналып кеткен сияқты. Жалпы, базар деген шығыста ежелден бәсекелестіктің символы болған. Қазіргі базарлар шығыстық қалыбынан айырылды, құнды келісіп көтеру белең алған. Саудагерлер баға түсіруге әлдекімнің тыйым салғанын алға тартып, баға шегеруден қорқады немесе арзандатып бергенін еш­кімге айтпауды өтінеді. Сауда және интеграция министрлігінің Сауда коми­тетінің дерегінше, постпандемиялық кезеңнің және күр­делі геосаяси ахуалдың қиындығына қарамастан, 2022 жылы саланың өсімі 4,1 пайызды құрады. Бұл өсімді басым көпшілігінде жабық базарлар қамтамасыз етіпті. Онда неге ашық аспан аясындағы базар атаулыны жауып, жаңа форматқа, яғни көпқабатты ғимарат ішіне көшірмеске? Біріншіден, бұған саудагерлердің өзі қарсы шығып жүр: олардың белсенді бөлігі жазда ми қайнатар аптапқа, қысқа сүйектен өтер суыққа төзуге дайын, тек сауда орнын жалға алудың тарифі өспесе болды. Ал жабық базардың коммуналдық қызметтерге, персоналға және басқасына шығыны өсетіндіктен, тариф те көтеріледі. Екіншіден, қарапайым тұтынушылар сырттағы базарда баға арзандау деп, жабық сауда орындарына бас сұға бермейді. Үшіншіден және ең бастысы, бұған базар қожайындары қарсыласып, тіресіп бағуда. Комитеттің мәлімдеуінше, базарларды модернизациялаудың төмен қарқыны олардың иелерінің соған мүдделілік пен жауапкершілік танытпауымен байланысты. Әйтпесе, ашық базарлардан арылуды қарастыратын Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жо­басын Асқар Мамин Үкіметі 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қаулысымен бекітіп кеткен. Онда 2022 жылы 42 сауда базарын жаңғырту жоспарланған, оның шамамен 38-і модернизацияланған. Мұндай қарқынмен мемлекет 700-ден астам базарды жаңғыртуға жиырма жылдан астам уақытын жоғалтпақ. Бұл ретте 2027 жылға қарай заманауи сауда форматтары үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту мақсат етілді. «Базар иелері тіпті ең төменгі еңбек жағдайларын жасауға және тұтынушылардың талаптарын қана­ғаттандыруға асықпайды. Соның кесірінен жаңғырту мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылды. Тұтастай алғанда, 2025 жылы 103 базар жаңғыртудан өтуі тиіс. Бірақ бү­гінде модернизациялану қарқыны небәрі 9 пайызды құ­райтынын ескерсек, елорда, Алматы, Шымкентте ба­зарлар белгіленген мерзімде жаңғыртудан өтпейді», – деп пессимистік болжам жасады Сауда комитеті. Былықтың ордасы Ведомство әсіресе ашық базарларды жайлаған былықтарды тізбеледі: саудагерлер бақылау-кассалық аппараттарын қолданбайды, чек бермейді, қанша сауда жасалғаны белгісіз қалады. Тұтынушылардың құқығы аяқасты болады, оларға бүлінген тауар сатылады, тауарды 14 күн ішінде қайтару құқығы сақталмайды. Техникалық реттеу және метрология талаптары бұзы­лады, таразыдан жеу жойылмады. Базарларда антиса­нитария жаулаған, адамдар қыста көктайғаққа құлап, өзге маусымдарда батпақ кешіп жүреді, сауда орын­дарында тазалық жоқ, тіпті дәретханалардың өзі ақылы. Ветеринарлық нормалар бұзылады, сатылатын ет зерт­хана тексеруіне өте бермейді. Өртке қарсы қауіпсіздік жайына қалған, содан қаншама базар өртеніп тынды. Саудагерлердің болашағы бұлыңғыр, олармен ешкім еңбек келісімшартын бекітпейді, зейнетақылық жар­наларын аудармайды. Үкіметтің, орталық және жергілікті қадағалаушы органдардың базарды жаңғырту туралы талабына оның қожайындары «ақша жоқ» деп аузын қу шөппен сүрте жауап береді. Алайда Бас прокуратура басшылығымен жүрген тексерістер олардың шын табысын жасыратынын көрсетті. Қолданыстағы заңнамаға ревизия жүргізілді, нәти­жесінде сауда қызметін реттеу заңында базарлардың ие­лерінің, әкімшілерінің жауапкершілігін нақты бекіту ке­ректігі айқындалды. Бұдан өзге, базарлардың жұмы­сын ұйымдастыру қағидалары, оның аумағын күтіп ұстауға, жабдықтарына және жабдықтауға қойылатын талаптар кемшін тұстарға толы екені белгілі болды. Мысалы, осы ережелер мен талаптарды бұзғаны үшін базар қожайындарына ешқандай жаза қарастырылмапты, тіпті Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде ол үшін әкімшілік айыппұл да жоқ. Сауда комитеті бүгінде осы олқылықтарды жою жолдарын қарастыруда. Мысалы, жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Үкіметтің 2020 жылғы 2 қазандағы «Сау­да базарларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын, сауда базарының аумағын күтіп-ұстауға, оның жаб­дық­тарына және жарықтандыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» №633 қаулысына өзгерістер енгізетін жаңа қаулы жобасын әзірледі. Оған сәйкес, сәулет органының объектіні қабылдау актісінсіз базар ашуға жол берілмейді. Базар аумағына кіретін көліктерден ақы алуға, бақылау таразысын, арбаларды, санитарлық және гигиеналық рәсімдерге арналған орындарды пайда­лануды ақылы етуге тыйым салынады. Сауда орнының жалдау құны тарифін жылына бір реттен артық көтеруге рұқсат етілмейді. Базар әкімшісі оның аумағын энергиямен, сумен, жылумен жабдық­тауға, тауарларды қабылдау, сақтау, сату үшін тиісті жағдайлар жасауға міндеттеледі. Базарда қоғамдық тәр­тіпті, өрт қауіпсіздігін сақтау, күзет қызметін ұйым­дастыру және базарды абаттандыру талаптары енгізіледі. Қысқасы дамыған және озық дамушы елдер ара­сында Қазақстан ғана базар саласын бассыз жіберген. Түркияда базар ашу туралы шешімді мемлекет қабыл­дайды, оларда сауда орындарының 20 пайыздан астамы отандық өнімдер үшін бекітілген. Испанияда базарларды мемлекет өзі ашып, өзі қаржыландырады. Жапонияда базарлар қызметін мемлекет сертификаттайды. Қорыта айтқанда, базарды бақылауға алып, өркениетті саудаға оралтпай, озық елге айналуымыз екіталай.