– Былтыр күзде гидротехникалық құрылымдардың техникалық жай-күйін анықтау мақсатында жергілікті әкімдік пен басқа да құзырлы мемлекеттік органдармен бірге зерделеу жұмысын жүргіздік. Нәтижесі қауіп-қатердің аса жоғары деңгейде екенін көрсетті. Бүгінде облыстағы гидротехникалық құрылымдардың 70 пайыздан астамы тозған. Шолу барысында Бұланды ауданындағы Иванков, Шортанды ауданындағы Основное және Бурабай ауданындағы Веденов су қоймасы плотинасындағы үш бірдей гидротехникалық құрылыстың апаттық жағдайда екенін байқадық. Аршалы ауданындағы Анаркөл көлі, Батпакөл көліндегі бөгендер, Бурабай, Астрахан аудандарындағы жайылма суару жүйесі, сондай-ақ Есіл, Жақсы, Шортанды, Қорғалжын және Ерейментау ауданында жалпы саны 18 су қоймасы бөгендерінің қанағаттанарлықсыз күйге түскені де анықталды, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Еркен Берлібеков.«Основноеның» жағдайы ойландырады Жоғарыда аталған апаттық жағдайға жеткен Шортанды ауданындағы Основное су қоймасы жанындағы Дамса ауылдық округында бес мыңнан астам адам тұрады. Атап өтер жайт, Основное су қоймасы халықты ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. 1969 жылы пайдалануға берілген нысанның бүгінгі жағдайы мүшкіл. Жөндеу көрмегендіктен, бөгеннің бетон қабырғаларының арасы жарыла бастаған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, өткен жылдың қазанында бөгенге ағымдағы жөндеу үшін қаражат бөлінгенімен, жөндеу жұмыстары қарашада зорға басталған. Қатты суықтан жұмысшылар бетонды қыздырып барып құюға мәжбүр болған.
– Ақ қар, көк мұзда жүргізілген жұмыстың сапасы да сын көтермейді. Естуімізше, бұл жұмысқа бюджеттен 40 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінген. Жөндеу жұмыстарынан кейін де бетон қабырғалары жарылып жатыр. Аудан әкімдігінен аталған жөндеу жұмыстары аяқталған, яки аяқталмағанын, қабылдау актісі болған-болмағанын сұрағымыз келеді. Бұл біз үшін аса маңызды. Өйткені халық ауызсуды осы су қоймасынан алады. Қар еріп, су молайғанда бөгеннің қирап қалмайтынына кепіл жоқ, – дейді Дамса ауылының тұрғыны Гули Колошкина.Бұл мәселеге байланысты пікір білдірген Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров жөндеу жұмыстары тұрғындардың тікелей бақылауымен жүргізілгенін айтып отыр. Ол бөгеттің су тасқынына төтеп бере алатынына сенімді.
– Основное су қоймасындағы Дамса бөгені расында да апаттық жағдайда. Толықтай күрделі жөндеуден өткізу үшін кемінде 5-6 миллиард теңге көлемінде қаражат қажет. Ағымдағы жөндеу жұмыстары өткен жылдың қазан және қараша айында жүргізілді. Бюджет қоржынынан 40 миллион теңге қаражат бөлінді. Әкімдік жөндеу жұмыстарын қабылдап алды. Жөндеу жұмыстарын күнделікті жергілікті қауымдастық өкілдері бақылап жүрді. Бірақ жөндеу жұмыстарының сапасыздығы туралы еш әңгіме болмаған. Тұрғындардың жөндеу жұмыстарының сапасыз деп отырғаны бекер сөз. Көктемгі су тасқынына бөген шыдас береді деген ойдамын, – дейді Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров.Су қоймалары бақылауда болуы керек Дегенмен Ақмоладағы гидроқұрылымдардың мәселесі Основное су қоймасына жөндеу жұмыстарын жүргізумен шешіле қоймайды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде көктемгі су тасқыны қаупі төнген елді мекендердің қатары қалың. Облыстың 18 аймағындағы 128 елді мекенде су тасқынына ұшырау қаупі төнген. Аталған елді мекендерде 4 071 тұрғын үйде 13 мыңнан астам адам тұрады. Оған қоса, су басуы мүмкін аймақта жалпы ұзындығы 33,9 шақырымды құрайтын 74 автомобиль жолы мен 1,03 шақырымдық теміржол учаскесі орналасқан. Ведомствоның апаттық жағдайдағы су қоймалары бөгендерінде су тасқыны кезінде суды кедергісіз өткізу үшін қажетті шара жүргізілгенін айтады. Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы да гидротехникалық құрылымдардың жағдайы аса қауіпті екенін мойындап отыр. Басқарма, әсіресе аудандық әкімдіктердің коммуналдық меншігіндегі гидротехникалық нысандардың жағдайы сын көтермейтін халге түскенін айтады. Тиісті комиссиялық тексерістен кейін өңірдегі апаттық жағдайға және қанағаттанарлықсыз күйге түскен барлық құрылыстың теңгерім иелеріне гидротехникалық құрылымдарды қауіпсіз пайдалану үшін шұғыл түрде әрекет ету ұсынысы жазылған актілер тапсырылған. Ведомство бірқатар нысанға жөндеу жүргізіліп, енді біріне жобалық-сметалық құжаттамалар жасау жоспарланғанын атап өтті.
– Жыл сайын жоспарлы түрде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2015 жылы табиғатты қорғау шаралары шеңберінде Есіл өзенінің Атбасар ауданы, Самарка селосында су лақтыру құрылымы 255 млн 877 мың теңге сомасына жөндеу жүргізілді. 2019 жылы Сепе ауылындағы су қоймасына 100 млн 900 мың теңгеге күрделі жөндеу жасалды. 2020 жылы Атбасар ауданының Сочинское, Жақсы ауданының Чапаевское-2 су қоймасына да қомақты сомада жөндеу жүргізілген. Бұдан бөлек, Жақсы ауданының Чапаевское-1, Аршалы ауданының Анар, Бұланды ауданында Прохоров-Колоколов стансасында, Шортанды ауданының Дамса су қоймаларында дамбаларын жөндеуге жұмыс жобалар әзірленуде, – дейді басқарма басшысы Айтжан Құсманова.
P.S. Жағдайды зерттеу барысында қомақты қаражат бөлінгенімен, гидротехникалық құрылымдар мен бөгендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ол еш ықпал ете алмағаны анық байқалды. Жылдар бойы жөнделмей, халықтың үрейін алған су қоймалары бөгендері алдағы уақытта су тасқынында шыдас бере ме? Бұл – халықтың көкейіндегі басты сауал. Түйінді мәселе мемлекеттік деңгейде шешу қажет екенін көрсетеді.
Ақмола облысы