"Қорқытқысы келеді": Астанада балағат сөз айтқан 7 балалы ана сотталып жатыр
"Қорқытқысы келеді": Астанада балағат сөз айтқан 7 балалы ана сотталып жатыр
© stan.kz
3,083
оқылды
Астанада балағат сөз айтқаны үшін 7 баланың анасы Асыл Ұшақбаева сотталып жатыр. Жалғызбасты анаға қала әкімдігінде шу шығарғаны үшін басында шартты жаза қолданса, енді соны қылмыстыққа ауыстырып, бас бостандығынан айыруды көздеп отыр екен, –  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 7 арнаның  Aibat жаңалықтар қызметі. Асыл Ұшақбаева 2022 жылы қала әкімдігіне барып шу шығарып, күзетшімен сөзге келіп қалғаны үшін 2 жылға шартты түрде сотталған.  Енді құзырлы органдар сот шешімі шығып қойған әкімшілік істі қылмыстық іс деп қайта қарап жатыр. Прокурорлар бұл жолы азаматшаны бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. “Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан. Істеген ісімді мойындаймын. Бірақ бұл жерде олар әкімшілік істі әдейі қылмыстық етіп отыр. Сол арқылы көпбалалы, жалғызбасты аналарды қорқытқылары келеді. Егер мен жазалансам басқа аналар әкімдікке келуін қояды деп ойлайды. Керісінше, бәрімізді ашындырып алатын болады”, – деді Асыл. Жалғызбасты ананың айтуынша, полицейлер бұған дейін де үйіне келіп, кінәсін мойындауды талап еткен. Балалары шошып жылаған соң, көршілері құтқарып қалған екен. Сот ғимаратына қолдау үшін қаладағы 30-ға жуық ана келген. Олар алтын алқалы ананың балағат сөзі үшін бұлай соттаудың дұрыс емес екенін айтты. Судья әлі де тергеу жүргізілу керек деп сотты кейінге шегерді. Келесі сот отырыс күні 2023 жылдың 27 қаңтарында өткізілмек.