«AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының проблемасын шешуге атсалысты
«AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының проблемасын шешуге атсалысты
389
оқылды
«AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері тек шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салатын орынға айналуы тиіс екенін айтқан болатын. Сонымен қатар көшпелі қабылдауды жиі өткізіп, шалғай ауыл тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін шешуге ықпал етуді мәлімдеген еді. Осы мақсатта партия филиалдары жанынан түрлі сала өкілдерін қамтитын арнайы мобильді топтар құрылып, қөшпелі қабылдау жұмысы жолға қойылды. Бұл тұрғыда Қызылорда облысында өткен жылы осындай мобильді қабылдау топ өкілдері өңірдің барлық аудандарында 40-қа жуық елді мекенде болып, тұрғындар өтінішінің оң шешілуіне ықпал етті. Соның ішінде наурыз айында 2 мыңға жуық тұрғыны бар облыс орталығынан 120, аудан орталығынан 42 шақырым қашықтықта орналасқан Жалағаш ауданы, Аламесек ауылдық округі, Есет батыр ауылында қабылдау өткізілген. Осы кездесуде ауыл тұрғыны, Гүлсім Жаханова елді мекен көшелерін жарықтандыру қажеттілігін алға тартты. Зейнеткердің айтуынша, ауылда 13 көшенің 3 көшесінен басқаларына көше жарығы жүргізілмеген. Әсіресе түн мезгілінде жүріп-тұру қиындық туғызып тұр. Бүгінде ауыл тұрғынының осы өтініші облыстық филиалмен бақылауға алынып, оң шешімін тапты. – «Қабылдау барысында ауыл тұрғындары тарапынан ішкі көшелерді жөндеу, ауызсу, аяқ су, жайылымдық  жер, егістік жерлерде ротацияның сақталуын қатаң бақылауға алу мәселелері көтерілді. Әрбір өтініш бойынша жауапты тұлғалар мен орындау мерзімдері белгіленді. Жарықтандыру бойынша жасалған жұмыстар нәтижесінде 3 көше жарықтандырылды. Оның ішінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 604 метр К.Әбішев көшесіне 9 дана, Өмірбай шешен көшесіне 9 дана жарық шамдары орнатылып, іске қосылды. Мұнан бөлек,  аудан әкімі мен жергілікті «Қара бура» шаруа қожалығы арасында жасалған меморандум шеңберінде Ақарық көшесі бойына 25 дана бағана орналастырып, бүгінгі таңда аталған көшеге де жарық толық берілді. Қалған көшелерді жарықтандыру 2023-2025 жылдарға жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындары партия бастамасымен атқарылған игілікті шараларға өз алғыстарын білдіруде. Мұндай игілікті істер жалғасын табатын болады», – дейді бұл жөнінде «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева.