Саяси жаңғырудың шешуші кезеңі
Саяси жаңғырудың шешуші кезеңі
484
оқылды
VII сайланған Парламент Мәжілісі небәрі 735 күн неме­се 2 жыл 4 күн жұмыс істей алды. Оның бірінші сессиясы 2021 жылғы 15 қаңтарда бас­талды. Ал үшінші сессиясы ортасына таяғанда, 2023 жыл­ғы 19 қаңтарда ел Пре­зиденті Мәжілісті таратуды қарастыратын Жарлыққа қол қойды. Дегенмен, осы қысқа ғана уақыт ішінде бұл депу­таттық корпус ірі, ізгі істері­мен тарихта қала алды. Осы уақытта қазақ елі тарихи бет­бұрыс жасады, Парламент сол күрделі процесті толық заң­мен қамтамасыз етті. Мә­жілісті тарату туралы шешім қабылдамас бұрын Мемлекет басшысы Парламент пала­таларының төрағаларымен және Үкімет басшысымен кеңесті. Кеңестегі сөзінде Қ.Тоқаев Қазақстан халқы референдумда саяси өзгерістерге, соның ішінде Парламентті және мәслихат­тарды жасақтау тәртібін жаңар­туға қолдау білдіргенін еске салды.
– Қыркүйектегі Жолдауымда ал­да тұрған сайлау науқандары ту­ралы айттым. Соған сәйкес был­тырғы қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Жуырда Сенат депутаттарының бір бөлігі сайланды. Енді Мәжі­ліс пен мәслихат сайлауын өт­кізуіміз керек, – деді Президент.
Кездесуде ортаға салынған ой-тұжырымдарды ескеріп, ол нақты шешім қабылдады: 2023 жылғы 19 қаңтарда «Жетінші сай­ланған ҚР Парламентінің Мә­жілісін тарату және ҚР Пар­ламенті Мәжілісі депутат­та­ры­ның кезектен тыс сайлауын та­ғайындау туралы» №104 Жар­лығын жариялады. Оған сәйкес, кезектен тыс парламенттік дода 2023 жылғы 19 наурызға та­ға­йын­­далды. Бұған қоса, Мем­лекет басшысы «Барлық дең­гейдегі мәслихаттардың өкі­леттіктерін мер­зімінен бұрын тоқтату ту­ралы» Жарлыққа қол қойды. Барлық деңгейдегі мәс­ли­хат­тардың сайлауын Орталық сай­лау комиссиясы белгілейді. Қ.Тоқаев осы­ған орай Қа­зақ­стан халқына үн­деумен қайы­рыл­ды. Ол депу­тат­тардың жұ­мы­сын «белсенді әрі жемісті» деп жоғары бағалап, сол үшін алғыс айтты.
– Мәжіліс пен мәслихат депутаттары елі­міздегі ауқымды реформаларды іске асы­­­руға барынша атсалысты. Олар сай­лау­шылармен жиі кездесу өткізді. Шалғайдағы елді мекендерге барды. Жұртты толған­дыр­ған өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пі­кірталасқа ұйытқы болды. Жаңадан сай­ла­натын депутаттар да жұмысты осы қар­қын­мен жалғастырып, еліміздің жан-жақ­ты жаңғыруына ерекше үлес қосады деп се­немін, – деді Қазақстан Президенті.
Мәжіліс, мәслихаттар сайлауы бола­ты­нын былтыр, күздегі Жолдауында мәлім­де­генін қаперге салған Қ.Тоқаев бастама ай­тыл­ған сәттен сайлауға дейін жарты жыл­дан астам уақыт өтетініне назар аударт­ты. Тәуелсіздік жылдарында «сайлауға дайын­далу үшін кандидаттар мен саяси пар­тияларға осыншама көп уақыт берілген емес».
– Біз дамудың жаңа дәуіріне қадам бас­тық. Қазақстанда қарқынды, жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде сая­си жүйеміздің одан ары жаңғыруына зор ық­палын тигізеді. Қазір әлемде дәл осын­дай ауқымды өзгерістерді қолға алған мем­ле­кеттер көп емес. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаң­ғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша «Күшті Пре­зи­дент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құ­рып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек, – деген Мемлекет басшысы барша қазақстандықты азаматтық жауапкершілік танытып, алдағы сайлауға белсене қатысуға шақырды.
Мәжілістің VII шақырылымы депутат­тары­ның жұмысын палата төрағасы болған Ерлан Қошанов қорытындылады. Ол оны «та­рихи белес» деп бағалады. Оның байла­мын­ша, жетінші шақырылымның мерзімі қыс­қа болса да, қызметі сапалы әрі маз­мұн­ды болды.
«Біз халқымызбен, қоғаммен, әр аза­мат­пен мейлінше ашық, тығыз қарым-қа­ты­нас орнатуға тырыстық. Барлық мә­се­ле­де конструктивті, белсенді жұмыс істедік. Де­пу­таттар өңірлерде туындаған, қызып тұр­ған мәселелердің бел ортасында жүрді. Маңызды конституциялық заңдарды қа­был­дадық. Мемлекетте түбегейлі инсти­ту­цио­налдық өзгерістер болды. Біз Пре­зи­ден­тіміздің Мәжіліске жүктеген міндеттері мен тапсырмаларын толықтай орындадық. Ең бастысы, әлеуметтік сала заңнамалық тұр­ғыда толықтай қамтамасыз етілгенін ай­туы керек», – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс 2 парламенттік тыңдауын тәуел­сіздік тарихындағы ауыр сынаққа ай­налған «Қасіретті қаңтардың» жай-жап­сарына арнады. Қаңтар оқиғалары елдегі көп өзгерістерге серпін берді. Қос билік жойыл­ды, созбалаңға салынған саяси транс­формация аяқталды, демократиялық үр­діс­тер өркен жайды. 2022 жылғы 5 мау­сым­дағы жалпыұлттық референдумда Қа­зақстан халқы саяси жаңғыруды жақтап дауыс берді. Президент жариялаған саяси ре­формалар қолға алынды. Экономиканы монополиялардан, олигархтардың үстем­дігі­нен арылту үрдісі басталды. Бір сөзбен айтқанда, 2022 жыл мем­лекеттің өзін, басқару жүйесін жаңартып-жаңғыртқан, тұтас қоғамның болмыс-біті­мін түпкілікті өзгерткен уақыт болды. Осы тарихи жаңарудың бәрін жетінші сайланған Мәжіліс заңнамалық қамтамасыз етіп үлгерді. Сол үшін депутаттар күндіз-түні, де­малыс күндері де тынбай жұмыс істеді, түрлі жиналыс, кеңес өткізді. Жұртшы­лық­пен кездесіп, ақылдасты. Сын-ескерт­пе­лерден қорытынды шығарып, жұртшылық­тың үмітін ақтауға барынша күш салды. Ен­деше сайлаушылары да өз қалаулыларына риза болса керек. Парламент Мәжілісі Жалпы, жұмыстың көрігі қызғанын мы­на деректерден байқауға болады. VII Мә­жіліс 2021 жылғы 15 қаңтар – 30 маусым аралығын қамтыған бірінші сессиясы бары­сында қос палатаның 3 бірлескен оты­рысын, Мәжілістің 23 жалпы отырысын, тұрақ­ты комитеттердің 186 отырысын, оның ішінде 2 көшпелі отырысты өткізді. Заң жобаларын пысықтау үшін мүдделі мемлекеттік органдардың лауазымды тұл­ғаларын, сарапшыларды, қоғамдық ұйым өкілдерін шақырып, түрлі жұмыс топта­ры­ның 435 отырысын, 13 «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Енді салыстырсақ: 2021 жылғы 1 қыр­күйек пен 2022 жылғы 30 маусым аралығын қамтыған екінші сессиясында Мәжіліс Пар­ламент палаталарының 4 бірлескен оты­рысын, өзінің 42 жалпы отырысын, тұрақ­ты комитеттердің 239 отырысын (оның 8-і – көшпелі) өткізіпті. Ал ел күткен заң жобаларын жетілдіру үшін жұмыс топ­тарының 828 отырысы мен 17 «дөңгелек үс­тел» ұйымдастырыпты. Яғни, жұмыс есе­ленді. VII сайланымдағы Мәжіліске бірінші сес­сиясында 36 заң жобасы келіп түсті: оның ішінде 1-еуіне – Президент, 9-ына – депу­таттар, 26-сына – Үкімет бастамашы бол­ды. Бұдан бөлек, алдыңғы алтыншы сай­ланымнан 50 заң жобасы мұраға қалыпты. Мә­жіліс депутаттары бірінші сессия қоры­тын­дысында 49 заң жобасын пысықтап, ма­құлдап, Сенатқа ұзатты. Яғни, қарауына алған заң жобаларының жалпы санының 56,9%-ын бір ғана сессияда қабылдап үл­гер­ді. Сонымен бірге заң бастамашылары Мәжілістен 6 заң жобасын кері қайтарып ал­ды: бесеуін – депутаттар, бірін – Үкімет әзір­­­леген. Яғни, ұсынылған заң жобалары­ның бәрін қабылдай салмай, принципшіл­дік, табандылық танытып, мұқият болды. Ал екінші сессиясы барысында бұл Мә­жіліс жаңадан 96 заң жобасын жұмысқа қа­бы­лдады. Негізінен, қаңтар оқиға­ла­ры­нан кейінгі Президенттің бастамаларын, ел мен экономиканың әр саласындағы ре­фор­маларды ілгерілетуді қарастыратын бұл заң жо­баларының 23-ін – депутаттар, 73-ін – Үкімет әзірлеп, енгізді. Мұның сыртында па­латаның қарауына алдыңғы сессиядан 31 заң жобасы өтті. Нәтижесінде, екінші сессия қоры­тын­дысында Мәжіліс 75 заң жобасын мақұлдап, Се­натқа жолдады. Егер екінші сессияда депутаттардың қоржынында жалпы саны 127 заң жобасы болғанын ескерсек, Мәжі­ліс депутаттары соның 59,1%-ын қабылдап үлгерген. Ол құжаттардың 19-ына депутат­тар, 56-сына Үкімет бастамашы болған. Жартысына ғана жетіп, доғарылған үшін­ші сессиясының қорытындылары әзір­ге шығарылған жоқ. Мәжілісте әртүрлі қа­рау сатысында шамамен 50 заң жобасы қал­ды. Бұл Мәжіліс алдағы болатын сайлау­дың заң­дық ұстынын қалап берді. Прези­дент ұсы­нысымен және заңнамалық өз­ге­рістерге сәйкес, жаңа Мәжіліс депу­таттарының 70%-ы парламенттік додада 7%-дан астам дауыс жинай алған саяси партиялардың пар­тиялық тізімдері арқы­лы қалып­тас­тыры­лады. Қалған 30 пайызы бір мандатты округ­терден сайланған тәуел­сіз депутаттар болады. Жаңа Мәжі­ліс­те Қазақстан халқы Ассамблеясының 9 депутаты болмайды. Облыстар мен үш мегаполистегі мәс­ли­хат депутаттары да аралас жүйе бойынша сай­ланады: депутаттардың 50% бір ман­дат­ты жүйе арқылы, 50% партиялық тізім бойын­ша өтеді. Ал аудандардың және об­лыс­­тық маңыздағы қалалардың мәсли­хат­тары 100% бір мандатты округтерден озық шыққан үміткерлерден құралады. Осылайша, табиғат жаңаратын Әз нау­рыз­да Мәжіліс пен мәслихаттар да жаңа­рып, жаңа үлгіде жасақталады. Сонда сай­­­­лаушылардың мүддесі жалпыұлттық жә­не аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкіл­ді билікке түрлі көзқарастағы аза­мат­тардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қо­ғамның одан ары дамуына жағдай жа­са­лады. Конституциялық реформа аясында және VII сайланымдағы Парламент қа­был­дап кеткен заңға сәйкес, саяси партияларды тір­кеу рәсімі жеңілдетілді. Осының арқа­сын­да Қазақстанда көп уақыттан бері ал­ғаш рет 2 жаңа партия тіркеліп отыр. Нә­тижесінде, 19 наурыздағы парламенттік до­­даға ресми тіркелген жеті партия: «Ama­nat» партиясы, «Ақ жол» Қазақ­стан­­ның демократиялық партиясы, Қазақ­стан­­ның халық партиясы, «Ауыл» халық­тық-де­мок­ратиялық патриоттық партиясы, Жал­пыұлт­тық социал-демократиялық пар­тиясы, «Байтақ» жасылдар партиясы және Respubliсa партиясы қатыса алады. Қорыта айтқанда, қазақстандық парла­мен­таризм тарихында ең қысқа мерзім ғана жұм­ыс істеуімен рекорд орнатқан VII ша­қырылымдағы Парламент Мәжілісі аз оты­­рып, көп іс тындыра алды.