Биыл – тұлғалар жылы. Сондай-ақ биыл – дара кемеңгер, Алаштың ардақты азаматы, қатарынан артық туған, «қараңғы қазақ көгіне, күн болып шыққан» айтулы тұлға Сұлтанмахмұттың да жылы. Оның есімі аталса, «жасынан лапылдап жанып өскен, жалындап өткен, өлең отына өртеніп өлген қыршын дарын көз алдыңа келіп тұра қалады».Сұлтанмахмұтты танытқан – Бейсенбай
Ақын туралы естеліктер әуелде мектеп оқулығынан кезіккен. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деген өлең жолдарын мектеп жасында-ақ жаттап өстік. Бірақ ол тұста (кеңестік кезең) бұл өлеңнің Алаш гимніне айналғанын білген жоқпыз. Өйткені Алаш сөзі «жабық» тақырыптардың біріне айналған. Ілуде бір-екеуі болмаса, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан есімдерін есту мұң. Сол үшін де бізге Сұлманмахмұт жалынды, жарқын жырларымен совет ақыны болып көрінген. Торайғыровтың шынайы бейнесімен Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана таныстық ғой.
Жо-жоқ, қателесеміз, Сұлтанмахмұт бейнесін мектеп жасында тағы бір шығармадан оқып білдік. Ол – Дихан Әбілевтің «Сұлтанмахмұт» роман-трилогиясы еді. Жазушының бұл романы ХХ ғасырдың 80-жылдары жарық көрген. Ол үш кітаптан тұрады: «Ақын арманы», «Арман жолында», «Баянауыл баурайында». Бірінші кітап «Ақын арманы» төрт бөлімнен құралған. Бірінші бөлімде бала Махмұттың өмірбаяны суреттеледі. Оның Рахметолла қазіреттің қолында медреседе оқып жүрген сәтін көресіз. Бала болса да, Рахметолла қазірет сияқты дүмше діндарлардың тірлігін, олардың нашарларға жасаған қиянат, зорлық-зомбылығын көріп, діни оқудан бас тартады. Осы қиянат, зорлықтардың барлығы шәкірт Махмұттың жүрегінен өлең болып өріледі. Әлеуметтік өлеңдерге көптеп бет бұруы да осы кездер болса керек.
Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы жазылған кесекті шығарма Дихан Әбілевтің роман-трилогиясы болса, оның бүкіл шығармашылығын зерттеп-зерделеген жанның бірі – Бейсенбай Кенжебаев. Ғалым еңбегі болмаса, Сұлтанмахмұт тақырыбы айтыла қояр ма еді, жоқ па еді, кім білсін?! Бұл тақырыпты қаузаймын деп, «ұлтшыл» деген атты да иемденді. Талай сын садағына да төзді.
Ғалым, әдебиеттанушы, Бейсенбай Кенжебаевтың шәкірті Құлбек Ергөбек «Сұлтанмахмұт үшін сор кешкен» деп жазды. «Профессор Бейсембай Кенжебайұлының айтуына қарағанда, Сұлтанмахмұт қайтыс болғанда ұлы ақын Мағжан Жұмабайұлы жылап тұрып: «Алатаудай ақыныңнан айырылдың қазақ, Қанатыңнан қайырылдың қазақ» деп, өлеңмен сағаттап сөз сөйлеуінің сыры, шын қайғының қаралы жыры да міне, осында. Ал олай болса, аталмыш қазақ мәдениетінің Алатаудай алыптары қиын тағдыр кешіп, айдалып, аты жабық келіп бүгін ғана ақталып жатқанда Торайғырұлының «тайраңдап» оқулықтардан орын алып, ортамызда жүргені қалай? Біздіңше, мұның екі себебі бар. Ең алдымен, сұңқаржүрек ақынның қара дауыл соққан қаралы, халықты қанжылатқан, қансыратқан жылдарға ілікпей, жетпей – 1920 жылы, жиырма жеті жасында қайтыс болуы. Асылы, Сұлтанмахмұт басының кірленбей аман қалуының екінші басты себебі – зерттеушісінің жүрекжұтқан мықтылығында, зерттеушісінің ақын тағдыры үшін аянбай, табанды түрде үздіксіз күресе білуінде» дейді ғалым.
Қатондағы «баянсыз» махаббат
Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданына барсаңыз, Шыңғыстай деген ауыл бар. Қалихан Ысқақ айтқандай, кешегі – Шәңгіштай. Ел оны Әбдікерім болыстың ордасы деп те санайды. Кезінде сол ауылда болыс мектеп ашқан. Ол мектептің орнында қазір мұражай тұр. Әбдікерім болыстың тағдыры да ауыр болған. Әлихан Бөкейхандай ұлт тұлғасына баяндамашы болған, совет дәуірінде үш рет түрмеге қамалып, ақыры туған жерінен топырақ бұйырмай, мүрдесі жат жерде қалған.
Әбдікерім болыстың мектебі туралы айтқанда Сұлтанмахмұт Торайғыровты да айтпай кетуге болмайды. Махмұт сол мектепте сабақ берген. Ақынның ізі Шыңғыстайда сайрап жатыр. Ол туралы көрнекті жазушы Қалихан Ысқақ «Келмес күндер елесінде» ерекше тоқталады. Зертеушілер Қатондағы ақын өмірі туралы айтқанда оның Әбдікерім болыстың қызы Бағиламен махаббатын да суреттейді.
Амал не, ақын сүйген қызына қолы жетпеген. Ол кезде Бағиланы айттырып қойған. Оқиғаның соңы ұшықпасын деген оймен, болыс қызын айттырылып қойған жеріне, қыс ішінде Шүй жаққа ұзатып жібереді. Бұл жағдай жаны нәзік Сұлтанмахмұтқа да оңай тимегені анық. Ол жаны күйзеле жүріп, оқу жылын аяқтауға тырысады. Осы оқиғадан кейін оның атақты «Кім жазықты» романы жазылады. Ол романның негізінде ақын тағдыры да жатыр.
Бұл оқиға Қалихан Ысқақтың ғана емес, ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың да естеліктерінде кездеседі. «Қыс жаңа түсіп, қаһарын төге бастаған. Бір күні үйімізге қалаша киінген, жұқа өңді, ашаң жанарлы адам келді. Ол Сұлтанмахмұт екен. Асты-үсті тақтаймен көмкерілген үлкен ағаш үйіміз болатын. Соның төргі бөлмесін екіге бөліп, бір бұрышын шымылдықпен ұстап, Сұлтанмахмұтқа өзінше жеке бөлме жасап бердік. Ортасына ағаш стол қойдық. Сонда жазуын жазып, ұзақ түндер отыратын», – деп жазады.
Сол оқиғадан кейін 1918 жылдың сәуірінде Шыңғыстаудан Семейге оралып, мамыр айында еліне қайтады. Тағдыр енді оған өзі бауыр басқан Семейіне қайта оралуға жазбайды. Өмірінің соңғы бір күндерінде ол Шыңғыстаудағы Сәниязбек бен Ақышқа арнайы хат жазады. Осы хатында ол: «Қарағым Ақыш, мен сендердің біраз уақыт орталарында болдым, ауруымның асқынып кеткеніне қарамай күттің. Бұл сенің бекзаттығың ғой. Екі дүниеде разымын» деп қоштасқан екен. Бұл оның соңғы қоштасуы еді. Тағдыр оны Семейге қайта келуге жазбады.
Сұлтанмахмұтты Алаштан бөліп қарауға болмайды
Ұзақ жылдар бойы ақын өмірін зерттеген ғалымдардың бірі – Арап Еспенбетов. Ғалым қазір Семейде тұрады. Жетекшісі – Бейсенбай Кенжебаев. Бұл тақырыпқа келуіне де себепкер болған – Бейсенбай ұстазы. Арап ағаға Сұлтанмахмұт туралы бірер сауал қойып, қоңырау шалған едік. Әуелгі сауалымыз Алашқа қатысты өрбіген. Ғалымнан «Алаш пен Сұлтанмахмұтты не байланыстырады?» деп сұрадық. «Ақын Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевдеңгейінде айтыла ма?» деген де сауал қойдық.
«Алаштан Сұлтанмахмұтты, Сұлтанмахмұтты Алаштан бөліп алу – мүмкін емес нәрсе, – деп бастады ғалым әңгімесін. – Алаштың бас идеологтарының бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров болғанын сеніммен айта аламын. Ол 1917 жылы Алашқа арнап, атақты өлеңін жазды. Оның:
– Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз, – деген өлеңі Алаш гимніне айналды.
1917 жылдың қарашасынан 1918 жылдың наурызына дейін Сұлтанмахмұт атақты Оразбайдың баласы Медеу ауылында болған. Медеу мен Тұрағұл (Абайдың ұрпағы) – құдандалы адамдар. Тұрағұлдың қызы Ақылия Оразбайдың немересі Саниязбекке тұрмысқа шығады. Ол Ақыш апамыздың үйінде жатып, «Таныстыру» дейтін өлеңін жазған. «Социализм» дейтін мақаласы да осы кезде шықты. «Таныстыру» өлеңінде төңкерістен кейін қазақты бастайтын кім бар, елді кім біріктіре алады, қазақтың сөзін сөйлейтін адам бар ма деген сауалға жауап іздейді. Сөйтіп ол өлеңінде Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев туралы пікірін білдірген. Сұлтанмахмұтты Алаштан бөліп қарай алмайтын себебіміздің тағы бірі – 1917 жылдың күз айында Әлихан Бөкейхан Семейге келген. Семейге келген кезінде «Сарыарқа» газетінің бетінде Сұлтанмахмұт «Әлиханның Семейге келуі» дейтін мақаласын жариялайды. Бұл мақала репортаж жанрында жазылады. Әлиханның қазақ қоғамындағы орнының қандай екенін көрсетіп берген дүние болды. Көрдіңіз бе? Ол Алаштан ешқашан алыс кетпеген.
Оның 1919 жылдың аяғы мен 1920 жылдың басында жазылған «Айтыс» деп аталатын тамаша поэмасы бар. Онда да:
– Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,Ұранға Алаш деген атты аламын.Сүйгенім қазақ өмірі, өзім – қазақ,Мен неге қазақтықтан сақтанамын, –
деп жырлаған.
ХХ ғасыр басында қазақтың қилы-қилы кезеңі туралы толғанып, өмір-салты туралы жарқын жырлар жазған ақынның бірі Сұлтанмахмұт деп айтар едім. Сұлтанмахмұт ұмытылып қалған жоқ, оны ұмыттырмаған Бейсенбай Кенжебаев сияқты ұлт зиялылары. Керісінше, Алаш қайраткерлері ақталып, Алаш ақиықтары айтыла бастаған тұста, оның есімі қайта жарқырап шықты.
– Есіңізде болса, бір жылдары Торайғыровты сектант қылып шығарғандар да болды. Бұл тақырып қайдан шықты? Жалпы, Сұлтанмахмұттың дінге көзқарасы қандай болды?
– Кейде тілшілер де бір сөздің байыбына бармай жаза береді ғой. Ең алдымен, осы сектант дегеніміз не? Секта деген не? Осыған жауап беріп көрдік пе? Біреулер шағын топ құрып, белгілі бір діннің аясында ұйым құрып жатса, оны секта деуге болады. Ал оған мүше болған адамдар – сектанттар. Ал Сұлтанмахмұттың сектант болуы мүмкін емес. Кеңес дәуірінде ақын-жазушыларды оқытқан кезде діннен бөліп тастап, атеист етуге тырысты. Керісінше, ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушылардың дені дінді жақсы білген, жақсы ұғынған. Дінді түсіне алмай, ұғына алмай келе жатқан бүгінгі ұрпақ – Сіз бен біздер. Осыны білген жөн. Әйтпесе, Сұлтанмахмұттың дін туралы жазған өлеңдері өте көп. Осының бәрінде дінді жек көрген жоқ. Ол қайта дінді бұрмалайтын дүмшелерді сынаған. Құрандағы айтылған сөзді түсінбейтін, діннің нәрін ұқпайтындарға тойтарыс беріп отырған. Екіншіден, Сұлтанмахмұт діннің тазалығын жақтаған адам. Дінді өздерінің ішіп-жеміне, күнделікті тұрмысына пайдаланатын дүмшелерге қарсылығын білдірген. Сұлтанмахмұттың жинақтарында жоқ. Мен мұны кейін таптым. Келешекте жинақтарына енгіземін деп отырмын. 1914 жылы «Айқап» журналында ол «Құран бұзған» деген мақала жазыпты. Сол мақаласында Құранға қалай болса, солай қарайтындарды сынап жазады. Қазан шаһарында Харитонов деген орыс Құран кітабын шығарады. Шығарғанын қайтейін, ол кітаптың мүлдем бұзылып, қате-қате болып шыққан. Соған ренішін жазады. «Үйімде Құран бар деп, аққа байлап, қадірлеп ұстағанымен, оның мазмұнына мән беретін адамдардың жоқ екенін» айтады. Діни сауаттың болмағанына, діннің дұрыс тарамағанына қапаланады. Сұлтанмахмұт – дінді ұққан, Құранның жолын, діннің жолын жете білген, терең адам.
– Өткен жазда Қатонқарағайға барғанымызда Әбдікәрім болыстың мектебіне (мұражайына) соққан едік. Сол жақта да Сұлтанмахмұттың есімі жиі айтылады екен. Бірақ ақын ол жақта ұзақ уақыт тұрмағанын білеміз. Кейін ақынның шығыстан ерте қайтып кетуіне «баянсыз» махаббаты себепкер болды ма?
– Бұл айтып отырғаныңызда шындық бар. 1914 жылдың қыркүйегінде Сұлтанмахмұт өзінің туған жері Семейге келеді. Семейге келудегі мақсаты – Нұрғали Құлжанов пен Нәзипа Құлжанова басқаратын мұғалімдер семинариясында білім алу. Сондай үмітпен келеді. Өкінішке қарай, үлкендермен қатар оқиын десе, білімі жетпейді, балалармен қатар оқығанға, жасы асып кеткен. Тура сол уақытта Қатонқарағайдан атақты Әбдікерім болыс Семейге келіп жатыр екен. Бала оқытатын мұғалім іздеп келіпті. Онда Сұлтанмахмұттың «Айқап» пен «Қазақ» газеттеріне мақала жазып жүрген кезі. Жазу-сызуымен жақсы таныс Әбдікерім Махмұтты өзімен бірге Қатонға алып кетеді.
Бағиламен махаббаты сол жақта басталады. Жастық жалын бар, өзі терең білімді, сезімтал ақын адам сұлу қызды көріп, бірден ұнатып қалса керек. Бағила екеуінің бір-біріне көңілі кетіп, шын сүйісіп, ғашық болады. Сұлтанмахмұт мінезі тік адам, болысқа кіріп келіп: «Бір-бірімізді сүйеміз, батаңды бер» деп сұрайды. Оған болыс ренжіп қалады. Қызы белгілі, ауқатты жерге айттырылып қойған. Сөйтіп жедел қызын ұзатып жіберген. «Бағиланы ұзатқаннан кейінгі өмірім өмір емес» деп, әуелі Зайсанға келеді. Тройскіде бірге оқыған азаматтары бар. Тағы басқа жолдастары болады. Солардың қасында жатады. Махаббаттың дертіне күйген Сұлтанмахмұт біраз уақыт Зайсанда болады да, ұзақ қалуға қаражаты болмай, Тарбағатай жаққа Құрбан қажы жеген кісінің ауылына кетеді. Шын мәнінде, Бағила екеуінің ғашық болғаны рас. Бағиланың ұзатылған жері қазіргі Ресей аймағында Қосағаш дейтін жерде екен. Сол ауылда тұрды. Кейінірек, 1960 жылдардың аяғында Бағиланың баласы Қатонқарағайға келіп кеткен. Ол туралы кезінде «Шалқар» газеті жазды. Екеуінің махаббаты туралы тарихи деректер осы ғана.
– Сұлтанмахмұтты зерттеп, бүкіл шығармаларын танытқан жанның бірі – Бейсенбай Кенжебаев екенін жақсы білеміз. Сіздің бұл тақырыпқа баруыңыздың сыры неде?
– Семей педагогикалық институтын бітірдім. Институтты бітірген соң, ғалым болуды таңдадым. Ұстазым – Қайым Мұхамедханов. Ол кісі Бейсекеңді (Бейсенбай Кенжебаевты) жақсы таниды екен. «Ғалым боламын десең, сол кісіге хабарлас. Оларда аспирантураға түсуге мүмкіндік бар» деп бағыт сілтеді. Оған дейін Семейде жүргенде «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» 16-17 нұсқасы бар, осыны зерттеп көрсең қайтеді» деген еді. Өзім де осы тақырыпты зерттеп көрейін деген оймен дайындалып жүрген едім. 1970 жылы Алматыға аспирантураға түстім. Алғашқы мәжілістен кейін бәрімізді жинап алып, қандай тақырып ұсынатынымызды сұрады. Өз тақырыбымды айтып едім, жас ғалым Рымғали Нұрғалиев қарсы болды. «Бейсеке, сіз өзіңіз ұзақ жыл Сұлтанмахмұтты зерттедіңіз, көп сынға ұшырадыңыз, осының бәрін қорытындылап, жаңаша айтатын кез келді, осы тақырыпты бекітіп берейік, өзіңіз жетекшілік жасаңыз» деді. Менің Сұлтанмахмұтпен «ауыра бастауым» сол 1970 жылдан басталды. Бейсекең бір сыпайы мінезі бар, қарапайым, биязы, архивтен ақтармаған нәрсесі жоқ, мықты адам екен. Сол кісі маған көп серпіліс берді.
– Сіз Сұлтанмахмұтты зерттеп бастаған кездері Дихан Әбіловпен таныс болдыңыз ба? Ол кісінің романы кейінірек, 1980 жылдары жарық көріпті. Романды қалай қабылдадыңыз?
– Роман кейінірек жазылды. Ол да жаман дүние емес. Дихан Әбілевтің «Сұлтанмахмұт» роман-трилогиясы көп зерттеліп, жазылған шығарма. Трилогия шыққан кезде сынағандар да көп болды. «Қазақ әдебиетінде роман-эпепея жазған Әуезов ғана, Әуезов болғысы келе ме?» деген сияқты пікірлер де айтылды. Қанша сын айтылса да, жақсы шығарманы жақсы деп мойындаған абзал. 1993 жылы Сұлтанмахмұттың 100 жылдығы атап өтілді. Сонда мен баяндама жасадым. Дихан Әбілев те сол жиынға қатысты. Таныстым, өзімнің зерттеу кітабымды бердім. Кейін де біраз хабарласып жүрді. Шығармаларыңызды оқыдым, дұрыс екен деген пікір айттым.
P.S. Биыл Сұлтанмахмұт мерейтойы дедік. Республика мектептерінде, ақын туған Павлодар өңірінде поэзия сағаттары өткізіліп, жыл бойы Торайғыров мұралары кеңінен насихатталса, сөйтіп Сұлтанмахмұт жырларын жас ұрпақ зердесіне жеткізу қолға алынса дейміз.