Ол суретке де, кәсіпке де ұлт болашағына үн қосу үшін келді. Сондықтан да суретші Аңсаған Мұстафаның әрбір туындысы жұртты елең еткізеді. Қоғамдағы түйткілді мәселелерді қозғайды. Соңғы жылдары суретшінің картиналары әлемдік көрмелерден жиі көрініп жүр. Осыған орай, суретшімен тілдесіп, бүгінгі сурет өнері, қазақ қоғамы жайлы әңгіме өрбіттік.– Соңғы жылдары халықаралық конкурстарға жиі қатысып жүрсіз. Әлемнің 750 суретшісі сайысқа түскен байқауда бақ сынап, үздіктер қатарынан көріндіңіз. Байқауға өзіңіз ізденіп қатысасыз ба? Әлде өздері хабарласа ма?
– Көрме өкілдері өздері хабарласты. Былтыр да осы байқауға шақырған болатын. Бірақ ол кезде үлгермей қалдым. Сәті биылға түсіпті. Халықаралық байқаудан орын аламын деп ойлаған жоқпын. Әлемнің түкпір-түкпірінен 750 суретші қатысты. Әділқазылар алқасында 50 адам болды. Мен Париждегі Эйфель мұнарасының дәл қасында көрме өткізуді қатты армандаймын. Халықаралық көрмелер мен байқауларға қатысуымның басты себебі де осы. Кішкентай қадамдармен бастап, үлкен мақсатыма қол жеткізгім келеді.
– Осы байқауда қай туындыңыздың бағы жанды?
– Бұл байқауда әдеттегідей тушьпен салынған суретімнің бағы жанды. Ол жерде екіқабат келіншек, ішіндегі бөпесінің қолында телефон бейнеленген. Мұндай жағдай шын өмірде кездеспейді. Тек мен адамдарға ой салса екен деп солай салдым. Жалпы суреттерімнің барлығы әлеуметтік мәселелерге арналған. Біздің қоғамның қазіргі жағдайын айнытпай бейнелеуге тырысамын. Сондықтан да шығар, көбіне көрермендер суреттерден өздерінің өмірін көреді.
Қазақстан Суретшілер одағында ізденіс жоқ– Оңтүстік Кореяның Суретшілер одағына мүше болып қабылданғаныңызбен Қазақстан Суретшілер одағында жоқ екенсіз. Неге?
– Жалпы Корея мені өткен наурыз айында «көрмеге келіңіз» деп шақырған. Бірақ түрлі кедергілерге байланысты бара алмадым. Суретімді жібердім. Оңтүстік Кореяның Суретшілер одағы қандай көрме болса да барып тамашалап, өз бағаларын береді екен. Өздеріне ұнаған суреттерді түртіп алып, қатты ұнаса, суретшіге хабарласып одаққа мүшелікке шақырады. Суреттер сол көрмеде екі апта тұрды. Соңғы күндерінде электронды поштама: «Оңтүстік Корея Суретшілер одағына мүше болуға шақырамыз» деген ұсыныс хат келіп тұр. Одаққа кіру үшін жарна төлеудің де қажеті жоқ екен. Осылайша, келіп тұрған ұсыныстан бас тартпай, келісімімді бердім. Өзім туралы ақпараттар мен басқа туындыларымды да жібердім. Содан кейін жаздың басында электронды поштама: «Оңтүстік Корея Суретшілер одағының мүшесі Аңсаған сізді Парижде өтетін көрмеге шақырамыз» деген французша және корейше жазылған хабарлама келді. Ал бір апта бұрын Иран Суретшілер одағына да дәл осылай мүшелікке өттім. Мен келген ұсыныстардың барлығына «иә» деп жауап беремін. Ал еліміздің Суретшілер Одағы көрмеме келген жоқ. Олардың менде, менің оларға қатысымыз жоқ. Мүмкін қатты ұйқыға кетіп қалған шығар. Одақта ешқандай қозғалыс та, ізденіс те, әлеммен байланыс та жоқ.
– Әлемдік деңгеймен салыстырсақ, қазіргі қазақ сурет өнерінің дамуы қай деңгейде?
– Біздің суретшілер сурет салып бергендері үшін қомақты қаржы сұрайды екен. Осыдан 7-8 жыл бұрын бауырым Қанағат Мұстафин «16 қыз атты» фильм түсірді. Сол кезде маған суретшілердің басын қосып жақсы жоба жасау туралы ой келді. Он алты қыздың бейнесін он алты мықты суретші салып берсе ғой деген идея болды. Сөйтіп суретшілерге хабарластым. Бірақ сұраған бағаларынан шошып қалдым. Менде көк тиын ақша жоқ, тек суретшілердің еңбегін кино арқылы танытсам деген ойым ғана болды. «Идея үшін істей алмайсыздар ма?» дегенімде, барлығы ат тонын ала қашты. Мүмкін нарықтық қоғам біздің суретшілерге де әсер етіп жатқан шығар. Маған біреу сурет салып берші десе, ойланбастан тегін салып беремін. Қолымнан келмесе оны да айтамын. Суретімді ешқашан сатқан емеспін. Сатып алайықшы дейтіндерге футболка алыңдар деймін. Өйткені бұл суреттерді көрмелерге жібергім келеді. Біреу алып үйіне тығып қойғанша, көрмеде тұрып мыңдаған адамды толғандырғаны артығырақ көрінеді. 2014 жылы алғашқы көрмелерім болған кезде 3-4 суретімді таныстарыма сыйлап жіберіппін. Келесі көрмелерге келген адамдар сол суретті сұрай бастаған кезде ойлана бастадым. Сосын сол суретті қайтадан салдым да, астына аннотацияға «суреттің түпнұсқасын Берік Уәлиге сыйладым. Бұл – көшірме» деп жазып қойдым. Осылайша таныстарыма сурет емес, футболка сыйлайтын болдым.
– Халық сізді әлеуметтік желі арқылы таныды. Бұрын өмірлік қағидаларыңыз бен ойларыңызды бүкпесіз жариялап отыратын едіңіз. Жазудан алшақтап кетуіңіздің себебі қандай?
– Себебін қазір айта алмаймын. Уақыты келгенде айтармын. Бірақ жазудан қол үзіп, шығармашылыққа бет бұруымның да өзіндік пайдалы жақтары болды. Қаншама шетелдік көрмелерге қатысып жатырмын.
– Бір сұхбатыңызда «Суретші болуыма ата-анамның шығармашылық адамдары болғаны әсер етті» депсіз. Ата-анаңыз жайлы айтып беріңізші?
– Біз мектеп бітірген жылы достарымның көбісі әке-шешесінің қалауымен қаржыгер, заңгер, дәрігер мамандықтарын таңдады. Өйткені ол кезде бұл мамандықтар дүркіреп тұрған еді. Ал менің ата-анам керісінше, таңдауыма қарсы болған жоқ. «Тоқымаға барайын ба, дизайнға барайын ба?» деп екі ойлы болып жүргенімде, әкем: «Қиялың ұшқыр ғой дизайнға бар. Болашақтың мамандығы» деп кеңесін берді. Осылайша, қалаған оқуыма түстім. Әкем Құрманғазы Қараманұлы журналист, қаламгер, ағылшын тілінен қазақ тіліне де кітаптар аударған. Қазақтар орысша ақпарат алмай, тура ағылшынның ойымен білсін деп әлем классикаларын тәржімалады. Ал анам Шолпан Ұғыбайқызы 1991 жылдан бастап «Ақ босаға» деген газетті шығарды. Былтыр зейнеткерлікке шығып, газетті жабуына тура келді. Қазір немерелерінің ортасында. Мен газетті инернетке көшірейік деп ұсынып едім, оған көнбеді. Анам осы газетке көп еңбек сіңірген адам. Өмірлік жолдасым да журналист. Алматыда көрші тұрғанбыз. Астанаға сол жолдасымның қалауымен келдік. Жолдасым осында автокөлік иелеріне арналған газет ашты. Кейін газет шарықтау шегіне жеткенде жұмысын интернетке қарай бейімдеді.
Әлеуметтік мәселе кішкентай кезімнен санама сіңе беріпті– Ал әлеуметтік тақырыпқа қалай келдіңіз?
– Кішкентай кезімде ата-анам журналист болған соң біреулер келіп үйдің қора-қопсасын шығарып шашып кетті. Содан қорқып қалып, анам мені өзімен бірге үнемі редакцияға апаратын болды. Сөйтіп 11 жастан бастап журналистердің айтқан әңгімелеріне қызығып өстім. Олар тыныш отырсын деп қолыма қалам мен қағаз береді. Осылай сурет салып отыратынмын. Ол кезде компьютер жоқ. Газетке шығатын фотода он адам болса, соның бесеуін алып тастау керек болса, гуашпен бояйтынбыз. 18 жаста журналистердің қасында фотограф ретінде еріп жүретінмін. Әлеуметтік тақырып газетте көп қозғалатын. Ана мен бала, адамның сыртқы әлеммен қарым-қатынасы сияқты мәселелер жиі қозғалатын. Осылайша, осы тақырыптар кішкентай кезімнен санама сіңе беріпті. Кейін суреттеріме арқау болды. Балаларға аяушылық та, жетімдер үйіндегі мәселелерді де сезініп өстім. Бір күні редакцияға бір әйел келіп: «Қызылордадан келдім. Күйеуіммен ұрсысып, шығып кеттім. Алматыдағы туыстарымды тауып алғанша, балам осында отыра тұрсыншы» деді. Біз келістік. Түн болды, әлгі келіншек келген жоқ. Осылайша бірнеше күн өтті. Ақыры полиция шақырдық. Олар үш күн біреудің баласын бақтыңдар деп өзімізді тергеді. Ақыры анасы табылған жоқ. Баланы жетімдер үйіне өткізуге тура келді. Анасы бір қиындыққа душар болды ма деп жан-жақтан іздестірдік. Бірақ еш жерден табылмады. Баланы осылай да тастап кетуге болады екен. Сосын балаға үш күн бауыр басып қалған соң өзімізге асырап алғымыз келді. Бірақ жинайтын құжаттары көп болды. Біз бәрін жинасақ та, баланы ала алмадық. Осындай оқиғалар жадымда жазылып қалды. Содан қыз-келіншектер балаларын тастамасыншы, суреттеріме қарап ойлансыншы деп осы тақырыпты саламын.
Бір суретімнің идеясын Қырымбек Көшербаев айтты– Суреттеріңіз халық арасына кең тарай бастаған кезде қандай әсерде болдыңыз?
– 2009 жылы Қазақстанға фейсбук тарай бастады. Досым Айдос Сарым фейсбукке келуіме түрткі болды. Басында осы желі қазіргідей емес, қызық болатын. Смайликтер жоқ, комментарийлер постан да қызықты еді. Басында фейсбук интеллектуалдық алаң сияқты болды. Желіге әншілер әндерін, журналистер мақалаларын жүктейтін. Сосын мен де суреттерімді сонда сала бастадым. Әртүрлі тақырыптағы суреттерді салатынмын. Бірақ ең көп лайкты әлеуметтік мәселелердегі суреттер жинайтын. Шетелдіктер де комментарий жазатын. Осылайша лайкаманияға ұшырап, желіге әлеуметтік тақырыптардағы суреттерімді жүктей беріппін. Халық арасына суреттерім кең тарай бастағанда қатты қуандым. Фейсбукке әлеуметтік тақырыптағы 200-дей сурет жүктеппін. Желідегі достарымның көңілінен шығып ең көп лайк жинаған 50 суретті көрмелерге апарып жүрмін. Суреттерге тақырыпты да, идеяны да сол желідегі достарым, журналистер айтып отырады. Оның барлығын суреттерімнің аннотациясында көрсетемін. Мысалы, бір суретіме идеяны Қырымбек Көшербаев айтты. Қызылордадағы көрмеге әкім келді. Мен суреттерімді таныстыра бастап едім, тоқтатып тастап, өзінің ұнататын, оған ерекше әсер еткен суреттерді көрсете бастады. Сөйтсем, менің суреттеріммен жіті таныс екен. Таң қалдым. Сосын «Қазір қазақтар жатады деген сөзді жиі қолданады. Осы сөздің өзі дұрыс емес. Барайын деп жатырмын, жұмыс іздеп жатырмын дейді. Сол туралы сурет салшы», деді. Сосын осы идеямен диванда жатқан еркектің суретін салдым. Одан «не істеп жатырсың?» десе, «жұмыс күтіп жатырмын» дейді. Бұл сурет адамдарға ұнап, бірнеше қалаға билборд болып та шықты. Қоғамда анау-мынау жұмысты менсінбей, құр жататын адамдар көп екен.
– Сізді білетін көрермен суреттеріңізді 3 топқа бөліп қарастырады. Біріншісі – ана мен бала, екіншісі – гаджетке телмірген ұрпақ, үшіншісі – махаббат тақырыбы. Келісесіз бе?
– Иә, тура осылай. Өйткені жақында шетелдегі көрмеден «суретіңнің бағыты қандай?» деп сұрады. Бұған дейін ойланбаппын. Ойыма келген идеяны алып сала беріппін. Бірақ саралап қарасам, ең бірінші ана мен баланың қарым-қатынасын, отбасы мәселелерін, екінші гаджетке телміріп өсіп келе жатқан балаларымыз, үшінші махаббат тақырыптарын жиі қозғаппын. Болашақта тақырыптардың ауқымы бұдан да кеңеюі, суреттерімнің басқа мәселелер бойынша сөйлеуі мүмкін. Экология, кредит жайлы да салғанмын.
– Суреттеріңіздегі мәселелер өз отбасыңызда кездесе ме?
– Иә, менің де балаларым гаджетке телміріп жүр. Суреттерімде өз отбасымнан көргендерімді де саламын. Өйткені мен біреудің үйіне барып тақырып іздемеймін ғой. Біздің отбасымыздың басқа отбасылардан еш айырмашылығы жоқ. Балаларым да басқа балалар сияқты ютубқа телміріп, өсіп жатыр.
Біз қыздарымызды басып тастағанбыз– Біздің қоғамның дерті неде деп ойлайсыз?
– Біз қыздарымызды басып тастағанбыз. Қоғамдағы басты проблема – осы. Өйткені шетелде қыздар мен жігіттер біреуі оң аяқ, екіншісі сол аяқ болып, елдерін алға сүйреп жүр. Ал біздің елімізде қыздар еркектермен қатар қадам жасай алмайды. Қандай жерде болса да қыздарға: «Сөйлеме. Жігіттердікі дұрыс. Еркектің алдын кеспе» деп айтады. Еліміздің дамуына осы мәселе де кедергісін келтіріп жатыр. Мектепте орта есеппен әр сыныпта 4 қыз, 1 ұл ғана беспен оқиды делік. Он жылдан кейін қарасаң, сол сыныптан 5 жігіт, 1 қыз ғана бастық болады. Өмірге қадам басқан кезде жұмыста қыздарды басып тастайды. Менің қол астымда да қыздар мен жігіттер жұмыс істеп жүр. Ортақ сұрақ қойсаң, арғы жағында ештеңесі жоқ болса да жігіттер жылмыңдап алға шығып тұрады. Сол жігітке тапсырма берсең, соңына дейін жауапкершілік алмайды. Осылай жылтырап жүріп, жігіттер өседі. Бірақ еліміз алға қарай аттамай жатыр. Ал қыздардың жауапкершілігі жоғары, жігіттер сияқты өз пайдасын ғана ойлап тұрмайды. Қазақтың кез келген қызы ақылды, әлеуеті жоғары. Бірақ қоғам ерлерді алға сүйрейді.
ЭКСПО ұйымдастырушылары алдап кетті– Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында ерекше кәсіп бастадыңыз. Футболкалар шығару идеясы қашан, қалай келді?
– Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланады дегенді естіп, қатты қуандым. Суретші ретінде өз тарапымнан не қоса аламын деп ойландым. Сосын жазда бәрі қазақша оюмен, қазақы нақышта киініп жүрсе деген ой келді. Фотосалондар өзің қалаған суретпен футболка жасайтынын білемін. Мен сурет салсам, ұнатқан адам өзі сол фотосалондарға жасатып алар деп, әлеуметтік желіге ойымды жаздым. «Егер 550 лайктан асса, осындай қазақы футболканың 55 түрін саламын» деп жазып едім, көрсеткіш мыңнан асып кетті. Сөйтіп, хандығымыздың 550 жылдығына жарты жыл бойы сурет салдым. Салт-дәстүр, ұлттық ойындар, ата-бабаларымыз бен батырларды қамтуға тырыстым. Италияның Сиракуза қаласынан Benedetto Speranza деген кісі хат жазды. Футболкаларды өзің салып, сатып жатырсың ба деп сұрады. Жоқ, елдер өздері жасатып жатыр десем, ол таң қалады. «Дизайндары тегін бе?» деп сұрайды. «Иә» десем, «жарты жылдық еңбегіңді тегін таратқаның не?» дейді. Мен оған «Сіз білесіз бе, бізде отаны үшін өмірін береді, жарты жыл еңбек деген не?» деп жауап бердім. Сол кісі өзі футболка шығарумен айналысады екен. Маған видео арқылы қоңырау шалды. Гугл аудармашымен аударып, қажетті құралдардың қазақша атауларын жабыстырып қойыпты. Солардың бәрін көрсетіп, таныстырып, бәрін түсіндірді. «Маған ең қиыны – сурет салу. Ал сен өзің саласың емес пе?» деді. Бір суретіме клише жасап, поштамен салып жіберді. Сөйтіп, осы істі қолға алуға себепкер болды. Осылайша, адамдар хабарласып, размерлерін айтып футболка сұрай бастады. Мен: «футболка шығармаймын. Суретін беремін, барып фотосалоннан бастырып алыңыздар» деймін. Бірақ көпшілік осы істі бастауыма дем берді. Ұсыныстарын, сұраныстарын айтып қолдап кетті. Сөйтіп, қолымнан келгенше шығарып, жіберіп жүрдім. Бірақ оны шығарып, пакетке салып, Қазпоштадан салып жіберуге бір адам керек болды. Осылайша, аяқ астынан бизнес бастап кеттік. Командамыз да кеңейіп, 11 адамға жеттік. Аяғымыздан тұрып, кәсібімізді дөңгелетіп отырғанбыз. Бірақ 2017 жылы ЭКСПО өтетін кезде, ұйымдастырушылар хабарласып, «10 мың дана футболка әкелсең, біз туристерге сатып, ақшасын өздеріңе береміз» деді. Бұл ұсынысқа қатты қуандық. Несие алып, 10 мың дана футболка шығарып бердік. Екі аптадан кейін кел деп қоя берді. Барсақ, бізбен келісімшарт жасасқан адамдардың бірде-біреуі жоқ. Жаңадан келген қызметкерлер отыр. Олар «тағы екі аптадан кейін келіңіздер» деді. Барсақ, тура осы картинка қайталанып тұр. Осылайша, дәл мен сияқты алданған зергерлер, қолөнершілермен ватсапта группа аштық. Бірақ ЭКСПО біткен соң ұйымдастырушылардың бірде біреуін таба алмай қалдық. Әлеуметтік желіге жазып шулатқанымызда біреулер хабарласып, басып тастады. Осылайша, кәсібіміз тоқырап қалды. Қызметкерлердің еңбекақыларын да өз қалтамыздан төледік. Ұлттық нақыштағы футболкалардың бағасы да басқалармен салыстырғанда арзан. Себебі біз бастағанда бизнес үшін деп емес, патриоттық сезіммен бастадық.
– Сіздің футболкаға салған суреттеріңізді қырғыз, өзбек ағайындар рұқсатсыз басып, нарықты толтырып тастаған еді. Жалпы өз өнімізді патенттей алдыңыз ба?
– Иә, естіген бойда жүгіріп базарға бардым. Барсам, әр дүкенде мың футболкадан тұр. Сосын саудагерлер: «Біз сатып алушымыз. Футболкаларды шығарып жатқандар – Бішкекте. Тоқтатсаң, соларды тоқтат» дейді. Сосын патент алмақшы болдым. Бірақ Әділет министрлігі патенттеуге тоғыз ай жұмсады. Тоғыз айда өзбек, қырғыз ағайындар патенттелген дизайндарды емес, басқа дизайндарды пайдалана бастады.
– Әңгімеңізге рақмет!