Суретімді ешқашан сатқан емеспін – Аңсаған Мұстафа
Суретімді ешқашан сатқан емеспін – Аңсаған Мұстафа
1,007
оқылды
Ол суретке де, кәсіпке де ұлт болашағына үн қосу үшін келді. Сондықтан да суретші Аңсаған Мұстафаның әрбір туындысы жұртты елең еткізеді. Қоғамдағы түйткілді мәсе­лелерді қозғайды. Соңғы жылдары суретшінің картиналары әлемдік көрме­лерден жиі көрініп жүр. Осыған орай, суретшімен тілдесіп, бүгінгі сурет өнері, қазақ қоғамы жайлы әңгіме өрбіттік. – Соңғы жылдары ха­лық­аралық кон­курс­тарға жиі қаты­сып жүрсіз. Әлемнің 750 суретшісі сайысқа түс­кен байқауда бақ сынап, үздік­тер қатарынан көріндіңіз. Бай­қауға өзіңіз ізденіп қатысасыз ба? Әлде өздері хабарласа ма? – Көрме өкілдері өздері ха­бар­ласты. Былтыр да осы бай­қау­ға шақырған болатын. Бірақ ол кезде үлгермей қалдым. Сәті биыл­ға түсіпті. Халықаралық бай­қаудан орын аламын деп ойлаған жоқ­пын. Әлемнің түкпір-түкпірінен 750 суретші қатысты. Әділқазылар алқасында 50 адам болды. Мен Париждегі Эйфель мұ­нарасының дәл қасында көрме өткізуді қат­ты армандаймын. Халықаралық көр­мелер мен байқауларға қатысуымның бас­ты себебі де осы. Кішкентай қадамдармен бас­тап, үлкен мақсатыма қол жеткізгім ке­л­еді. – Осы байқауда қай туындыңыздың бағы жанды? – Бұл байқауда әдеттегідей тушьпен са­лынған суретімнің бағы жанды. Ол жерде екіқабат келіншек, ішіндегі бөпесінің қолында телефон бейнеленген. Мұндай жағдай шын өмірде кездеспейді. Тек мен адамдарға ой салса екен деп солай салдым. Жалпы суреттерімнің барлығы әлеуметтік мәселелерге арналған. Біздің қоғамның қа­зіргі жағдайын айнытпай бейнелеуге тырысамын. Сондықтан да шығар, көбіне көрермендер суреттерден өздерінің өмірін көреді.   Қазақстан Суретшілер одағында ізденіс жоқ – Оңтүстік Кореяның Суретшілер ода­ғына мүше болып қабылданғаныңызбен Қа­зақстан Суретшілер одағында жоқ екенсіз. Неге? – Жалпы Корея мені өткен наурыз айын­да «көрмеге келіңіз» деп шақырған. Бірақ түрлі кедергілерге байланысты бара ал­мадым. Суретімді жібердім. Оңтүстік Ко­реяның Суретшілер одағы қандай көрме бол­са да барып тамашалап, өз бағаларын бере­ді екен. Өздеріне ұнаған суреттерді түр­тіп алып, қатты ұнаса, суретшіге хабар­ла­сып одаққа мүшелікке шақырады. Су­рет­тер сол көрмеде екі апта тұрды. Соңғы күн­дерінде электронды поштама: «Оңтүстік Корея Суретшілер одағына мүше болуға шақырамыз» деген ұсыныс хат келіп тұр. Одаққа кіру үшін жарна төлеудің де қажеті жоқ екен. Осылайша, келіп тұрған ұсы­ныс­тан бас тартпай, келісімімді бердім. Өзім туралы ақпараттар мен басқа туынды­ларым­ды да жібердім. Содан кейін жаздың ба­сында электронды поштама: «Оңтүстік Корея Суретшілер одағының мүшесі Аңса­ған сізді Парижде өтетін көрмеге шақыра­мыз» деген французша және корейше жа­зыл­ған хабарлама келді. Ал бір апта бұрын Иран Суретшілер одағына да дәл осылай мүшелікке өттім. Мен келген ұсыныс­тар­дың барлығына «иә» деп жауап беремін. Ал еліміздің Суретшілер Одағы көрмеме кел­ген жоқ. Олардың менде, менің оларға қа­ты­сымыз жоқ. Мүмкін қатты ұйқыға кетіп қалған шығар. Одақта ешқандай қоз­ға­лыс та, ізденіс те, әлеммен байланыс та жоқ. – Әлемдік деңгеймен салыстырсақ, қа­зіргі қазақ сурет өнерінің дамуы қай дең­гей­де? – Біздің суретшілер сурет салып бер­ген­дері үшін қомақты қаржы сұрайды екен. Осыдан 7-8 жыл бұрын бауырым Қанағат Мұстафин «16 қыз атты» фильм түсірді. Сол кезде маған суретшілердің басын қо­сып жақсы жоба жасау туралы ой келді. Он алты қыздың бейнесін он алты мықты сурет­ші салып берсе ғой деген идея болды. Сөйтіп суретшілерге хабарластым. Бірақ сұраған бағаларынан шошып қалдым. Мен­де көк тиын ақша жоқ, тек сурет­шілер­дің еңбегін кино арқылы танытсам деген ойым ғана болды. «Идея үшін істей алм­ай­сыздар ма?» дегенімде, барлығы ат тонын ала қашты. Мүмкін нарықтық қоғам біздің сурет­шілерге де әсер етіп жатқан шығар. Маған біреу сурет салып берші десе, ойлан­бастан тегін салып беремін. Қолымнан келмесе оны да айтамын. Суретімді ешқа­шан сатқан емеспін. Сатып алайықшы дей­тіндерге футболка алыңдар деймін. Өйт­кені бұл суреттерді көрмелерге жібергім келеді. Біреу алып үйіне тығып қойғанша, көрмеде тұрып мыңдаған адамды толған­дырғаны артығырақ көрінеді. 2014 жылы алғашқы көрмелерім болған кезде 3-4 суретімді таныстарыма сыйлап жіберіппін. Келесі көрмелерге келген адамдар сол су­рет­ті сұрай бастаған кезде ойлана бастадым. Сосын сол суретті қайтадан салдым да, ас­тына аннотацияға «суреттің түпнұсқасын Берік Уәлиге сыйладым. Бұл – көшірме» деп жазып қойдым. Осылайша таныстарыма сурет емес, футболка сыйлайтын болдым. ана мен бала – Халық сізді әлеуметтік желі арқылы таныды. Бұрын өмірлік қағидаларыңыз бен ойларыңызды бүкпесіз жариялап отыратын едіңіз. Жазудан алшақтап кетуіңіздің себебі қандай? – Себебін қазір айта алмаймын. Уақыты кел­генде айтармын. Бірақ жазудан қол үзіп, шығармашылыққа бет бұруымның да өзін­дік пайдалы жақтары болды. Қаншама шет­елдік көрмелерге қатысып жатырмын. – Бір сұхбатыңызда «Суретші болуыма ата-анамның шығармашылық адамдары болғаны әсер етті» депсіз. Ата-анаңыз жайлы айтып беріңізші? – Біз мектеп бітірген жылы достарым­ның көбісі әке-шешесінің қалауымен қар­жы­гер, заңгер, дәрігер мамандықтарын таң­дады. Өйткені ол кезде бұл мамандықтар дүр­кіреп тұрған еді. Ал менің ата-анам ке­рі­сінше, таңдауыма қарсы болған жоқ. «Тоқымаға барайын ба, дизайнға барайын ба?» деп екі ойлы болып жүргенімде, әкем: «Қиялың ұшқыр ғой дизайнға бар. Бола­шақ­тың мамандығы» деп кеңесін берді. Осылайша, қалаған оқуыма түстім. Әкем Құрманғазы Қараманұлы жур­налист, қаламгер, ағылшын тілінен қа­зақ тіліне де кітаптар аударған. Қазақтар орысша ақпарат ал­май, тура ағылшынның ойы­мен білсін деп әлем клас­си­ка­­ларын тәржімалады. Ал анам Шолпан Ұғыбайқызы 1991 жыл­дан бас­тап «Ақ босаға» де­ген га­зетті шығарды. Был­тыр зейнеткерлікке шығып, га­зетті жабуына тура кел­ді. Қазір немере­лері­нің ортасында. Мен га­зетті инернетке кө­шіре­йік деп ұсынып едім, оған көн­беді. Анам осы газетке көп еңбек сіңір­ген адам. Өмірлік жолдасым да журналист. Алматыда көр­ші тұрғанбыз. Астанаға сол жолдасымның қалауы­мен кел­дік. Жолдасым осында а­в­токөлік иелеріне арналған газет аш­ты. Кейін газет шарықтау ше­гіне жеткенде жұмысын интернет­ке қарай бейімдеді.   Әлеуметтік мәселе кішкентай кезімнен санама сіңе беріпті – Ал әлеуметтік тақырыпқа қалай келдіңіз? – Кішкентай кезімде ата-анам журналист бол­ған соң біреулер келіп үй­дің қора-қопсасын шы­ғарып шашып кетті. Со­дан қорқып қалып, анам мені өзімен бірге үнемі редакцияға апара­тын болды. Сөйтіп 11 жас­тан бастап журналистердің айт­қан әңгімелеріне қы­зы­ғып өстім. Олар тыныш отыр­сын деп қолыма қалам мен қа­ғаз береді. Осылай сурет салып отыратынмын. Ол кезде ком­пью­тер жоқ. Газетке шығатын фотода он адам болса, соның бесеуін алып тастау ке­рек болса, гуашпен бояйтынбыз. 18 жас­та журналистердің қасында фотограф ре­тінде еріп жүретінмін. Әлеуметтік тақырып га­зетте көп қозғалатын. Ана мен бала, адам­ның сыртқы әлеммен қарым-қа­ты­насы сияқты мәселелер жиі қозғалатын. Осы­лайша, осы тақырыптар кішкентай кезімнен санама сіңе беріпті. Кейін сурет­теріме арқау болды. Бала­лар­ға аяушылық та, жетімдер үйін­дегі мәселелерді де се­зініп өстім. Бір күні ре­дак­цияға бір әйел келіп: «Қы­зылордадан келдім. Күйеуім­мен ұрсысып, шығып кеттім. Ал­ма­тыдағы туыстарымды тауып алғанша, балам осында отыра тұрсыншы» деді. Біз ке­лістік. Түн болды, әлгі келіншек келген жоқ. Осылайша бірнеше күн өтті. Ақыры полиция шақырдық. Олар үш күн біреудің баласын бақтыңдар деп өзімізді тергеді. Ақыры анасы табылған жоқ. Баланы же­тім­дер үйіне өткізуге тура келді. Анасы бір қиындыққа душар болды ма деп жан-жақ­тан іздестірдік. Бірақ еш жерден табылмады. Баланы осылай да тастап кетуге болады екен. Сосын балаға үш күн бауыр басып қал­ған соң өзімізге асырап алғымыз келді. Бірақ жинайтын құжаттары көп болды. Біз бәрін жинасақ та, баланы ала алмадық. Осындай оқиғалар жадымда жазылып қал­ды. Содан қыз-келіншектер балаларын тас­тамасыншы, суреттеріме қарап ойлан­сын­шы деп осы тақырыпты саламын.   Бір суретімнің идеясын Қырымбек Кө­шербаев айтты – Суреттеріңіз халық арасына кең тарай бас­таған кезде қандай әсерде болдыңыз? – 2009 жылы Қазақстанға фейсбук та­рай бастады. Досым Айдос Сарым фейс­бук­ке келуіме түрткі болды. Басында осы же­лі қазіргідей емес, қызық болатын. Смай­ликтер жоқ, комментарийлер постан да қызықты еді. Басында фейсбук интел­лек­туалдық алаң сияқты болды. Желіге ән­шілер әндерін, журналистер мақа­ла­ла­рын жүктейтін. Сосын мен де сурет­терім­ді сонда сала бастадым. Әртүрлі тақы­рып­тағы суреттерді салатынмын. Бірақ ең көп лайк­ты әлеуметтік мәселе­лер­дегі су­рет­тер жи­найтын. Шетелдіктер де ком­мен­тарий жазатын. Осылайша лайкаманияға ұшы­рап, желіге әлеуметтік тақырыптардағы су­реттерімді жүктей бе­ріппін. Халық ара­­сына суреттерім кең тарай баста­ған­да қатты қуан­дым. Фейсбукке әлеуметтік та­қы­рыптағы 200-дей сурет жүктеппін. Желідегі дос­та­рымның көңілі­нен шығып ең көп лайк жинаған 50 суретті көр­ме­лерге апарып жүр­мін. Суреттерге та­қы­рыпты да, идеяны да сол желідегі доста­рым, журналистер айтып отырады. Оның барлығын суреттерімнің аннотациясында көрсетемін. Мысалы, бір суретіме идеяны Қырымбек Көшербаев айтты. Қызылордадағы көрмеге әкім келді. Мен суреттерімді таныстыра бастап едім, тоқ­татып тастап, өзінің ұнататын, оған ерекше әсер еткен суреттерді көрсете бастады. Сөйт­сем, менің суреттеріммен жіті таныс екен. Таң қалдым. Сосын «Қазір қазақтар жа­тады деген сөзді жиі қолданады. Осы сөздің өзі дұрыс емес. Барайын деп жа­тыр­мын, жұмыс іздеп жатырмын дейді. Сол тура­лы сурет салшы», деді. Сосын осы идея­мен диванда жатқан еркектің суретін сал­дым. Одан «не істеп жатырсың?» десе, «жұ­мыс күтіп жатырмын» дейді. Бұл сурет адам­дарға ұнап, бірнеше қалаға билборд бо­лып та шықты. Қоғамда анау-мынау жұ­мыс­ты менсінбей, құр жататын адамдар көп екен. ана – Сізді білетін көрермен суреттеріңізді 3 топқа бөліп қарастырады. Біріншісі – ана мен бала, екіншісі – гаджетке телмірген ұрп­ақ, үшіншісі – махаббат тақырыбы. Келісесіз бе? – Иә, тура осылай. Өйткені жақында ше­т­елдегі көрмеден «суретіңнің бағыты қан­дай?» деп сұрады. Бұған дейін ойлан­бап­пын. Ойыма келген идеяны алып сала беріп­пін. Бірақ саралап қарасам, ең бірінші ана мен баланың қарым-қатынасын, от­ба­сы мәселелерін, екінші гаджетке телміріп өсіп келе жатқан балаларымыз, үшінші ма­хаббат тақырыптарын жиі қозғаппын. Болашақта тақырыптардың ауқымы бұдан да кеңеюі, суреттерімнің басқа мәселелер бойынша сөйлеуі мүмкін. Экология, кредит жайлы да салғанмын. – Суреттеріңіздегі мәселелер өз отба­сыңыз­да кездесе ме? – Иә, менің де балаларым гаджетке тел­міріп жүр. Суреттерімде өз отбасымнан көргендерімді де саламын. Өйткені мен біреу­дің үйіне барып тақырып іздемеймін ғой. Біздің отбасымыздың басқа отба­сы­лардан еш айырмашылығы жоқ. Балаларым да басқа балалар сияқты ютубқа телміріп, өсіп жатыр.   Біз қыздарымызды  басып тастағанбыз – Біздің қоғамның дерті неде деп ой­лай­сыз? – Біз қыздарымызды басып тас­таған­быз. Қоғамдағы басты проблема – осы. Өйт­кені шетелде қыздар мен жігіттер біреуі оң аяқ, екіншісі сол аяқ болып, елдерін алға сүй­реп жүр. Ал біздің елімізде қыздар ер­кек­термен қатар қадам жасай алмайды. Қан­дай жерде болса да қыздарға: «Сөйлеме. Жігіт­тердікі дұрыс. Еркектің алдын кеспе» деп айтады. Еліміздің дамуына осы мәселе де кедергісін келтіріп жатыр. Мектепте орта есеп­пен әр сыныпта 4 қыз, 1 ұл ғана беспен оқи­ды делік. Он жылдан кейін қарасаң, сол сы­ныптан 5 жігіт, 1 қыз ғана бастық болады. Өмірге қадам басқан кезде жұмыста қыз­дарды басып тастайды. Менің қол астымда да қыздар мен жігіттер жұмыс істеп жүр. Ортақ сұрақ қойсаң, арғы жағында ештеңесі жоқ болса да жігіттер жылмыңдап алға шы­ғып тұрады. Сол жігітке тапсырма берсең, соңына дейін жауапкершілік алмайды. Осы­лай жылтырап жүріп, жігіттер өседі. Бірақ еліміз алға қарай аттамай жатыр. Ал қыздардың жауапкершілігі жоғары, жігіттер сияқты өз пайдасын ғана ойлап тұрмайды. Қазақтың кез келген қызы ақылды, әлеуеті жоғары. Бірақ қоғам ерлерді алға сүйрейді. қыз   ЭКСПО ұйымдастырушылары алдап кетті – Қазақ хандығының 550 жылдық ме­рей­тойында ерекше кәсіп бастадыңыз. Фут­бол­калар шығару идеясы қашан, қалай кел­ді? – Қазақ хандығының 550 жылдығы той­ланады дегенді естіп, қатты қуандым. Су­ретші ретінде өз тарапымнан не қоса ала­мын деп ойландым. Сосын жазда бәрі қазақ­ша оюмен, қазақы нақышта киініп жүр­се деген ой келді. Фотосалондар өзің қа­лаған суретпен футболка жасайтынын біле­мін. Мен сурет салсам, ұнатқан адам өзі сол фотосалондарға жасатып алар деп, әлеуметтік желіге ойымды жаздым. «Егер 550 лайктан асса, осындай қазақы фут­бол­каның 55 түрін саламын» деп жазып едім, көрсеткіш мыңнан асып кетті. Сөйтіп, хан­дығымыздың 550 жылдығына жарты жыл бойы сурет салдым. Салт-дәстүр, ұлттық ойындар, ата-бабаларымыз бен ба­тыр­ларды қамтуға тырыстым. Италияның Сиракуза қаласынан Benedetto Speranza деген кісі хат жазды. Футболкаларды өзің са­лып, сатып жатырсың ба деп сұрады. Жоқ, елдер өздері жасатып жатыр десем, ол таң қалады. «Дизайндары тегін бе?» деп сұрайды. «Иә» десем, «жарты жылдық ең­бе­гіңді тегін таратқаның не?» дейді. Мен оған «Сіз білесіз бе, бізде отаны үшін өмірін бе­реді, жарты жыл еңбек деген не?» деп жауап бердім. Сол кісі өзі футболка шығару­мен айналысады екен. Маған видео арқылы қоңырау шалды. Гугл аудармашымен ауда­рып, қажетті құралдардың қазақша атау­ларын жабыстырып қойыпты. Солардың бәрін көрсетіп, таныстырып, бәрін түсін­дірді. «Маған ең қиыны – сурет салу. Ал сен өзің саласың емес пе?» деді. Бір суретіме кли­ше жасап, поштамен салып жіберді. Сөйтіп, осы істі қолға алуға себепкер бол­ды. Осылайша, адамдар хабарласып, раз­мер­лерін айтып футболка сұрай бастады. Мен: «футболка шығармаймын. Суретін бере­мін, барып фотосалоннан бастырып алыңыздар» деймін. Бірақ көпшілік осы істі бастауыма дем берді. Ұсыныстарын, сұраныстарын айтып қолдап кетті. Сөйтіп, қолымнан келгенше шығарып, жіберіп жүр­дім. Бірақ оны шығарып, пакетке са­лып, Қазпоштадан салып жіберуге бір адам керек болды. Осылайша, аяқ астынан биз­нес бастап кеттік. Командамыз да кеңейіп, 11 адамға жеттік. Аяғымыздан тұрып, кәсі­бімізді дөңгелетіп отырғанбыз. Бірақ 2017 жылы ЭКСПО өтетін кезде, ұйымдас­тыру­шы­лар хабарласып, «10 мың дана футболка әкелсең, біз туристерге сатып, ақшасын өз­деріңе береміз» деді. Бұл ұсынысқа қатты қуандық. Несие алып, 10 мың дана фут­бол­ка шығарып бердік. Екі аптадан кейін кел деп қоя берді. Барсақ, бізбен келісімшарт жа­сасқан адамдардың бірде-біреуі жоқ. Жаңадан келген қызметкерлер отыр. Олар «тағы екі аптадан кейін келіңіздер» деді. Бар­сақ, тура осы картинка қайталанып тұр. Осылайша, дәл мен сияқты алданған зер­герлер, қолөнершілермен ватсапта группа аш­тық. Бірақ ЭКСПО біткен соң ұйым­дастырушылардың бірде біреуін таба алмай қал­дық. Әлеуметтік желіге жазып шулатқа­ны­мызда біреулер хабарласып, басып тас­тады. Осылайша, кәсібіміз тоқырап қалды. Қыз­меткерлердің еңбекақыларын да өз қалтамыздан төледік. Ұлттық нақыштағы футболкалардың бағасы да басқалармен салыстырғанда арзан. Себебі біз бастағанда бизнес үшін деп емес, патриоттық сезіммен бастадық. – Сіздің футболкаға салған суреттеріңізді қырғыз, өзбек ағайындар рұқсатсыз басып, нарықты толтырып тастаған еді. Жалпы өз өнімізді патенттей алдыңыз ба? – Иә, естіген бойда жүгіріп базарға бар­дым. Барсам, әр дүкенде мың футболкадан тұр. Сосын саудагерлер: «Біз сатып алу­шы­мыз. Футболкаларды шығарып жат­қан­дар – Бішкекте. Тоқтатсаң, соларды тоқтат» дей­ді. Сосын патент алмақшы болдым. Бірақ Әділет министрлігі патенттеуге тоғыз ай жұмсады. Тоғыз айда өзбек, қырғыз ағайындар патенттелген дизайндарды емес, бас­қа дизайндарды пайдалана бастады. – Әңгімеңізге рақмет!