Сенген социализміміз осы болса...
Сенген социализміміз осы болса...
1,170
оқылды
Кеңестік билік пен оның іргесін қала­ғандар балама дегенді білмеді. Бір ғана формацияны, меншікті, идеологияны, көзқарасты таныды, басшылыққа ал­ды, насихаттады, ілгерілеу мен іркі­ліс­тің өлшемі ретінде бағалады. Ол – ХІХ ғасырда дүниеге келген, ХХ ғасыр­дың алпауыт мемлекеті КСРО қа­сиетті Құрандай төбесіне көтерген марксизм-ленинизм ілімі мен со­циа­листік қоғам еді. Тарихқа мате­риалистік көзқарастың өзегін құ­ра­ған бұл ілім түбінде коммунистік қо­ғамдық-экономикалық форма­цияға барлық халықтар өтетінін, капи­тализм іріп-шірігендіктен болашағы сарқылғанын өзінше дәйек­тегеніне қоса, мүлде өз­геше қоғамдық құрылыста өмір сүріп жатқан халықтар да коммунистік формация­ның бірінші сатысы социа­листік қоғамды құра ала­ты­­нын алғашқыда тео­рия­­лық тұрғыдан бол­жа­ды, 1917 жылғы қа­зан төң­керісінен кейін мил­лиондардың тағ­дырын анықтаған прак­тикаға айнал­дырды. Ғылыми коммунизм негізін қалаушылар Маркс пен Энгельс әлемнің әміршісі санаған проле­тариаттың революциялық күрес жолындағы одақтасы әрі резерві деп капиталистік қатынастардан ауылы алыс Шығыс елдеріндегі қа­нал­ғандарды, шаруаларды, қол­өнершілерді таныды. Өздері жақсы білетін бес формациядан өзгешелі­гін мойындап, бұларға қарата «азиялық өндіріс тәсілі» терминін қолданды. Мұның аясына капита­лизмге дейінгі формацияларда өмір сүріп жатқандар, артта қал­ғандар саналатын халықтар мен мем­лекеттер кірді. «Азиялық өн­діріс тәсілі» тұжырымы осынау құрлыққа аяқ аттап баспаған екі ойшылдың алғашқы еңбектерінде емес, кәсіби кемел шақтарында дү­ниеге келді. Демек, ғылыми та­ным­дарында кездейсоқтық, жаң­сақтық жоқ. Ең толымды анықта­маны Маркс былайша тиянақ­тапты: «В общих чертах, азиатский, античный, феодальный и совре­мен­ный буржуазный, способы производства можно обозначить как прогрессивные эпохи эконо­мической общественной форма­ции» (Маркс К., Энгельс Ф. Соч., 2-е изд. т.13, с.7). Дәйексөзден бай­­қай­тынымыз, біріншіден, азия­лық өндіріс тәсілі алғашқы қауым­дық құрылыстан кейінгі саты екені, екіншіден, капиталис­тік формациядан артта әрі тым алыс тұрғаны. Маркстік ілімді қоғамдық-сая­си ақыл-ойдың биік шыңы санаған орыс большевиктері «азиялық өндіріс тәсілі» тұжырымын егжей-тегжейлі зерделемесе де, «Артта қалған Азия» сияқты идеологияны оңды-солды қолданумен барлық Шығысты қараңғылық пен надан­дықтың, мешел қалудың класси­калық үлгісіндей қабылдады. Бұл теориялық-методология­лық тұжырымды әлеуметтік әді­леттіліктің пірі саналған Ленин одан әрі тереңдетті. Ресей импе­рия­сының ұланғайыр аймағы Азия құрлығына кіріп жатқандықтан басқаша болуы мүмкін де емес қой. Ең бастысы – оны практикада жү­зеге асырудың мүмкіндігі 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін туды. Большевиктер Ресей импе­рия­­­сының шет аймақтарында тұратын халықтарды капитализмге ұрындырмай, олардың келісімін­сіз-ақ бірден социалистік қоғамға өткізуді көздеді. Ленин де, мұрагері Сталин де бұл үшін Ресей проле­тариатының көмегі, большевиктер партиясының басшылығы, кешегі қаналған жұмысшы табы мен шаруаның одақтасуы жетіп жатыр деп білді. Басқа-басқа, ХХ ғасыр басындағы Қазақстанда көшпелі, жартылай көшпелі өмір салты мен шаруашылық-мәдени кешен кең қанат жайғаны, әлеуметтік, рулық-тайпалық, туыстық қатынастар тап­тық ымырасыздық пен қайшы­лық­тардан оқшау тұрғаны, про­летарлық революция туралы түсінік те жоқ екені ескерілмеді. Қазақтардан гөрі қытайларды, үндістерді, жапондарды жақсы біл­гені шығармаларынан анық бай­қалады. Большевиктік бас­шылар Ұлы даланың тарихынан, мәдениетінен, байырғы тұрғында­рының менталитетінен ғана емес, елтұтқаларынан да мүлде хабарсыз еді. Мәскеу билеушілері револю­ция мен азамат соғысының ала­сапыран жылдарында тұңғыш рет бірен-саран баскөтерер қазақтар­мен араласа бастады, пікір бөліс­кен сыңай танытты. Фрунзе, Куйбышев сынды көрнекті қайрат­керлері қазақ топырағында есей­генімен Кремльдің ұлттық саяса­тын анықтауға ықпал етуші пәр­менді күшке айналмады. Қанды қырғын боларын болжаған 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Қазақстанға дамудың социа­лизмнен өзгеше балама жо­лын таңдау мүмкіндігі қалмады. Қы­зыл­дар мен ақтардың мұздай қару­ланған әскеріне, идеология­лық қысымына, империялық өктемді­гіне қарсы тұрарлық әлеует те, одақтас та жоқ еді. Туған елі пат­шалық дәуірдегіден ауыр ах­уалға душар болғанын алдымен Алаш қайраткерлері түсінді. Қазан төң­керісін «найзаның ұшымен, ай­балтаның жүзімен болған» зорлық актісі деп анықтаған Ә.Бөкейхан большевиктер қанды қырғын әкелетінін 1917 жылдың аяғында-ақ болжады. Қазақтарды қорғануға, бірлікке шақырды. А.Байтұр­сын­ұлы буржуазиялық-демокра­тия­лық революция үміт отын жақ­қанын, пролетарлық өкімет үрей әкелгенін жазды. Алаш Орда тар­қаған соң большевиктік бастама­ларды талдау негізінде қазақ дала­сында социализм орнату жобасы­ның утопиялық сипатын сынады. Онысы 1920 жылы Ле­нинге жазған хатында жан-жақты дәйектелген. Батыс ойшылдары әспеттеген социализм мен нақты кеңестік со­циализм арасындағы айырма­шылық жер мен көктей екенін, қа­зақтың мүддесін көздей бер­мейтінін, Ресей пролетариатының көмегі заң атаулыны, ұлттық мүддені белден басуға құрылғанын коммунистер Т.Рысқұлов пен С.Сейфуллиннен жас алашшыл С.Сәдуақасов пен М.Әуезовке дейін бірі ерте, бірі кеш ұғынды. Өйткені шартты түрде айтар бол­сақ, азиялық өндіріс тәсілімен өмір сүріп жатқан өлкеде социа­листік сатыға көтерілместен бұрын өтпелі демократиялық реформалар арқылы ілгерілеу мүмкіндігі пар­тия тарапынан да, көсемдердің ең­бектерінде де байыпты қарас­тырыл­мады. Большевиктер өз жобаларын орындауда, үлкенді-кішілі мәселелерді шешуде өк­темдікке, әміршіл-әкімшіл ресурс­тарға басымдық беретіні алғашқы қадамдарынан-ақ байқалды. «Ал­дыңғы қатарлы елдің пролетариаты көмегімен» тезисі құрғақ уәде күйінде қалды. Түптеп келгенде, ескі құрылыс­ты қирату, «азат патшалықты» (царство свободы) құру больше­визм көсемі Ленин жазғандай кешегі езілгендер мен қаналғандар­дың мемлекеттік билікті қолға алған соң саясаттағы, материалдық өндіріс саласындағы, еңбектегі, қарым-қатынастардағы әлеу­меттік, шығармашылық құлшыны­сымен және өрлеуімен айшықтала бермеді. Бірінші кезекте пролета­риат диктатурасы атынан сөй­лейтін саяси-басқарушы но­мен­­­к­ла­­тураның барша қауымды мәж­бүр­леуімен, қажетті алғышарттар­дың пісіп жетілуін күтпестен, қол­­­дан қалыптастыруымен ақи­қатқа айналатынын көзіқарақты жандар бастарынан өткерді. Әрине, капитализмге соқпай социализмге өту мәселесі ғылыми пайым-тұжырым мәртебесімен өмір сүру құқына ие. Әлі күнге дейін бұл тұжырым қоғамдық-гу­манитарлық ізденістер санатынан түсіп қалған жоқ. Ал соны прак­тикада атқаруға келгенде кеңестік Шығыста бірінші қадамынан сәт­сіздікке ұшырады: алғашқыда естіген құлаққа майдай жағатын ұлттар өзін-өзі басқаруға құқылы, әркімге еңбегіне қарай, жер шаруа­лардікі сынды идеологиялық тәтті сөздер өмірдің ащы шындығымен, айталық, іле-шала басталған қу­ғын-сүргінмен қабыспай, сөз бен істің арасы алшақтай берді. Ұлы даланың саяси-экономикалық, гуманитарлық, т.б. құндылықтарын аяқасты ету әдеттегі дағдыға айналды. Ол наразылық тудырып ғана қойған жоқ, ауық-ауық кө­терілістерге ұласып жатты. Капитализмге соқпастан со­циалимзге өту тұжырымының тағ­­дыры шешіліп жатқанда боль­шевиктік биліктің күштеуге, зор­лыққа сүйенген жалғыз ғана қыл­мысы емес. Екінші үлкен қателік сөзден іске көшудегі, социалистік құрылыстың болар-болмас нәти­желерін бағалаудағы асыра сілтеу, шектен шыққан асығыстық еді. Халықтың әл-ауқатын көтерудегі, ұлт мәселесін шешудегі, экономи­каны қалпына келтірудегі ілгерілеу байқалмай жатып, ең жоғарғы билік органдары мен басшылары социализмнің артықшылықтары туралы даурығып, бөрікті аспанға атуды бастап кетті. Қазақ АКСР-нің шаңырақ көтергеніне үш жыл өтер өтпестен ОАК төрағасы С.Меңдешев «Қызыл Қазақстан» журналының бетінде былай деп жазыпты: «Қазақстанның еңбек­шіл халқы, оның үкіметі ортақ­шыл партияның жетегімен үш жылдан бері тынбай тас үстіне тас қойып, өзінің ортақшылдық не­гізіне құраған республикасын – ұлы ордасының үйін салып ке­леді... Қазақ еңбекшілдері төң­керіс­тің әперген жемісінің дәмін татты! Төңкерістің ісіне қай жақ­тан дұспан шықса да «Тарт қо­лыңды!» дей алады. Алдымызда болжанып тұрған, еңбек пенен бай­лықтың күресінде қазақ еңбек­шілері де артта қалмас!» (Сейітқали Меңдешев: құжаттары мен мате­риалдар жинағы – Сейткали Мендешев: сборник документов и материалов / Құраст.- автор: С.Қ. Шілдебай; Құраст.: А.Б. Орда­ханова. – Алматы: «Полиграфия-сервис и К», 2021. 401-б.). Келер жылы да осы ойды қайталады. «Ақ жол» газетіне берген сұхбатында: «Россия пролетариаты сүйемел­деуімен, коммунист партиясының жол басшылығымен», – депті ол. – Жас Қазақстан жылдан-жылға ілгері басып, жөнделуде» (Сейіт­қали Меңдешев....423-б.). Айғақ-дәлел ретінде малы азайған аудан­дағы қазақтар «түгелімен егін кә­сібіне беріліп, нағыз дихан» бол­ғанын, Ембіде мұнай шығару жолға қойылғанын, Екібастұзда қорғасын, тас көмір зауыттары жұ­мыс істеп тұрғанын, «қай жер­дегі болсын тұз кәсібі ілгері» дамы­ғанын мақтанышпен ауызға алды. Ал тап сол 1921 жылдың күзіне қарай Қазақ АКСР-інің жеті губерниясының бесеуі аштыққа ұрынды. Мамандардың есептеуін­ше, ашаршылықтан 1,5 млн-нан 3,5 млн қазаққа дейін өлді. Ақ­сақты дыңдай, өтірікті шындай кө­пірту кеңестік БАҚ-тың айық­пас дертіне айналды. кеңестік билік Ақиқатына келгенде, ашар­шылықтан тұралаған даламызда социалистік қоғамның әлі он екіден бір нұсқасы жоқ еді. Қазақ АКСР Халық шаруашылығы ор­талық кеңесінің төрағасы Ұ.Құлым­бетовтің ақпараты бо­йын­ша, бүлінген шаруашылық қалпына келді деп саналатын 1925 жылдың аяғына қарай респуб­ликада мұнаймен, түсті метал­дармен, балықпен айналысатын бес қана трест жұмыс істеп тұрды. Бәрі Мәскеуге бағынатын. Респуб­ликалық мәртебесі бар шаруа­шылық бірлігі 14-тен аспады. «Жергілікті өнеркәсіп орындары Семей, Ақмола, Жетісу, Орал губернияларында өнім бере алды. Қазақстанның мемлекеттік өнер­кәсібі», – деді Ұ.Құлымбетов, – қалпына келу дәуірін бастан кешуде. Негізгі капиталдың 50 пайыздан астамы әбден тозыпты, ал техникалық жабдықтар мүлде жарамсыз күйге кетіпті. Қазақ жұмысшыларының саны 10 мың адамнан сәл ғана асыпты (Ұзақбай Құлымбетовтың мемлекеттік қыз­меті архив деректерінде (Құжаттар жинағы). Қазақша-орысша. 102, 105-б.). Үш қазақтың екеуі сауатты болды Материалдық-техникалық ба­засы сын көтермейтін социа­лизм­­нің не екенін, ғылыми теория­сын да, практикалық міндет­тері мен ерекшеліктерін де қа­зақтар тү­сінген жоқ. Револю­цияның бас­тапқы жылдарында бар білгендері жамылатын көрпеге дейін ортақ болады-мыстың деңгейінде қалды. Сол себепті саяси лексиконда аса көп қолданылатын термин-кате­гория «ортақшыл» сөзі болатын. Есесіне тоталитаризмнің зілді бұй­рықтарын естіп үлгерді. Жаңа эко­номикалық саясат капиталис­тік қатынастарды қайта әкелетін­дей көрінгендіктен әрі-сәрі күйге түскендер болды. Міне, осы тұр­ғыдан келгенде 1925 жылы Қазақ­стан­дағы билік басына келген Голощекиннің «октябрь қазақ ауы­­лына соқпай өте шықты» деуінде жан бар еді. Шет аймақтардағы халықтарға большевиктер кембағалдай қарады және осы ұстанымдарын Орта Азия мен Қазақстанның барлық өңірінде күдік тудырмайтын ақиқат мәртебесімен басшылыққа алды. Сорақысы – түбірімен қате тұжырымдарын өздері құрған жергілікті билікке мойындатты, ұлттық саясатын анықтайтын және жүзеге асыратын бағдар­ламалық құжаттармен бекемдеді. Айталық, 1921 жылғы маусым айында өткен Қазақстан ком­му­нистерінің І конференциясында мақұлданған ұлт мәселесі туралы шешімде қазақ халқы Ресей құ­рамындағы ең артта қалғаны деп жарияланды (Коммунистическая партия Казахстана в резолюциях и решениях съездов, конференций и пленумов. – Алма-Ата: Казах­стан, 1981. Т.1. С.14). Мұндайда ойдан шығарылған уәж – қазақ­тардың жаппай сауатсыздығы тілге тиек етілді. Ал шындық қандай еді? 1897 жылғы халық санағы импе­рия­дағы қазақтардың 8 пайызы кириллицамен оқып-жаза білеті­нін куәлендірді. Ғасырлар тоғы­сын­­­дағы Ұлы дала тұрғындарының жартысынан астамы – 56 пайызы араб әліпбиінде сауатты еді. Демек, үш қазақтың екеуі сауатты болған. Оқырманы бар елде ғана газет-журнал, кітап шығатынын ескер­сек, большевиктердің ақиқаттан оп-оңай аттай салғанын түсінеміз. Революцияға дейінгі өлкеде қазақ тілінде жарық көрген кітаптар таралымы 2 млн-ға жеткені ұлт ру­ханиятының бояуы қанық бол­ғанын айғақтайды. Әрине, қате тұжырымнан қате практикалық іс-әрекет туындайды. Еуропацентристік, моноцен­тристік көзқарасты өктемдікпен санаға, өмір салтына тықпалаған­дар Ұлы дала тұрғындары Күлтегін заманынан ХVІ ғасырдың орта­сына дейін, яғни от қаруы пайда болғанша мың жыл бойы Еуразия кеңістігінде салтанат құрғанын, тұлпардың тұяғымен озық өрке­ниет түзгенін, бай мен кедей иттей ырылдасқан капиталимзге, елең еткізер таңбасы жоқ, ені жоқ со­циализмге зәру еместігін түсінген жоқ, түсінгісі де келмеді. Басқаша ойлайтындарды жау санады. Империялық өркөкіректікпен өрескел қателесу Кеңестер одағы ыдырағанша жалғасты. Өздері ғана қателесіп қойған жоқ, тотали­тар­лық социализмнің қатыгез бол­мысын ұқпаса да халқына қызмет еткісі келген адал перзенттерін адастырды, түптің түбінде өкінтті. Социализмге аттай салуды тар таптық аяда жеңіл-желпі түсінген, 1918-1920 жылдардағы азамат со­ғысы мен шетел интервен­ция­сын, кейінде оппозициялық күш­терді жеңген большевиктік билік даму­дың ең дұрыс жолын тап­қандай сезінгендіктен 30-жыл­дардың ор­тасына қарай өзін де, жаңа құры­лысты да жойдасыз мақтауға бет бұрды. Сөз жүзінде, үгіт-насихатта Шығыс халықтарына тән эконо­микалық, саяси, мәдени, діни, т.б. ерекшеліктерді қаперден шығар­мау керектігі айтылғанмен, импе­риялық ойлаудан қол үзбеген Кремль қиялшылары негізсіз асы­ғыстыққа, әкімшіл-әміршіл бас­шы­лық стиліне басымдық беруге сүйенді. Үздіксіз қуғын-сүргін мен соғыстар, елдегі азаматтық теке-тірес адам өмірінің бағасын тым төмендетіп жіберді. Адам құқығы мен бостандығын сақтауға ба­сымдық бергеннен гөрі револю­циялық қажеттілік, революциялық заңдылық ұранын жамылып, нағыз заңсыздықтарға жол берілді. Кез келген сылтаумен ату жазасы кеңінен қолданылды. 1917 жылғы 19 желтоқсанда РСФСР Әділет халық комиссариаты қабылдаған революциялық трибунал туралы нұсқаулықта «Халық жауы» ұғымы пайдаланылды. 1918 жылғы 5 қаң­тарда мақұлданған Бүкіл­ре­сейлік орталық атқару комитетінің қау­лысымен мемлекеттік билікке қол созған әрекеттің бәрі контрре­волю­циялық іс-қимыл ретінде та­нылды. Революциялық заңды­лықты нығайту желеуімен түптеп келгенде 1918 жылғы 5 қыркүйекте Халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен «Қызыл террор» жарияланды. Үкімет құжатында елде концентрациялық лагерь бары мойындалды. Ақ гвардияшыл ұйымдарға, бүлікке қатысы барлар тегіс атылатыны ескертілді. Міне, большевиктік осы ба­ғыттың алғашқы құрбандарының бірі Алашорда үкіметінің мү­шесі Отыншы Әлжанов еді. Ол 1918 жылғы тамыз­да қызылдар қо­лы­нан мерт болды. Қуғын-сүргін үдей түсті. 1921 жылы бір ғана Көк­шетау қа­ласы мен өңі­рінде көтері­ліс­тер­ге қа­тыс­ты де­ген же­леумен 232 адам атыл­ған екен. Араларында 18-19 жасар боз­ба­лалардан 70-72 жастағы ақсақал­дарға дейін бар. Тоталитарлық режим адамдар­ды шошытқан қылмысына заңды сипат беру мақсатымен жазалау заңнамаларын үздіксіз толықты­рып отырды. 1922 жылдан РСФСР Қылмыстық кодексі жұмыс істей бастады. 57-73 баптар контрре­волю­циялық қылмыс үшін жазалау түрлерін анықтады. Бұларда кең­шілік жасау нұсқалары қарас­тырылмаған. Тіпті 73-ші бапта адамның контрреволюциялық қыл­мысы дәлелденбеген жағдай­дың өзінде оны 3 айға мәжбүрлі жұмысқа жегу керек екені нақты айтылды. БОАК-тың 1923 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен Қыл­мыстық кодекстің 57,63, 67-бап­тары толықтырылды. 1926 жылғы толықтырулармен 58-баптың тар­мақшалар саны 18-ге жетті. Жарасы жазылмаған жаһандық ұтылыстар Қуғын-сүргінді ұйымдастыруға келгенде кеңестік билік капи­та­лизм­ді басынан кешкен халықтар мен оған соқпаған халықтар ара­сына айырым белгісін қойған жоқ. Большевиктік насихат пен ілімде әр халық социализмге өз жолымен баратыны, коммунистік идеяны әрбір кәсіп иесі өзінше қабылдай­тыны айтылған еді. Қазақстан тә­різді ұлттық аймақтарда жазалау мен қудалау үдерісі бұл қағидаттан тыс ұйымдастырылды. Үгіт-наси­хатта, идеологиялық көпірме сөзде капи­тализмге соқпастан социа­лизм­нен өту тұжырымы барынша кәдеге жаратылды да, берісі адам мен ха­лықтың құқығын сақтау, әрі­сі – шынайы демократияны орнық­тыру ісінде «ұмыт қалды». Нәти­же­сін­де, қуғын-сүргіннің кеңестер елі бо­йын­ша ауқымы мен халыққа қар­сы қылмыстық сипаты ұлғая түсті. 1936 жылғы 5-желтоқсанда КСРО-ның сталиндік жаңа Конс­титуциясы қабылданды. Негізгі Заң Кеңестер еліндегі артта қалған халықтар 20 жыл ішінде тегіс социалистік қоғам құрғанын паш етті. Жеке меншіктің жойылғанын, адамды адам қанамайтынын, ұлт­тық теңдік келгенін, ер мен әйел теңескенін, коммунистік идеоло­гия­ның жасампаздығын әлемге жариялады. Рас, социалистік құрылыс тұ­сында, әсіресе Л.И.Брежнев билік басында отырғанда Қазақстанның әлеуеті айтарлықтай артты. Одақ­тас республикалар арасында үшінші орынға нық орнықты. Қазақ халқының социалистік идеяға сенімі бұрын-соңды бол­маған биікке көтерілді. Бұл орайда Қонаев, Әуезов, Сәтбаев, Тәшенев, Жақаев факторлары, жер аума­ғының кеңдігі, дән егіп терлеген қазақтың жомарттығы, минерал­дық ресурстардың молдығы үлкен рөл ойнағанын ашық айтуымыз керек. Дей тұрғанмен, социализм­нің бергені мен социализмнің ал­ғанын таразы басына салып салыс­тыра-шендестіре тексерсек, спорт тілімен айтқанда, біз, қазақтар 1-3 есебімен жеңіліске ұшыраппыз. Бұлар күні бүгінге дейін жарасы жазылмаған жаһандық ұтылыстар. Біріншісі – жерімізден айрылға­нымыз. Екіншісі – ашаршылықтан халқымыздың қырылғаны. Үшін­шісі – қуғын-сүргінмен ұлт зиялы­сының жойылғаны. Ал ұтысымыз не дейсіз ғой. Ол – Қазақ мем­ле­кетінің алғашқыда автономиялық, 1936 жылы одақтық республика мәртебесімен дүниеге келгені. Демек, тәуелсіздік бізге дайын күйінде аспаннан түсе қалған жоқ. Ниеті бұзық көктанаулар мен дүм­шелер айтып жүргендей, ешкімге борыштар да емеспіз. Марксистер нағыз тарих про­летарлық революцияның жеңісі­мен басталады деген еді. Бізде керісінше болып шықты. Тарихы­мыз қасірет­пен өрілді. Бірақ зор­лықпен, адам қанын судай ағызу­мен орнаған жұ­мақтың арты қайырлы болмады. Бақсам – бақа екен дегендей, капи­тализмді ат­тап-аттамай, социалистік қоғамға өткен бірде-бір елдің маң­дайы ашылмаған екен. Сонда біз 74 жыл бойы қандай қоғамда өмір сүр­генбіз өзі? Сенген социа­лиз­мі­міз осы болса...

Ханкелді ӘБЖАНОВ, ҰҒА академигі