Ханбалық өсіріп, пайда тапқан
Ханбалық өсіріп, пайда тапқан
904
оқылды
Қазір кә­сіппен айна­лысып, табыс табуға еш­қан­дай кедергі жоқ. Сондықтан ел арасында кә­сіптің сан түрімен айналы­сып, ісін өрге домалатып жүр­ген­дер де жетіп артылады. Солардың бірі – Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны Алмас Амандосов. Оның Түр­кістан облысына қа­расты Түл­кібас ауда­ны­­ның Амангелді ауы­­лында ханбалық өсі­ретін ша­руашы­лығы бар. Балық­тың ең нәзік жә­не­ дәмді түрін өсіру­­ді таң­­да­ған серіктес­тік дирек­торы Ал­мас Аман­до­сов бұл кә­сіп­ті бір жыл бұ­рын ғана бас­та­ғанын айтады. Былтырғы 10 қаңта­рда құ­жат­тан­дыру шара­ла­­рын аяқтап, 25 қаң­тарда жа­сан­ды тоған­ға 4 мың ша­бақ жі­бер­ген екен. Бүгінде өсіп-жетіліп, салмағы 1 келіден асқан ханбалық­тар сатылымға шыға­рыл­ған. Келісі 3 500 теңгеден. Хоббиді кәсіпке айналдырған
Алмастың бұл жұмысты бас­тауына балық аулауға деген құ­марлығы себепші болыпты. Орта мектепті аяқтап, жоғары оқу ор­нынан инжинер-энергетик ма­ман­дағын алса да балыққа деген қызығушылықтан арыла алмаған. Тіпті, соңғы курстарда дипломдық жұмысын қорғау және іс-тәжіри­бе жұмыстары кезінде негізгі уа­қытын елордадан 70-80 шақырым қашықтықтағы өзендерде балық аулап өткізген. Өзінің мамандығы бойынша жақсы бітіріп шыққа­нымен, Алмастың бұл салаға де­ген құмарлығы оны қиыр шеттегі Шардараға жетелеген. Бүгінде ірі балық шаруашылығы саналатын «Хамит» СТК балық өңдеу зауы­тына балық өсіруші болып жұ­мысқа орналасады. Әрине, үлкен оқу орнын бітіріп келіп, осындай жұмысқа жегілгеніне ата-анасы да, туған- туысы да қарсылық та­нытады. «Балықты қалай өсіру керегін сол жерде үй­рендім. Туыс­тарымның ренішіне қарамай, өзім қалаған жұмысты жарты жылдай істеп, кейін Шым­кент қаласына әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына, одан соң Түр­кістандағы дәл осын­дай жұмысқа ауыстым. Мұн­да негізінен инвес­тор­лармен жұмыс істейміз. Сон­дай уақыт­тары балық шаруа­шылығын қол­ға алғысы келетін инвесторларға барлық мүмкін­дікті, қандай жер­д­ен, қалай ашу керегін бүге-ші­гесіне дейін тү­сін­діретінмін. Жалпы, осындай әкім­дік жүйедегі жұмысты 2 жарым жылдай іс­тедім. Кейін өзіміз неге ашпай­мыз, деген ой келді. Қаржысы бар инвестор жобаны жаса, бірге жұмыс істейік деп ұсыныс айтты. Барын­ша тиімді, әзірге кішігірім балық шаруашылығын ашу бойынша жобаларымды да­йын­дап, кірісіп кеттік», – дейді «Оң­түстік Балық» Түлкібас» ЖШС директоры Алмас Аман­досов. Түлкібастағы бас­тау­дың маңы­­­нан жал­ға жер алып, ханба­лық өсіруге қолайлы жерден жасанды тоған салады. Жо­ғарыда атап өткендей, бастап­қыда 4 мың шабақ тас­талады. «Тараз қала­сындағы инкубатор­лық цехтардан салмағы 5-10 грамм шамасындағы шабақ­тарды әкеліп салдық. Шүкір, жақсы өсті. Бір жылдың ішінде 1 келіден асты. Қазір Шымкенттегі екі үлкен көтерме дүкенге өт­кі­земіз. Одан бөлек, Алматыдан келіп алып кететіндер бар, та­ныстар арқылы да жақсы өтеді. Жалпы, сұраныс жоғары, бірақ әзірге өнім аз болғандықтан, жар­намаламай отырмыз. Одан соң маусым айын­да 10 мың шабақты әкеле жатып, 5 минутқа оттегі жет­кіліксіз бо­луы­нан шабақтар­дың 70 пайызын өлтіріп алдық. Қыркүйекте 20 мың шабақ әкеліп салдық. Қазір 30 мыңға жуық балық өсіріліп жатыр», – дейді кәсіпкер. Ханбалық – өте нәзік балық. Оны тасымалдау аса ұқыптылық­ты қажет етеді екен. Арнайы бөш­кеге оттегі жіберіліп салынып, тем­­пературасы өлшеніп, жол бойы қайта-қайта бақылап отыр­ған жөн. 14-18 градус температу­рада өсетін ханбалық одан ыстық­қа да, салқынға да шыдамайды. Сол үшін ханбалықты бұлақтың суына өсіруді таңдап алыпты. Бұлақ суының ерекшелігі қысы-жазы бір температураны ұстап тұрады. «Жалпы балық суық суды ұна­тады. Бірақ су температурасы 1 градусқа түссе тамақтанбай әл­­сірейді, ал, +25 градусқа жоға­рыласа, тіпті бірден қырылып қалады. Бастаудың артықшылығы ысымайды-суымайды. Әрине, бұлақ суының да кемшілігі жетіп артылады. Ханбалық мол суға үй­рен­ген, яғни жақсы ағысты, бас­сейнде су айналымы молынан болғанын қалайды. Өкінішке қарай, бұлақтың суы жай ғана ағып тұрады. Біз мол су болмаған соң шаруашылығымызды бұдан ары кеңейте алмаймыз. Ал өзен­нің суы молынан болғанымен, температураны сақтап тұра ал­май­ды. Қыста қатады. Алайда соған қарамастан шаруашылығы­мызды кеңейту үшін өзен суына өтуге тура келеді. Сол себепті жа­қын күндері үлкен жобаларды қолға алмақ ниеттеміз. Бұл жерді иесіне қайтарып береміз. Елі­міздің барлық аймағынан қолай­лы жер іздеп көрдік. 2-3 нұсқамыз бар. Түркістан облысының өзге өңіріне, тіпті Өскеменге де көшіп кетуіміз мүмкін», – дейді ол.
Балықты емдейтін дәрігер жоқ
Сонымен қатар балық шаруа­шлығымен айналысатындар ханбалыққа ең алдымен таза су ке­рек екенін айтады. «Шынында да, ағын су тап-таза мөлдір болуы тиіс. Біздікі бастау болғаннан кейін алдымызда бұл суды пайда­ланған ешкім болмағандықтан, суымыз таза. Су ластанса, балық ауруы мүмкін. Жалпы, балықтарда кездесетін дерт түрі адамға қара­ған­да әл­деқайда көп. Ал оны ем­деу өте қиын. Елімізде балықты емдейтін маман жоқ. Шетелден әкелуге тура келеді. Мәселен, жылына 300-400 тонна балық өндіріп отыр­ған алматылық үлкен ком­па­ния алдыңғы жылы осы мәсе­ле­мен бетпе-бет келді. Аурудың қайдан, неден келгенін білмейді. Бірден балықтары ауырып, өле берді. Маман таппай, Түркиядан күніне 1 миллион теңге төлеп, ихтиопатолог-дәрігер алдырды. Алайда ол келіп, ауруды анықтап емдегенше компания біраз шы­ғын­ға батты. Елімізде ихтиопа­тологтің жоғы сонда білінді», – дейді тағы бірде Алмас Амандосов.
балық Аурудың алдын алып, суды таза ұстаудың жалғыз тәсілі әкті суға салып, қайнаған соң оны суға тастау екен. Осы кезде су дезинфекцияланады. Құрылға­нына 1 жыл енді болған бұл ком­пания әзірге ондай мәселемен кезікпепті. Бұлақ суының таза­лығы да бұған үлкен әсер етсе керек. Ал шындап ауру келсе өте қиын болатынын айтады. Ханбалықты қорғайтын төбеттер Сонымен қатар ханбалықтың жауы да көп. Судың үстінен құс­тар аңдып тұрса, астынан жырт­қыштар да форельді жеп кетуге әуес келеді екен. Құстардан қор­ғау үшін тоғанға тор құрылған, судағы жыртқыш аңдар үшін ар­найы аңшылық ит сатып алынған. Бүгінде жұмыс істеп тұрған 4 тоғандағы 30 мыңнан аса хан­балықты 2 ит қорғайды.
Жалпы, ханбалықтың тұқымы Еуропадан уылдырық күйінде әкелінеді. Еліміздегі инкубатор уылдырық пенопласт жә­шікте қатырылған күйі 0-1 градус­қа дейін салқындатылып, тасы­мал­данады. Балық шаруашылы­ғымен айналысатын көптеген ком­пания ханбалықтың уылды­ры­­ғын әкеліп, оны шабаққа дейін өсіреді екен. Яғни, ханбалық кө­бей­­мейді, тек сатып алынғанын өсі­ріп сатады. Аталмыш серік­тес­тік те келешекте мұны қолға ала­мыз деп отыр. 5 грамм шабақ 70 тең­ге тұрады. Ол бір жылда 1 ке­ліге дейін өсіп, бағасы 3 500 тең­ге­ге жетеді. Алайда оның тағам­дары сырт­тан импортталады екен. «Ханбалықтың тағамдары Қазақ­станда бар, бірақ сапасыз. Сол үшін Польшадан алдырамыз. Кіші шабақтардың жемінің келісі 1 800 теңгеден болса, ересек хан­ба­лықтың жемінің әр келісін 1 100 теңгеден сатып аламыз. Бір ханбалық 1 жылда 1 келіден аса жем жейді. Сондықтан ханбалық­тың не­гізгі шығыны тағамында. Саты­лымға шыққанда 1 ханба­лық­тан 30-35 пайыз пайда қа­лады. Бір жылда едәуір тәжірибе жинадық. Енді үлкен көлемді өндіріске кірісуге болады», – дейді Алмас.
Қызыл балықтан еш айырмасы жоқ
Алмас өзінің тәжірибесінде Шымкент қаласында жалпы 250-300 грамдық ханбалыққа сұраныс көп екенін байқапты. «Кафе-мейрамханаларда бір порция хан­балық 250-300 грамм көле­мінде болады екен. Ал ханбалық­ты 2-3 келіге дейін өсірсе, тура қы­­зыл ба­лықтан айырмашылығы бол­май­ды», – дейді ол. Жалпы, қы­зыл балық Норвегиядан әке­лін­генімен, дәмінің, етінің жер­гі­лікті ханбалықтан еш айырма­шы­лығы жоқ екен. Тек қызыл балық тұзды суда, ханбалық тұщы суда өседі.
Бүгінде ханбалық өсіру қар­қын­ды дамып келеді. Дегенмен өңірдегі балық шаруашылығы Түркістан облысының нарығын әлі толық қамти алмайды. Мә­селен, Алмас тауарын өткізіп жүрген дүкендер бұдан алдын Ыстықкөлдің ханбалығын сатып алған екен. Олар екеуінің дә­мінде айырмашылық жоқ, дәмді деп баға беріпті. Бар болғаны бүгінде Ыстықкөлде ханбалық өн­дірісі қар­қынды дамып, брен­дін қалыптас­тырған. Алмас елі­мізде де бұл са­ланың дами­ты­нына сенімді.
Айта кетейік, балық шаруа­шылығын дамыту бағдарламасы 2021 жылдың сәуір айында қа­был­данған болатын. Оны жүзеге асырудың арқасында 2030 жылға қарай елімізде жылына 270 мың тоннаға дейін балық өсіру жос­парда бар. Сондай-ақ балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғаюы және импорт көлемі 45-тен 25 мың тоннаға дейін азаюы тиіс. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қазір өндіріс пен инвес­ти­циялық шығындарды субсидия­лау, әкімшілік рәсімдерді жеңіл­дету және бизнес үшін қолайлы жағ­дайлар жасалуда. Алайда Ал­мас мемлекет тарапынан осынша қолдау болып тұрғанына қарамас­тан әкімшілік кедер­гілердің жиі кездесетінін айтады. «Инвестор боламыз десек, жер тауып бере алмайды. Жерді де өзі­міз тауып, жұмыс бастайын десек, тағы да кедергілер кезде­седі. Жұмысың тез жүріп, ілгері­леуі үшін әкім­дікпен дос болуың керек екен. Бірақ біз заңды түрде өз құ­қымызды талап еткеніміз үшін жұмысымыз созылып ке­леді. Бизнесте жүріп көп мәселеге көзім жетті. Кәсіпкерлікті қолдау керек дегеннің барлығы да сөз жүзінде екен. Ақшамыз бар, қы­зығушылығымыз бар. Бірақ ол жеткіліксіз екен», – дейді тағы бірде жас кәсіпкер.
Балыққа мемлекет тарапынан суб­сидиялар бар. Жеміне, шабақ­қа беріледі. Аталған серіктестік әзірге шаруашылығы кіші бол­ғандықтан, субсидияға аса қы­зығушылық танытпаған. Әзірге орналасатын орнын белгілеп, жұмысты жүйелеп алмақшы.

Түркістан облысы