Қорғансыздар қоңырауы сотқа жете ме?
Ішкі істер министрлігі отбасылық зорлық-зомбылықпен күресудің тың тәсілін тапқанша, елдегі әйелдер мен балалардың өмір сүру құқығы табанға тапталып жатыр. Олай дейтініміз, жыл сайын өмірдегі агрессорлардың «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» қалған әйелдердің арасында жаға ұстатарлық өлім-жітім де көбейген. Тіпті, соңғы уақытта құқық қорғау қызметкерлерінің ескертпесін елең қылмайтын тұрмыстағы тирандар жұрттың көзінше жарын жұдырықтың астына алып, тапа-тал түсте әйелін сабап, өлтіре беретін болды.
Қосымша шектеуді құлаққа іле ме?
Былтыр «жуан жұдырықтарға» жаңа жауапкершілік қарастырылатыны туралы айтқан Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов «ендігі жерде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында тұрған адамға қатысты қосымша саралау белгісі енгізіледі» деген еді. Яғни, осы саладағы әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің төменгі шегін 5 тәуліктен бастап белгілеу, ал қайта құқықбұзушылық жасаса, қамауға алу мерзімін 25 тәулікке дейін ұлғайту көзделеді. Одан бөлек, сотта тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату қарастырылады. Мысалы, құқыққа қарсы іс-әрекетті қайта жасаған кезде тараптар татуласа алмауы мүмкін. Сондай-ақ зардап шеккендерге психологиялық қысым көрсетудің қатал тәжірибесін тоқтатуға мүмкіндік берілмек. Ал түсіндіру жұмысын түсінбейтіндер мен қорғану нұсқамасын құлағына ілмейтіндер үшін ескерту түріндегі әкімшілік жазалау шараларын қоғамдық жұмыстарға ауыстыру мәселесі қаралуда. Учаскелік полиция инспекторларына жәбірленушілердің арызы болмаса да, қорғау нұсқамасын шығаруға өкілет беру жөнінде ұсыныстар енгізілген. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны көбінесе агрессордың психологиялық қысымына ұшырайтындықтан арыз беруден бас тартады екен. Қосымша министрлік тарапынан Бас прокуратураға отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы әкімшілік баптар (отбасыда ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру) бойынша санкцияларды күшейту секілді ұсыныстар әзірленген.
Отбасындағы жанжалқойға жауапкершіліктің қатаңдатылуы дұрыс-ақ. Бірақ осы салада қызмет етіп жүрген құқық қорғау қызметкерлері мен заңгерлер талай жылдан бері тұрмыстағы тирандардың ісіне қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаса, жуан жұдырықтылардың қолынан жазым болатындардың азаймайтынын айтып-ақ келеді. Күн сайын құқығы тапталып, тұрмыстағы тирандардың тепкісін көріп келе жатқан жәбірленушілердің жанайқайы мен жаға ұстатар оқиғалары құзырлы орындардың құлағына жетер емес.
Сенім телефонына соғылған қоңырау көп
Осы уақытқа дейін қылмыстық істегі сот психологиялық сараптаманың мүмкіндіктері мен ерекшеліктері жөнінде талдау жасаған мамандар жуан жұдырықтан жәбір көргендерден соғылатын қоңырау да, отбасылық кикілжіңнен кейін әйелдердің суицид жасайтын фактілері де жиілеп кеткенін айтқан-ды. Қазір әйеліне қол көтерсе, жәбірленуші «102» каналына не болмаса ұялы телефон арқылы SOS мобильдік қосымшасы арқылы хабарлама жіберуге болады. Бірақ батылы жетіп сенім телефонына қоңырау шалғандардың көбісі қорлыққа көз жұма қарауды ары қарай да жалғастыра береді. Ішкі істер министрлігі отбасылық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен 10 адамның екеуі ғана полицияға шағымданатынын айтады.
Мәселен, былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша полицияға 120 501 рет қоңырау соғылған. Соның ішінде ең көп қоңырау Астана қаласына тиесілі. Одан кейін Алматы мен Қарағанды облыстарының тұрғындарынан түскен хабарлама көп. Ішкі істер министрлігінің статистикалық мәліметіне сүйенсек, осы соғылған қоңыраулардың жартысы тергеп-тексеруге жіберілмейді. Себебі былтыр сенім телефонына хабарласқандардың 68 023-і арыз жазудан бас тартқан көрінеді. Сонда сотқа бар-жоғы 52 478 іс жолданған. Оның өзінде соттың тараптарды татуластыру рәсімінен кейін бұл сан одан сайын қысқара береді. Мысалы, сенім телефонына қоңырау шалғандардың саны бойынша үштіктің ішіндегі елордада 11 302 адамның 7 403-і арыз жазудан үзілді-кесілді бар тартыпты. Сотқа жолданған 3 899 істің 2 109-ы татуласу негізінде тоқтатылған. Алматы қаласында да шалынған 11 161 қоңыраудың жартысынан астамы, яғни 8 425 адам арыз жазудан бас тартса, 2 736 іс сотқа жеткен. Алайда тараптарды татуластырудан кейін бар-жоғы 409 іс қана сотта қаралған. Сондай-ақ «үштіктегі» Қарағанды облысында да сенім телефонына хабарласқан 9 963 адамның 6 199-ы арыз жазғысы келмейтінін айтыпты. 3 764 қарағандылықтың ісі сотқа жолданғанымен, бұл жерде де 1 233 адамның арызы тараптардың татуласуымен аяқталған.
[caption id="attachment_237436" align="aligncenter" width="1400"] © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption]
Астана қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова басқа аймақтардан қарағанда елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша «102» каналына түскен қоңыраулар көп екенін мойындайды. Айтуынша, оның бірнеше себебі бар. «Астанада көші-қон өте қатты жүріп жатыр. Одан бөлек, халықтың құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділігі артып келеді. Мысалы, кейбір жағдайда көршілері де хабарласып «ұрыс-керіс болып жатыр, тексеріп кетесіздер ме?» деп басқа біреудің мәселесіне бейжай қарамай, алаңдаушылық танытып жататындар бар. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің жұмысы жолға қойылған. Бұл орайда отбасылық зорлық-зомбылық бойынша халыққа ақпарат беру, түсіндіру жұмысы жақсы жүргізілуде. Сонымен бірге біздің сенім телефонына Астанадан ғана емес, басқа облыстардан да көмек сұрап хабарласып жататын жағдайлар жиі кездеседі», – дейді ол. Сенім телефонына хабарласатындардың көбісі 20-30 жастағы қыз-келіншектер екен. Өйткені бұл жастағы адамдар өздеріне жасалған зорлық-зомбылыққа төзіп шыдап отыра алмайды. Ал 30-40 жастағы адамдар анда-санда хабарласып, басындағы жағдайды баяндауы мүмкін. Көбінесе, бұл жастағылар жәбірлеушіге мүмкіндік беріп, татуласуға әрекет еткісі келетіндер. Қырық жастан асқан әйелдердің көбісі жуан жұдырықтың тепкісіне әбден көндігіп кеткен. Олар бірлі-екілі жағдайда ғана хабарласуы мүмкін. Оның өзінде аяқ-қолын сындырып, басын жармаса, «үндемеген үйдей бәледен құтыладыға» салатындар. Сонымен қатар статистикалық көрсеткіштің күрт өсіп кетуіне сенім телефонына қоңырау шалатындардың санаулы уақытта бір нөмірден бірнеше қоңырау соғылуы себеп болады екен. «Кейбір жағдайда жарты сағаттың өзінде 4-5 рет қоңырау шалып, «Қашан келесіздер, қайда келдіңіздер?» деп хабарласатындар болады. Бұл да статистикаға кері әсерін тигізеді. Тағы бір айтарым, сенім телефонына қоңырау соғатындардың көбісі азаматтық некеде тұратындар», – дейді Гүлмира Шрахметова.
Алдын алу шарасы аса маңызды
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл болмаудың салдарынан жуан жұдырықтан жәбір көргендерден соғылатын қоңырау көбейген. Сол үшін дәл қазір біздің елге де шетел тәжірибесінің тиімді тұсын өзімізге алып, агрессорларды жөнге салудың алғышартын жасайтын уақыт келген секілді.
Айталық, соңғы 20 жылда көптеген мемлекеттер әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық актілерінің алдын алу туралы заңнаманы қабылдаған. Мысалы, Канадада әйелдердің жағдайын жақсартуға жауапты арнайы бөлімі бар Әйелдер істері министрлігі жұмыс істейді. Бұл елде зорлық-зомбылық құрбандарына тәулік бойы жұмыс істейтін портативті сигналдық аппаратура тегін беріледі екен. Қауіпті тобындағы отбасылар жергілікті әлеуметтік қызметтер арқылы анықталып, соттар түрмеге қамаққа балама ретінде агрессорларды мінез-құлықты арнайы психологиялық түзету курстарынан өтуге міндеттейді. Сондай-ақ зорлық-зомбылық құрбандары мен зорлық-зомбылық жасаушыларға бірлескен кеңес беру бағдарламалары бар. Егер қатысушы толық курстан өтпесе, онда ол түрмеге жабылады. Ал АҚШ-та отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтар бойынша татуласуға тыйым салынады. Егер полиция отбасындағы зорлық-зомбылыққа шақырылса және оларда зорлық-зомбылық жасалды деп сенуге негіз бар болса, олар кінәліні тұтқындауға міндетті. Жәбірленуші айып таққысы келмесе де, іс жалғасады.
Швецияда да қажет болған жағдайда зардап шеккендерге оққағарлар мен электронды қорғаныс құралдары бөлінеді. Тіпті, бұл елде жәбірленушілерше жаңа құжаттар мен баспана алуға көмек көрсетіледі. Түркияда да жәбірленушілерге көмек орталығымен байланысуға мүмкіндік беретін электронды білезіктер беріледі.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тұсау салатын осындай түбегейлі өзгеріс бізге де қажет. Жазаның қатаңдатылуы ғана емес, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері мен жағдайларын жоюдың тиімді шаралары қамтылмай, сенім телефонына шалынатын қоңырауларды азайту мүмкін болмайды. Заңгер Айман Омарова бұған дейін берген пікірінде де, қазір де қосымша жазалау шаралары тиімсіз екенін айтып отыр. «Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» бабымен қозғалатын істердің ертеңгі күні екі тараптың орны толмас қайғымен аяқтауына себеп болып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан заңгер алдыңғы кезекте агрессорлардың ісі ауыр баппен қаралып, отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылықты алдын алу жолдары туралы дәрістер мектеп қабырғасынан бастап кеңінен түсіндірілуі қажет екенін айтады.