«EWA – бірегей интеллектуалды-ақпараттық көмекші. Бұл ақылды динамиктің көптеген функциясы бар. Олардың бірі – бөлмедегі ауа температурасын, ондағы газдың мөлшерін анықтайды. Осылайша, өрттің де алдын алуға болады. Дыбыс шығаруға арналған құрылғыны өндірісте де, үйде де қолдануға болады. EWA математика, физика, химия, биология пәндері бойынша түрлі есепті шеше алады. Сондай-ақ ол уикипедиядан сұрауларды шығарып береді, ертегі айтады әрі шамды қосу-өшіру секілді тапсырманы орындайды», – дейді Әмина Ысқақова.Олардың айтуынша, EWA-ны жасауға алты айға жуық уақыт кеткен. Құрылғы жасап шығаруды 2021 жылдың күзінде бастаған. Ал 2022 жылдың күзінде алғашқы кішігірім биікті бағындырып, жобалар байқауында үшінші орын иеленген. Қыздар уақыттың көп бөлігі EWA-ға қазақ тілін енгізу мен ақпарат ағынын орналастыруға кеткенін айтады.
«Біз бұл салада бірде-бір отандық өнім көрмедік. Сондықтан өз үлесімізді қосқымыз келді. Біздің құрылғы міндетті түрде қазақ тілін түсініп, сол тілде сөйлеуі керек еді. Дыбыс компьютер арқылы жасалды. Біз адамның оқыған нұсқасын жасай алмадық. Себебі білікті диктордың дауысын жазып, оны енгізу үшін кемі 270 сағат уақыт керек. Оны жүзеге асыруға бізде қаражат пен уақыт болмады. Сол үшін адамның қатысуынсыз жасадық», – дейді София Синицина.Жалпы, құрылғыға төрт ассистенттің дауысы енгізілген. Әркім еркінше қалаған дауысқа ауыстыра алады. Айта кетерлігі, бұл жоба қыздардың мектепішілік ғылыми жобалар байқауына әзірлеген туындысы. Өйткені Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде аталған форматтағы байқау жиі ұйымдастырылады. Оқушылардың әрқайсысы халықаралық роботтар байқауында бақ сынау үшін мектепішілік кезеңнен тыңғылықты дайындалады. Сәйкесінше, ғылыми жетекшілері де бағыт беріп, оқушының барынша ынта қойғанын, құрылғыға озық әдіс-тәсілді енгізуін қадағалайды. Сол үшін оқушылар барын салуға тырысады. Осы тұста София мен Әмина да уақытының көп бөлігін жобаның кем-кетігін түзеумен өткізеді екен. «Алиса» неге танымал? Жоғарыда жыр қылған «Алисаның» артықшылығы көп. Сондықтан көпшілік арнайы дыбыс колонкасына құмар. Мәселен, дыбыс құрылғысының ең арзан түрі 28 мың теңгеден басталады. Қымбатын аламын десеңіз, 200 мың теңге қаражат керек. Бұл жүйені құрылғы ретінде сатып алып қана қоймай, телефонға жүктеуге болады. Осындайда атақты Siri қосымшасы еске түсері белгілі. Яндекс компаниясы әуелде «Алисаны» аталған қосымшаға қарап ойлап тапқан. Артықшылығы орыстың құрылғысы адаммен әңгіме дүкен құрады. Одан бөлек, «Алиса» іздеу жүйесі барлық қызметпен толыққан. Қосымшадағы дауыс актриса Татьяна Шитоваға тиесілі. Қолданушы қажетті мекенжай мен телефон нөмірі туралы ақпаратты оңай тауып алады. Ауа райы туралы мәліметтен басқа, жақын маңдағы кофехана мен тамақтану орны жайында да білесіз. Әрине, музыка қоюдан алдына жан салмайтыны тағы бар. Иә, отандық IT мамандары «Алисаның» қазақша баламасын жасауға оқталып көрген. Соның бірі – Kazdream IT холдингі. Speech.kz технологиялар лабораториясының жетекшісі Нұрғожа Қалиасқардың айтуынша, гаджеттің басты функциясы – жастар арасында қазақ тілін танымал ету. Олар жобаны 2021 жылы жүзеге асырған. Алғашында холдингтегі қызметкерлер компьютерге қазақ тілін түсінуді үйреткен. Осылайша, компьютер қазақ тілі мен қазақша-орысша тіркестерді оқи бастаған.
«Бірлескен жобаны жүзеге асырдық деп айта аламыз. Біз әріптестердің дайын әзірлемесі барын білдік. Ал біз, механиктер ретінде кей тұсты жөндеп, дыбысты колонканы жасап шығардық. Міне, «ақылды колонканың» қазақ және аралас қазақ-орыс тілдерін түсіну деңгейі жоғары. Тағы да қайталаймын, мақсатымыз – қазақ тілін кеңінен насихаттау. Гаджетте де қазақ тілін көмекші құрал ретінде пайдалануға боларын көрсеткіміз келді», – деді маман.Қызығы, София мен Әмина жоғарыдағы холдингтің «Алисаның» қазақша баламасын жасағанын білмеген. Әрі бұл туралы ақпарат көздерінде айтарлықтай мәлімет көп емес.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ