Бағдарлама бас қатырды
Бағдарлама бас қатырды
1,199
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масына сәйкес Ұлттық банк еліміздегі ең танымал ипотека – «7-20-25» бағдарламасын 2029 жылға дейін жалғастырады дегенде көпшілік қуанып еді. Дегенмен бұл қуаныш ұзаққа созылған жоқ. Жылдың соңында құрылыс компаниялары жаппай жаңа үйлерді тапсырды. Салдарынан қаңтар айына бөлінген лимит 3 күнге жетпей таусылған. Енді халық қайда барарын білмей отыр. Себебі банктің есігі ипотека рәсім­деймін дегендерге жабық. Иә, көпшіліктің «тиімді бағ­дарлама жұмысын тоқтатпаса екен» деген тілегі орындалды. Бірақ бағ­дарламаның негізгі талаптары сақ­талғанымен, бірқатар өзгеріс те бар. Мәселен, қаржыландыруға лимит енгізілді. Енді бағдарламаға жылына 100 млрд теңге бөлінеді. Тиісінше, әділдік қағидатын сақтау үшін «7-20-25» ипотекасын тек бір рет алуға болады. Яғни, бұған дейін «7-20-25»-пен баспана алған адам енді бұл бағдарламаға қатыса ал­майды. Бұл тиімді ипотеканың шы­нымен мұқ­таж азаматтарға берілуі үшін керек. Сарапшы Айбар Олжайдың пікіріне қарағанда, бағдарламаның жылдық лимиті коммерциялық на­рықты бұзбайды.
– Бұған дейін сарапшылардың көбі базалық мөлшерлеменің жоға­рылығы жағдайында «7-20-25» се­кілді төмен мөлшерлемелі (мем­ле­кет арқылы субсидияланатын) мем­лекеттік бағдарламалардың на­­рық қарым-қатынастарын бұзып, банктердің коммерциялық ипоте­каны дамытуына кедергі келтіре­тінін алға тартып келген еді. Енді «7-20-25» арқылы бір жылға бе­рілетін 100 млрд теңге нарыққа анау айтқандай әсер ете алмайды. Өйт­кені бұл сома теңізге тамған там­шыдай ғана, – дейді ол.
2022 жылы «7-20-25» бағдарла­масы аясында 852,2 млрд теңгеге 64 146 жеңілдетілген қарыз берілді. Бағдарлама 2018 жылы іске қо­сылған болатын. Осылайша, жел­тоқсан айында «7-20-25» бағдар­ламасына бастапқыда бөлінген 1 триллион теңгенің 164 миллиард теңгесі қалды. Халық осы қаржыны пайдаланып үлгереміз деп ойласа керек. Дегенмен жаңа жылдан бас­тап бұл бағдарламаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Нәтижесінде, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы қайта жасақталды. Айлық лимит үш күнге жетпеген Елордалық Салтанат Тұяқо­ваның бармаған банкі қалмаған. Үйдің құжаттары дайын болса да, табанынан таусылып, ипотекалық бағдарламаға қатыса алмай жүр­геніне жиырма күннен асты.
– Барлық банктің айтатын жа­уабы бір: «Осы айға бөлінген лимит бітті» дейді. Ал ақпан айында ли­миттің қашан бөлінетінін ешкім білмейді. Мен ғана емес, мыңнан астам адамның уайымы – осы. Ал құрылыс компаниясы бізді күтіп отырмайды. Ипотека рәсімдеуге 30 күн берді. Ары қарай асқан әр кү­ніне 20 мың теңгеден қосып тө­лейміз. Бірнеше күн бұрын RBK банкі құжат қабылдап бастапты деп естідік. Бірақ бірнеше сағатта бө­лінген лимит таусылыпты. Банкте таныс менеджерлері барлар лимит­тің ашылғанын бірінші болып ести­ді. Ал біз бұл түрімізбен әлі қанша күтетінімізді білмейміз, – дейді Салтанат Тұяқова.
Ипотекалық кеңесші Аягөз Ас­қарқызының айтуынша, «7-20-25» бағдарламасын ұзарту қате болды. Сонымен қатар лимит қою мен оны банктерге бөлу де орынсыз. Ипотека рәсімдеймін деген адамдар қазір ештеңе жасай алмай отыр. Мұндай жағдайға дейін жеткізу үлкен қа­телік. 2029 жылға дейін инфляция салдарынан бұл бағдарлама тиімсіз болады. Қазір қарапайым халық сандалып не істерін білмей жүр.
– Иә, «7-20-25» бағдарламасына жылына 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл айына – 8,3 млрд теңге. Осы қар­жыны банктерге бөлсек, бір банк тек Қазақстаннан небәрі 70 адамға бере алады. Былтыр осы бағдарламаға сұраныс жоғары бол­ды. Нәтижесінде, өткен қазан, қа­раша айларында 170 млрд теңге иге­рілді. Ал қарашада барлық құры­лыс компаниясы дайын болған үй­лерді тапсыра бастады. Сондықтан осы қаңтар айына бөлінген лимит жұмыс күнінің үшінші күніне жет­пей бітіп қалды. Сол себепті Ұлттық банк бағдарламаның уақыты мен лимитін ұзартуы керек немесе қар­жыны 2023 жылдың соңына дейін ғана бөлсін, – дейді ипотекалық кеңесші Аягөз Асқарқызы.
Қаржы әр тоқсанға бөлінетін болды «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ бас менеджері Айбар Ол­жайдың пікірінше, биыл қабыл­данған өзгерістер бойынша бағдар­ламаның лимиті –100 миллиард теңге. Одан бөлек, «7-20-25» бағ­дарламасына бұған дейін қатысқан азаматтар екі рет ипотека рәсімдей алмайды. Мүмкіндік тек бір-ақ рет беріледі. Сондықтан биыл ипо­текалық бағдарламаны жалғасты­рудың екі жолы болды. Бірі – 2022 жылдан қалған қаржыны 2023 жылдың басында игеріп тастап, ары қарай тоқтата тұру. Немесе жаңа жылдан бастап ай сайын лимит бө­ліп жалғастыру. Қазір екінші шешім қабылданды.
– Бағдарламаның шартта­ры­ның, оның қаржыландыру көлемі­нің акционері – Ұлттық банк. Оның басқармасынан бізге жаңа ше­шім­дер келіп түсуде. Бұл жерде біз сол шешімді орындаймыз. Дегенмен қаң­тар айында лимиттің тез бітіп қалғанынан кейін бағдарлама қайта қаралды. Енді ақпан айынан бастап қаржы банктерге әр тоқсан сайын бөлінетін болды. Ал банктер бөлін­ген лимитті қалай үлестіретінін, кезекті қалай қоятынын өздері ше­шеді. Біз банктердің ішкі опера­ция­лық жұмыстарына араласпаймыз. «Белгіленген қаржы бөлінген» де­генде ешкім банктің қолына ақша бермейді. Банктерге осынша деп көлем айтылады. Ары қарай банктер өз ақшасын береді. Содан кейін біз ол кредиттерді банктен сатып ала­мыз. Енді осы жылда біздің банк­терден сатып алатын кредит­теріміз 100 миллиард теңгеден асып кетпеуі керек. Сондықтан ақшаны күтіп отырған ешкім жоқ. Қаржы барлық банкте бар. Олар тек нақты шешімді күтіп отыр. Лимит тоқсан сайын бөлінетін болып шешім шық­ты. Ақпан айынан бастап бар­лық банк осы бойынша жұмыс істей бастайды. Сол кезде банктерде ли­мит 2-3 күнде бітіп қалмай, ұзағырақ жалғасатын болады, – дейді Айбар Олжай.
Сондай-ақ сарапшының пікі­рінше, «7-20-25» бағдарламасы адам­дардың банкпен келісімшартқа отырып, қол қойған кезінен баста­лады. Оған дейін азаматтарға ешкім бұл бағдарламамен үй алуға толық кепілдік бере алмайды. Мәселенің екінші жағы, көп адамдар қазір да­йын үйді қымбатсынып, жаңадан салынып жатқан үй алады. Мұндай кезде әр азаматта қаржылық жа­уапкершілік болуы керек. Себебі ол құрылыс аяғына дейін жете ме, «7-20-25» бағдарламасымен ала­ты­нына қандай кепілдік бар? Өйткені банк құрылыс компаниясымен сатылу-сатып алу келісімшартын апарған азаматтарды ғана бағдар­лама кезе­гіне қояды. Ал оған дейін онлайн банктен алдын ала алынған бекіту ешқандай кепілдік бермейді. Ол жай ғана азаматтың қаржылық жағдайын көрсетеді.
– Мемлекет тарапынан «7-20-25» бағдарламасына қосымша ипо­текалық бағдарлама шығуы мүмкін. Бірақ ол Үкіметтің тапсырмасы не­гізінде. Ұлттық банк тарапынан қандай да бір бағдарлама жасау, тұрғын үй нарығына келу жоспарда жоқ. Негізі, «7-20-25» бағдарламасы жабылатын болып, соңына келді ғой. Нарық та оны алдын ала білді. Азаматтарға бұл бағдарламаның жабылып қалғаны да ыңғайлы бо­лар ма еді? Дегенмен қазір бөлінетін 100 млрд теңгеге 7000-дай азамат баспана алады. Бір жағынан бұл да азаматтар үшін тиімді. Сондықтан үй аламын деп ипотеканы күтіп отырған адамдарға сәл сабырлық керек. Өйткені құрылыс компа­ниялары екі жыл бұрын салып бас­таған үйлерін жаппай жылдың соңында тапсырды. Енді адамдар­дың барлығы бір айлық лимитке үлгереміз деп кезек күтіп отыр. Ал банктер бұған дейін алып қойған өтініштерін рәсімдеп үлгермей жатыр. Сондықтан қазір банктер ипотекалық бағдарламаға қабыл­дауды тоқтатып қойды, – деп түсін­дірді «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ бас менеджері.
Банктер мемлекетке арқа сүйеп алды Шынымен де, қазіргі инфляция кезінде «7-20-25» бағдарламасы ең тиімді үй алу жолы болатын. Де­генмен енді бұл бағдарламаға қала­ғандардың барлығы бірдей қол жеткізе алмайды. Себебі жыл са­йынғы бөлінетін қаржы шектеулі. Ал құрылыс компанияларының құ­рылыс қарқыны қатты. Нарыққа жаңа бағдарлама қосылмаса, сол салынған үйлердің барлығы иесіз қалуы мүмкін. Сондықтан сарап­шылар банктер мемлекетке арқа сүйемей, өз алдына ипотекалық бағдарламаларды іске қосуы керек деп санайды.
– Әлеуметтік көмек барша аза­матқа емес, нақты көрсетілуі керек. Өйткені қоғамда қолдауды қажет ететін әлеуметтік топтар бар. Оларға мемлекет нақты көмек көрсетуі керек. Шынын айтқанда, қазір біз коммерциялық нарыққа мемлекет араласып, нарықты бұзып жіберді. Банктер өздері коммерциялық ипотека бере алмай қалды. Өйткені мемлекеттің төмен пайызымен бә­секелесу мүмкін емес. Ал мемлекет төмен пайызбен ипотека беріп, инфляцияны ушықтырып алды. Тө­мен пайыз бағаның өсуіне тіке­лей әсер етеді. Қазір мемлекет ақы­рындап экономикадан кетіп, на­рықты реттеуге көшіп жатыр. Сөй­тіп, банктер өздері жеке ипотекалық кредит бере алуы керек, – дейді Айбар Олжай.
Сарапшының пікірінше, 2005-2007 жылдары банктердің өздерінің ипотекалық бағдарламалары болды. Олар өзара бәсекеге түсті. Сол кезде олардың ставкалары да азаяды. Сол сияқты құрылыс компанияларының да жеке бөліп төлеу шарттары болуы керек. Осылай нарық өз алдына жұмыс істеуі қажет. Қазір бәрі мем­лекетке арқа сүйеп алды. Кезінде қиын сәттерде мемлекет амал­сыздан нарыққа келді. Енді адам­дарға кө­мектесіп, нарықты көтеріп берген­нен кейін мемлекет бұл жақ­тан кетуі керек. Әрине, бұл процесс көп адам­ға ұнамауы мүм­кін. Өйткені енді нарықта аз па­йыздар болмайды. Дегенмен мем­ле­кеттің нарықтан кеткені бә­рімізге дұрыс. Сонда нарық заң­ды­лықтары жұмыс істей бастайды. Ал нарықта мемлекеттің қалуы, қиын­дық туған кезде елдің барлығына ауырға соғатын болады. Иә, баспаналы болуды арман­дайтындар көп. Бірақ тиімді деген «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы да көпке бұйырмай қалды. Ендеше нарыққа баршаға қолжетімді жаңа бағдарлама керек.