Жаңа оқу орны үмітті ақтасын...
Жаңа оқу орны үмітті ақтасын...
1,800
оқылды
Соңғы күндері Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университеті лицензиясынан айырылып, жабылып қалу алдында тұрғаны жа­йында хабар желдей есіп жүр. Алғашында мұны «қаңқу сөз» деп қарағандар да болды. Бірақ уақыт өте келе оқу орнының басына қара бұлт үйірілгені шындыққа айналды. Ұстаздар мен студенттер алаңдаулы Сыр өңіріндегі ірі оқу орнының оқы­тушылары мен студенттеріне бұл жайсыз хабар оңай тиген жоқ. Мұғалімдер нәпа­қасынан қағылып, жұмыссыз қалудан қорықса, студенттер оқуынан жар ортада қол үзіп қалудан күмәнданды. Жалпы, университетте білім алатын 5491 студенттің оқуын ары қарай жалғас­тыру, 176 оқытушы профессор мен 43 тех­никалық персоналдың жұмыссыз қал­мауын заңдылық аясында шешу мәселесі көпті толғандырды. Білім алушылар басқа оқу орнына алмасуда қиындықтар туын­дайтынына қынжылды. Себебі оқу ақы­лары алдын ала толық көлемде төленіп қойылған. Ал университет ұстаздары оқу жылының ортасында жұмыссыз қалуға алаң­дап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу де жолдады. Соған орай бұл мәселе облыс әкім­дігінде өткен арнайы жиында да қаралды. Өткен жылдан бері жыр болған уни­вер­ситеттің қыл үстінде тұрған тағдыры ақыр соңында лицензиясынан айырылуымен аяқталғаны сол жиында нақты мәлім болды. Бұл жайында Сыр еліне іссапармен келген Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Артур Еділханов мәлімдеді. Яғни, университет лицензиясын тоқтату туралы ұйғарым бір­неше мәрте жүргізілген бақылау жұ­мыс­тарының нәтижесінде сот шешімімен ма­құлданғанын жеткізді. Министрлік өкілі білім алушылардың басқа оқу орындарына ауысуға мүмкіндік қарастырылғанын, ал төлем жасаған­дардың төлемақысы осы оқу жылына сақталатынын да мәлімдеді. Бұл тұрғыда Сыр еліндегі іргелі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова оқу орнының ұстаздары мен студенттерді заңдылыққа сәйкес қабылдауға қолдау білдірді. Көр­шілес облыстардың оқу орындарынан да қабылдауға ниет білдіргендер болды. Бүгінде бұрынғы «Болашақ» универ­ситетінде ұзын-сонар кезек. Білім алу­шылардың бірқатары Қорқыт ата уни­вер­ситетіне ауысуға шешім қабылдаған. Ең бастысы, алдын ала жасалған төлем осы оқу жылында сақталатыны студенттердің бір қорқынышын сейілтіп тұр. Брифингте не шешілді? Білім алушылар мен ұстаздарды алаң­датқан осы мәселе төңірегінде Қызылорда облысы әкімдігі өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында арнайы брифинг те өткізілді. Оған «Болашақ» уни­верситетінің құрылтайшысы Бақберген Досмамбетов, Қызылорда технология және қызмет институтының құрылтай­шы­сы Қылышбай Бисенов пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова қатысып, даулы мәселеге түсініктеме берді. Соның ішінде «Болашақ» уни­вер­ситеті мен Қызылорда технология және қызмет институты біріктіріліп, жаңа университет құрылатыны мәлім болды. Бұл білім алу­шылар мен ұстаздардың мәселесін шешу­дің ең оңтайлы жолы екенін айтып отыр.
«Жалпы, соңғы уақытта халық арасын­да университетке қатысты түрлі жаңсақ пікірлер тарап жатыр. Алайда университет лицензиясынан айырылғанымен студент­тер мен оқытушылар жапа шекпеуі тиіс. Соған орай тиісті шараларды қолға ала отырып, бір шешімге келдік. Аймағымызда «Қызылорда технология және қызмет институты» мен «Болашақ» университеті бірігіп, «Қызылорда Ашық университеті» атауымен жаңа оқу орны құрылады. Яғни, университет жабылмайды. Есесіне, іргелі оқу орны ретінде қалыптасып, сапалы білім алуға жағдай жасалады. Бастысы, «Болашақ» университетінің студенттері бұрынғыдай өздерінің оқу корпустарында білімін жалғастыра беретін болады», – деп түсіндірді бұл жайында университет құрылтайшысы, экономика ғылым­дары­ның докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Бақберген Досмамбетов.
Бұл тұрғыда Бақберген Сәрсенұлы Қызылорда технология және қызмет инс­титутының құрылтайшысымен келісе оты­рып, екі құрылтайшы болып жұмыс жүр­гізетінін мәлімдеді. Ең бастысы, сту­денттер сапалы білім алып, білікті маман иесі атануына күш салатындығын жеткізді. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқа­рылатын болады.
«Жалпы, жеке оқу орындарын біріктіру әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Соның негізінде білім алушы жас буын өкілдерінің мүддесін қорғап, сапалы білімге негіз қаланатын болады. Жақында құрылатын жаңа білім ордасы сондай жоғары дәре­жедегі білім жүйесін қалыптастырады деп сенемін. Екі оқу орнын біріктіру арқылы тереңдетілген ғылым жүйесіне жол ашыл­мақ. «Қызылорда Ашық университетін» құру арқылы тәжірибе алмасумен қатар, озық идеяларға жол ашылады. Бір қуа­нарлығы, студенттер бұрынғы «Болашақ» университетінің ғимаратында оқи бере­ді», – дейді Қызылорда технология және қыз­мет институтының құрылтайшысы, тех­ника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясы­ның академигі Қылышбай Бисенов.
Қос академиктің келісімімен құрыл­ғалы отырған жаңа университетте жаңа ректор тағайындалмақшы. Қос құрыл­тайшы мұны екеуара келісіп шешетінін алға тартты. Ал Қорқыт ата университеті тарапы­нан ауысамын деген студенттерге әлі мүмкін­дік жасалатынын алға тартады.
«Болашақ» университетінен біздің оқу орнына екі аптадан бері ауысуға ниет біл­діргендер қарасы толастаған емес. Әсіресе, төртінші курс студенттерінен өтініш тү­суде. Әрине, бұл жаңа университет құры­латыны мәлім болмай тұрып орын алған жағдай. Сол кездері ата-аналар мен сту­денттерге түсіндірме жұмыстарын жүргіз­дік. Бүгінде 5 білім беру бағдарламасы бо­йынша 120 магистранттан өтініш қа­был­данды. Сондай-ақ 32 білім беру бағ­дар­ламасымен 1200 студент өтініш біл­дірді. Бастысы, біздің оқу орнында «Бо­лашақ» университетіндегі төлемі негізін­де оқуын жалғастыруға мүмкіндік жаса­дық», – деді Қорқыт ата Қызылорда уни­вер­ситетінің басқарма төрағасы-ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Бұл тұрғыда жаңа оқу жылынан бастап студенттер осы оқу орнының бекітілген бағасымен төлем жасайтын болады. Бұл бұрынғы төлем көлемінен әлдеқайда қым­бат. Соған орай осы күнге дейін ауысуға өтінім берген студенттерге кері оралуға да мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Тек жазғы демалыс уақытында ғана қалаған оқу орнына қайтадан ауысуларына болады. Қорыта айтқанда, әзірге қос оқу орнының бірігуі нәтижесінде құрылғалы отырған жаңа университет қиын жағдайда қалған студенттер мен оқытушылардың көңіліне сенім ұялатып тұр. Ең бастысы, бұрынғы көлемдегі төлемақымен өз оқу ғимаратында білімдерін жалғастыруға мүмкіндік алып отыр.  

P.S. Бір қызығы, «Болашақ» универ­ситеті әлі де лицензиясын қайтарып алуға ниетті екенін де білдірді. Құрылтайшының мәлімдеуінше, бұл мәселе бойынша іс қайтадан соттың қарауына жіберілген. Егер жоғары соттан бұл шағымы қанағаттан­дырылса, министрлік лицензияны кері қайтаруға міндетті.

Қызылорда облысы